Телеарнаның еңбекторысы

39

0

Бұл эссе осыдан бес жыл бұрын жазылып еді. Бірақ мен әр сөзді, әр сөйлемді түзеп, күзеп, қайта-қайта жөндеп, жақсартып, газет оқырмандарына неғұрам ұғынықты, көңілдеріне жақын, жүректеріне жылы тиетіндей әсерлі де әдемі шығарма жазбақшы болып мың ойланып, мың толғанып жүргенімде, қаламы жүрдек бір жорналшының осы орайдағы мақаласы жарияланып кетіп, кешігіп қалып едім. Енді архивімде сарғайып, кезегін күтіп жатқан сол жазбаны толықтырып, кейіпкердің содан бергі атқарған жұмыстары мен қол жеткізген табыстарын қамтып көпшілік назарына ұсынуды жөн көрдім.

«Дала… Шежіреге толы мекен. Үн-түнсіз сырын ішке бүгіп, бүк түскен қариядай тымырайған бел-белестер, оқшау тұрған төбе, жағасын құрақ көмкерген айнадай көл… Сарысу бойы, көсіліп жатқан кең дала. Жосылып жатқан жолдар… Қызыл-жасыл гүлдерге көмкерілген белестер… Қапталдай өрген қойлар, үйір-үйір жылқылар, маң-маң басқан түйелер… Күліп атқан таң, сылдырап аққан су… Үп етіп соққан самал жел…»

Қалай, көз алдыңызға қойнауы құт жазира дала, тұмса табиғат, сулы, нулы, өлеңді өлке елестеді ме? Сөзбен салынған сұлу сурет, ә?!

Айтары жоқ, осындай әдемі жерде, ұшы-қиырына көз жетпейтін дарқан дала төсінде, мөлдір сулы өзен жағасында, әйгілі Сарысу жайлауында өскен өреннің талабы таудай талант болмауы, жүрегінен жыр төгілген ақын болмауы, қара сөзден кесте тоқитын жазушы, журналист болмауы мүмкін емес. Оның үстіне… оның үстіне бүкіл саналы ғұмырын сайын далада еңбекпен, мал бағумен өткізген, сол даланың әрбір төбесін, топырағын, тау-тасын, өзен-көлін жақсы білетін, жақсы көретін, дала табиғаты мен тарихының тамыршысындай, дала құпиясының куәгеріндей көреген, кеудесі сыр-сандық, шежіреші, қисса-дастандарды жырлаушы, көне кітаптарды жинаушы әңгімешіл әке болса…

«Бірде көкем екеуміз Нұраға бардық. Мидай жазық дала! Сол даланы тіліп түскен жолдың үстінде кішкене қара ноқат кетіп барады. Осы бір теп-тегіс жерден бірінші көргеніміз де сол. Онан кейін тұтаса өскен баялыш. Жолдан шықсаң бағыт-бағдарыңды ажырату қиын. Тіпті ұшқан құс та сирек. Бұл – Бетпақдала еді…

Үйілген тастар. Шегенделген құдық. Оқшау тұрған биік-биік жартастар. Ескіден қалған оба белгілері. Бір кездері осы жерде қазақ хандары мен бектері, батырлары мен дана ақсақалдары бас қосып, елдің әр руына енші-таңба белгілеген дегенге бір жағынан сенгің де келмейді… Сол заманның куәгерлері – қалқиып тұрған мына жартастар, оған ойып түсірілген айшықты таңбалар… Жартастағы әр белгіні көкем түсіндіріп айтып берді».

Оның көкесі, яғни әкесі зейінді, құймақұлақ қызын осылайша өсірді, осылайша тәрбиеледі.

«Апама сауынға көмектесу үшін ерте оянатынмын. Қанша ерте тұрдым десем де апам желі басында жүретін. Мен де келе сала әр ботамен «амандасып» сауынға кірісетінмін. Сауын біткен соң інгендерді алдыма салып алып, жаңа көтеріліп келе жатқан күн астына бет аламын. Маң-маң басқан інгендер боталарын тастап кеткісі келмей аяқтарын еріне басып, өріске беттейді. Мен кейіндеп қала беремін. Манағы асып түскен төбе басына келіп, ауыл жаққа көз тігемін. Қиялым қиянға қанат қағып, кең далаға жалғыз өзім қожадай, еркін сезінемін».

Міне, осындай тірлік, осындай табиғат, шежіре кеуде әке шыннан да оны ақын етіп, журналист қылып шығарды.

