Тіл білімінің көрігінде шыңдалған

723

0

Бүгінде алпыс атты асқаралы жастың табалдырығын аттаған Болат Елтайұлымен алғаш танысқаным есімде жоқ. Әйтеуір Ғылым академиясының қалтарыстарында кездесіп, әңгіме өрбіткен шақтар көз алдымда. Бізді барынша жақындатып жіберген ғылыми жетекшіміздің бір адам, қала берді ғылыми тақырыптарымыздың бір арнадан табылып жатқандығы болды ма деп бағдарлаймын. Бір қайнауы ішінде жасырынған сол уақыт шеңберіндегі әріптестеріміз ғылым сынды санаттың барлық берерін алып қалғысы келді. Диссертация қорғаудың қай мекемеде өтетінін алдын ала біліп, басталар уақытынан бұрын келіп, аудиторияның бір шетінен тиген орынға жайғасып алуды әдетке айналдырды. Екінші жағынан аға буын ғалымдарымыздың тұлғасын көріп, лебізін естіп, сөзаралық саудаға түскен тақырыпты тарқататын тұс та көп болатын.

Ата-анадан тарамдалған тылсым күш пе, туған ауылындағы мектеп пен жоғары мектептен жиған-терген білім бе, әйтеуір тіл мен әдебиеттің терең тарихы, синхронды әлеуеті Боранбай баласының аузынан шыққанда, ойландырып-ақ тастайтын. Оның өзіндік негіздемелері мол екен. Біріншіден, аңызға бергісіз Қоңыратбаевтың алдын көріпті. Иә, иә, сол Әуелбек Қоңыратбаев! Дала академигінің ақыл-танымына қала академиктерінің өзі әдейі ат басын бұратынын бүгін біреу білер, біреу білмес. Дәл осы сыйды тағдырдың өзі бұйыртты. Абыз әдебиетшінің аузынан төгілген жыр-дастан Болат Елтайұлына етене сіңді. Қазір қайта айналып сұқтана сұрасаң, Әуелбек әуеніне салып, төгіліп кететіні содан-ау, шамасы!

Екінші жағынан, тіл білімінің қағидасы мен жатық практикасы да студент кезінде қаланды. Қызылорда – тіл мен әдебиеттің тамыры жайылған мекен. Кешегі Молдаш Достанов, Әли Байжолов, Медеуәлі Бимағанбетов, Әбжаппар Аблақов тәрізді т.б. тарландар тағылымы керемет-ақ болатын. «Достановтың салпыншақтары» әлі күнге дейін ел аузында. Әли Байжоловтың қаталдығы алдындағы шәкіртті тереңдікке итермелейтін. Қазақ грамматикасының құрылымы мен құрылысын тең ұстаған ұстаздары (Бимағанбетов, Аблақов) ғылымға ұқыптылықты игертіп кетті. Бұған мемлекеттік емтихан төрағасы ретінде шақырылатын Қ.Есенов, Т.Сайрамбаев сынды синтаксис сүлейлерін қоссаңыз, сөз терем деген ізденуші танымын байытатыны күмән тудырмайды.

Қазақ ілімінің түлеуі ел тәуелсіздігінің тәй-тәй басуымен тұспа-тұс келді-ау деймін. Елдің шығысы мен батысы, күнгейі мен теріскейінен түлеген жастар ғылымның ошағына айналған Алматы шаһарына бет түзеді.

