Қазақ халқының ежелгі заманнан бері көздің қарашығындай сақталып келе жатқан қасиетті мұрасы ол – күй өнері. Ата-бабамыздың басынан өткен қайғы-мұңы, қуанышы, әділетсіздікке қарсы күресі, азат өмірді аңсаған асыл арманының бәрі қара домбыраның шежіре тұнған шанағынан төгіледі.
«Әлі есімде, алты жас шамасындамын. Әкем шағын домбыра шауып берді. Өте әдемі, дыбысы да керемет, бірақ ешкім тарта алмайды. Бір күні әлгі домбыраның тиегін шанағына түсіріп алдым. Әрі-бері мықшыңдап ала алмаған соң домбыраны сындырып тиегін алдым. Әкем кешке жұмыстан келгесін сынық домбыраны көріп, маған қарап басын шайқап, таңдайын бір қақты да, үндемеді. Сонымен менің домбырашылық «карьерам» бітті» деп ұстазым, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры Төлепберген Тоғжанов әзілдеп айтып отырады.
Ол бес жасынан домбырашылар үйірмесіне қатысып, 1975 жылдан бастап, музыка мектебіне белгілі домбырашы Тасболат Сқақовтың сыныбына қабылданған. Тәлім алып жүріп, Алматы қаласында өткен музыка мектептері арасындағы сайыста жүлделі екінші орын лауреаты атағын иеленді.
1980-1984 жылдары музыка училищесінде тәлім алды. Училище қабырғасында оқып жүріп, Семей қаласында өткен республикалық музыка училищелерінің арасындағы конкурста лауреат атанды. 1984-1991 жылдар аралығында қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын Айтқали Жайымовтың сыныбынан тәмамдаған. Консерваторияда оқып жүріп республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты болды.
Ұстаздығы бір төбе, адамгершілігі бір төбе, үлкенге құрметпен, кішіге ізетпен қарайтын Төлепберген Тоғжанов Мәдениет қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, өнертану доценті, Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры атағына ие болды. Ұстаз 20 оқулық, ғылыми-әуендік және тарихи-әуендік кітаптардың, көптеген оқулықтардың, 50-ге жуық ән-күйдің, 100-ге жуық ғылыми, публицистикалық мақала авторы.
Белгілі жырау Алмас Алматовпен бірлесіп жыраулық, жыршылық өнердің орындаушылық үлгісін жаңғырта жалғастыру және жаңа ұстанымын қалыптастыруға арнап «Көроғлы» оқу құралын жазған. Онда Рүстембек Жиенбаевтің орындауында 12 шығарма, Көшеней Рүстембековтің орындауында «Көроғлы» эпосының 14 мақамы, 14 ән, терме-толғау, Бидас Рүстембековтің орындауында «Көроғлы» эпосының 2 мақамы нота жазбасына домбыра сүйемелдеуімен бірге түсірілген. Нотаға түсірген Т.Тоқжанов. Сыр сүлейлері Жаңаберген, Жаппарберді, Жансүгір, Дәріғұл жыраулардың мақамдары және Арал, Қазалы өңірінің жыр-күйлерін жинақтап, «Сырлы сарын» атты музыкалық-этнографикалық жинақ ретінде алғаш рет жарыққа шығарды. Төл туындыларымен қатар Еуропа классиктерінің шығармаларын қос домбыраға және домбыра мен фортепианоға лайықтап, Сыр бойында өмір сүрген күйші-композиторлардың күйлерін ансамбльмен оркестрге түсірген еңбегі қазақ өнерінің дамуына қосқан үлкен үлес.
ҚР халық артисі Қ.Ахмедияровтың «Төлепберген соңғы жылдары шетел композиторларының шығармаларын домбыраға лайықтаумен қатар өзінің жеке басының тағдыры мен қазақ халқының өткенін, бүгінін, болашағын саз арқылы шебер суреттеген. Домбыра аспабының бүгінгі күнге жетіп отырған жетістіктерін ойнау тәсілдері, қағыс ерекшеліктерін сарқа пайдаланып, жылдың он екі айына арнап шығарған туындылары қазақ музыкасындағы елеулі жаңалық деуге болады. Табиғаттың әр айының ерекшелігін суреттей білу оның көрегендігін, сезімталдығын білдіреді» дегені осының бір дәлеліндей.
