Тіл майданының сарбазы

59

0

Сәдуақас Аңсат 1945 жылдың 12 қаңтарында Қармақшы ауданының Жосалы кентінде дүниеге келген. Орта білімнен кейін құрылыс технологі мамандығын алып шыққан. Мәскеу қаласындағы СОКП Орталық Комитетінің жанындағы Қоғамдық ғылымдар академиясын бітіріп, саясаттанушы мамандығын алған. Еңбек жолын құрылыс саласынан бастап, кейін Қармақшы аудандық атқару комитетінде аудандық архитектор, облыстық атқару комитеті төрағасы орынбасарының көмекшісі, облаткомның күрделі құрылыс басқармасының бастығы болып қызмет етті.

1980 жылы облыстық партия комитетінің жолдамасымен облыстық партия комитеті аппаратында нұсқаушы, 1982 жылы қалалық партия комитетінің 2-хатшылығына сайланды. Бұл қызметте 1991 жылдың ортасына дейін істейді.

Еліміз нарықтық экономикаға көшкенде облыстық еңбек бас басқармасына басшылық жасап, «Харрикейн ҚұмкөлМұнай» компаниясында, кейін Астанада республикалық Көші-қон және демография агенттігінде, «Ақ жол» партиясында инспектор, «Шаңырақ» ҚБ Астана қалалық филиалының директоры қызметтерін атқарды.

Зейнетке шыққан соң туған жерге оралып, 2010 жылдан бері Халықаралық «Қазақ тілі» ҚБ облыстық филиалының төрағасы, республикалық «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы болып келеді. Осы уақыт аралығында әр саладағы республикаға танымал мемлекет және қоғам қайраткерлерімен қызметтес болған. Ардагер ағамызды 80 жылдық мерейтойымен құттықтап, әріптестерінің естеліктері мен құттықтау лебіздерін жариялап отырмыз.

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, мемлекет және қоғам қайраткері, саясаттану ғылымдарының докторы:

– Иә, ықылым заманнан бері қазақ елінде қалыптасқан дәстүрге сәйкес «Еліңде кімің бар?» деген сұрақ қою әдетке айналған. Өйткені, елдің келбетін табиғаттың ландшафты емес, жерасты байлығы емес, қабырғалы азаматтары қалыптастырған ғой. Қайран Махамбеттің осындайда «Азамат, сені сақтадым, бір күніме керек деп» айтқан сөзі есіңе түседі. Туған еліңе керек кезде, керек жерде табыла білу – кемелдік. Сексеннің сеңгіріне шығып отырған Сәдуақас Аңсат ағамыз Алаштың анасы – Сыр елінде дүниеге келген, аузының дуасы бар, абыройлы азамат, енді ел ағасы.

Жас кезімізде Қызылорда қалалық комсомол комитетінің бірінші хатшысы ретінде қалалық партия комитетінің екінші хатшысы Сәдуақас ағаның жүрегінің жұмсақтығының да, көзқарасының табандылығының да талай куәгері болдым. Кейін ұлтымыздың көкейтесті мәселелерін ағалы-інілі ретінде бірлесе, пікірлесе отырып шешуге атсалыстық. Әсіресе, қазақ руханиятына, қасиетті де киелі қазақ тіліне жасаған қыруар еңбегін ұлтжанды қайраткер азаматтар ерекше сыйлайды.

Мен үшін қасиетті Түркістан қаласында, «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың аманатын орындап, Мемлекеттік хатшы ретінде Сәдуақас ағайға Тәуелсіз еліміздің «Парасат» орденін тапсыру ерекше қуанышты сәт болды.

