Тәуелсіздіктің толағай тартулары

541

0

Тәуелсіздік – бұл еліміздің ең қадірлі де қасиетті баға жетпес құндылығы. Ал, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еліміз өз тәуелсіздігін алып, әлемге аты танылуына сіңірген еңбегі орасан зор. 

Сарғайған тарих парақтарына үңілер болсақ, ел тәуелсіздігі – ата-бабаларымыздың сан ғасырлық арман-тілектерінің орындалған ұлы күні, Ұлық мерекесі. Өйткені, кезіндегі Кенесары мен Абылай ханның, Қасым хан мен Есім ханның, Керей мен Жәнібек, тағы да басқа хандар мен би-батырлардың елім деп соққан жүректерінің әмірімен Ұлы даламызда болған толқулар мен көтерілістердің ұстанымы – Тәуелсіз ел болу еді. Тағдыры тайғақ кешіп, ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама болған қазағым алмағайып замандарды бастан кешіп, тауқымет шексе де, ұлан-ғайыр Ұлы даланы ұрпақтарына мұра еткен. Олар ежелден жерін жауға бастырмағанын, ешкімге ұлын – құл, қызын – күң етуге жол бермегенін, жауына қатал, досына адал болғанын, шыбын жанын шүберекке түйіп, елдің ертеңгі тағдырын найзаның ұшы мен қылыштың жүзіне байлап ғұмыр кешкенін біз жақсы білеміз.

Осы бір елдігі мен еркіндігі арқасында олар бізге Алтайдан Атырауға дейін, Арқадан Сыр бойына дейін еркін көсіліп жатқан ұлан-байтақ қасиетті жерді аманат етіп кетті. Бұл туралы Елбасының «Бүгінгі қазақ халқы – сонау есте жоқ ескі замандарда-ақ тұлпардың тұяғымен дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың ұрпағы, үлкен үйдің қара шаңырағын атажұртта сақтап қалған халық» деген еді.

Қазақ елінің бүкіл әлемге мәлім болып, тәуелсіз ел ретінде танылуы 1991 жылдың 1-желтоқсанынан бастау алған болатын. Дәл осы күні еліміз демократиялық негізде Тұңғыш Президент сайлауын өткізіп, Қазақстан халқының 98,78% өз қалауы бойынша Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты Президент етіп сайлады. Сайлаудан кейін бар-жоғы 4-5 күнде Президент сол кездегі Жоғарғы кеңеске «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң ұсынды. Сол 1991 жылдың 16 желтоқсан күні заңға қол қойылды. Тәуелсіздік туын көтерген еліміздің декларациясы, Конституциясы, Туы, Елтаңбасы мен Әнұранының қабылдануы – баршамыздың жүрегімізде мәңгілік жазылып қалған бақыт.

Президент сол кездері қолда бар моральдық және экономикалық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, дағдарыс кезеңінен неғұрлым аз шығындармен өтуге, орнықтылықтан ауытқымауға, ұлттық есеюдің мәселелерін өркениетті шешуге аса мән берді. Нәтижесінде еліміз еңсесін тіктей бастады. Ең бастыларын саралап айтар болсам, ядролық қару жойылып, Семей ядролық полигоны жабылды. Ел астанасы Алматыдан Ақмолаға көшірілді. 1992 жылдың 30 маусымында «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» Заң қабылданды. Ал, 1993 жылдың 26 наурызында Халықаралық Аралды құтқару қоры құрылып, Аралды сақтап қалу мақсатында «ғасыр жобасы» өмірге келді. «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау (САРАТС) жобасы» жасалды. Бүгінде Арал теңізінен жылына 8 мың тоннаға жуық 24 балық түрі ауланып, таяу және алыс шетелдерге жіберілуі бізді, яғни сырбойылықтарды қуаныш сезіміне кенелтеді. 

Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында Сыр өңірінде соны серпіліс болғанын айтпасқа болмас. Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау аймақты айналып өткен жоқ.

Қалың қазақтың қаймағы бұзылмаған Сыр елі өтпелі кезеңнен салқынқанды сабырмен, табанды күш-жігермен жүріп, бүгінгідей жетістікке жетті. 30 жылда қаламыз көріктеніп, ауылдарымыз ажарлана түсті. Егін шаруашылығы еңсесін тіктеп, атакәсібіміз – мал шаруашылығы да жаңа белеске көтерілді. Шағын және орта кәсіпкерлікті аймақ басшыларының қолдауы арқасында жұмыссыздық азайып, ел-халықтың тұрмыс-тіршіліктері жақсара түсті. Тәуелсіздік жылдары «Сексеуіл-Жезқазған» теміржолы мен «Батыс-Еуропа – Батыс-Қытай» автомагистралі салынды. 2014 жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырын салу жобасы іске асырылып, тұрғындар «көгілдір отын» игілігіне кенеліп отыр.

Бүгінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова сынаққа айналған пандемия кезінде жұмыс бағытын өзгертуді, дұрыс үйлестіруді орынды бастамалармен ұштастырып отыр. Білуімізше, индустрияландыру бағдарламасы аясында 26 жоба іске асырылып, 6 мыңнан астам жұмыс орны ашылмақ. Бұлардың ішінде шыны зауыты, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу зауыты, кальциленген сода, пластик шыны зауыты, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру, ет комбинаты, құс фабрикасы, тағы басқа ондаған экспортқа бағдарланған жобалар бар екен. Сондай-ақ, «Аралтұз» акционерлік қоғамында ас тұзын өндіру көлемін арттыру, «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында кен байыту комбинатын салу жобалары іске асырылып жатыр.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы өзінің «Ұлы дала ұлағаттары» атты еңбегінде: «Бізде ардагерлердің республикалық кеңесі бар. Ол – жанды, жігерлі ұйымдардың бірі. Мемлекетіміздің мерейлі де маңызды мәселелерінің бәріне үн қосып, белсенділік танытып келеді» деп бағаланған болатын. Міне, дәл осындай ұлт ұстанымын алға ұстаған Елбасының ұсынысымен 1987 жылы ардагерлер ұйымы құрылып, оның құрамына елге еңбегі сіңген ардагерлер топтастырылды.

Бүгінде 728 бастауыш ұйымға топтасқан 74 мыңнан астам ардагердің басын қосып отырған облыстық ардагерлер кеңесі шын мәніндегі ұйымға айналды. Ұйымның іргетасының қалануына есімі облысқа танымал азамат, қарымды қаламгер Марат Филипович Когут күш салса, оның керегесінің кеңеюіне мемлекет және қоғам қайраткері Елеу Көшербаев ағамыз орасан еңбек сіңірді. Одан әрі бұл ірі істі ауыл шаруашылығының майталманы, танымал азамат Камал Бердәулетов ағамыз жандандырса, қоғамдық ұйымның ұлғаюына, республикаға тәжірибе болатын, абыздық сөз айтуына Тәуелсіздіктің алғашқы жылы облыс әкімі болған мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов ағамыздың қосқан үлесі мен қалдырған қолтаңбасы орасан зор. Осы аттары елге мәшһүр аға буынның абзал істерін жалғастыру парызының бізге жүктелуі басымызға қонған бақ болар.

Биыл құрылғанына 34 жыл толып отырған ардагерлер кеңесі Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап еліміздің еңсесін тіктеуіне, яғни, еліміздің басындағы қиындығын көтерісіп, қызығына кеңеліп бір сапта келе жатыр. Тәуелсіздік жылдары ардагерлер өздерін өрде ту, төрде би бейнесінде көрсетіп, асқанды басты, жасығанға жігер берді, береке-бірліктің бекемдеуінің бірегей локомативіне айналды.

23 қараша күні Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғам құрдық. Әлем картасында Қазақстан деген егемен елдің ойып тұрып орын алуы үшін аянбай еңбек еттік. Ендігі кезеңде осы жетістігімізді еселеп арттыру ел ынтымағы мен тұтастығына байланысты» дей келе қазақстандықтарға бағдар болар «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Осы қағидаттарда Тәуелсіздік кез келген азамат үшін ең қастерлі құндылық екенін баса айтып, ел-халқын бірлік пен келісімге, экономиканы әртараптандыруға, ата-баба мұрасы – жерді қорғауға, ұрпақ тәрбиесінің ұстаханасы – отбасын сақтауға, халықтың рухани тірегі – ұлттық мәдениетті өркендетуге, бақуатты өмірдің кілті – білім мен еңбекті жастар санасына сіңіруге, бәсекеге қабілетті болудың бірден-бір кепілі – прагматизм принциптері бойынша барынша қанағатшыл, үнемшіл, ұстамды болып, уақытты ұтымды пайдалануға шақырды.

Елбасының осынау жеті қағидатынан жаза баспай, мерейлі күнге жеткізген Аллаға шүкіршілік етіп, ертеңгі күнге сеніммен қадам басуымыз аса қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Тәуелсіздігіміздің бәріміз үшін ең қымбат дүние екеніне баса мән беріп, оны даңғаза ұрандармен емес, ақылмен, парасатпен, біліммен, еңбекпен қорғау қажеттігін, еліміздің біртұтастығы реформаларымыздың табысты жүзеге асуының басты кепілі екенін айтты. Демек, еліміздің бұдан да биік асуларға шығуы үшін рухымызды қайрап, еңсемізді тіктеп, Тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы жолында тынбай еңбек етуге тиіспіз.

Серік Дүйсенбаев,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы, Қызылорда қаласы,

Шиелі ауданының құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<