Ұстаздың төл туындыларына келер болсақ, ең алғашқы шығармаларының бірі – «Бөбегім». Осы шығармасы Төлепберген Тоқжановты күй атты көк теңізге жетелеген еді. Ұшы-қиыры жоқ көк теңіздің түбіне сүңгіген Төлепберген «Аяулы ана», «Әке өсиеті», «Неке қияр», «Шабыт», «Тілек», «Достарым», «Сағыныш», «Көшпенділер», «Өткінші», домбыра мен фортепианоға арналған «Сыр-Ана», «Тарту», «Сыр термесі», «Қамажай», «Мереке», «Жырау», «Вальс», «Концерттік этюд», «Жыл он екі ай» шығармалар топтамасы, т.б шығармаларын бірінен соң бірін төкті.
«Әке өсиеті» күйіне келер болсақ, Төлепбергеннің әкесі Төреахмет жеті сыныптық білімі болса да тарих, әдебиет және дін салаларының білгірі еді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с), Қорқыт ата, Сырым батыр, Жанқожа, Кенесары, Наурызбай туралы, т.б әңгімелерді әкесінен естіп өсті. Бұл «Әрқашан адал бол, таза бол және білім мен еңбекті сүйе біл!» деген әке өсиетіне арналған туындысы болатын.
Консерваторияны бітіріп келгенде анасы «Періште аузыма салды ма, сені күй қанатым, күй қанатым дейтін едім, күйші болдың ғой» деп отырады екен. Анасының құрметіне «Аяулы ана» күйі өмірге келді.
Шоқтығы биік туындыларының бірі – «Сыр-Ана» атты домбыра мен фортепианоға арналған шығарма. Ағысы арынды, арнасы кең Сырдария өзенінің қазіргі кейпі Төлепбергеннің жан дүниесіне жара салғандай еді. «Сыр-Ана» шығармасына жердің көркі, елдің құты болған өзенді арқау еткен. Шығарма үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде автор бала күнінде арнасынан асып жатқан Сырдарияның асау толқындарын суреттеген, екінші бөлімде жылап ағып жатқан дарияның бүгінгі келбетін, үшінші бөлімде «Сырдария арнасынан асып-тасып ағар күні туар ма екен?» деген арман-үмітін домбыра аспабының тілімен шебер бейнелеген.
«Сыр термесі», «Жырау» шығармаларын Сыр мақамдарын домбыра мен фортепиано аспабына арқау етіп дүниеге әкелген. Жазу барысында домбыраға тән ойнау әдіс-тәсілдерін, штрихтардың жетіліп, дамуына көп көңіл бөлген.
Тарихи тақырыпқа арналған күйлерінің ішінде «Көшпенділер» күйі ерекше орын алады. «Көшпенділердің» шығуының басты себебі − жастарда отансүйгіштік сезімінің, қоғам болашағы үшін жауапкершіліктің азайғаны. «Жігерсіз жастарды, нәзік ұлдарды көп кезіктіремін. Әсіресе, өнер саласында. Өзімнен-өзім налимын. Ел мен жерді қорғамақ түгіл, қара бастарын әзер алып жүр. Ата-бабаларымыз қандай болған? Біз қандаймыз? Болашағымыз қалай болмақ?» деген сауалдар күйші-ұстаздың алаңдаушылығын туғызды. Автор жас ұрпақты ата-бабаларымыздың батырлық баяндарымен сусындатып, ұлттық рухты көтеру, рухани байлығымызды насихаттап тәрбиелеу мәселесін бетке ұстап, жастардың жігерін қайрай ма, шамалы болса да ой сала ма деген ниетпен «Көшпенділер» күйін шығарды.
Т.Тоқжановтың қазіргі кезде жиі тартылып жүрген күйлерінің бірі «Өткінші» де – адамға ой салатын, терең иірімді туынды.
Үлкен өмірге нық қадам басуымыздың бірден-бір себепшісі бола білген ұстазымызды мақтаныш етемін. Шәкірттеріңізге берер нәріңіз таусылмасын, Ұстаз!
М.ҚҰТТЫМҰРАТОВ,
Қазанғап атындағы Қызылорда жоғары
музыкалық колледжінің ұстазы





