Қызылорда облысының құрметті қайраткері, Арал ауданының құрметті азаматы Қуанышқали Шапшаңов туралы сөз
Көрер жарық, кешер тірлік тағдыры барлық адамның маңдайына жазылған. Бірақ, бұрынғының адамдары тартқан тағдыр теперіші ешқайсымыздың басымыздан өткен жоқ. Олар зілбатпан ауырлықты арса-арса арқаға салып, бүгінгі ұрпақтың жолын ашты. Сондықтан біз оларға әрқашан қарызбыз. Қуанышқали ағаның үлкен анасын әкесі бір күнде үш баласымен бірге жерлепті. Қандай қасірет десеңізші! Қазтуған әкей сосын ағамыздың өз анасы Зибамен бас қосып, одан туған балаларына ырымдап Жұбандық, Амандық, Қуандық, Қуанышқали деген есімдер беріпті.
Қуанышқали аға Арал ауданының Құланды деген ауылында өмірге келген. Бұл бір табиғаты тамаша жер. Теңіздің жағасы, жер де, су да көкпеңбек болып жатады. Осы жерде кеңес өкіметі «Жаңажол» деген балық колхозын құрған. Мұнда төрт жүздей отбасы тұрған, олардың дені балықшылықты кәсіп қылған. Біздің әкелеріміз де балықшы еді.
Бала Қуанышқали ауылдағы жетіжылдықта оқып, Аралдағы №13 қазақ орта мектебін бітірген. «Бәріміз балықшы болмайық, сен оқы», – депті үйдің үлкендері. Сол ақылмен 1959 жылы Қызылорда пединститутының жаратылыстану факультетіне түскен. Оқып жүргенде әскер қатарына шақырады. Ресейдің Челябинск-40 деген жерінде атом бомбасын жасайтын зауыт болған. Сол зауытты қорғап тұратын полкте әскери қызметін атқарады. Осы кезде коммунистік партия қатарында болыпты. Сондықтан оны әскери басшылары мемлекеттік емтихандарын тапсырып, дипломын алу үшін арнайы босатқан. Осылайша, ағамыз әскерде жүріп, оқуын бітіреді.
Сөйтіп, әскерден келіп, Ақбасты ауылындағы «Авань» орта мектебінде мұғалім болды. Мен ол кезде сол мектептің оқушысымын.
1960 жылдары Авань балық зауыты Ақбастыға, біздің ауылға көшіп келді.
Жергілікті ел «Аваньды» Ауан дейді, осы жұрт көшіп келген соң Ақбасты орталығына фельдшерлік медпункт, кеңсе секілді жаңа құрылыстар қосылды. Сол кездерде жұрт бірінің артынан бірі көшіп, Ауанда мүлде ел қалмады.
Ауанның Ақбастыға көшуінің ең негізгі себебі – қатынас мәселесі. Балық зауытының жұмысы қызып, жоспар көбейе бастағанда айналасын су қоршаған аралдағы Ауанға қатынау қиындық тудырды. Ақырында түгел бір елді мекеннің тіршілігі тоқтап қалды. Қазіргі күні Ауанның орнында осы жерде елді мекен болған деген белгі ғана бар. «Елу жылда ел жаңа, жүз жылда қазан» деген сөздің шындығы шығып тұр, сол баяғы Қуанышқали ағамыздың ауылында да қазір алпыстың үстінде ғана үй қалды.
Ауанның халқы қосылған Ақбасты тірлігі түлей түсті. Оның үстіне мектепке Қуанышқали аға секілді талапты, жаңашыл жас мамандар келіп, ауыл өміріне серпін қосылды.
Ағай бізге химия пәнінен сабақ берді. Тұлғалы, ажарлы жас мұғалім әлі көз алдымда. Қуанышқали ағайдың ұстаздық бейнесі менің ғана емес, әр оқушының жүрегінде қалды және оның үйреткендерін өз өміріне жиі пайдаланды. Әрине, ұстаздың бәрі де қадірлі, олар – біздің өміріміздің рухани азығын берген адамдар. Бірақ, Қуанышқали ағайдың сөзі мен ісіндегі ерекшелігі оны басқалардан бөлектеп тұратын.
