Қай қоғамда болмасын, білім беру ісі – өзіндік сара жолы бар жауапты да күрделі сала. Олай дейтініміз, ұстаз еңбегінің нәтижесі бүгін емес, ертеңімен бағаланады. Сол себепті, талаппен ұштасқан табанды еңбек нағыз ұстаз болмысын айшықтап, биікке шығарады.
ҚР Білім беру ісінің үздігі, “Еңбектегі ерлігі үшін” медалінің иегері, еңбек ардагері, ойы озық, шығармашылығы терең ұстаз Оразбай Қосанов – шәкірт тәрбиесіне шын берілген жан. Ол еңбек жолын мұғалім болудан бастап білім бөлімінің бас маманы, оқу ісінің меңгерушісі, мектеп директоры, колледж басшылығы сияқты жауапты қызметтерді атқарды. Бір сөзбен айтқанда, білім беру саласының барлық сатысынан өтті. Кешегі кезеңдегі белсенді қоғамдық ұйым – комсомол комитетінің бөлімін басқарып, жастар тәрбиесіне өзіндік үлесін қосты.
Ардагер ұстаздың айтуынша, балаға кітаптағы жазылған тақырыпты кез келген мұғалім оқытады. Алайда нағыз ұстаз болу үшін бұл аздық етеді. Күнделікті сабақтың тақырыбын қарапайым өмірмен ұштастырып, шығармашылық қабілетімен шыңдай түсіп, оқушының жан дүниесіне жеткізе білуі керек.
– Мұғалімнің жауапкершілігі бұрын да жеңіл болмаған, қазір тіпті ауырлай түскен. Мәселен, біздің уақытымызда мұғалімдер үлкен ізденіспен еңбек ететін. Ол кезде көрнекі құралдар жетіспейтін, әдістемелік оқулықтар жоқ, қазіргідей ғаламтор деректерін пайдаланатын мүмкіндік болмады. Әр сабақ үшін қажетті қосымша мәліметтерді мұғалім өзі дайындайтын. Оған қоса түрлі тақырыптағы ашық тәрбие сағаттары мен мектепішілік сайыстар ұйымдастыру арқылы балалардың талантын танып, қабілет-қарымын бағалап отыратын. Алайда осындай қоғамдық жұмыстары үшін мұғалімге ешқандай қосымша ақы төленбейтін. Нәтижесі сол – ұстаздар шығармашылығын дамытып, тәжірибесін толықтыратын. Айтайын дегенім, бүгінде педагог мәртебесі айқындалып, әлеуметтік қолдаулар қарастырылған. Еңбекақылары жыл сайын еселеп өсіп келеді. Мектептердің материалдық-техникалық базасы нығайған. Осындай жағдайда білім мен тәрбие беру ісінде кемшілік болмауы тиіс, – дейді қарт ұстаз.
Ұстаздық жолы өмірінің мәніне айналған О.Қосановтың “Кемел тәрбие берілмей, келісті ұрпақ өспейді” деген ұстанымы кез келген адамға ой салады. Бұл орайда бала тәрбиесінде мұғалімнің тек біліктілігі ғана емес, жеке басының мәдениеті, қоғамдағы орны маңызды екенін бағамдаймыз. Әсіресе, осынау технология дәуірі туған шақта мұғалімнен шәкірттің қабілеті асып түсіп жатса, оған таңғалуға болмайды. Мәселен, қазір балабақша қабырғасындағы бүлдіршінге дейін сандық байланыс құралын еркін игеріп алған. Сондықтан мұғалім талмай ізденіп, уақыт ағымына ілесе отырып, шәкірттің қабілетіне сай қажетті дүниені ұсына алуы керек. Осындай ой-пікірін айта келіп, “кемелдік тектен емес, тәрбиеден” деп тұжырымдады ардагер ұстаз.
Арал ауданы Құланды ауылында қарапайым балықшы отбасында өмірге келген Оразбай Сағындықұлы сол бала кезінен табиғат тынысына құлақ түріп, теңізбен үндес тіршіліктің талабын бойына түйіп өскен. Әлі есінде, өзі тұратын шағын үйден бес жүз метрдей жерде жағасын толқын ұрып, шағаласы шулаған Арал теңізі болатын. Теңіздің тайдай тулаған балығы ауыл-аймақтан асып, мемлекет қоймасына жөнелтіліп жататын. Сол бір керемет көрініс бірте-бірте көмескіленіп, қазіргідей хәлге жетті. Қоғамдағы, ел ішіндегі осындай өзекті мәселелерге бейжай қарамай, өзіндік көзқарасын танытып жүретін белсенді ұстаз, қаламгер, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Оразбай Қосановтың “Экологиялық терминдер түсіндірмелі сөздігі”, “Қызылорда облысы жан-жануарларының экологиялық ахуалы” атты кітаптары жарыққа шықты. Сондай-ақ осы тақырып аясындағы “Адамдарға айтарымыз бар” деп аталатын кітабы баспаға берілді.
Ал 2019 жылы баспадан шыққан “Балаларға базарлық” атты шығармашылық туындысы – бала тіліне бейімделген жыр шумақтарының жинағы. Көркем безендірілген кітапта үй жануарлары мен аң-құстарды сипаттайтын, балабақша, мектеп және отбасы құндылығын дәріптейтін шағын шумақтар балғын оқырмандарды адамгершілік қасиетке баулиды.
Білім саласындағы қазіргі өзгерістер жайлы ой-пікірін сұрағанымызда, ол кісі былай дейді:
–Тәуелсіздік алғалы білім саласында бірнеше реформаны тәжірибеден өткізді. Оның ішінде қажетке жарағаны да, жарамай қалғаны да бар. Дегенмен, бұл – ізденістің көрінісі. Ғылымда жаңалықтар ашу үшін еркіндік пен шығармашылық ізденіс қажет. Әр кезеңде жеке адамның мүддесі емес, қоғам үшін қажетті дүниелерді анықтап, тәрбие саласына енгізіп отырған жөн.
Ықылым заманнан бері айтылып та, жазылып та жүрген бала тәрбиесі тылсымы терең, табиғаты өзгеше өміршең тақырып. Түптеп келгенде, ой-өрісі дамыған, зерделі де зейінді ұрпақ тәбиелеп өсіру – баршамыздың ортақ борышымыз. Бұл ретте қоғам, мектеп және ата-ана күш біріктіріп, шын жанашырлық танытуы тиіс. “Көк шыбықты қалай исең солай майысады”, сондықтан баланың бойына жастайынан ұлттық тәрбиені ұялата білу керек, – дейді.
Ардагер ұстазбен әңгімелескенімізде іргелі салада әлі де айтар сөз, талқылайтын тақырыптың көп екенін аңғардық. Білім саласының ардагер майталмандары – Т.Тұрлашев, С.Боханов, С.Жүнісов, К.Алтыбаев, З.Ижанов сынды есімі ел есінде қалған ұстаздардың көзін көріп, қатар жүрген Оразбай Қосанов ағамыздың да кейінгі буынға қалдырар өсиеті жетіп-артылады.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<