Теңізді өлкенің түлегі

405

0

Жақында ғана адам жанына жылу берер кездесу өтті. Басты қонағымыз – әдебиетсүйер қауымға жақсы таныс. Шығармаларының дені тартылған Арал мен ондағы тіршіліктің өткені және бүгінгісі. Өзім де журналистік сапта жүрген соң бұл тақырыпқа соқпай кетпейтінмін. Кейіпкеріміз белгілі қаламгер Қуаныш Жиенбай екенін білгенде… Басшылық тараптан айтылған ұсынысқа бірден келістік. Батыс беткейде қанаттаса жатқан қос аудан – Арал мен Қазалыда өтетін жазушының шығармашылық кешіне Қуаныш ағамның өзімен бірге аттандық.

Аралды сүю керек қайтқанда да

Марқұм Мешітбай көкем жазды осы өлеңді ұмытпасам. Құттықовтың жыр қоржынында Арал жайы аз айтылмаған еді ғой. Иә, теңізді өлкеде туған талай талант бұл маңды шама-шарқынша жырлап кетті.

– Сәлем айт Арал жайын айтқанға да,

Жүзгенге, толқынында шайқалғанға.

Барында базарының қонса бақыт,

Аралды сүю керек қайтқанда да.

Сұлудың ақ жүзінен әр тайғанда,

Ақынның албырт жыры ортайғанда.

Аралдан ақ тілегің айнымасын,

Ананы сүйгендей-ақ қартайғанда…

Есте қалған шумақ еді. Жағалаудан ұзаған толқынның дыбысын аңсағандар көп расымен де.

Максим Горькийдің есімі оқырманға жақсы таныс. Қараңызшы. «Менің жазғаным орыс ұлтының қайғысы». Осылай деген ұлы жазушының шығармалары да халық үнімен астасып кеткен.

Жоғарыда айтып кеттім, Аралдан шыққан ақын да, жазушы да жағалаудан қашқан теңізді көп іздеді. Іздеп те келеді. Аңсайды. Күтеді. Оралар деген сеніммен жүр. Әлдебір үміттің жетегі бұл.

Олар әлемдік апаттың себебін іздеп сенделген жұрттың жайына жүрекпен үңілді. Солардың бірегейі Қуаныш Жиенбай ағамыз. Қаламгердің «Жалғыз желкен», «Теңіздегі бір тамшы», «Құлан жанарындағы ғұмыр», «Жер сілкінісінен бір күн бұрын», «Даңқ түрмесінің тұтқыны», «Қателесесің қымбаттым», «Елде жоқ ережелер», «Жиделі тоғайдағы жеті күн», «Ән салуға әлі ерте», «Күн түспейтін терезе», «Жер үстінде де жұмақ бар» кітаптары және таңдамалы шығармалар жинағы қалың оқырманның көңілінен әлдеқашан шыққан.

Байқоңыр мен Арал жайын көсіле жазған кім десеңіз, саналы буын Қуаныш Жиенбайды сілтейді. Әсіресе, қазіргі Арал ауданына қарасты Бөген ауылынан әрірек, 7 шақырымда жатқан көне Бөгенде бір жылда туып, мектеп қабырғасын бірге аттаған кластасы һәм досы Толыбай Абылаев та осылай дері анық. Рас-ау. Бірақ, аяулы аналарының, қос ескекті қара қайықты ескен қайратты әкелерінің үмітімен бірге туған халықтың жыртысын жыртып, жоғын жоқтау маңдайына жазылғанын бұл екі ағамыз білмесе керек-ті. Тек бізге белгілісі, бірі өлеңмен өріп, бірі қаймақты сөзін қалқытып, ажары әлдеқашан тайған Аралды әлі іздеп келеді…

Бала күнінен толқын көрген, толысқан теңіздің шапши соққан соңғы мінезінің куәгеріндей қос ағам. Қуаныш пен Толыбай. Жиенбаев пен Абылаевтың Арал жайлы әлі де айта берері хақ. Ал біздің бүгінгі теңіз деп таңдайымызды тақылдата таңғалып жүргеніміз көлге ұқсай ма, қалай? Сырдың суы жыл сайын сыздықтап ақса, көлге ұқсатқаның көлшікке айналмасына кім кепіл?! Бұрынғы шірене ағар дарияң жоғы рас қой. Құдай бетін аулақ қылғай! Осы тілекті барлығы іштей қайталап жүр.

