Сырдың ғалым перзенті

512

0

Белгілі әдебиеттанушы, фольклортанушы ғалым, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ұлағатты ұстазы Бисенбаев Пазылбек Қуанбайұлы мерейлі жасқа толып отыр.

Пазылбек Қуанбайұлы 1964 жылы 18 шілдеде Қазалы ауданында туған. 1990 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін тәмамдағаннан бері ғылым мен білім саласынан, өзінің туған университетінен қол үзбей, отыз жылдан астам уақыт әдебиеттану мен педагогика саласында талмай еңбек етіп, тер төгіп келеді. Alma-mater ҚазҰУ-ға деген құрметімен, өз мамандығына деген зор жауапкершілігімен үлкен еңбек жолынан өтіп, қасиетті орда – қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының ардагер ұстаздарының қатарына қосылды. Ғалымның жолы – парасаттылық пен сабырдың, білім мен ғылымның, адалдық пен әділдіктің, мейірімділік пен қарапайымдылықтың жолы!

Ұзақ жылдар бойы өзі таңдаған әдебиет атты әлемге, оның тарихына терең бойлап, ана тілімен қатар араб тілін меңгерген филолог-маман ретінде  әдеби мұраларды түгендеу жолында еңбек етті. «Қазақтың көне эпосы», «Нысанбай жырау» жинағын, «Қазақ халық әдебиеті» сериясымен шыққан көптомдықтарды құрастырушылардың бірі болды. Оның «Тарихи жырлар», «XIX ғасырдағы тарихи жырлар», «Кенесары–Наурызбай туралы тарихи-фольклорлық үлгілер», «Шығыстық қисса-дастандар: нұсқалары мен типологиясы», «Жүсіп туралы қисса-дастандар» атты оқу құралдары мен «Қазақтың көне эпосы» кітабы оқу үдерісінде кеңінен пайдаланылады. Оның қаламынан туған «Жүсіп-Зылиха дастанының нұсқалары: дәстүр мен жаңашылдық» атты монография қазақ әдебиеттану ғылымына елеулі үлес болып қосылды.

Ол абайтану ғылымының өркендеуіне де үлкен үлес қосты. Әл Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері, «Абай институтының хабаршысы» журналының ғылыми редакторы, институт веб-сайтының бас редакторы қызметтерін қатар атқарып келеді. Абай ҒЗИ-да жарық көрген елу томдық «Абайтану. Таңдамалы еңбектерін» баспаға дайындаушы хатшылар тобының жетекшісі ретінде дайындау, құрастыру жұмыстарына белсене атсалысты. Сондай-ақ балаларға арналған «Абай» кітапшасының құрастырушы авторы. Осындай қажырлы еңбегі бағаланып, 2020 жылы ТҮРКСОЙ ұйымының Құрмет грамотасымен, әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<