Жазбамыздың басынан бері кейіпкеріміздің атын атамасақ та, түсін түстегендей, сәл де болса жан дүниесін сездіргендей, қаламгер болып қалыптасуының бастау бұлағын баяндағандаймыз. Толғана бермей, енді кейіпкеріміздің есім-сойына тоқталайық: Ол – Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облысындағы өкілі, белгілі журналист, талантты ақын, Қазақстан Телерадио академиясының «Алтын жұлдыз», халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, облыс әкімінің мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығының иегері, Шиелі және Сырдария аудандарының Құрметті азаматы Қаршыға Құрмашқызы Есімсейітова.

Қаршығаның есімі тек Сырдың жұртшылығына емес, байтақ еліміздің оқырман, тыңдарман, көрермен қауымына жақсы таныс. Қалай таныс десеңіз, ол журналистика саласында 45 жыл еңбек етті. Бұл дегеніңіз талай-талай ағып өткен айлар мен жылыстаған жылдар керуені – жарты ғасырға жуық уақыт. Осы кезеңде оның жүрегін жарып шыққан ойлы жырлары мен мазмұнды мақалаларын аудандық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінен кімдер оқымады, радиодан, телеарнадан ол дайындаған хабарларды кімдер көріп, кімдер тыңдамады дейсіз!

Әдетте адамдар өз мамандығы бойынша жұмысын жоғары немесе орта арнаулы оқу орнын бітіргеннен кейін бастайтын болса, біздің Қаршыға ол қызметті мектеп партасынан шығысымен бастап кеткен. Яғни жорналшылық кәсіптің әліппесін ол журналистика факультетіне түспей тұрып-ақ «оқып», үйренген. Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінен басталған сол тілшілік жол университеттен соң республикалық «Қазақстан пионері», «Қазақстан мектебі» басылымдары мен «Қазақ радиосында» жалғасын тапты. Осы радиода Құрмашқызы жемісті де жеңісті еңбек етті. Ең әуелі «Балалар мен жастар» Бас редакциясында болып, желкілдеп өскен құрақтай жеткіншектерімізге арналған хабарлар әзірлеп, жүргізді. Есін білетін ересектерге, айтқаныңды ұғатын үлкендерге, саясатты түсінетін сұңғылаларға емес, бал тілді балаларға, пәк жүрек, періште көңіл кішкентайларға, алтын ұя мектептегі шәкірттерге арналған дүниелерді дайындау қиынның-қиыны. Бір қарағанда бұл тірлік оп-оңай болып көрінуі мүмкін. Ал бірақ баланың ұғым-түсінігіне, дүниетанымына сай сөйлеп, жазу жәй жорналшының, қалам ұстаған екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бейнеті шаш етектен бұл шаруаны біздің кейіпкеріміз еңсерді. Табандылығының, ізденімпаздығының, еңбеккештігінің, мық шегедей мықтылығының арқасында. Еңсергені сол – оңтайына келген бұл жұмысты бар ынта-ықыласымен қызыға жүріп, сүйсіне жүріп атқарды. Нәтижесінде, уақыт өте келе, радиотыңдармандардың тағатсыздана, асыға күтетін сүйікті маманына айналды. Есімі елге әйгіленді. Бұл тынымсыз төгілген тердің мәуелі жемісі еді. Ал жеңісті дейтініміз – 1997 жылы еліміз телевизиясы мен радиобағдарламалары бойынша жарияланған байқауда Қаршығаның «Шалқардың қонақжай шаңырағы» атты хабары үздік шығып, Қазақстан Телерадио академиясының «Алтын жұлдызын» жеңіп алды.

Жаңа мыңжылдыққа қадам басар тұста туған жерін жан-тәнімен сүйіп, қасиетті Сырының топырағына Тәңіріндей табынатын тілші қыз жүрегін сыздатқан сағыныш әміріне бағынып, елге оралды. Алтын бесік ауылымен, ата-ана, туыс-бауырларымен, аңқылдаған ақ пейілді ауылдастарымен қуана қауышып, дарқан даласымен дидарласып, аз-кем уақыт аунап-қунаған соң көп ойланбастан, жұмысқа кірісті. Облыстық «Қазақстан-Қызылорда» телеарнасына редактор болып орналасты. Бастапқы кезде өнер, әдебиет, мәдениет және жастар өмірі турасында хабарлар дайындап жүрді. Сонан соң… сонан соң бірыңғай тарихи дүниелерге көшті. Елдің, жердің тарихы, елім деп еңіреп өткен бабалар, дүрбелең-дүбірге толы дәуірлердің дулығалы ерлері, жер бетінен жойыла бастаған көне жәдігерлер, мәдени-сәулеттік маңызы зор ескерткіштер, азаттықтың ақ таңы үшін алысқан Алаш қайраткерлері Қаршығаның негізгі тақырыбына айналды.