Теңіз төсінде туған екі дос биыл 70-ке келді. Бір мектептің бір класынан шыққан ақын мен жазушының қасына Қызылордадан бастап атқосшылыққа жарап келемін. Туған жерге табан тіреп, алдымен Әбдіжәміл Нұрпейісовтің музей үйі мен «Балықшылар» музейіне соққан қаламгерлер теңіз бен атакәсіп – балықшылықтан қалған түрлі жәдігерлермен танысты. Әкелерімен бірге ау құрып, теңізден балық сүзген екі қаламгер бала күнгі қызықтарын айтып, өлкедегі бұрынғы тіршілікті сағынышпен еске алды.

Одан кейін аудандық орталық кітапханада оқырмандармен кездесіп, өмірінің бедерлі тұстары мен еңбек жолы жөнінде ой бөлісті. Кітапхана басшысы Жанар Әлішова мен ондағы қызметкерлер қасиетті нан мен Аралдың нағыз сусыны – шұбатын ұсынып, қонақжай халықтың ілтипатын көрсетті. Кітапхана көрмесімен таныстырып, Қуаныш ағамыздың барлық кітаптарына қысқаша шолу жасады.

– Апыр-ай, мынаның барлығы менің кітаптарым ба? – деп риза кейіппен сөйлейді жазушы. Солай дейді де әр шығармасына елжірей қарайды. Қаламгердің бұл кейпі еншісін әлдеқашан беріп, арада көп жылдан соң баласымен сағынысып қауышқан әкедей көрінгенін қалай айтпасқа?! Айтпақшы, кітапханадағы оқырмандармен жүздесу өз деңгейінде өтті. Жазушы шығармаларына қатысты сан түрлі сұраққа жауап беріліп, теңіз бен туған өлке жайында ән шырқалып, өлең де оқылды.

Осылайша белгілі жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Жалын» баспасы жариялаған бірнеше жабық бәйгенің жүлдегері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері, Арал ауданының Құрметті азаматы Қуаныш Жиенбайдың шығармашылық кеші өз кіндігі кесілген теңізді өлкеден басталды. Осындағы мәдениет үйіндегі кеште аудан әкімі Серік Сермағамбетовтың өзі бас болып, жазушы мен жары Әтіркүл Бидайбекқызына, досы, белгілі қаламгер Сүлеймен Мәметке құрмет көрсетті.

Мерейтойға арналған кеш ең алдымен жазушының «Ұры» атты туындысынан үзінді ретінде алынған «Тулақ» қойылымымен басталған еді. Жергілікті мәдениет саласының қызметкері Серік Жаңабаев жазған драмалық көріністе жыраққа сатылып кеткен баланың елге деген сағынышы әсерлі суреттелген.

Жиында аудан әкімі Серік Сермағамбетов қасиетті Арал топырағынан өсіп-өнген қарымды қаламгерлердің қазақ әдебиетінде алар орны ерекше екенін, сан ғасырдан бері келе жатқан жыраулар мен би-шешендердің ізін жалғап, кешегі Әбдіжәміл бастаған сөз өнерін ұлықтаған теңіз ұлдарының жалғасы тоқтамайтынан айтты.

– Соның ішінде аядай ғана ауылдан шығып, әдебиет әлеміне еркін ене білген Қуаныш Жиенбайдың тың ізденіс, тосын сүрлеуіне әдебиетіміздің көрнекті тұлғалары мен қаламгерлері әрдайым оң бағасын берді. Болашақ жас ұрпақ сіз секілді елінің қамын ойлар, рухы биік тұлғалардан үлгі алып өседі. Ұрпаққа өнеге болар мол мұраларыңыз көбейіп, жазарыңыз таусылмасын. Сізге зор денсаулық, мәнді де мағыналы ұзақ ғұмыр, шығармашылық қызметіңізге толағай табыстар тілеймін. Жетпістің желкенін керген мерейлі мерейтойыңыз құтты болсын! – деп лебізін білдіріп, қазақы дәстүрмен иығына шапан, жарына ақ жаулық жапты.

Одан соң аудан әкімі жазушының қаламдас досы, Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, білім беру саласының үздік қызметкері Сүлеймен Мәметті де 70 жылдық мерейтойымен арнайы құттықтап, сый-сияпатын да ұмытпады. Аралға келген арнайы қонақ сөз алып, Арал өңірі халқының кеңпейіл көңіліне бас иіп, ризашылығын білдірді. Қуаныш Жиенбай ағамызбен бірге жүрген сәттердің естеліктерінен сыр шертті.

