Сағынышқа айналған жарқын кездер

607

0

Өмір соқпағының өткен шақтарын ой елегінен өткізгенде көңілді жылы шуаққа бөлеген ғанибет кездер еске түседі. Сол кезеңге деген сағыныш па, қимастық па, сезім көңіліңді тербеп, өткен күндердің өрнектерін дөңгелетіп көз алдыңа әкелетіні қызық. Әсіресе жалындаған жастықтың жарқын беттері, мазмұнға толы шақты бірге өткізген бейнелер сонау артта қалған сағым белестен бері қарай қалқып шығып, жаның жадырап, жақсы сәттерді бастан кешесің.

Осындай жылы сезімге бөленуге көп жылғы жасы үлкен аға досым, әріптесім, биыл желтоқсанда жетпістің желкенін керіп, мерейлі жасқа келіп отырған Серікбаев Мұхатдам Әкпарұлы себеп болды. Оның есімімен өмірдегі жарқын сәттерім тығыз байланысты, себебі біздің еңбек жолымызда, ғылымға ден қойып, терең ізденістерге бағыт алған жолымызда бірге өткізген ортақ естеліктеріміз көп.

Сонау 1980 жылы қаңтар айында Қызылордадағы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының филиалына жұмысқа келдім. Көп ұзамай, мамыр айында Мұхатдам Әкпарұлы да филиалға құрылыс және мелиоративтік машиналар кафедрасына зертхана меңгерушісі болды. Ол бұған дейін қаладағы электр-жылу орталығы бас инженерінің орынбасары, үлкен өндірістік, өмірлік тәжірибе жинақтаған білікті маман саналатын. Осындай сауатты, іскер мамандар біздің оқу орнымызға өте қажет еді, сондықтан қатарымыздың өндірістік тәжірибесі бар білікті маманмен толыққанына қуандық.

Сол кездегі филиалдың ұстаздар ұжымындағы Бақытбек Құлтанов, Әбілда Төрешбаев, Ертуған Үмбетқұлов, Әлібек Оспанов, Дүйсенқұл Сахиев, Тыңлыбек Бажиров және мен сөз еткелі отырған Мұхатдам Әкпарұлы, т.б. аға буын азаматтармен қатар жүріп, әріптес, қызметтес және достық қарым-қатынаста болдық. Оқу орнындағы алғашқы әріптестерім – талапты, талантты, мақсатты азаматтар. Бұл кезеңнің ерекшелігі, институт бітіріп, жоғары білімді маман атанудан бөлек, ғылым жолына түсуді армандадық. Тек институт бітірумен шектеліп қалмай, қалайда аспирантураға түсіп, ғылыммен шұғылданып, өзіміздің кәсіби деңгейімізді жетілдіру, мамандығымыздың шеңберін кеңейтіп, тереңіне бойлау, биік деңгейіне қол жеткізу, кандидаттық диссертация қорғау мақсаты біз үшін бірінші орында тұрды. Жас күнімізден жоғары оқу орнында еңбек етіп бастағандағы біздің ең ізгі арманымыз да, сонымен қатар, қоғамдағы маңызды құндылық та  ғылыммен айналысу еді. «Аспирантураға қалай түсеміз, кандидаттық емтихандарды қалай тапсырамыз» деген тақырыпта жиі пікірлесетінбіз. Осы жолда мақсатымызға жетуді өмірлік жоспарымызға айналдырдық. Ойымыз – сол кездегі КСРО астанасы Мәскеудің жоғары оқу орындарының аспирантурасына түсу. Сол мақсатымызға Мұхаңмен бірге жүріп қол жеткіздік.

Мұхатдам Әкпарұлы мектепте өте жақсы оқыған. Оның болашақ білімдар, кәсіби маман, ғалым болуының іргетасы сонда қаланса керек. Өзі оқыған мектептегі ұстазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, облысымызға белгілі тәжірибелі педагог Марк Захарович Подольский оқушы Мұхаңның бойындағы қабілетті танып, болашағынан үміттенгендіктен, білімге құштар балаға барынша қолдау көрсетіп, қанаттандырып, ынталандырып отырған, оның дұрыс білім алуына ерекше мән берген.