Бұл көшке Сыр елі Боранбай Болат Елтайұлын қосты. Сол 1990 жылдар ортасы ұлт ұстазы еңбектерімен қауышудың басы еді. Ақталғанына сенімділік аз болды ма әлде сеніңкіремеді ме, бәлкім, жас буын өкілдеріне салмақ түсіргісі келмегендіктен болар, әйтеуір Ахмет шығармашылығы тек аға буын ғалымдарымыздың топшылауына тиді. Бізге біткені 1940 жылдардан бергі еңбектер-тін. Сол жылдары Н.Сауранбаев ілімі сараланды, С.Аманжоловтың пайымдаулары тарқатылды, С.Жиенбаевтың бар болмысы таразыланды. Сейіл Сарықұлының тіл біліміне қатысты сергек те серпінді тұстарын Болат Боранбай екшеді. «Сейіл Жиенбаевтың қазақ тіл білімі саласында жазып қалдырған мұралары сан алуан. Олар – қазақ әліпбиі мен емлесіне байланысты ұсыныстары, пунктуацияға қатысты еңбектері, қазақ тілі лексикасы жөніндегі жұмысы, сөздіктері жасау принциптері туралы нұсқауы, сөздерді таптастыру туралы және жекелеген сөз таптары туралы, сөйлем мүшелерінің талас мәселелері туралы, құрмалас сөйлем туралы, тіл тарихы жөніндегі пікірлері, қазақ тілі әдістемесі мәселесіндегі еңбектер шоғыры» деген түйіннің ақиқаты күмәнсіз. 1940 жылдар шамасындағы тілдің түйткілді тұстарын түгендеген С.Жиенбаевтың тұжырымдары қазіргі күні Болат Боранбайдың бағамдауына ауысқан ба дерсің?!

Біздің пайымдауымызда, 1994-1995 жылдардан бастап қазақ тіл білімі өзінің өткені мен бүгінін тиянақтауды мұқият қолға алды. Тарихта алғаш рет «Қазақ тілі» энциклопедиясына мол материал жинақталды. Соның ішіндегі тіл білімінің тұлғаларына қатысты, бұрыннан бар және жаңадан танылған тосын бірліктеріне қатысты мол мақалалар Болат Боранбай есімімен тарқатылды. Шын мәнінде, бұл энциклопедиялық мақалалардың қазақ ғылымы үшін берері, жол сілтері көп болды. Ең алдымен, қазақ ғылымының бастау көздері анықталды. Екіншіден, көзіқарақты қазақ жұрты тіл біліміндегі ақтаңдақ жылдардың еншісін қайтарды. Тағы бір соны тұс, қазақ тіл білімінде теориялық қағидаттар жүйеленді.

Айналасы төрт-бес жылдың шамасында Болат Елтайұлы қажетті талап деңгейіндегі сұраныстарды (мақалалар жариялау, ғылыми іс-шараларда баяндама жасау, дөңгелек үстел, семинарларда сұраққа жауап беру) толық қамтып, кандидаттық диссертациясын қорғады. Көп бөгелмей туған жеріне бет алды. Онда да алысқа аяқ баспай, студент ретінде жасақталған оқу орнына келді. Тек ол енді студент емес, студентке тәлімгер болып оралды. Өз ұстанымын орнатты, білгендерімен білетіндерді байытты. Алдыңғы толқын аға ұстаздарды ұлықтап, жоғарыда айтқан ұқыптылықты енді басқаға сіңіруді қолға алды.

Өзі әр өңірдің жоғары мектеп оқытушыларына қоғамдық сананы өзгертуді, мәдениеттің мәйегін түзуді маңдайына жазып қойғандай әсер береді. Естеріңізде болса, 2017 жылы қоғамдық сана жаңа әліпби мәселесімен жаңғыра қалды. Несін жасырайық, Ахмет іліміне сүйенгендер бір төбе де, ілімге сүйенеміз деп сергелдеңге салғандар бір төбе құрды. Осы тұста салмақты сөз Сыр елінің жігіттерінен шықты. Басы Болат Боранбай десем, ешкімнің көңіліне келмес. Ғалымның бұл бағытта жазған «Ахмет Байтұрсынұлы және дыбыс жүйесі», «Ә-нің әлегі немесе емле түйткілдері» болмаса «Емле ережесіндегі кейбір мәселелер жайында» мақалалары әлі де болса әудем жерге жеткізетіні ақиқат.