– Айналайын ел-жұрт! Кіршіксіз ниеттеріңіз бен аппақ жүректеріңізден, бізге жасап жатқан ілтипат-ізеттеріңізден, қасиеттеріңізден айналдым. Әрқайсымыздың кіндік қанымыз тамған жеріміз бар, киелі еліміз бар. Елге еркелейміз, жұртқа келіп аунап-қунап жатамыз. Бізді еркелеткен, маңдайымыздан сипаған осы елге, оның азаматтарына мың алғыс. Қазақ бұдан кем болған жоқ. Оның ұлылығы, дархандығы, кеңдігі жерінен. Жері қандай кең болса, жүрегі де, тілегі де сондай кең.

Бұл Қуаныш екеуміздің әкелеріміз де құрдас, өзіміз де бір жылдың, тіпті бір айдың төліміз. Қуаныш, сен шағын ауыл Бөгеннен шығып, барша қазаққа танылдың. Бұл екінің біріне бұйырмайтын бақ. Бақытың құтты болсын, бауырым, – деп тебірене тілегін жеткізді Сүлеймен ағамыз.

Сонымен бірге жазушы жайлы сыныптасы әрі ақын досы Толыбай Абылаев, бір кездері қызметтес болған журналист-жазушы Жұмабай Жақып мінезі де, туындылары да өзгелерден бөлек қаламгердің шығармашылығы хақында кеңінен әңгімеледі. Тіпті, Жұмабай аға 1972 жылы «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетіне Қуаныш екеуінің өлеңі шыққан газет нөмерін естелікке сыйға берді. Демек,  жазушы ағамыз бұрынғылардың үрдісінен жаңылмай, жазуды өлеңнен бастаған. Сондай-ақ жерлесі, сазгер Болатбек Тәжімбетов сахна төріне көтеріліп, жазушы туған Бөгенге арналған әнін шырқады.

Жиын соңында кеш иесі сөз алып, ыстық ілтипат пен құрмет көрсеткен барша жерлестеріне, сондай-ақ ол осы кештің өтуіне ұйытқы болған аудан әкімдігі мен мәдениет бөліміне зор ризашылығын білдірді.

– Қошемет көрсетіп, алақанында аялаған туған халқыма мың алғыс. Елдің елдігін келгелі бері көріп те, біліп те жатырмыз. Оның үстіне шүкір, мұндағы ағайынның жағдайы біз өмір сүрген уақыттан әлдеқайда ілгері. Тұрмыс жақсарып, аудандағы халық саны артқанын да байқадым. Жалпы қаламгер деген халыққа көп дүниенің қажеті жоқ. Оларға тек оқырманының  жақсы ниет-лебізі болса, сол жетіп жатыр. Соның өзі қанат бітіреді. Алла қаласа, әлі талай жоспар бар. Әлі де сіздер сенген, сіздер күткен теңіз жайлы жазар тың дүниеміз жеткілікті. Мен туған жерімнің ыстық топырағын ұмытпадым. Шет елде жүріп, ойымнан теңіз шыққан емес. Егер бойымда кішкентай бір таланттың жұғыны болса, ол да осы өлкеден дарыды, осы топырақтың қуаты, – деп риза көңілмен ақтарылды жазушы.

Қуаныш ағам теңіз жайлы тақырыпта қаламының тоқтамайтынын айтқанда Мешітбай көкемнің әлгі өлеңі ойға тағы оралады. Аралды сүю керек қайтқанда да…

Солай. Бүгіндікке ел ішін аралап, ықылас пен пейілге әбден тойғандаймыз. Айтпақшы, Толыбай ақынның да осындай кеші жылы күздің басында өтпек.

Бетоншыдан жазушылыққа…

Қуаныш аға Қазалыға бөтен емес. Тіпті, әріден қозғасаңыз, бабалары осы төңіректен шыққан. Ал өзі осы Қазалыда аз-маз уақыт жұмыс істеген. Өзінің айтуынша, мектеп бітірген соң оқудан әдепкі жылы жолы болмапты.