Туған аймақтың басшысы болған кезімде әсіресе, идеология, руханият мәселелері бойынша қолдау-көмегіне сүйеніп отырдым. Ол кісі де үлкендігіне қарамай елді аралап, жиі кездесулер өткізіп, өзекті мәселелер бойынша өзінің көзқарасын ашық айтып отырушы еді. Бір сөзбен айтқанда, рухымызға жанашыр, сасқанға сая, асқанға тосқан, ұрпаққа ұстаз ағамыздың бүгінгі мерейтойы аясында айтарымыз, көкте Алла, жерде аруақтар қолдап, еліміздің игілігі үшін жүз жасаңыз деп тілейміз!

Әлихан Бәйменов, мемлекет және қоғам қайраткері, Астана мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитет төрағасы:

– Қазақта даланың бөрісіне қатысты бірішек деген ұғым бар, яғни бұл алған бетінен таймай, шаршамай-шалдықпай, өзінің мақсат-мұратына жетуге тырысып, көп азықты да қажет етпейтін арланына айтылған теңеу. Маған Сәдуақас Аңсат ағамыздың келбеті бір сөзбен суреттегенде сол бірішекті дала бөрісінің арланындай деген ұғымға сиятындай.

Себебі сонау 90-жылдардың ортасындағы аласапыран кезде әлеуметтік салада жұмыс жасағаны болсын, кейін «Ақ жол» партиясының қатарында қоғамдық жұмыста, кейін ағарту бағытындағы бірге атқарған жұмыстарымызда, одан соң мемлекеттік тілдің мәртебесін алған қазақ тілін өзінің лайықты мәртебесіне көтеру үшін тілімізге сақшылық жасап жүргенінде де, сол бір бетінен қайтпайтын, өзінің қағидаларын ұстанатын, ұзаққа шабатын арғымақтың келбетіндей.

Сәкең мен оның ағасы Сәпен – рухани дүниесі бай ерекше тұлғалар. Қазақ жас адамды қағылез, елгезек дейді. Ал сексеннің сеңгіріне келгенше осы қасиеттерді жоғалтпай, енжарлықты жақындатпай, қай мәселеге болмасын жанашырлықпен қарап, бей-жай тұра алмайтын, шамасы келген жерде түрлі мінберлерден соны көтеріп, ақиқаттың ауылына елді шақыратын тұлғалар сирек кездеседі. Сол сиректердің қатарында осы ағайынды қос Сәкең бар.

Сәкең бір қарағанда түсі суық болып көрінеді. Бірақ жақындап араласа келгенде ол кісінің бойынан жылылықты да, жанашырлықты да табасың.

Осы жолдарды жазғанда есіме түсіп отыр, кезінде Сәкеңнің 60-қа келген мерейтойында Бақытжан Момышұлы ағамызбен дастарқандас болған едім. Сонда Бәкең тойдағы сөзінде: «Адалдықтың алтын тағындай ардақты азамат Сәдуақаспен таныстығымыз достыққа айналды» деп еді. Бәкең ағамыз өз әулетіне тән бір мінездің ұшқынын көрген шығар деп ойладым. Осы айтқанының дәлеліндей Бәкең кейін Сәкеңді бас кейіпкер етіп, сырбойылықтарға деген өзінің құрметін білдіріп, «Орда – алая, Мечеть – белая» деген роман-эссесін жазды.

Шынында да Сәкең мінезді адам, бірақ көрінген жерде ашынып айқайға басып, ұрандай бермейді. Шамасы келгенше жасампаздықпен қай істі болмасын шешуге ұмтылады. Сонымен қатар бойында бір ерекше ыждағаттылық бар. Өзі сексеннің сеңгіріне жақындаған кезде «Тіл сақшысы» атты республикалық газет шығару үшін тапжылмай отырып мәтінмен жұмыс жасау, ақпарат жинау, қоғамдық мәселені көтеру үшін оған жігер, қажырлы еңбекпен қатар ыждағаттылықты қажет етеді.

«Қазақ тілі» қоғамы облыстық филиалының жұмысын ретке келтіріп, оның жанынан «Тіл сақшысы» басылымын шығарумен шектеліп қалмай, енді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының қайтадан жандануына ұйытқы болып, шет аймақта жүрсе де республикалық деңгейдегі қоғамдық, саяси мәселелерге араласуы ерекше бір ұлтжандылығын, саяси деңгейінің биіктігін көрсетеді.