Елдің ежелгі тарихы жер-су атауларының түгенделуінен тарайды. Ономастика мәселелерін Болат Боранбай жазып жүр. Мәселен, Бексұлтан Нұржекеұлының шығармасына шылау салған «Өзендер өрнектеген өлке»: атаулар қазынасы» атты мақалаға сүйеніп, топоним, зооним, этнонимдердің түр-түрін жинақтап алуға болады. Дәл осы тұжырымға ғалымның «Ай мен Айша»: атаулар бітімі» атты мақаласын да қосар едік. Қолымызға «Сыр бойы» газетіндегі «Жер аты – тарих хаты» атты сұхбат та ілікті. Тек Сыр аймағына емес, тіпті тек қазақстандық ауқымда емес, әлемдік ел-шаһарларына қазақ транслитерациялаған атаулар талқыланыпты. Айтса айтқандай, «Біздің халқымыз жер-су аттарын қоюға өте шебер, оған ерекше мән берген. Халықтың суреткерлік көзқарасын, тапқырлығын, даналығын көрсететін атаулардың сымбат-көркі қандай десеңізші?! Қазақстанда таным-пайымыңды көріктендіретін һәм тереңдететін, қиял-сезіміңді қанаттандыратын мән-мағынасы сұлу жер-су атаулары жеткілікті» деген сұхбат иесі Б.Боранбайға алып-қосарымыз артық болар!

Болат Боранбайды синтаксист ғалым десек те орынды. Бұған, біріншіден, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, жоғарыда аталған мұғалімдерінің брендтік білім бергені бекем байлау болды. Екіншіден, бәйгеге қосқан Қайырболат Есеновтің бірегей бітімі бағыттады, мәре сызығын қиғызған Сапарғали Омарбековтің есімі де бүгін аталса игі. Менің байқауым бойынша, таным, талғам, парасат таразыға түскен кезде, ұстаз аты салмақтырақ болады екен. Жарқын бейнелері жадымызда сақталсын!

Біз білген ғалым Болат Боранбайдың ордабұзар отыз жасында, осыдан отыз жыл бұрын, бір ғана мақсаты болды: азаматтығым – абыройым деген. Сол жылдары азаматтығы парызға ауғанын өзі де білген жоқ. Мүмкіндігінше, тарқатып көрсеткеніміздей, азы тіл білімінің көрнекті өкілі С.Жиенбаевтың аруағын аунатты, артығы сол, өзі тіл білімінің таразысында теңселді, соңында тербелді. Теңселген тұс Қ.Есеновтің қазақ тіл білімінен жырақтап, мәңгілікке бет бұрған шақ та, тербелген тұс ғылым кандидаты дәрежесін иеленгеннен бергі екі мүшелік ғылыми ғұмыр ма деймін! Кейіннен парыз пайымға ауды: Болат Елтайұлының пайымдауындағы тағылымы мол тілдік түйткілдерді ауылдық, аудандық, аймақтық, республикалық аудитория асыға күтетін күйге кенелдік. Бүгін пайым талғам мен жауапкершілікке жүк артқандай әсер береді. Тіл білімі сынды телегей теңіздегі шығармашылық жұрттың жауапкершілігі талғамынан талқан түйгендей ғана қызмет ететін болса, ұлт ұстазы жеткізгеніндей, «Ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарайтын» тілдің міндеті орындалатын еді. «Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама- қадырынша жарай» береді екен. Ондай адамның ортамыздағы екі отызға келген Болат Елтайұлы екені де анық!

Сөз соңында Қорқыт ата университетінің ұстазы, филология ғылымының кандидаты, профессор Боранбай Болат Елтайұлын асқаралы алпыс жасымен құттықтаймыз. Ғылым биігіне ен салған, ұлағатты ұстаздықты қоса меңгерген ерен еңбек иесінің жолы ашық та сәтті, бағы салмақты да берекелі болсын!

Бекен САҒЫНДЫҚҰЛЫ,

филология ғылымының докторы, профессор,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<