– 70-жылдан теңіздің қайтуы басталды ғой. Сол уақыттары біздің үй осында көшті. Бөгеннен Қазалыға қоныс аударған соң оқуға талаптандық. Одан жол болмай, елге қайта келдік. Жұмысқа тұрып, осындағы бетон дайындайтын зауытта еңбек еттім. Есімде әлі, сол уақытта «Басықара» плотинасының құрылысы жүріп жатты. Бетоншы бола жүріп, бала күннен қалыптасқан шимайларымды да ұмытпадым. Өлең шығарып, аудандық «Ленин туы» газетіне, Аралдағы «Толқын» басылымына жолдайтынмын. Онымыз жарыққа шықса, кәдімгідей қанаттанып жүретінбіз. Кейін нағашымның сілтеуімен жазған-сызғандарымды белгілі жазушы, жерлесіміз Әлмәмбет Әліш ағамыз көріп ұнатқан екен. Осылайша аудандық газетке корректор болып жұмысқа қабылдандым, – деп еске алады жазушы.

Аудандық басылымда көп жұмыс істемеген Қуаныш Жиенбай келер жылы Алматыға аттанып, ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсіп кетті. «Жазушы болуыңызға не әсер етті?» деген қазалылықтардың сұрағына сәл ойлана отырып, бір қалыпты дауыспен сөйлей берді.

– Біздер мектепте көп білім ала қоймадық. Бірақ әдебиетті сүйіп оқыдық. Ол пәннен сабақ берген Жалғас Құрманов дейтін мұғалімнің де ықпалы болды. Оның үстіне мына араларыңызда жүрген, бірге оқыған Толыбай екеуміз бала күнімізден кітапты көп оқыдық. Орыстың атақты Константин Паустовский дейтін жазушысының айтқан сөзі есімде. «Теңізде туған адамның ақын болмауға қақысы жоқ» дейді ол. Жалпы теңіз жағасында дүниеге келгендер қиялға тым жақын болатыны рас. Сезімге бой ұрғыш. Әсершіл келеді. Теңіз кейде ашуға бой ұрып, толқынмен жағаны сабалай жөнелсе, артынша лезде тынышталып, жаймашуақ күйге түседі. Адамдары да сондай. Ал жазуға бой ұрсақ, ол да туған өлкенің әсері, балалық кездегі тынық та ашушаң мінезді теңіз көрінісінің жадымызда сақталуынан шығар,  –  деп толқи жауап қатты.

Бізге бір белгілі дүние бар. Қуаныш Жиенбайдың шығармаларының дені – теңіз және ондағы адамдардың түрлі тағдыры.

Сонымен Аралда өткен жазушымен кездесу Қазалыда жалғасқан. Қаламгердің 70 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кешке қазалылық ағайын көп жиналды. Роза Бағланова атындағы мәдениет үйінде өткен «Теңізбен тағдырлас қаламгер» атты кеште Қуаныш Жиенбай мен оның жары құрметпен сахна төріне жайғасты.

Мұнда да аудан әкімі Мұхтар Оразбаев құттықтау сөз сөйлеп, жазушының елдің рухани-мәдени өмірінде өзіндік дара қолтаңбасы қалған тұлға екенін атап өтті.

– Сіз әдебиет саласында зор еңбек сіңіріп келесіз. Асау толқынды теңіз жағасында дүниеге келіп, алғаш биік белеске қадам басуыңыз Қазалы топырағынан басталды. Қарапайым жұмысшыдан қабырғалы қазаққа танымал жазушылық дейтін өнердің жолында жоғары шыңға шықтыңыз.   Сіздің ұшқыр қаламыңыздан туған терең ойдың жетегімен қаншама жинақ, қаншама кітап оқырман жүрегіне жол тапты. Шығармаларыңыз кейінгі толқынға үлгі болып, туған жерді, елді сүюге жетелейтіні әбден анық. Мерейтойыңыз құтты болсын, – деп тілегін білдірді аудан басшысы.

Мұнан соң Қуаныш Әлмұратұлы мен оның жарының иығына қазақы дәстүрмен шапан мен ақ жаулық жауып, сый-құрмет көрсетті. Медицина саласының ардагері, Қазалы ауданының құрметті азаматы Құлпыбай Ысқақов, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазалы ауданының құрметті азаматы Қасқырбек Мәмбетжан, жазушының қаламдас достары, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер тілшісі Сүлеймен Мәмет пен ақын Толыбай Абылаев сөз сөйлеп, ізгі лебіздерін білдірді. Ақын Толыбай досына арнаған «Қара сөздің жорғасы» атты өлеңін сахнада оқыды.

– Жас күніңнен жай таппай,

Жаздың туған Аралды.

70 келді байқатпай,

Ағартқан сәл самайды…

…Айнымайтын Аралдан,

Ұшан теңіз ойларың,

Сол Аралдан жаралған,

Қаламгерлік қайнарың.