Сол себепті де мерейтойы қарсаңында біздің қоғамда әр буынның ішінде Сәкең секілді азаматтардың мол болғанын қалайтынымды айтқым келеді. Себебі ол қай саяси ұстанымда болмасын, ұлт тағдырына бей-жай қарай алмайды. Қай саяси ұстанымда жүрмесін, шын адал көңілімен өзінің ұсыныстарын жеткізуге тырысады және тазалыққа, адалдыққа, еңбекқорлыққа баулиды. Ал бұл – өз кезегінде ұлтымыздың жаңа биікке шығуы, әлемде бәсекелестікке қабілетті болуы үшін қажет қасиеттер.

Алтыншаш ЖАҒАНОВА, жазушы-драматург, қоғам қайраткері, «Қазақстан әйелдері» журналының президент-бас редакторы:

– Адамның сөйлеген сөзіне, істеген ісіне, еткен еңбегіне қарап-ақ ішкі жан дүниесінің болмысын тап басып тану қиын емес. Жақсы адамдар қашан да жақсы істерімен жан-жағына шуақ шашып, еліне елеулі еңбегімен кеңінен танылып жүреді. Адам баласының қоғамда бағалануы, дәріптелуі, ардақталуы тек еткен еңбегіне ғана емес, кейде тікелей оның адамгершілік қасиеттеріне де байланысты болады. Айналасындағыларға қайырымды, адал жандар тынымсыз еңбегімен де ел ішінде танылып, қоғамда үлкен сый-құрметке бөленіп жатады. Сәдуақас Аңсатов – ел ішінде жақсы ісімен, елеулі еңбегімен танылып, көпшіліктің құрметіне бөленген азамат.

Өз ісіне адал, адамгершілік қасиеттері мол Сәдуақас Әбдіқадырұлын Көші-қон агенттігін басқарған кезімде өзіме кеңесші етіп қызметке қабылдағанмын. Қолға алған ісіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын азаматтың іскерлігіне, біліктілігіне сол кезде риза болдым. Өзі жетекшілік еткен саланың мамандарына білікті де іскер басшы болып қана қоймай, қайырымдылығын көрсетіп, жанашырлығын да танытушы еді. Ұйымдастырушылық қабілеті зор, жаңашылдығы мол қызметкердің бірі болды.

 Адам баласының ең жақсы қасиеті – жақсылық жасау. Біле білсек, адам адамға жақсылық жасау үшін жаралған. Жан-жағына жақсылық жасап, шапағат нұрын шашып жүру – адамгершіліктің белгісі, үлкен жүрек иесінің ісі. Ауыл-аймағына қолынан келгенінше пайдасын тигізуге тырысатын оның еңбегі жоғары жақтан үнемі бағаланып келді. Әрдайым лауазымды қызметтер атқарып, мемлекеттік марапатқа ұсынылуы еңбегінің уақытында бағаланғаны деп білеміз. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы ҚБ Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, республикалық «Тіл сақшысы» газетінің бас редакторы Сәдуақас Әбдіқадырұлы өзі туып-өскен өңірі мен қызмет еткен аймағына ғана емес, елімізге елеулі азамат. «Парасат» орденімен марапатталған. Елі-жері үшін тынымсыз тер төгіп еңбектенген, адамгершілікті ту еткен ер-азаматтарды ауыл-аймағы уақытында бағалап, құрметтей білсе мәртебесінің асқақтағаны емес пе?!

Зейнеп Ахметова, жазушы, «Тіл сақшысы» газеті ақылдастар алқасының мүшесі:

– Жадырап жаз, күркіреп күз кезегімен алмасып тіршілік дәптерінің талай беттері аударылыпты. Уақыт озған сайын қадірін таныта түседі екен. Қайталанбас, қайтып келмес күндеріңді аңсап, сағынып ойға батасың. Ондай кезде алыста қалған ұмытылмас сәттерің моншақтай мөлдіреп көз алдыңнан өтіп жатады.