«Алматыдан туған жерге оралдым. Кеуде сарайым ашылып жүре берді… Ата-бабадан қалған асыл қасиет – сөзі мен жолын бағдаршамдай ұстандым. Ел тарихы, адамдар тағдыры, туған жердің ашылмаған сырлары мені елітіп, өзіне тарта түсті. Өзім де мәнді түсіне алмай жүріп, өзгеге нақты түсіндіре алу үшін барымды салдым, іздендім, зерттедім. Жан дүнием қайта жаңарып, түледі. Мен тарих тұңғиығына ендім де кеттім.»

Осы орайда ең бірінші «Таңбалы тас» деректі фильмін түсірді. Ол үшін… ол үшін баяғы бала күнінде, жас кезінде көкесі ертіп апарып көрсеткен құладүзге, Бетпақдалаға барды. XV ғасырда Жәнібек пен Әбілхайыр хандардың тұсында үш жүздің игі жақсылары бас қосып, Ұлытаудың биік жартасына ру таңбаларын салған тарихи мекен қаңырап бос қалыпты. Бір кездегі алып жартастар жел қағып, күн жеп, жаңбыр шайып мүжілген, үгітіліп, ақжемделген. Адамның қолымен бүлініп, қирағандары қаншама. Баяғы көкесі екеуі шығып, төңірекке көз жіберген биік төбенің басындағы мұнара құлап қалыпты. Шегенделген ескі құдық қалың қамыстан көрінбейді. Өткеннің куәсі, көненің көзі таңбалы тастар шашылып жатыр. Қараусыздықтан, иесіздіктен, күтімсіздіктен азып-тозған. Құлазыған қу медиенге қарап тұрып оның көңіл-күйі бұзылды, жаны жабырқады. «Таңбалы тастар жер кіндігіне түскен бедердей қазақ даласында біреу-ақ. Осы қадірлі де қасиетті мекеніміз жылдар легімен жер бетінен жоғалып кетпесе екен. Бұлай болмас үшін тарихи-мәдени мұра жанашырлары, жауапты мамандар тиісті шараларды қолға алып, келер ұрпаққа бұзбай, бүлдірмей аман-есен жеткізсе екен» деп ойлады сол сәт.

Осындай игі мақсат, ізгі мұратпен төрт облыс шекарасының түйіскен жеріндегі теңдесі жоқ тарихи орын туралы фильм дайындады. Онда тасқа қашалған таңбалар сырымен қатар, иесіздікке ұшыраған мекеннің кезек күттірмес проблемалары айтылды. Көзіқарақты көрерменді бей-жай қалдырмаған осы кинодан кейін, «Таңбалы тас» жәдігерлігі облыстық тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау мемлекеттік мекемесінің тізіміне еніп, қарауына алынды.

Жұмыс қызып берді. Қойнауына тылсым сыр бүккен ежелгі мекендер жайлы жасалған «Қорқыт», «Жанкент», «Шірік-Рабат», «Өзгент», «Кердері», «Әлқисса» туындылары бірінен соң бірі көрермен назарына ұсынылып, лайықты, жоғары бағасын алды. Авторы көпшіліктің ыстық ықыласына, ризашылық сезіміне бөленді.

Ізденуден, іссапарға шығудан шаршамайтын, қайта әр сапар, әр хабар сайын шабыттана, ынталана түсетін жорналшы бір күні арнайы экспедиция құрып алып, Өзбекстанға жол тартты. Мақсат – қазақтың әйгілі батыры, аса көрнекті қолбасшы Жалаңтөс Баһадүрдің 430 жылдығына орай фильм түсіру. Айта кетерлігі – Қаршығаның бұл сапары тек бір өзі үшін, телеарна үшін ғана емес, халқымыз үшін де маңызы зор іссапар болды.