Біз химиялық элементтердің өзара әсерін Қуанышқали ағай арқылы қызықтап білдік. Жас маман келісімен оқушыларды өзіне үйіріп алды. Химия кабинетінен шықпауға айналдық. Химиялық заттарды бір-біріне қосып, колба аталатын шыны ыдыстарда жасалатын тәжірибесі қызық еді. Химиядан үлгерімі нашар балалардың өзі «жақсы», «өте жақсы» бағалар алып, озаттар қатарына қосылды. Олпы-солпы жүретін ауыл баласы едік, ағай бізге шоққа қыздырылған өтекпен шалбарымызға қыр салып киюді көрсетті. «Вечер» деп атайтын басқосулар болады. Ондайды оқушылар мұғалімдерден тығылып жасайтын. Ағай «вечер» жасауға қарсы болмады, сол басқосуға өзі де қатысты. Вальс билеуді де ағайдан үйрендік. Бір ер баланың кеудесіне «Су» деп немесе «Темір» деп жазып, қыздың кеудесіне «H2O» деп не «Fе» деп олардың Менделеев кестесіндегі формуласын таңбалап іліп қояды. Сонда шарт бойынша химиялық элемент өзінің таңбасын дәл тауып алып, сонымен билеуі тиіс. Байқап қарасаңыз, оқушының ойын-сауығында да сабақтың мәні жүр. Ондай балалар қалайша үздік оқымайды. Осылайша, біз мектептегі ең қиын пән химияның өзін «беске» бітірген балалар едік.
Ағай мектепте жүргенде «Кругозор» деген комсомол жастарды оқытатын ұйымға жетекшілік жасады. Оған мектептегі жастар ғана емес, ауыл жастары да келіп қатысып отыратын.
Ағай бүгінгі істі ертеңге қалдырмайтын еңбекшілдігі, қай нәрсені де уақытында орындап тастайтын табандылығы арқылы ауыл жастарына өнеге танытты. Ол кісінің атасы Шапшаң деген кісінің шын есімі Рахманберді екен. Тез, шапшаң қимылына қарап жеңгелері «Шапшаң бала» деп атап кетіпті. Сол есімі кейін құжатқа да түскен. Ағамыз «құлдай қимылдап, бидей іш» демекші, атасына ұқсап, тез, шапшаң іс қылып, әр жұмысын тиянақты атқаратын.
Бірде ауыл тіршілігін көруге облыстық комсомол комитетінің өкілі барса керек, сол кісі мектеп директоры Кежек Смағұловқа ерекше ризалық білдіріпті. «Мұндай үгіт-насихаттың жалынды жұмыстары басқа ешқайда жоқ, сол үшін алғыс білдіремін», – депті. Осы ризалықтың арты бір-ер жылдан соң ағайдың облысқа қызмет ауыстыруына ұласты. Ол әуелі Қызылорда қалалық кеңес атқару комитетінде, сосын облыстық комсомол комитетінде лекторлар тобының жетекшісі болып қызмет жасады. Онан соң облыстық партия комитетінде нұсқаушы болды.
1969 жылы Қазалы аудандық кеңесі атқару комитеті төрағасының орынбасары болып жоғарылады. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев секілді көпті көрген, елшіл азаматпен қызметтес болып, халыққа қызмет етудің үлгісін көрді.