Қаламгерге қарымды,

Ықыласы зор елдің.

Шәкіртісің дарынды,

Нұрпейісов Әбеңнің.

Кітабың жүр аралап,

Байтақ елдің әр тұсын,

Жаза бер дос, саралап,

Күллі қазақ халқы үшін.

Толыбай аға осы өлеңді оқығанда залдағы көрермен дуылдата қол соқты. Иә, бала күннен қатар өсіп, бозбала кездегі алғашқы да сәтсіз махаббаттың күйін қатар кешкен қос достың ықыласына жұрттың ризашылығы еді бұл. Толыбай ақын мен жазушы Қуаныштың әкелері нәпақасын теңізден айырып, аналары солар тапқан несібемен ұл-қызын өсіріп, бала тәрбиесімен айналысқан. Төкемнің айтуынша, Қуаныш көпбалалы отбасыдан шыққан әрі үйдің үлкені. Қазақы тәрбиемен әжесінің қолында өсіпті. Ал әкесі Әлмұрат теңізде жүзген кемеде әрі механик, әрі балықшы болған.

Шығармашылық кештің қызық болатын жөні бар. Қазалыдағы ақын інім, аудандық «Қазалы» газетінің бас редакторы, Ғани Мұратбаев сыйлығының иегері Есет Табынбаев сыр-сұхбат арқылы жазушының ақтарылуына, әсерлі әңгіме өрбітуіне керемет сұрақтар дайындапты. Қуаныш ағамыз да Есеттің сұхбаттасудағы шеберлігіне риза болды. Сондай-ақ, оқырмандар жазушының шығармашылығына қатысты өз сауалдарын қойып, пікір алмасты. Соның бірі – жазушының Әбдіжәміл Нұрпейісовке қалай шәкірт атануы еді. Ханнан да, қарадан да қаймықпай, айбарлы пікірін ашық айтатын абыз жазушыға Қуаныш қалай ұнап жүр? Жазушы өткен жылдар естелігін былай бөліскен еді сонда.

– Мен оқуға түсіп, төртінші курсқа өткен жылы «Лениншіл жас» газетіне (қазіргі «Жас Алаш») жұмысқа орналастым. Ол кезде редактор Сейдахмет Бердіқұлов. Сонда жүргенімде «Тұз» деген шағын материал әзірледім. Оның сюжеті біздің елде тұрған Төлеген Әлімбетов есімді кеме капитаны жайлы еді. Ол кісі теңіз тартылған соң жақын ағайындарымен Қапшағайға көшіп, осында кәсібін жалғастырған. Сол ағамыз Қапшағайда жүріп қайығының басындағы Аралдан алып келген бір қап тұздың бір түйірін аузына салып барып, суға ауын төгіп, балығын аулайды екен. Осындай оқиғаға құрылған әңгімемді Әбекең оқып, Сейдахмет ағамызға телефон шалған көрінеді. «Үйге жетсін» деген хабар келді солай. Таныстығымыз осылай басталды, атақты жазушыдан көп дүние, тәлім, жазудың қыр-сырын хал-қадірімізше үйрендік. Әлем мойындаған Әбдіжәміл аға тумысынан солай, кез келген адамды жанына көп жуыта бермейді. Ал өзі ұнатқан адамды іздеп тауып алады. Қысыр әңгіме, бос сөз болған жерде ол кісіні таппайсыз. Ол өмір бойы әдебиетке, жазуға деген адалдық қалпынан таймай, дүниеден өтті, – дейді Қуаныш аға.

Айтпақшы, елге арнайы келген жазушы мен басқа да қонақтар Жанқожа батыр кесенесі мен Жалаңтөс баһадүр ескерткішіне барды. Құран оқытып, бабалар рухына тәу етті. Қазалыдағы аудандық тарихи-өлкетану және Ғани Мұратбаев мемориалдық музейіне соғып, жергілікті тарихи жәдігерлермен де танысты.

Осындай екі ауданда өткен әсерлі кеш тағылымды іс-шаралар легімен аяқталған. Сара сөздің құлагері, Аралда туып, алты Алаш баласына рухани азық сыйлап жүрген Қуаныш Жиенбайды туған халқы осылай дәріптеген еді. Ал «Арал тағдыры – адам тағдыры» деп толғанған қаламгердің қаламы мұқалмай, әлі де көп дүние тудыра берсе деген тілек оқырман жүрегінде.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы».

Арал және Қазалы аудандарынан

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<