Жастар театры – қазақ өнерін заман талабына сай әрқилы етіп өңдеп, театрсүйер қауымға сапалы туындыларын ұсынып келе жатқан өнер ордасы. Жеті жыл аралығында қаншама жетістікке жеткен шығармашылық ұжым талантты жастардан құралған. Актерлік шеберлігімен, еңбекқорлығымен, ізденімпаздығымен танылып келе жатқан талант Қарлығаш Қонақ солардың қатарында.
Жалпы Қарлығаштың өнерге келуі кездейсоқ емес. Балғын шағынан бастап анасының қолдауымен өнер мектебінде білім алып, тәжірибелі, кәсіби биші атанған. Ұлбосын Жаналиеваның шәкірті атанып, хорда ән шырқаған. Талай өнер додаларына қатысып, жетістікке жеткен.
– Бүгінде сахнаға шығып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп жүруіме анамның ықпалы мол болды. Ол кісі де өнерге біртабан жақын. Менің құлшынысымды арттырған анама алғыс айтамын, – дейді ол.
Кейіпкеріміз театрға дейін музыкалық колледжде оқып, классикалық жанрда ән шырқап, үздік шәкірттер қатарында болған. Бір ғана өнермен шектеліп қалмай жан-жақты ізденіп жүріп, түрлі байқауларға қатысып, жеңімпаз атанған.
– Колледжден соң Астана қаласындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына вокалдық өнер кафедрасына оқуға түстім. 4 жыл білім алып, кәсіби маман атандым. Оқуымды тәмамдаған соң Сыр еліне қайта келдім. Мамандығым бойынша жұмыс жасаймын деп көп жерге түйіндеме қалдырдым. Десе де, ешбір жер қабылдамады. Бағымды сынап көрейін деп Жастар театрына келгенімде ұстазым Оңталап Нұрмаханов тәжірибем болмаса да өзі тәрбиелеп, сахнаға бейімдеді. Ұстазымның арқасында өзім қатарлы жастармен жұмыс істеп, жаңа қырымнан танылдым, – дейді актриса.
Осылайша үлкен ұжымға қосылған Қарлығаш талантымен көрерменді бірден баурап алды. Театр репертуарындағы көптеген спектакльдерде ойнай жүріп, әуезді үнімен көпшілік көзайымына айналды. Театрға келгеніне көп болмаса да бірнеше рөлді сахнаға алып шықты. Айта кетейік, жақында премьерасы өткен «Олимптің күйреуі» мифологиялық драмасында негізгі кейіпкердің бірі Афинаны сомдап, көрерменге естен кетпес әсер сыйлады. Шымылдық ашылғаннан финалға дейін оқиғаның өрбуіне атсалысты. Айтуынша бұл рөлді сомдау оңайға соқпаған. Бірақ өзіне бекітілген соң жақсы бейнелеп шықты. Оған көрерменнің шынайы ықыласы дәлел.
Талантты артист үшін кішкентай рөл деген болмайды. Берілген образды шынайы жеткізу – қабілет ерекшелігі десек артық емес. Кейіпкеріміз көпшілік сахнадағы шағын рөлдерінен сәтті бейне жасап, қойылымның көзге көріне бермейтін штрихтарын тауып, өз кейіпкерлеріне үйлесімді пайдаланады. Мұның өзі – шығармашылық адамының бойынан табылатын ерекше қасиет.
– Сахнаның құдіреті шексіз. Ол әрбір адамды сезеді. Себебі, сахна ол – айна. Актердің ішкі жан дүниесі мен рухани болмысын көрерменге көрсетіп тұрады. Жалпы театр өмірді сүйетіндерге ғана емес, жарық дүниенің сырын жан дүниесімен түсінетіндерге арналған. Бұл бағытта менің жолым болды, – дейді Қарлығаш.
Артистің шығармашылық келбеті оның басты не қосалқы рөлді бейнелеуімен немесе олардың санымен бағаланбайды. Керісінше сол рөлдердің ерекшелігімен дараланады. Театр сахнасына шығу – кез келген адамның маңдайына жазылмаған бақыт. Осы өнердің дамуына үлес қосқан майталмандардың жолын жалғайтын талантты жасқа шығармашылық табыс тілейміз. Ақылына көркі сай арудың бағындырар белесі әлі көп.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<