Біздің Қазақ елінде өмір кешіп жатқан жақсы жандар көп. Ойлап қарасақ өмірдің алтын діңгегі де солар ма дейсіз. Әрине жақсылар туралы кеңінен толғап айта бергің келеді. Бірақ екінің бірі туралы ой толғап мақала жазу мүмкін емес. Өйткені бұрын-соңды араласпаған, жан-жақты білмейтін кісі жөнінде толғану шынайы болып шықпайды.
Айтпақшы, орыстың ақын-жазушысы Н.Некрасовтың мынадай шумағы бар: «Ақын бол, болма – өз еркің, ал азамат болу – міндетің».
Менің досым Қамбар Әжібеков осындай – Сыр елінің төл азаматы! Қамбар жайлы не жазсақ та артық болмайтынына сенемін. Бүгінгі күні ел азаматы – біздің досымыз 75 жасқа жетіп отыр. Сондықтан осы ойымды, адал ниетімді сіздерге ұсынамын.
Екеуміздің жалындаған жастық шағымыздың көптеген сәттерінің егіз қозыдай ұқсастығы бар. 1961-1965 жылдары Қызылорда қаласындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатында оқып, білім алғанымыз, бізден бірер көйлек бұрын тоздырған пединститут, политехникум студенттерімен спорт жарыстарында намысты қолдан бермей бәсекеге түсіп, талай-талай жеңіс тұғырынан көрінгеніміз күні бүгінге дейін көз алдымда.
Ол кезде спортқа деген іңкәрлік керемет еді. Сабақтан қолымыз босаса болды, дереу спорт залына жүгіретінбіз. Алдағы жарыстарда жеңіске жетуді ойлайтынбыз. Өзіміз мектеп оқушысы бола тұрып, сол кездерде-ақ студент ағаларымызбен тайталасып, жеңіс тұғырына көтерілген кездеріміз аз емес.
Кейін тағдыр Қамбар екеумізді студенттік кезде тағы да қайта табыстырды. Ол Алматыдағы ауыл шаруашылығы институтында, мен халық шаруашылығы институтында оқыдым. Сөйтіп, өмір көші алға жылжи берді. Диплом алып, әрқайсысымыз тағдыр салған сүрлеумен жаңа өмірге бет түзедік. Қай кезде де абыройсыз болған жоқпыз, әр қадамымыз сәтті болып жатты.
Қамбар досым Жаңақорған ауданында қатардағы экономистен облыстық қаржы департаментінің бастығы, сосын облыс әкімінің экономика жөніндегі орынбасары қызметіне дейінгі жолдан сүрінбей, абыроймен өтті. Мен Қаржы министрлігінде қатардағы бақылаушы-тексерушіден Мемлекеттік қаржы-бақылау комитетінің төрағасы, сосын министр қызметіне көтерілдім. Кейіннен Қамбар Қызылорда облыстық мәслихатының депутаты болса, мен Парламент Мәжілісінің депутаты болдым. Тағдыр бізден жақсылығын аяған жоқ. Ол бізге мейіріммен қарады. Және екеумізді үнемі іс барысында табыстырып отырды. Бүгінгі күнге дейін жұп жазбай, тату дос болып келе жатқанымыздың бір сыры осында жатқан секілді көрінеді маған.
Қанша жолдастардың ішінде екеуміз жеке дара шығып, қаржы саласын сүйіп, таңдап қызмет жасап, соның биік сатысына дейін көтерілдік. Қамбардың адал еңбегі еленіп, оған «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді.
Республикаға белгілі қаржыгер, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген экономисі, «Құрмет белгісі» орденінің иегері, облыстың қаржы саласын 27 жыл басқарған Камал Шөкенов қаржы саласының 85 жылдығына арналған естелігінде «жұмыстың түйіні кадр жасақтауымен шешілетінін басты мақсатқа қойып, облыс, қала, аудан қаржы бөлімдерінің мамандарын талдап, кімнің қалай қызметте өзін көрсеткені сарапталып, есепке алып облыстық аппаратқа тартылғандардың ішінде өз ісіне мықты» деп Қамбар Әжібековті атайды. Тәжірибелі басшының маман таңдаудағы талғамы мүлт кетпеді, ол облыстық аппаратта халық шаруашылығын қаржыландыру бөлімінің бастығы, бері келе басқарма бастығының орынбасары – бюджет бөлімінің бастығы, бірінші орынбасары болып қызметін абыроймен атқарды. Ұжымда сабырлы мінезімен, біліктілігімен, адамгершілігімен бәрінде де көреген аға болып, жол бастап отырды.
1988 жылы облыстың қаржы басқармасы іргесінен Қамбар бірінші болып басқа салаға басшы қызметке ауысқан маман болды. Ол облыстағы бір банкінің тізгінін ұстады. Және бұл қызметте де абыройсыз болған жоқ. Биік лауазымдарға қанша көтерілсе де, өзін өзгеден жоғары ұстамайтын азаматтық ісі кейінгілерге үлгі-өнеге болды.