Иә, осы жолы ол Жалаңтөс Баһадүр отыз жыл әмірлік еткен Самарқан қаласында ғана болған жоқ, ұлы қолбасшының мәңгілік мекені «Дағбит» қыстағына да барды. Батырдың мүрдесі жатқан жерді, көлеңкесінде демалып, шай ішіп отыратын 600 жылдық шынар ағашын, ең қызығы – Баһадүр ұстаған мөрді ұстап көріп, бәрін-бәрін таспаға басып алды. Тарихшы-зерттеушілермен, жергілікті тұрғындармен тілдесіп, тың деректерге қанықты. Бұл-бұл ма, Жалаңтөс жайлы мәліметтерді жинап болған соң Қарекең Әйтеке би жайын зерттеу үшін 250 шақырым жердегі Новаи облысына тартып кетті. Мұнда да ғалымдармен, тарихшылармен сұхбаттасты және солардың сілтеуімен әрі қарай жүріп, Әлім руынан тараған ұрпақтар тұратын «Кинемех» ауданына барды. Бұл жерде Әлібек Сәрсенбаев деген көнекөз қарияға жолығып, біраз мағлұмат алды. Сонан соң Нұрата ауданына ат басын бұрды. Қарияның түсіндіріп айтуы бойынша кіші жүздің биі Әйтекенің бейітінің орнын тапты! Бұл үлкен жаңалық, айтулы оқиға еді. Бұған дейін Әйтеке Бәйбекұлының мәңгілік тыныстаған жері белгісіз болып келген-ді. Міне оны Қызылорда облыстық телеарнасының тілшісі Қаршыға Есімсейітова тапты! Және оны ең алғаш бейнетаспаға түсіріп, жалпақ жұртқа жария етті. Оның бұл тарихи жаңалығы Жалаңтөс Баһадүрдің әкесі Сейітқұл әулие мен Әйтеке би басына үлкен кесене тұрғызылып, мешіт пен мұражай салынуына себеп болды. Кейін түсіру тобы кесененің ашылу салтанатына қатысып қайтты. Құрмашқызы қайраткер ретінде құрметті қонақ болып шақырылды.

Көздеген мақсатына жетпейінше тыным көрмейтін Қаршыға өзбек еліне бір-екі рет қана емес, тоғыз рет сапар шекті. Сол ізденістердің нәтижесінде Жалаңтөс Баһадүр жайлы 5 бөлімді хабар, Әйтеке би туралы екі деректі фильм әзірленді.

Бұл айтып отырғанымыз Қаршыға жасаған жұмыстардың бір парасы ғана. Оның Алаш арыстары мен өнер, мәдениет қайраткерлері туралы хабарлары өз алдына бөлек дүние. Бір ғана, «Сыр өнерінің тұлғалары» атты фильмі 10 серияны құрайды. Мұнымен қоса күнделікті өтіп жататын әдеби, мәдени іс-шаралардан дайындалатын хабарлары мен студиядан жүргізетін бағдарламалары қаншама. Кейде қажеттілік туып кейбір жандар туралы жазуға отырсаң ойға оралып, қалам ұшына ілігетін қасиетін таппай, суда тал қармағандай, жоқтан бар жасап қиналасың. Ал Қаршыға хақында… тауыса алар емеспін. Әлі ана жұмысы, мына қыры айтылмады деп алаң күй кешудемін. Бәрін қалдырмай жеткізгің келеді, бірақ оны шектеулі шығарманың көлемі көтермейді.

Халық арасында әзіл де болса «Журналист пен қасқырды аяғы асырайды» деген сөз бар. Осы әңгіме дәл біздің кейіпкерімізге қарата айтылған секілді. Қай кезде көрсең де ол қасына асай-мүсейін арқалаған операторын ертіп алып, жолға шығып бара жатады. Айдынды Арал мен қарт Қаратаудың аралығында ол баспаған ұлтарақтай да жер жоқ шығар. Небір елсіз, сусыз өңірлер мен құм шағылдар, кедір-бұдырлы, таулы-тасты жолдар мен шабыр-шеңгелдердің арасы, әлдеқашан көненің көзіне айналған қалалар мен мазарлардың орындары… Осының бәрі-бәрімен ол жүріп өтті, аралады, көрді, түсірді, жазды… Ойлап қараңызшы, кейде аяқ суытпауға, көз шырымын алмауға, нәр тартпауға тура келетін мұндай қиындыққа, мұндай бейнетке кім шыдайды? Ердің – ері, нардың – нары, төзімдінің – төзімдісі ғана шыдайтын шығар. «Жолаушы үйден қырық қадам шыққаннан кейін мүсәпір». Сондай-ақ «Жол азабы – көр азабы» деген де сөз бар. Көрден кім қайтып келіп айтты дейсің. Бірақ азабы – азап екені рас. Әсіресе жасамыс жандар үшін.