Кешегідей бәрі есімде, сонау 1987 жылы жазда Дүкенбай Досжановтың туған жеріне барып творчестволық есеп беру сапарына Бақытжан екеуміз қонақ ретінде шақырылып, қасиетті Сыр еліне ат басын тіредік. Облыстың, қаланың лауазымды жігіттері қошемет-құрметпен құшақ жая қарсы алды. Бұл қонаққа деген жай көңілжықпастық емес, шынайы ықылас, ыстық мейірім сезімдері еді.

Бізге арналған мәдени шаралардың барлығында Қызылорда қалалық партия комитетінің идеология хатшысы Сәдуақас Аңсатов бастап алып жүрді. Алайда сол күндерде қысқа жауаптасудан арыға бармады, ешбір әңгімеге араласпады. Жәлел, Аманкелді секілді басшы қызметтегі жігіттер бізбен емен-жарқын сөйлесіп, арасында әзілдесіп жатқанда да ләм демей үнсіз жүрді. Қаланың бір басшысы ретінде арнайы келген қонақтың жағдайын жасау міндетін атқарып қана жүргендей көрінді. Шынымды айтсам сонда: «Мына бір «жауқабақ», көзқарасы ауыр үндемес жігіттің әдебиеттен хабары шамалы, Коммунистік партияның уставынан басқаны оқымаған, қара тырнағына дейін қатқан партократ болуы керек», – деп ойладым.

Біз бірнеше ауданды аралап, оқырманмен кездесулер өткізіп, Қызылордаға қайта келдік. Алматыға оралатын мерзім жеткенде бізге арнап кең-мол дастарқан жайылып, мазмұнды да мағыналы отырыс болды. Міне, сол кезде әлгі «үндемес» жігітіміз тереңнен толғап, тамырынан тарта термелеп, мәнерлеп тұрып сөйлегенде таңғалғаннан көзім төбеме шықты. Көлеңкеге қарап көйлек пішкендей, адамды жете білмей тұрып, жан дүниесін түсінбей жатып, шолақ ойлап, шұғыл шешім жасағаныма қатты ұялдым.

Біз Сыр елінен рухани байып қайттық, әйгілі сүлейлердің жырлары мен термелеріне сусындап, көкірек көзіміз ашыла түсті. Шынайы достар тауып, өрісіміз кеңейді.

Бақытжан екеуміз талай жерде құрмет-қошемет көріп, талай адаммен дәмдес болдық. Әйтсе де, Сыр елінен тапқан достарымыздай күні бүгінге дейін сыйластығы үзілмегендер кемде-кем. Әсіресе Аңсатовтар әулетімен Момышұлы шаңырағының ынтымақ-бірлігі бекімесе, босаған емес. Кез келгенге бүйрегі бұра бермейтін Бақытжанның Сәдуақас дегенде ықыласы ерекше еді. Сәкеңнің жүрегін кір шалмаған тазалығын, достыққа берік адалдығын қатты бағалайтын. Әсілі, адам бойындағы асыл қасиеттер – ар-ұят пен намыс, бұлар адамды нағыз адам ететін беломыртқа тіректер. Сәдуақаста осы тіректердің бәрі бар. Оның ойлау аясы кең, тіршіліктегі сан алуан құбылыстарға өзіндік ой-пікірі бар, өзіндік жеке көзқарасы бар тұлға.

Сәкең – уызына жарыған жан, өйткені ақын анасы Бибісара анамыздың бесік жырын тыңдап, өлеңмен ауызданған. «Басында бұлағы бар өзен ұзақ ағады» деген – осы.