Орта мектеп қабырғасынан қалыптасқан білімге деген құштарлық оны Қазақ политехникалық институтының энергетика факультетіне алып келді, студент атанды. Межелі уақытында Мұхатдам Әкпарұлы институтты үздік тәмамдады. Одан кейін өз мамандығына сәйкес өндіріске келіп, еңбек майданына араласты. 1976 жылдан еңбек жолын жылу орталығында бу қазандығының машинисі болып бастап, аға машинист, бу қазандығының шебері, аға шебері сатыларынан өтіп, үлкен жылу орталығы өндірістік мекемесі бас инженерінің орынбасары дәрежесіне дейін өсті. Ал 1980 жылдың мамыр айынан бастап еңбек жолы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалында жалғасқанын жоғарыда айтып өттім.

Мұхаңның осы филиал ұжымына келер алдында өмірлік серігін тауып, Қаламқас Мүсілімқызымен отау құрған қуанышына достары куә болғанын да білетінбіз.

Көп ұзатпай, ғылымға бастаған алғашқы қадамымызды жасап, Алматыда маркстік-лениндік философиядан кандидаттық емтихан тапсырдық. Сол кезде өзіміздің жерлесіміз, философ-ғалым, академик марқұм Әбдімәлік Нысанбаев ағамыздың қамқорлық жасап, көмектескенін ешуақытта ұмытпаймыз. Одан кейін шетел тілінен емтихан тапсырғанда Мұхатдам неміс тілінен кандидаттық емтихан тапсырды, себебі ол мектепте неміс тілін оқыған. Емтихан Ғылым академиясының шетел тілдері кафедрасында өтті. Шетел тілінен емтихан тапсыруда кафедра меңгерушісі, неміс ақыны И.Гётені қазақ тіліне алғашқы аударған Құрманов Медеубай Шаяхметұлы ағай тәрізді атақты ғалымдармен дидарластық, кездестік. Ендігі мақсатымыз – қалай болғанда да «целевая» аспирантураға түсу болды. Алға қойған мақсатымызға жетуге ұмтылдық. Оған жету үшін Мұхатдам Әкпарұлы 1982 жылы мамандығына сәйкес Мәскеу энергетикалық институтының аспирантурасына оқуға түсті. Ол кезде Мәскеудің кез келген оқу орнының студенті болу бір бөлек, ал аспирантурада оқу бір басқа болды. Өйткені ондағы орта тек өте терең білімді, еңбекқорлықты, ізденімпаздықты бағалайтын, мойындайтын және қажет ететін. Бұл қасиеттердің бәрі Мұхаңның бойынан табылды, ол өзінің терең, жан-жақты білімімен Мәскеудің аспирантурасына түсе алды.

Тағы бір тоқталып айтарым, аспирантураға кетерде ол кезде жас оқытушы-қызметкерлерге филиалдың материалдық-техникалық базасын көтеруге байланысты арнайы тапсырма берілетін. Мұхаңа мамандығына, тәжірибесіне сәйкес, өзі «директордың аккордтық тапсырмасы» деп қалжыңдап айтып жүретін тапсырма берілді. Ол – қазіргі екі оқу ғимаратының ортасында, яғни 1 және 3-ғимараттардың арасына трансформаторлық станция салу. Мұхатдам Әкпарұлы осы тапсырманы сәтті орындап шықты. Оқу ғимараттарын электрмен жабдықтайтын құрылғыны бір ғана зертхана меңгерушісі өзі басшылық жасап, бар мүмкіншілікті жұмылдырып, таныстарын пайдаланып, бітіріп кетті. Қазіргі жағдайда ондай құрылысты бір адамның күшімен аяқтау дегенді көзге елестету мүмкін емес.

Аспирантурадағы өміріміз ерекше өтті. Ол кезде Мәскеуде бірнеше қызылордалық азамат отбасымызбен бірге барып, пәтер жалдап тұрдық. Мұхаңның сүйікті жары Қаламқас Мүсілімқызының мамандығы – тіс дәрігері. Мәскеу тәрізді Кеңес одағының астанасында, үлкен қалада өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасу да ол кезде оңай емес еді. Оның үстіне одақтас республикадан келгендерге көзқарас та өзгешелеу болатыны жасырын емес. Дегенмен, Қаламқас өзінің білімділігінің және мықты қабілетінің арқасында тіс дәрігері болып жұмысқа тұрып, үш жыл еңбек етті. Бұл үлкен тәжірибе мектебі ретінде, мамандығын шыңдауға жақсы мүмкіндік болды. Үлкен қыздары Жанат балабақшаға баратын. Менің жұбайым Гүлсім Зікірияқызы да мәскеулік балабақшаға тәрбиеші болып жұмысқа тұрып, қызымыз Маржан сол балабақшаға барды. Біз осылай үлкен қалада өз жолымызды тауып, аспирантурада оқып әрі еңбек етіп, жарасымды тіршілікпен өмір кештік. Мәскеуде қатар оқыған азаматтар Ертуған Қожағұлұлы, Әлібек Оспанов, Дүйсенқұл Сахиев, бәріміз отбасымызбен жиі араласып тұрдық. Аспирант болсақ та елден келген үлкен ағаларымызды қуана қабылдап, қонаққа шақырып тұратынбыз.

