Туған жерге туын тіккен

271

0

Өмірде еңсесін тік ұстап, барға қанағат, жоққа салауат етумен өткен жандардың асыл қасиеті кейінгі ұрпаққа өнеге. Отызыншы жылдардың қуғын-сүргіні мен ашаршылық азабын шегіп, Ұлы Отан соғысында өр кеудесін ажал оғына төсеп, туған топырағына аман-есен оралған аға буынның қатарында Биғалидің әкесі Әбдікер ақсақал да бар еді.

– Сан алуан шаруашылықты басқарған әкеміз Қамбаштағы «Қамыстыбас» зауытының директоры болатын. Бертін келе қызмет бабымен Арал қаласына қоныс аудардық. Осындағы №14 орыс орта мектебіне оқуға барып, 1968 жылы орта білім алып шықтым. Ата-анамның нұсқауымен сол жылы Арал қаласынан шалғай қоныс тепкен «Ұялы» елді мекеніндегі сегізжылдық мектепте оқытушы болып, еңбек жолын бастадым. Ал 1969 жылы Қызылорда қаласындағы сол кездегі Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түсіп, 1973 жылы жоғары білім алып шықтым, – дейді Биекең.

Жастармен жүргізген жүйелі жұмыс жемісі болар, институтты тәмамдаған соң, облыстық комсомол комитетіне лекторлық қызметке шақырту келді. Сатылап өсіп, 1979 жылы Лениншіл Коммунистік Жастар Одағы орталық комитетінің насихат және мәдени-көпшілік жұмыстары бөлімінің меңгерушісі болды.

Әлі есімде, 1981 жылы Биғали Қазақстан комунистік партиясы  Орталық комитеті үгіт-насихат бөлімінің шақыртуымен осы бөлімге нұсқаушы болып барды. Жастар арасында шыңдалған оған әлеуметтік салалар – білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорттың басы-қасында болып, аса жауапты сыннан өтуге тура келді. араға жыл салмай жатып-ақ, яғни 1982 жылдың қаңтар айында Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиум төрағасы Саттар Имашевтың көмекшісі қызметіне шақырылды.

Биекеңнің айтуынша, ол кісі аса оқымысты адам болған. Жеке кітапханасында 10 мыңның үстінде кітап қоры жинақталған. С.Имашевтан соң бұл қызметке Бәйкен Әшімов келіп, 1985 жылға дейін оның да көмекшісі қызметін атқарды. Бітім-болмысы бөлек тұлғаның мектебінен өтті.

Биекең туралы Бәйкен Әшімов төмендегіше естелік қалдырыпты:

– Менің көмекшім комсомолдан өскен Биғали Қаюпов – сауатты да тәрбиелі, қызметке ұқыпты жігіт. Кейінірек сырқат ата-ананы күтемін деп туған елі Қызылордаға көшті. Онда Сырдария аудандық ауатком төрағасы, одан соң Арал ауданының әкімі болып, қызметте іскерлік көрсетті, халық алдында абыройлы, беделді болды. Осы күні Парламент депутаты. Қызметтес болған уақыттағы қарым-қатынасымыз үзілген жоқ. Биғали мен Мәншүк келініміз хабарласып, сәлемдесіп тұрады.

Туған жерге оралып, Сырдария аудандық атқару комитеті төрағасы қызметіне келгенде шаруашылықты өркендету, қаракөл қой шаруашылығын дамыту, құс фабрикасы жұмысын жолға қою тәрізді сан алуан жұмыс басты назарда болды. Сондай-ақ МИС-ке бүкілодақтық дәрежедегі ауыл шаруашылығы техникаларын алдырып, сынақтан өткізуге, күріш сорттарын жақсартуға барынша күш салды. Ауданға Сыр өңіріндегі алғашқы жылыжай салынып, көкөністі ерте көктемде-ақ тұтынушыларға ұсына бастады. Әлеуметтік салаларда да атқарылған жұмыс көп еді.

Ол 1987 жылы Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіне барды. Сол жылы күріштің әр гектарынан 53 центнерден Сыр маржаны жиналса, келесі жылы гектарына 55 центнерден, ал кейінгі жылдары 60-65 центнерден өнім алуға қол жеткізілді. Аяқсу каналдарының тазалануы, егістік жердің тегістелуі, жаңадан ауыл шаруашылығы техникалары алынуының басында күні-түні жүруге тура келген. Аудан басшылығында болған бес жылда Жалағаш аймақта ғана емес, республикада көш басында жүрді.

1992 жылдың ақпан айы. Еліміз тәуелсіздігін алған алғашқы жылдардың ауыртпалығын арқалауға, яғни ел еңсесін тіктеуге барынша күш-қайрат жұмсауды қажет ететін күрмеуі қиын кезең еді. Осы бір сындарлы шақта Биғали Әбдікерұлы өзінің туған топырағы – Арал ауданына әкім болып барды.

Иә, Аралда әкім болған 1992-1995 жылдар аса ауыр кезең еді. Елімізде қайта құру басталған, экономикалық дағдарыстың шым-шытырығынан шығар жол табу қажет. Мемлекеттік меншік нысандары жабылып, жаппай жекешелендіру белең алған кезең. Адамдар жұмыссыз қалып, қос қолын қалтаға салып, көше кезіп кеткені баршаға аян. Азын-аулақ жалақы, зейнетақы 5-6 айлап төленбейді. Арал теңізі тартылып, экология қасіретіне шалдыққан жұртшылықтың ахуалы мүлде нашар. Тартылған теңіз табанында кемелері қайырлап қалған балықшылар өзге аймақтарға үдере көшіп жатты.