Ер-азаматты зор ететін де, қор ететін де – кейде әйелдер. Сәкең бұл жағынан да маңдайлы. Азаматының басын ардақтап, жанын түсінетін Кенжедей арумен жұптасып, өмірдің ыстық-суығын бірге көріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырғандары үшін бақытты.

Шерубай ҚҰРМАНБАЙҰЛЫ, «Қазақ тілі» ҚБ вице-президенті, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор:

– Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылғаннан бері отыз бес жыл өтті. Кез келген қоғамның, ұйымның қалыптасуы, нығаюы сол қоғамның мүшелері мен тізгінін ұстаған азаматтардың адал қызметі, ортақ мақсат жолында бірлесіп атқарған ісіне тікелей байланысты болады. Бұл тұрғыдан келгенде академик Әбдуәли Қайдар бас болып жаңадан құрылып жатқан «Қазақ тілі» қоғамының да керегесін жайып, уығын шаншыған азаматтар болды. Солардың бірі – бүгін сексеннің сеңгіріне көтеріліп отырған елдің қадірлі ақсақалы Сәдуақас Аңсат.

Сәкеңді Cыр бойы жұрты жақсы біледі. Ол – жұртының сөзін сөйлеп, тілінің жоғын жоқтап жүрген белгілі тіл қайраткері. «Қазақ тілі» қоғамы құрылған күннен бастап осы ұйымның қызметіне араласты. Қоғам мүшесі, облыстық филиал төрағасы, қоғамның төралқа мүшесі болып, білімі мен көп жылғы тәжірибесін, бар күш-жігерін қазақ тілінің өркен жаюына жұмсап келе жатқан елдің елеулі азаматы.

Сәкең «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы ретінде ұзақ жыл еңбек етіп, тіл өрісінің кеңейіп, тұғырының биіктеуіне көп еңбек сіңірді. Сан түрлі шаралар өткізді, мәселе көтерді, көргенін ашық айтты, білгенін жазды. Қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту үшін өз ұстанымы мен істі ұйымдастыру машығына сәйкес еңбек етіп, іс істеді. Бұл тұрғыдан келгенде ол өңірлердегі филиалдар арасындағы ең белсенді жұмыс атқарған төрағалар қатарында болды десек қателеспейміз.

Тағы бір атқарған ісі – тілдің бар мәселесін сөз ететін, қоғамның үні «Тіл сақшысы» газетін шығаруы. Бас редактор бұл басылымда тілдің ел ішіндегі, өңірдегі көп мәселесін көтерді. Тілге келгенде оның тізгінін тартпай ащы да қатты айтқан тұстары болды. Ондай сөз біреуге ұнаса, біреуге ұнамайтыны белгілі. Соған қарамастан ол қазақ тілінің шешімін таппаған мәселелерін жазудан да, ашық айтудан да жалыққан емес.

2016 жылы «Ана тілі» газетіне «Жеті жұрттың тілін біл, өз тіліңде өмір сүр!» деген мақала жарияладым. Сәкең соны оқып, бізге хабарласып, мақалада көтерілген мәселелерді талқылау үшін дәл осы тақырыппен Қызылорда қаласында конференция өткізетін ойы бар екенін айтты. Айтқанындай сол конференцияны «Қазақ тілі» қоғамы атынан ұйымдастырып өткізді. Конференцияға Астанадан саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір ағамыз екеумізді шақырды. Қатысып, баяндама жасап қайттық.

Сәкең қазақ тілінің дамуына, өрісінің кеңеюіне сәл де болса пайдасы тиеді-ау деген үлкенді-кішілі бастаманың, айтылған сөз бен істелген істің қай-қайсына болса да көңіл бөліп, оны насихаттап, үн қосып отырады. Ал осының тілге зияны тиеді-ау деген тірлікті көрсе, алдын алуға, сақтандыруға әрекет етіп, қарсылығын білдіріп, сын-пікірлерін айтуды өзіне міндет санайды. Тіл мәселесінде ұсақ-түйек болмайтынын жақсы түсінетін нағыз тіл жанашыры, тілі үшін тіресіп, тілі үшін күресіп жүрген тіл қайраткері.

