Теміржолда тер төккен

293

0

Фото: автордан

Домбыраның қос ішегіндей бір-бірімен қиылыспайтын қос рельс ұлан-байтақ қазақ жеріне «Орынбор-Ташкент», «Түркістан-Сібір (Түрксіб)» атауымен кең даланы көктей өтіп, жергілікті халықтың өміріне өркениетті ала келгеніне ғасырдан әлдеқашан асып кетіпті. Жылдар өте келе теміржолшы да атадан балаға жалғасқан сан салалы кәсіп ретінде қазақ өміріне етене еніп кетті. Тіршіліктің тамырына қан жүгіртіп, халық шаруашылығындағы жүк және жолаушы тасымалының негізгі бөлігін атқарып келе жатқан теміржол саласының бүгінгі құрылымы да, қарқыны да мүлде бөлек. Саланың тәулік бойғы толассыз тірлігінде тынымсыз қызмет атқарып жүрген сан түрлі кәсіп иелерінің де бүгінгі аяқалысы өзгеше.

Теміржолшылардың төл мерекесі қарсаңында осы салада 37 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп келе жатқан «Қазақстан теміржолы – Жолаушы локомотивтері» ЖШС-ның Сексеуіл аймағы бойынша бастығы Бауыржан Аяғанов «Құрметті теміржолшы» атағына ие болды. Бұл құрметті атақтың жайдан-жай берілмейтіні белгілі. Айдынды Аралдың Сазды ауылында туып-өскен Бауыржан Әлімұлы теміржолшылар әулетінің көшін бастап, династия қалыптастырып, әулетке соны соқпақ салып берді десе де болады.

Бауыржан Аяғанов 1985 жылы теміржол қатынасы техникумын тепловоз шаруашылығы техник-механигі мамандығы бойынша бітіріп шыққаннан кейін, жолдамамен Сексеуіл локомотив депосына жіберілді. Осылайша теміржол саласындағы еңбек жолын депода ТҚК-3 цехының бригадирі болудан бастайды. Жігерлі жас өзі таңдаған саланың жұмысына енді төселіп келе жатқанда, әскери борышын өтеуге шақырылады. 1985-1987 жылдар аралығында Беларусь жеріндегі әскери әуе күштері қатарындағы екі жылы бекер кеткен жоқ, өмірдің ыстық-суығына төзімділікті, болашағына байыппен қарауды бойына сіңірді.

Елге оралған соң Сексеуіл локомотив депосындағы ТҚК-1 цехында жөндеуші болып еңбек жолын жалғастырды. Одан кейінгі жұп дөңгелек өлшеуші ақаутапқышы, ТҚК-2 цехының ауысым шебері, дайындау цехының аға шебері болып сатылап өскен қызметі саланың күрмеуі қиын тұстарын меңгеруге, тәжірибе жинақтауға септігін молынан тигізді. Теміржол саласы құрылымдарын қайта құру кезінде Қазалы локомотив сервис орталығының басшысы, Сексеуіл бөлімі бойынша инженер-электрик, жетекші инженер-технолог болып еңбек етті. Сексеуіл локомотив  пайдалану депосында жетекші инженер-технолог қызметін атқарды.

Бауыржан Аяғанов сала қызметкерлерінің өндірістегі еңбегін жеңілдету, еңбек өнімділігін арттыру мақсатында жұмыс барысында қолданылатын құрал-жабдықтарға елеулі рационализаторлық жаңашылдықтар енгізумен көзге түсті. Осы тұрғыдағы және өзге жетістіктері үшін басшылық тарапынан Құрмет грамоталарымен, арнайы сыйлықтармен, «Түрксіб-90» мерекелік төсбелгісімен, «ҚТЖ» ҰК АҚ-ның құрылғанына 25 жыл медалімен марапатталды. 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін «ҚТЖ Жолаушылар локомотивтері» ЖШС Сексеуіл аймағы бойынша бастығы.

– 2019 жылдың қорытындысымен Арал ауданы бойынша «Жылдың үздік теміржолшысы» атанғанымды ерекше мақтанышпен айта аламын, – дейді Бауыржан Әлімұлы. – «Табалдырықтан биік тау болмайды» дейтін ұлттың перзентіміз ғой. Туған жердің көрсеткен құрметі қай кезде де айрықша болады екен. Кәсіби мерекеміз қарсаңында «Құрметті теміржолшы» атануым еңбегімнің еленуі, жылдарымның жемісі деп түсінемін. Жетістікке жалғыз жеттім деп ойламаймын, бұл ұжымның жетістігі, ауызбірліктің алған асуы, бірлесе өткен белесіміз деп есептеймін.

«Әке көрген оқ жонардың» ізімен Бауыржан Әлімұлының еңбек пен өмірдегі болмысы ұлы Еркебұлан Аяғановтың да болашақ мамандығын таңдауына ықпал еткені анық. 2007 жылы Сексеуіл локомотив депосында тепловоз жөндеуші болып еңбек жолын бастаған ол ауысым шебері, инженер, аға шебер, қозғалыс қауіпсіздігі қызметінің бас маманы қызметтері сатысынан өтті. Жас та болса иеленген Алғыс хаттары, Құрмет грамоталары, мақтау қағаздарына қоса, жақында ғана өз саласындағы қызметкерлер арасында ұйымдастырылған «100 жас есім» байқауында үздік жүздіктің қатарынан табылған ол бүгінгі күні Сексеуіл локомотив пайдалану депосы бастығының өндіріс жөніндегі орынбасары. Бұған қоса, қызмет тетігін қоғам өмірімен ұштастыруды мақсат еткен Еркебұлан Аяғанов Арал аудандық мәслихатының депутаты ретінде тұрғындардың өзекті мәселелерінің шешім табуына да белсене араласып келеді.

Теміржолда тер төгіп келе жатқан әулеттің жемісті еңбегі жалғасын тауып, саланың өсіп-өркендеуіне молынан үлес қоса бермек.

Әлімжан ҚИЯС.

Әйтеке би кенті