Кеңес одағы тәрізді алып мемлекеттің астанасы Мәскеуде тұрған жылдарымыз біз үшін тек аспирантурада оқумен, ғылыми ізденістермен ғана шектеліп қалған жоқ. Біз мәдениетпен, әдебиетпен, өнермен танысуға мүмкіндік алдық, өмірлік азық болатын рухани байлық жинадық. Театр, концерт, киноларға, түрлі танымдық шараларға баруға уақыт тауып, білім, таным мен тағылым көкжиегімізді кеңейттік. Қоғамда жан-жақты белсенді өмір сүру дағдысын қалыптастырдық, өстік, жетілдік. Өзіміз сондай ынта-ықыласпен жеткен ғылыми бағытымызды меңгеруге құштарлықпен ұмтылып, уақытпен санаспай жоғары деңгейде білім алдық. Аспирантурадағы жылдарымыз – біздің ғылымға бетбұрыс жасаған, терең бағыт алған кезеңіміз.

Ол кездері Мәскеудегі жоғары оқу орындарындағы ғылыми жұмыс, ғылым, тәрбие, жалпы қоғамдық-саяси өмір ерекше еді. Аспиранттарға деген көзқарас та ерекше болатын. Ғылыми жетекшілеріміз бізді болашақ Қазақстанда жоғары білім саласында жұмыс істеуге арнайы дайындықтан өткізіп, бірнеше ғылыми-педагогикалық бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік жасайтын. Оқуға қабылданған күннен бастап аспирантурада берілген барлық мүмкіндіктерді бос жібермей, барынша өнімді, жемісті, нәтижелі жұмыс істеуге дайын болдық. Міне, Мұхаң да сондай аспирантурада оқыды, білім алды, үлкен ғалымдардың ортасында болды, ғылыми ортамен араласты. Бұл біздің өміріміздегі ең бір ұмытылмас жарқын кездер болып қалды.

Мұхатдам Әкпарұлы аспирантурадағы оқуын аяқтағаннан кейін, көп ұзамай 1986 жылы Мәскеу энергетика институтында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Бұл былай қарағанда өте қысқа мерзімде, яғни үш жыл ішінде қорғалған кандидаттық диссертация болып саналады. Техника саласынан, қолданбалы ғылым саласынан осындай қысқа мерзімде кандидаттық диссертация қорғау жеңіл жұмыс емес. Жаңадан ойлап табатын қондырғылары бар, оны іс жүзінде сынақтан өткізу бар. Ал Мәскеу жағдайында мұны іске асыру үшін де үлкен төзім, уақыт керек. Зертханаларда сынақ жұмыстарын өткізуге қондырғыларға кезекте тұрып, жұмыс орнын, берілген уақытын барынша тиімді пайдалану керек. Біздің Мұхаң соның барлығын еңсеріп, өндірісте жинаған тәжірибесінің, білімінің, кәсіби шеберлігінің арқасында жауапты жұмысты берілген уақыт шеңберінде ойдағыдай аяқтап, үш жылда техника ғылымдарының кандидаты дәрежесін иеленді. Бұл үлкен жетістік еді. Бұл Мұхатдам Әкпарұлының бойындағы терең білім, өндірістік тәжірибе, табанды мінез, мақсатқа жетуге деген үлкен талпыныс, ғылымға қызығушылықтың жемісі еді.

