Жағалаудағы Ақеспе ауылы сонау заманнан теңіз қақпасы саналған. Аралды зерттеуге келген алғашқы теңізшілер мен саяхатшылар осы жерден кемесін суға түсіріп, табиғаты тылсым көгілдір айдынға жүзіп шыққан. Батыстан келгендер дархан даланы артқа тастап, бархан құмдарды кесіп өтіп, толқыны сағым қуған жағаға келіп шөлін басқан. Соның дәлеліндей солтүстікте Бутаков шығанағы менмұндалайды.
Бақыт апай 1932 жылы ауылдың Үшкөл елді мекенінде дүниеге келіпті. Бұл өңірдің адамдарының алтын бесігі де, дүние ашар есігі де – теңіз, кәсібі мен нәсібі де оның байлығы балық болды. Әкесі Дәуренбек те, оның арғы аталары да осы толқынды теңізде туып, өніп-өскен. Дәуренбек ақсақал қатардағы балықшыдан ел басқарған дәрежеге жеткен қабырғалы азамат еді. Ол балаларын жаңа заманның ілім-білімін алып, халқына қызмет етуге тәрбиеледі.
Қамыс шомынан соғылған қақыра теңіздің талай перзентіне білім шырағын жақты. Талдырмаш бойлы, қара торы өңді Бақыт бүлдіршін 1939 жылы бастауыш мектептің бірінші сыныбын беске бітіріп, үздік оқушы атанды. Шәкіртке су жаңа қаламсап пен бір дәптер сыйға тартылып, оны бүкіл ауыл қуана қарсы алыпты. Шағын ауылдың оқуын тауысқан соң Бақыт апамыз Арал қаласындағы Т.Шевченко атындағы орта мектепте жалғастырды. Мектепті үздік аттестатпен бітірген ол өзіне дәріс берген ұстаздары, математиктер Хадиша Құдайбергенова, Ебейсін Исаевқа еліктеді ме «математик боламын» деп іштей бекінген көрінеді. Арман жетегімен 1949 жылы Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың физика-математика факультетінің студенті атанады. Сонау қиын да күрделі кезеңде, «инемен құдық қазғандай» білім алып, институтты қызыл дипломмен бітіріп, туған жерге оралды.
1957 жылы Бөген орта мектебіне математика пәнінің мұғалімі қызметіне орналасады. Бұл білім ордасы аудандағы таңдаулы мектептердің бірі еді. Жағасын теңіз шайған, атақ-даңқы дүрілдеп тұрған ауылда 10 мыңға тарта халық, қазақ пен орыс орта мектептері болды. Ізденімпаз, білікті математик Бақыт Дәуренбекова көп жылғы жемісті еңбегі үшін «Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі», «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері» атақтарымен марапатталып, «Тыл ардагері» медалін иеленді.
Әкесі Дәуренбек ұзақ жыл Сарбасат ауылдық кеңесінің төрағасы болып абыройлы еңбек етті. Анасы Ақбөпе өңіне ибалық пен инабат ұялаған, өмірге сегіз перзент әкелген болмысы биік ана болды. Тұңғыштары Бақыт – бүкіл әулеттің шамшырағы іспеттес. Бүгінде інілері Шыңғыс пен Кішкене Айбосыновтар – партия, кеңес саласында абыройлы қызмет атқарған облысқа белгілі азаматтар. Інісі марқұм Жақау Дәуренбеков – қазақтың белгілі жазушысы. Әлимаш – үлкен әулеттің алтын діңгегі, ақылшы әже.
Отағасы Жұмағазы Қошқаров та туған еліне қалтқысыз қызмет еткен, абырой-беделге бөленген азамат 57 жасында өмірден озды. Бөген машина-мелиоративтік станциясын көп жыл басқарған ол өңірдің өркендеуіне қажырлы үлесін қосты. Алматы ауыл шаруашылығы институтын бітірген білікті маман еді. Ағамыздың Сырдың аяғында талай жерде канал қазып, дариядан көлге, көлден теңізге арна тартқан, өткел салып, шөліркеген жерлерді нәрлендірген еңбегін халық әлі ұмытқан жоқ. Жақсы адамдардың жарқын істері ел есінде сақталады екен. Бүгінде Бақыт апамыз өздері көтерген бәйтеректің мәуелі жемісін көріп отыр. Шаңырақ шаттығына бөленген балалар да жан-жақты білім алып ел мүддесіне еселі еңбек етуде.
Тоқсан жастың төріне шыққан бүкіл өмірін жас ұрпаққа арнаған, ұлағатты ұстаз, абыз ана, тыл ардагері Бақыт Дәуренбекованың ғибратты ғұмыры көпке үлгі-өнеге. Ғасыр жасай беріңіз, қадірлі ұстаз.
Ж.ӘБІШОВ.
Қызылорда қаласы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<