Талай жылдан бері бірге қызметтес, аралас-құралас болып келе жатқан досың жайлы тебірене толғану енді байқасам, ең қиын шаруа ма деймін. Өйткені, кеудеде көл-көсір сыр бүркеніп жатыр, ал соны сыртқа шығарарда қинала бастайсың. Ол, әрине, айтқың келмегендіктен емес, қалай және қайтіп жеткізем деп қиналудан. Мен Қамбар досымды әркез мінезіне білігі, білім таланты сай жігіт ретінде қабылдаймын. Себебі, ол өз ісіне соншалық ыждағатты, соншалық жауапты.
Бір досың туралы ойласаң, басқа да жігіттер еске түседі. Біз Қызылордадағы мектеп-интернатта оқыған кез осы күні сағыныш болып елестейді. Сол кездегі дос жігіттердің алды жетпістен асып, соңы осы асуға иек артты. Кейбірі бұл дүниеден қапыда өтіп те кетіпті. Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернат түлектері өндірістің, ғылымның, әдебиеттің, білімнің және мемлекеттік басқарудың түрлі салаларында еңбек жасады. Біздің мектептің алғашқы үш жылының «гагариндіктер» түлектерінің есімдері: Иранбек Оразбаев (Иран-Ғайып) – Қазақстан мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ақын, драматург, Сейсен Мұқтарұлы – ақын, жазушы, Ибрагим Исаев – ақын, Қуанышбек Сәдібекұлы – облыстық кәсіподақ кеңесінің төрағасы, Арыстанбек Қонысұлы – Қызылорданың Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, Серік Кенжебаев – техникум директоры, ғылым кандидаты, Дәуітбек Жұматов – ғылым кандидаты, Қазақ ауыл шаруашылығы институты кафедрасының доценті. Әрине олардың ішінде: полковниктер Нұрахмет Ералиев, Тастемір Рахимов, Ахмет Жұпарбеков, құрылысшы Алшынбай Тұртанов, кәсіпорын басшылары Байтұрсын Құрманов, күріш өсірушілер Ертарғын Әжікенов, Өтеш Өтегенов, құрылысшылар Алмат Ақпамбетов, Сандыбек Сейтқасымов, Қуаныш Үйсінбаев, тепловоз машинисі Жалмағамбет Меңлібекұлы, күзет агенттігінің директоры Мұхамбетхан Кішкенбаев, мектеп директорлары Данеш Нысанбекова, Әсемгүл Мұратбекова, Тәттігүл Әбдіхалықова, бас дәрігерлер Қожан Сүйіндіков, Мира Құдиярова, Мария Нұрмағамбетова, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі Бақытбек Алпысбаев және т.б.
Міне, солардың арасынан қаржы жүйесінде ерекше суырылып шыққан бір досым болса, ол осы – Қамбар.
Оның бойында көптеген адами қасиеттері бар.
Ол ең алдымен – үлгілі отбасы иесі. Жұбайы Гүлбарам екеуі тату-тәтті өмір кешіп келеді. Екі ұл, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Бірнеше немере сүйіп отыр. Ұл-қыздары тәрбиелі, қай қызметте де абыройлы екенін көріп жүрміз.
Оның тағы бір елеп айтар қасиеті – өз ісінің жетік маманы. Саланы толық меңгерген, шын мәніндегі үздік те озық қаржыгер. Бұл екінің бірінің қолынан келе бермейді.
Ол – сондай-ақ ағайын-туысқа, дос-жаранға адал, бауырмал, таза ниетті азамат. Аралас-құралас кісілердің бәрін өзіне жақын санайды, достасып алады. Оның бұл тірлікте жауы жоқ па деп те ойлайсың. Өйткені, Қамбар туралы сөз болса, кім-кімде тек мақтау сөз айтады. Бұл – қасиет! Ерекше елеп айтуға тұратын қасиет. Екінің бірінің қолынан келе бермес қасиет!
Тағы бір айтпасақ болмайтын жайт бар! Мен Қамбардың отбасында қонақ үзілген кезін көрмеппін. Қамбардың отбасымен бізде әрдайым кездесіп, араласып тұрамыз, бір-біріміздің қуаныштарымыздың куәгері болып, бірге қуанамыз. Зайыбы Гүлбарам қолы ашық, ағайынға да, туысқа да, дос-жаранға да, сүйікті ана деп айтсақ, еш артықтық емес. Осының бәрі де, меніңше, Қамбар мен Гүлбарамның бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен сыйластығы, түсіністігі мен құрметінің негізінде туындап жатқан жақсы нышандар деп ұғамын.
Қазақ халқының ұлы перзенті Абайдың отыз бірінші қара сөзінде айтылған: «Естіген нәрсені ұмытпастыққа төрт түрлі себеп бар: әуелі – көкірегі байлаулы берік болмақ керек; екінші – сол нәрсені естігенде я көргенде ғибрәтлану керек, көңілденіп, тұшынып, ынтамен ұғу керек; үшінші – сол нәрсені ішінен бірнеше уақыт қайтарып ойланып, көңілге бекіту керек; төртінші – ой кеселі нәрселерден қашық болу керек. Егер кез болып қалса, салынбау керек. Ой кеселдері: уайымсыз салғырттық, ойыншы-күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді. Бұл төрт нәрсе – күллі ақыл мен ғылымды тоздыратұғын нәрселер». Осының бәрін досым Қамбар бойына сіңіріп, өмір бойы ұстанып жүретін азамат.
Сейітсұлтан ӘЙІМБЕТОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<