Сырдың сұлу офицер қыздары

828

0

Қазақта ер азаматтармен бірдей жауға шапқан, билермен бірдей дауға төрелік айтқан шешен де өжет, батыл да өр қыздар, аяулы аналар аз емес. Тарихқа көз жүгіртсек, екі жұртын да өз батырлығымен мойындатқан Тұмар, Зарина, Айбике, Гауһар, Ақбикеш, Сапура, әулиелігімен, көреген-көсемдігімен елді таңғалдырып, таңдай қаққызған Домалақ ана, Бегім, Қоңыр аналар, одан беріде Хиуаз, Әлия, Мәншүк, Роза, қазақ әдебиетінің жауһарларына айналған Бопай, Ұлпан, Зере, Ұлжан, Айғанымдардың есімі тарихта өшпес із қалдырды. Оларды әлі күнге дейін зор құрметпен атаймыз, үлгі тұтамыз, мақтан етеміз.

Сырдың сұлу офицер қыздары

Бүгінде осындай абзал арулардың ізін жалғаған, ерлермен бірдей түн ұйқысын төрт бөліп, ел игілігі үшін жанын шүберекке түйіп, еліміздің әскери құрылымдары мен құқық қорғау органдарында қызмет атқарып жүрген қыздарымыз қаншама?!

Қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қылмыс пен заң бұзушылықтардың алдын алуда мінсіз міндетін атқарып жүрген полицей қыздар мақтауға да, мақтануға да тұрарлық еңбек етіп келеді. Офицер қыздар әйелге тән нәзіктігі мен биязылығын жоғалтпай, ерлермен иық тірестіріп, тәуліктің қай мезгілімен де санаспай, өздерінің жоғары еңбек қабілетін көрсетуде. 

Солардың қатарында ішкі істер органының әр саласында қызмет атқарып келе жатқан, бауырларым Салтанат Қуанышбекқызы, Шолпан Жорабекқызы және  Ақбота Қуанышбекқызы Әзірбектерді мақтан тұтамыз.

Сырдың сұлу офицер қыздары

Әкем Жорабек Әзірбеков – Жалағаш ауданы, Жаңаталап ауылының тумасы. Ішкі істер органында 25 жылға жуық қызмет жасаған, бүгінде отставкадағы майор. Жоғарыда есімдері аталған бауырларым «Әке көрген оқ жонар» деген тәмсілдің растығын нәзік жанды болса да дәлелдеп жүргендей. Әкем бес ағайынды, Салтанат пен Ақбота – әкемнің туған ағасы Қуанышбек Әзірбековтің қыздары, яғни немере сіңлілерім. Ағамыз Қуанышбек Сыр топырағында дүниеге келгенмен, жоғары білімді Алматыда алып, Шымкент қаласында қызмет атқарған. Туған жерден жырақта жүрді. Сондықтан ол кісінің балалары сонда туды, өсті. Тек бала кезімізде жазғы демалыста  басымыз қосылып, ауылдың топырағында аунап қайтатынбыз. Ол кезде болашақта осы үш қыз да  бірдей құқық қорғау саласында қызмет атқарады деп ойламадық. Қуанышбек ағамыздың ғұмыры қысқа болды, 1991 жылы небәрі 46 жасында қайтыс болды. Сол кезде Салтанат небәрі 10 жаста, ал Ақбота 6 жаста ғана еді. Алты бірдей баланы тәрбиелеп, оқытып жеткізген анасы Гүлмараш Исанқызы  ҚР Білім беру үздігі, мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен дәріс беріп, бүгінде бейнеттің зейнетін көруде.

Салтанат Қуанышбекқызы ішкі істер органдарында 20 жылдан бері қызмет атқарып келеді. 2002 жылы Қазақ Мемлекеттік заң академиясының тергеу-криминалистика факультетін үздік бітірген. Алғашқыда телевизия саласында еңбек етті, «Шұғыл ақпарат-Оперативная служба» бағдарламасының редакторы болды. 2003 жылы ол кездері Алматы қалалық ішкі істер департаментіне қарапайым инспектор болып орналасып, білімі мен біліктілігінің арқасында қатардағы лейтенанттан бастап, полковник шенін алды. Бүгінде Салтанат  өз ісінің маманы, сабырлы мінезімен, байсалдылығымен, жауапкершілігімен әріптестер арасында сыйлы. Отбасы мен қызметін қатар алып жүр, екі қыз, екі ұлдың анасы. Жолдасы жұбайының жұмысына түсіністікпен қарап, әрқашан қолдау танытып келеді.

Ал Шолпан Жорабекқызы – туған бауырым. Қызылорда облыстық полиция департаменті анықтау басқармасының полиция подполковнигі. 19 жыл еңбек өтілінің 15 жылға жуығы тергеу мен анықтау саласында өтті. Тергеуші болу оңай емес, өжет те жігерлі мінез болуы, қылмыс орын алған жерде жедел шешім қабылдау қажет. Шолпанның бойынан бұл қасиеттер айқын көрінеді. Бала күнінен әкеміздің форма кигенін көріп өскен ол ес білгелі арманы тәртіп сақшысы атану еді. Бүгінде сол мұратына жетіп, ішкі істер саласында еңбек етуде. Қызмет барысында жас анықтаушылар мен тергеушілерге өз білгенін үйретіп, тәжірибесін бөлісіп келеді. Бүгінде Шолпан Жорабекқызы жолдасымен  екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсіруде. 

Тағы бір пагонды сұлуымыз Ақбота Әзірбек – полиция майоры, Алматы қаласы полиция департаментінің аға инспекторы. 2001-2005 жылдары әл  Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2008 жылы заңгер мамандығы бойынша «Тұран» университетін тәмамдаған. Ішкі істер органдарында 2009 жылдан бері жол полициясы, әкімшілік полициясы, жергілікті полиция басқармаларында жол қауіпсіздігі саласының маманы болды. 2020-2022 жылдары Алматы облысы полиция департаментінің ресми өкілі, баспасөз қызметінде жұмыс атқарды.

Аруларымыздың қызметтік міндеттерін үлгілі орындап, жақсы көрсеткіштер көрсеткені үшін Ішкі істер министрлігі, департамент, басқарма бастықтарының құзырымен бірнеше мәрте марапатталуы өз істеріне деген жоғары жауапкершілігін көрсетсе керек.

Күрмеуі қиын күрделі саланың білікті мамандарын мерекемен құттықтай отырып, денсаулық, амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін! Мен өздеріңмен мақтанамын!

Аманкүл ӘЗІРБЕКОВА,

Қорқыт ата атындағы

Қызылорда университетінің аға оқытушысы,

педагогика ғылымдарының магистрі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<