Сәкең қазақ тілінің қамын жеп, өрісін кеңейтемін деп тынбай еңбек ете жүріп, сексеннің сеңгіріне шықты. Деніне саулық, айналасына амандық тілейміз!

Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдар докторы, профессор:

– Бүгіндері сексеннің сеңгіріне қол созған Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, республиканың Құрметті құрылысшысы Сәдуақас Әбдіқадырұлымен танысқаныма қырық жылдан асыпты. Ол Қызылорда қалалық партия комитетінің екінші хатшысы ретінде құрылыс, коммуналдық шаруашылықпен қатар идеология саласымен де айналысты. Мен облыстық партия комитетінде үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болатынмын. Содан қаладағы саяси-әлеуметтік және идеологиялық сипаттағы іс-шараларда бірге болып жүрдік.

Сол кездегі сыйластық қазір де жарасымды жалғасын тауып келеді. Мұның бірнеше себебі бар. Біріншіден, Сәдуақас – шындықты, әділеттілікті серік еткен қарапайым азамат. Екіншіден, ұлт мәселесі, әсіресе оның рухының негізі ана тілі жұмсақ та талғампаз жүрегінде ұясын тапқан. Үшіншіден, халық деген ұғымға ерекше көңіл бөледі. Оған қызмет етуді ең абыройлы іс деп санайды. Төртіншіден, еңбекқор, тынымсыз. Осы жасында, осы заманда газет шығарып, оның өрісін жыл сайын кеңейте түсуі де оңай тірлік емес.

Бір ғасырдың соңы мен екінші ғасырдың басында елімізде саяси өзгерістер аласапыраны басталғаны белгілі. Сәдуақас 2000 жылы Астанаға көшіп келіп, республикалық Көші-қон және демография агенттігі төрағасының кеңесшісі қызметінде істеді. Қызылордадағы қарым-қатынасымыз жалғасын таба кетті. Жаңа қоныстанып жатқан кез ғой. Оның құрастыруымен 2002 және 2003 жылдары «Астана қаласындағы Сыр бойы азаматтары (қызметтері, телефондары)» деген атаумен анықтамалық шығардық. Бұл жерлестердің бір-бірінің хал-жағдайларын біліп, хабарласып тұруына мүмкіндік жасады. Бірнеше рет сырбойылықтар жиналып, Наурыз мерекесін тойладық. Осы жұмыстардың басы-қасында белсенділік танытты.

2010 жылы туған жерге – Қызылордаға көшіп келді де, зейнеттен кейінгі өмірі басталды. Қырық жылдай тынымсыз еңбек ету үйде отырғызбады. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы болып сайланды.

Облыстың аудандарында қазақ тілі қоғамдарын оятып, іске қосты. 2013 жылы филиал жанынан республикалық «Тіл сақшысы» газетін шығарып, оның бас редакторы болды. Алайда Сыр бойындағы бұл істер басқа жерде қолдау таппады. Республикалық ұйым ұйқысынан ояна қоймады. Сол себепті 2021 жылы республикалық басшылардың алдында болып, қоғамының қайта құрылуына, 10 жыл бойы ұйымдастырылмаған құрылтайды Түркістанда өткізуге атсалысты. Мен бұл жайларды тегіннен-тегін айтып отырғаным жоқ. Тіл майданының сыншыл сарбазы Сәдуақас Әбдіқадырұлын да толғандырып жүрген осы жайлар еді. Өмірдегі дұрыс та, бұрыс та мәселелерге енжар қарай алмайтын, саяси сергек ойлы кешегі құрылысшы азамат «Қазақ тілі» қоғамының тікелей белсенді құрылысшыларының біріне айналды. Ал адамзат қоғамы негізінен тілден бастау алады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<