Қайбір жылы Қаршыға жаз бойы тыным таппастан шалғай ауылдарды, аңызақ даланы кезіп хабар жасап жүрді. Жұмысқа бір соққанда байқадым, жүзі өрт сөндіргендей күреңітіп, күнге күйген қолдарының терісі қабыршақтанып, ерні шөлдің тақырындай шыт-шыт болып жарылып кетіпті. Мен: «бет-аузыңды көлегейлеп, ұзын жең, ақ көйлек киіп алсайшы» дедім жаным ашып. Келесі күні іссапарға шығарда ол сөйтті. Сонда далада қарғаның миын кептіретін 50 градустан жоғары ыстық болып тұрған. Оның жолға төзімді, шөлге шыдамды болуы сонау бала кезінде өзі өріске айдап апаратын інгендердің сүтін, қымыранды қанып ішкеннен шығар деп ойлаймын кейде. Ал сайып келгенде, тілші қыздың бойындағы сабырлылық пен төзімділік әке қанымен қоса тәрбиесімен де берілгені белгілі.

Тележурналистің кісі таңғаларлық тағы бір қасиеті – бүгінгі атқарылуға тиісті шаруаны ешқашан ертеңге қалдырмайтындығы. Небір ұзақ, ауыр жолдан оралса да, материалдарын тез-тез жазып, түнімен отырып монтаждап, таңертең түк көрмегендей, ұйқысыздықтан үбәй-жүбәй болмай, тымпыңдап кезекті жұмысына кірісіп жатады. Сондай бір сәтте оған қайран қалып қарап тұрғанымда, санама «еңбекторы» деген сөз сарт ете қалды. Расында еңбекторы… телеарнаның еңбекторысы! Әдетте әр адамның тыныс-тіршілігіне, іс-қимылына, мінез-құлқына, болмыс-бітіміне байланысты әртүрлі ат қойылып, айдар тағылып жатады. Мына теңеуді менің құлағыма ешкім сыбырлап айтқан жоқ, ешкіммен ойласқан емеспін. Соған қарағанда көктен келді, Алла өзі аузыма салды. Сондай лайықты, дәл табылған сияқты.

Қаршығаның соңғы жылдары қос бірдей кітабы жарыққа шықты. Бірі «Менің әлемім» деген өлеңдер жинағы, екіншісі аңыз әңгімелер мен хикаяттар, новеллалар, сапарнамалар, деректі туындылар топтастырылған «Боз даланың үні» деп аталатын жинақ. Бұған дейін «Аңсаған атамекенім», «Ұмытпа мені», «Таусылмайтын жол» атты кітаптардың авторы болған ақын енді проза жанрына да қалам тартыпты. «Боз даланың үніне» құлақ түрейін деген оймен бетіне бас көтерместен үңілдім. Әуелгі бөлімдерінде көк құрағы құлпырған Сарысу жайлауына саяхат жасап, сұлу табиғатына тамсанып, малшылар ауылын аралап, көкірек сарайыңды ашатын саф ауасымен демалғандай рахат күй кештім. Ал соңғы жағына қарай тарих тереңінен талып жеткен шежіре сарынын естідім.

Ұмытып барады екенмін, жоғарыда келтірілген үзінділер осы кітаптан алынды. Қолыңызға тиіп жатса сіз де оқып шығыңыз, қадірлі оқырман. Өкінбейсіз. Қазына-қоржыныңыз… жо-жоқ, дүние-мүлік салатын емес, рухани қазына-қоржыныңыз қомақтана түседі. Боз даланың үнін тыңдайсыз…

Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Атқа қонған ару» атты үлкен бір кітап шықты. Тек өз республикамыз ғана емес, алыс-жақын шет елдердің әр саладағы мықты, мақтаулы қыз-келіншектері туралы жазылған осы жинаққа Сыр өңірінен Қаршыға Құрмашқызы енді. Алтынмен апталып, таза былғарымен қапталып үш тілде жарық көрген бұл кітап шартарапқа тарады. Яғни біз әңгімелеп отырған Есімсейітовамыздың есімі жаһан жұртына танылды. Ал жуырда Қаршыға қаламгердің «Шешім» деп аталатын жаңа жинағы оқырманға жол тартты.

«Орда бұзар отыз» атты төбеге екінші рет көтерілген Қаршығаның байыпты белес-талтүсін тамашалағанына биыл бесінші жыл.

Шығар тауың биіктеп, күнгей бетінің нұр-сәулесі жан-жүрегіңе жылы шуағын төге берсін, телеарнаның еңбекторысы атанған әріптес!

Несібелі Рахмет,

Қазақстанның Құрметті журналисі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<