Не істеу керек? Экологиялық қасіретке шалдыққан Арал туралы заң қабылдауға барынша күш салу керек деген тоқтамға келді.

Иә, айтса айтқандай, Тәуелсіздік жылдарында Арал проблемасына және оның адамзатқа тигізген зардабына аса мән берілді. Биғали 1992 жылы 30 маусымда «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның қабылдануына қатысты. 1993 жылдың 26 наурызында Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) құрылып, Арал теңізін құтқару жөнінде арнайы комиссия жасақталғанда осы комиссия мүшелігінде болған. Осы топтың бастамасымен Аралды сақтап қалу мақсатында ғасыр жобасы атанған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы өмірге келді. Жобаның бірінші кезеңін іске асыру нәтижесінде, өздеріңізге мәлім, кеткен теңізіміздің Кіші Аралы қайта оралды. Бүгінде Кіші Аралда 24-ке жете балық түрі бар. Жылына 8 мың тоннадай балық ауланып, таяу және шалғайдағы елдерге де жіберіліп жатыр.

Кіші Арал толқынының жағаға жақындауы Арал аймағын қайтадан ажарландыра бастады. Кеме жөндеу зауытының орнына вагон жөндеу зауыты бой көтерді. Тігін фабрикасы қайта іске қосылды. Ақбай ауылына аяқсу жеткізіліп, көкөніс өнімдері тұтынушыларға жетті. Астық өнімдері базасына бидай әкелініп, жоғары сортты ұн шығарылды. Арал ұнына жер-жерден сұраныс көбейді.

Иә, еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары Арал аймағында алынған асуларды санамалап шығу әсте мүмкін емес. Осындай қиын кезеңде ұлан-ғайыр істердің басы-қасында жүрген, туған топырағының түрленуіне өзіндік қолтаңбасын қалдырған Биекеңнің еңбегін аралдықтар күні бүгінге дейін жыр ғып айтады. Жоғарыда басты-бастыларын ғана тілге тиек еттік.

Биғали Қаюпов Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің, одан соң ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды.

– Тәуелсіздік туын көтерген еліміздің декларациясын, Конституциясын, Елтаңбасы мен Әнұранының қабылдануына қатысқаным – жүрегіме мәңгілік жазылып қалған мақтаныш. Бұл – бір.

Екіншіден, сол кезде Арал туралы  зерттеу жүргізіліп, заң қабылдауына қатыстым. Семей полигоны жөніндегі заң Аралдан кейін қабылданғанынан ел-халық хабардар болар. Сол жылдары Кеңес одағы коммунистік партиясы Орталық комитеті жанындағы қоғамдық ғылымдар академиясында дәріс алып, қоғамдық тәртіп мұғалімі мамандығын игердім. Ал 1992 жылы осы академияда экономика ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын қорғадым, – деді ол.

Биғали Әбдікерұлы Парламент Сенатының депутаты болған кезеңде кейбір салалық заңдар Одақтың көш басында болған Ресейден де бұрын қабылданды. Бір ғана тарихи шешімді айтайын. 1996 жылы астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру мәселесі қызу талқыға түсіп, нәтижесінде 1997 жылдың желтоқсан айында көшірілді. «Көш көлікті болсын» деп атам қазақ айтқандай, ол елорданың жоспарын талқылап, бекітуге қатысқанын мақтан тұтады.

Биекең Президент Әкімшілігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінде мемлекеттік инспектор болды. Кейін «ПетроҚазақстан» акционерлік қоғамы президентінің бас кеңесшісі болып, аймақта мұнай мен газ өнеркәсібінің өресі биіктеп, өркен жаюына үлес қосты. Бертін келе, Қармақшы, Жалағаш аудандары әкімі қызметіне тағайындалды.

Қандай да бір тұлғаны уақыт пен әлеуметтік жағдай туғызады. Ол Қармақшыға келген бойда Байқоңырдың болашағына барлай қарап, ондағы қазақстандықтардың жай-күйін зерттеді. Байқоңырлықтардың жағдайын жақсарту жолында Ресей Үкіметімен тікелей байланыста болды. Мұнда 1200 орындық қазақ орта мектебі, 280 орындық балабақша, сондай-ақ перзентхана салынды. Бүгінде Байқоңырда 7 қазақ орта мектебі бар, ал тұрғылықты халықтың жартысынан астамы – өз қандастарымыз.

Қармақшы ауданында сол жылдары көп ғимарат бой көтеріп, тұрғындарға тарту етілді. Сондай-ақ Сыр маржанын жинауда да алған асуы биік.

«Билік те, байлық та уақытша. Ал менің басты байлығым – ұрпағым» деген Биғалидің өмір жолы ғана емес, өнегелі де өркенді отбасы ұрпаққа ұлағат мектебі іспеттес. Мәншүкпен бірге қыздарын қияға, ұлын ұяға қондырды. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішерді» мұрат тұтқан олардың бірі елімізде, енді бірі шетелде қызмет атқаруда.

Салмақты да сабырлы, білімді де білікті, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен Биекең биігі мен арман-мұраты аласармаған күйі алға басып келеді.

Еркін ӘБІЛ,

жазушы-журналист

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<