Осы қызметті он бір жыл атқарды. Елге жақты, ауданның экономикалық-әлеуметтік жағдайын арттыруға үлес қосты. Еңбегі еленіп, аудандық кеңес атқару комитетінің төрағалығына сайланды. Сайланды дейтініміздей бар, бұл орынға басқа да талпынушылар болған. Сондықтан, арнайы комиссия арқылы сол дәуірдің үрдісінде жоқ жүз жиырма депутаттың даусымен жеңіп шықты. Қандай міндет жүктелсе де шаршамайтын Шапшаңов жоғары басшылықтың назарында еді. Осы жерден оны облыстық атқару комитеті қызметке шақырды. Бұрынғыдан да ауырлай түскен салмақты көтеріп, бұл қызметінде де абырой алды.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы елдегі саяси өзгерістерге байланысты облыстық әкімшілік құрылғанда аппарат жетекшісі болып қызмет етті. Бұл қызмет етудің ең ауыр кезеңдері болатын. Тәжірибесі мол, басқару ісін меңгерген маманды сол кезде жаңадан құрылған облыстық экология басқармасын басқаруға жіберді.
Қуанышқали ағамыздың елшілдік, ермінезділік, іскерлік, ірілік болмысымен көрінетін жылдары да осы.
Облыс аймағын экологиялық сауықтыру бағытындағы аса маңызды Үкімет қаулыларын іске асыру барысында ағамыз бейнелеп айтқанда экологиямен соғыс отындағы солдатша күресті. Жануарлар дүниесін қорғау және молайту, табиғат қорын тиімді пайдалану секілді міндеттердің әрқайсысы бір-бір майдан еді.
Осы жылдары келешектен үлкен үміт күттіретін «Жасыл өлке», «Ауызсу», «Экология», «Денсаулық» сияқты бағдарламалар бағытындағы атқарылған жұмыстардың жөні бөлек. Басқарма басшысының көл жүйелерін сақтау, өсімдік түрлерін көбейтуге қолайлы аймақтарды дамыту бағытындағы ұсыныстары құнды болатын. Басқасын айтпағанда әрбір салынатын жаңа нысан да экология басқармасының қол қоюымен жүзеге асатын.
Нағыз күрес 2004 жылы облыс басшылығының экологиялық жеңілдіктерді алып тастау туралы әрекетімен байланысты өрбіді. Қызметте жүрген азаматтардың көбі басшы сөзін қолдады не үндемей қалды.
Облыс басшысы бұл ұстанымын экологиялық аймақтың тауарлары экспортқа өтпейді, жеңілдіктерге бөлінетін қыруар қаржы сылтауымен пайдалы жобалар қаржыландырылмайды деп түсіндірді. Алайда, бұл әрекет жүз мыңдаған Сыр бойы тұрғынына жасалған қиянат болатын. Дәл осы кезде қара басын халықтың мүддесіне тіккен экология саласының басшысы Қуанышқали Шапшаңов телеарнаға сұхбат беріп, бұл бастаманың өрескел қате екенін күллі жұртқа жайып салды.
Әрине, облыс басшысы өзіне қарсы келген қызметкерді қызметінен босатты. Бірақ, қызметтестері мен көзі ашық жұрт әділдікті айтқаны үшін жаза алған Шапшаңовты қолдап, арызданып мәселе көтерді. Елім деген ерің болсын дегендей, ақыры шындық жеңіп, Шапшаңов қызметіне оралып, жеңілдікке қарсы болған басшы жөнін тапты.
Кейде біз жанымызда жүрген тау тұлғаларды тани бермейміз. Олардың қарапайым болмысы асқақ бейнесін жасырып тұрады. Мен білетін Қуанышқали Шапшаңов – қанша қызмет етіп, соның бәрінде де абырой мен алғыс алған кісі. Күні үшін төменшіктемей, ділі үшін биіктеген жан. Бұл кісіден ауылдың иісі аңқып тұрады. Ағамен жолыққанда Аралдың, Ақбастының бейнесі көз алдыма келеді.
Туған жер қадірін арттырып, топырағына жан нәрін берген, туған елінің суығына тоңған, ыстығына күйген бір азаматты Қуанышқали ағамыз деп білемін.
Бүгінде сексен жастың сеңгіріне шығып отырған ағамызға көпке жасаған қызметіңіз, еткен еңбегіңіздің шапағаты мен берекесі ортаймасын, ұзақ жасаңыз деп тілек айтамын.
Имамаддин ОҢҒАРБАЕВ,
Қызылорда қаласының құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<