Тағдырлы талант, қажырлы қаламгер

348

0

Сыр топырағынан түлеген шығармашылық өкілдерінің бірі, Қазақстан Жазушылар одағының және «О.Жандосов қоры» сыйлығының иегері, Мәдениет қайраткері, бірнеше кітаптың авторы Нұртас Исабаев биыл 70 жасқа толып отыр.

Ол 1954 жылы Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Орта мектепті бітіргеннен кейін еңбек жолын аудандық газетте корректорлықтан бастап, шығармашылық ортада қолына қалам алып, көркем әдебиетке көңіл аударды. Арманы биік жас жігіт Мəскеудегі М.Горький атындағы Əдебиет институтына оқуға түседі. Төртінші курста жүргенде тағдырдың тосын сынына ұшырап, ауылға келген сапарында жол апатына түсті. Денсаулығынан ауыр зардап шеккен жап-жас жігіт арбаға таңылды.

Әйтсе де қиындыққа қарсы тұрып, 1982 жылы Мәскеуге барып, дипломын қорғап, оқуын бітірді. Осы жылдары оның «Бастау» атты алғашқы жыр жинағы жарыққа шықты.

Қалам иесі жанын азапқа салған дерттің дауасын тек шығармашылықтан тапты. Өмірге деген шексіз құштарлығын өлеңдерімен өрнектеп, әндеріне арқау етті. Соның айғағы,  әр жылдары «Өмірді сүю», «Ұлылықпен сырласу», «Қимаймын сені», «Самғау» атты кітаптары баспадан шығып, оқырманмен қауышты. Одан бөлек, «Разбег» атты орыс тіліндегі ұжымдық жинаққа бір топ өлеңдері енген. Орыс ақыны Александр Твардовскийдің өлеңдерін қазақ тіліне аударып, жариялаған. Бүгінде ақын Н.Исабаев – көптеген танымал әндердің авторы.

– Бақытты жан неге өлең жазбайды?

Бұл өмірде деймісіңдер аз қайғы?

Ғашық болсаң сұлулыққа, өмірге,

Жүрегіңде сезім лаулап, маздайды.

Бақытты жан неге өлең жазбасын,

Ойлай ма екен, ақын жалғыз өз басын?

Бақыттымын деп қуанып, жыр жазам,

Махаббаттың оты лаулап, маздасын, – деп жырлаған ақын жан дертінің дауасын жырдан тапқандай болады.

Қаламгер бір сұхбатында Мәскеудегі оқу орнында диплом қорғап жүргенде қасында сол институтта бірге оқитын Тыва елінің Елена есімді қыз болғанын, оның көп көмегі тигенін айтады. Сол сапарында екеуі институт берген жолдамамен Қырымда бір ай демалып, көңілдері жарасып, отау құрады. Елге бірге қайтады. Сол бір шаттыққа толы шабытты шақ оның өміріндегі бақытты сәттердің бірі болатын.

Алайда туып-өскен шаңырағына келгенде әкесі дүние салып, тағы да ауыр кезеңдерді басынан өткерді. Шындығында, перзентінің басына түскен қиындыққа әке жүрегі шыдас бере алмаған еді…

Көп ұзамай қайғының орнын қуаныш басып, шаңырағын бақытқа бөлеп, сәби өмірге келді. Қазір сол қызынан немерелер сүйіп отыр. «Адам ұрпағымен мың жасайды» дегендей, қаламгердің бүгінгі өмірінің мәні – балалары. Осынау терең сезімді жыр шумақтарымен былайша суреттейді:

– Шие биыл ауытқып ережеден,

Жеміс бермес деп едім тере жеген.

О, ғажайып, самсап тұр шиелері,

Таң атқанда қарасам терезеден!

Түйнек салған екен ғой шие гүлден,

Жаз келгенде көк көйлек кие күлген.

Қарай берем, қып-қызыл жемістерге,

Осы екен ғой өмірді сүйе білген!

Алматыдағы әдеби орта қаламгер Н.Исабаевпен үнемі байланыста болып, қиын шақтарда қолдау көрсетеді. Жан дүниесі жарасқан жас жұбайлар туралы «Жас Алаш» газетінде арнайы мақала жариялап, дүйім жұртқа таныстырады. Ал аудандық газет бетінде автордың өлеңдері дүркін-дүркін шығып жататын. Осындай күндердің бірінде ел астанасы – Алматыдан ақжолтай жаңалық жеткен еді. Дәлірек айтсақ, Қазақстан Жазушылар одағының ұсынысымен, республикалық комсомол комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы С.Əбдірахмановтың қолдауымен, Алматы қаласынан екі бөлмелі пәтерге ие болды.

Адамды алға жетелейтін биік мақсат, берік сенім және соған лайықты ерік-жігер! Ақын Нұртас Исабаев екі аяғын тең басып жүре алмаса да, ел қатарынан қалмай, арман-мақсатына аса құштарлықпен қол созып, шығармашылық әлемінде өзіндік қолтаңбасын қалдыра білді. Бірнеше жыр жинақтары мен «Өмірге құштарлық» атты романын оқырман қауым жылы қабылдады.

– Бақытыма болмайын аса масаң,

Не болғаным жеңілді тасаласам?

Адам болып несіне ғұмыр кешем,

Өмірімде бір ерлік жасамасам, – деген жыр шумағынан осындай ой мазмұны мен табандылықты танығандай боласыз.

 «Өміріме мəн, мағына берген өлеңім. Шығармашылығым қиын күндерде көңілімді аулап, жағдайымды жеңілдетті, көп уайымнан құтқарды. Ауруханада төсекке таңылып жатқан кезімде де өлең жазуды тоқтатқан жоқпын. Өлең менің сырласым, іштегі шерімді шығаратын, қуаныш пен мұңымды бөлісетін айнымас досым болды. Ешкімге айтпайтын сырымды, сезімімді соған айтамын. Еліммен сол арқылы тілдесемін. Ол алдыма үлкен мақсат қойып, соған ұмтылдырды, алға жетеледі, өмірге құштарлығымды лаулатты. Жақсы өлең жазған кезде өзіңді бақытты сезінесің» деп сыр ашады ақын Нұртас Исабаев.

Ақын, Мемлекеттік сыйлық иегері Ұлықбек Есдәулет қайсар қаламгердің болмысын былайша жыр жолдарымен жеткізген екен:

Дүние жерге айналып түскен ұршықсыз,

Шіліңгір шөлде кірпіктен құлар ыршып тұз.

Сарқылмай қалған бір бұлақ болса жапанда,

Ол сенің ғана бұлағың болар кіршіксіз!

Тағдырлы талант, қажырлы қаламгер жайлы айтар сөздің тобықтай түйіні де осы болса керек!

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<