Аспирантураны бітіргеннен кейін қайтадан ЖГМҚИ Қызылорда филиалына құрылыс және мелиоративтік машиналар кафедрасына аға оқытушы болып келді. Бұдан кейін де белсенді жұмыс жүргізді, өте беделді ұстаз, әріптес болды. Филиалдың оқытушы-профессорлар кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланды. Жалпы Мұхаң өндірісте жүрген кезінде де қоғамдық жұмысқа белсенді араласқан. 1977-1979 жылдары Қызылорда қаласы халық депутаттар кеңесінің депутаты болып, елге еңбек етіп, күнделікті қоғамдағы саяси-әлеуметтік жағдайлар тұрғысында белсенді жұмыс жасаған. Ал филиалда кәсіподақ комитетінің төрағасы болған уақытында әріптестердің мүддесін ойлап, қолдан келгенше жанашырлық, қамқорлық танытты. Жыл сайын демалысқа жолдамалар, түрлі материалдық дүниелер, бағалы заттар қызметкерлерге кәсіподақ арқылы берілетін. Сондай мүмкіндікті пайдаланып, бірінші рет ұжым мүшесіне Мәскеуден автокөлік алып берген де өзі болатын. Мәскеуде өткен жоғары оқу орындарының кәсіподақ комитеттері төрағаларының жиналысына кәсіподақ басшысы ретінде қатысып, біздің жаңадан қалыптасып, аяғына тұрып келе жатқан оқу орнымыздың осы саладағы жұмыстары туралы айтып берген еді. КСРО кезінде филиал Кеңес одағы Ауыл шаруашылығы министрлігінің жоғары оқу орындарын басқаратын Бас басқармасына қарайтын, басқару жүйеміз, орталығымыз Мәскеуде болатын.

Бір оқу орнында осындай дәрежеде жетістікке жетіп, теориялық білімін тереңдеткеннен кейін Мұхатдам Әкпарұлы ендігі еңбек жолын қайтадан өндіріске барып, нақты шаруашылыққа арнауға бел буды. Ғылым кандидаты, өндірістік тәжірибесі жеткілікті білікті маман келешегін үлкен мекемедегі еңбекпен байланыстыруға бет бұрды. Бұған себеп өзінің кәсіби мамандығына жақын мекемеге шақыру алғандығы болатын. Сондай шешімге келген ол 1991 жылы «Энергия» акционерлік қоғамына өндірістік-техникалық бөлімнің басшысы болып ауысты. Сонан кейін оның мол өндірістік тәжірибесі бар екенін пайдаланып, сол кездегі қаладағы «Қызылорда жылу желілері кәсіпорны» жылу жүйелері өндірісіне әуелі директордың орынбасары, ізінше директоры етіп тағайындады. 1996 жылға дейін осы үлкен мекемені басқарды. Бұдан кейін қайтадан жылу-электр орталығы директорының орынбасары қызметіне ауысып, 1997 жылға дейін осы лауазымды атқарды. Қай жерде де, қай істе де ол нағыз тәжірибеден өткен инженер, өз ісінің кәсіби маманы ретінде танылды, бағаланды. Мұндай маманға әркез сұраныс болатыны заңдылық. Кейін оны облысымыздағы мұнай компаниялары менеджерлік жұмысқа шақырды. Сол жерден уақыты келгенде зейнет демалысына шықты.

Бұрын жұмыс, қызмет деп, қолы босай бермейтін Мұхаң енді өзінің кемелденген азаматтық тұлғасымен ағайынның тіршілігіне, бірлігіне тікелей араласып, ерекше көңіл бөліп, екінші қырынан танылды. Өз заманында Әкпар әкеміздің де беделді, белсенді, елге сыйлы, ел ағасы болғанынан хабардар едік, міне Мұхаң да әке аманатын арқалап, үлгі-өнегесіне адалдықпен, ағайын-туыс алдындағы парызын абыроймен атқарып жүр. Мұхаңның ұлы Нұржан баламыз да отбасын құрды, дүниеге Әлиасқар деген немере келді, әлі де қадірлі ағамыздың ізіне ерген мұрагерлері көбейіп, қуаныштары жалғаса береді деп сенеміз. Мұхаңның жанындағы өмірлік серігі Қаламқас Мүсілімқызы да қандай сәттерде де оның қолдаушысы, үнемі жанынан табылатын адал жары, отанасы бола алды. Қазір де тектіліктің үлгісіндей болып жүрген Қаламқастың бәрінің ұйытқысы ретінде дос-жолдастардың, ағайын-туыстардың арасында беделі биік. Қаладағы білікті де білгір тіс дәрігері ретінде көпшілік жақсы біледі, таниды, сыйлайды, құрметтейді.

 Бірге жүрген жақсы күндердің сағыныш пен сағымға толы жылы естелігіне арқау болған Мұхатдам Әкпарұлын аға жасы – 70-ке толған мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қаламқас екеуіне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, амандық-абырой тілеймін. Ұрпақтарының рахатын көріп, өмірдің барша жақсылықтарына кенеле беруді Алла нәсіп етсін!

Қылышбай БИСЕНОВ,

Қызылорда ашық университетінің ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҰҒА академигі, Қазақстан Ұлттық құрылтайының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<