Туған жерін тарихта қалдырған

490

0

Туған жерінде сыйлы болған азаматтың қадірі артық. Сондай арда көңіл абзал жандардың бірі – Қуанышбай Ердіхалықов. Бұл кісі қарымды істердің адамы. Әр жылдардағы өңіріміздің өмір ағысына, тіршілік-тынысына қарап отырсақ, қайратты да қажырлы аға қандай қызметте, қандай жұмыста болса да, елдік шараларға бел шеше белсене кірісіп кететінін білеміз. Ол кісінің елдің жүгін көтерген мұндай қарекеттерін айтып тауыса алмаспыз.

Қуанышбай ағаның өмір жолы алдында ұшырасқан қиындықтар мен кедергілерді жойып, алға ұмытылудан тұрады екен. Әйтпесе ол жүрген жол тақтайдай тегіс болған жоқ. Бүгінде қарап отырсақ, оның ғибратқа толы өмірінің жасампаздықпен сәулеттенген негізгі бағдаршысы да, жаңа істерге леп беретін бастаушысы да өзі болды.

Ол 1943 жылдың мамыражай мамырында айдын шалқар ұлы теңіздің батыс қойнауындағы ғажайып өңір Көкарал елді мекенінде өмірге келген. Бұл ауыл ол кезде Ленин атындағы балық колхозы деп аталатын. Ақ көбік шашқан асау толқынмен арпалысып, су маржанын сүзген нар кеуделі балықшылар қонысы еді. Жарықтық әкесі Ердіхалық қайратты әрі көзі ашық, көкірегі ояу кісі-тін. Қияндағы түкпірден қалаға келіп, Арал мемлекеттік балық тресінің оқу бөлімінен кәсіби білім алған. Ауылда алғаш болып мектеп ашылғанда, сонда бала да оқытқан. Онан кейінгі жылдары осы балықты өңірді түлету, заман талабына сай өндірісін жолға қою, жан-жақты дамыту үшін бір кісідей-ақ маңдай терін төккен. Сөйтіп жергілікті жердегі колхоз құрылысының бір ардагері атанды. Бірнеше мемлекеттік марапаттар да алды. Ердіхалықтай айбарлы әке мен асыл ана Зейнегүл тәрбиелеп өсірген алты баланың бірі Қуанышбай аға «Әке көрген оқ жонар» деп, өмір бойы елдің жүгін ер болып арқалап келе жатса, ол халқы сүйген ардақты қоғамшыл әкенің жолын жалғастырғаны еді. Әрине, Қуанышбай ағаның бірге туған бауырлары Шыман, Сайын, Биболаттар да аяқтарын үзеңгіге салғалы әртүрлі салада жарқырап көрінген өз мамандықтарының елге танылған үздіктері болды. Ең бастысы, қай-қайсысы да «Болсаң Ерекеңнің балаларындай бол!» деген ел аузындағы мақтау сөздің тууына себеп болды. Жақсы әулеттегі жақсы дәстүр жалғасын табады ғой, қазір келесі буын ұрпақтары еліміздің түкпір-түкпірінде еселі еңбек етіп, бақ жұлдыздарын жағып жүр.

Иә, Қуанышбай аға әуелі ауылдағы мектептің бар сыныптарын тауысып, одан соң №22 Ауан орта мектебінде оқып, 1960 жылы тәмамдаған. Мұнан соң туған жерден ұзап, Кеңес Армиясы қатарында азаматтық борышын өтеді. Арал қаласындағы ауылшаруашылық кәсіптік училищесін, кейін Алматы энергоқұрылыс техникумын бітірген. Алғашқы еңбек жолын ең қарапайым мамандықта – тракторшы, электрик болып бастаған. Өмір ағысы, жүрек қалауы Қуанышбай Ердіхалықұлын тұлға ретінде қалыптастырған сала – энергетикаға әкелді. 1970 жылдан бастап Арал аудандық электр жүйесі мекемесінде диспетчер, мастер, инженер, бастықтың орынбасары секілді басқыштармен жоғары өрлете бастады. Жауапкершілігі өте мол салада бірте-бірте сатылай өсуі – оның іскерлігін, техникалық білімінің тереңдігін, дұрыс шешім қабылдау қабілетін даралады. Сөйтіп Қызылорда облысы энергетиктері арасында бай тәжірибеге ие белді маман-кадрға айналдырды.

Еліміз тәуелсіздік алып, қай салада да өзгерістер бола бастағаны секілді, жұртшылықты жарықпен қамтамасыз етуге, энергетикада да жаңа жүйелер, нарықтық заманға бейімделу, уақыт сұранысына сай болу кезек күттірмеді. Осы тұста Қуанышбай Ердіхалықов басшылық қызметке жоғарылатылды, сенім танытылды. 1995 жылдан бастап аудандық электр энергиясы мен жабдықтау мекемесінің бастығы, 1998 жылдан Арал, Қазалы аудандарын жабдықтайтын «Дәулетэнерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры қызметтерін атқарып, тек таяу айларда ғана басшылық қызметін өзі тәрбиелеген, өндірістік шыңдаудан өткізген кейінгі буындарға табыстап, марқайған көңілмен еңбек демалысына кетті. Өйткені, осы мекеменің әп дегеннен іргетасын қалап, керегесін кеңейткен, шаңырағын биіктеткен өзі еді.

«Бейнеттің де зейнеті бар» дегендей, жарты ғасырдан астам еңбек жолын жүріп өткен азамат ендігі кезекті ақылман абыздыққа, ел-жұрттың алдындағы аталыққа орын ауыстырғандай. Талай-талай белгілі азаматтар, ел таныған ерен тұлғалармен істес, дәмдес, сыйлас болып жүріп, қаншама өмір ғибраттарын жинап, енді соны кейінгі буынға жеткізетіндей шаққа жетті.

Біздің алдыңғы буынның белгілі азаматтарының айтарлықтай бір ерекшелігі – жан-жақты білімділігі, екі тілге бірдей жүйріктігі, тарихты да, басқаны да көп оқитындықтары, сондай-ақ өнер мен мәдениетке дендеп, көркем әдебиетті бойларына терең сіңірген рухани бай, рухты жандар болды. Солардың бір үлкен өкілі осы Қуанышбай аға деп айтар едік. Ұзақ жылдар бойы көз жанары ауырып, қиналып жүрсе де, бұл кісінің небір кітаптарды ақтара талдап, ой түйіп отыратыны бар.

Сондықтан да Қуанышбай ағаны біреулер – өзінің төл саласы энергетиканың аймағымыздағы қыран қанатты саңлағы деп біледі. Енді біреулер – ұзақ жылдар ел-жұрттың аманатын абыроймен арқалаған ақиқатшыл депутат деп біледі, енді біреулер – қысылғанға қамқор болған, жаны жаралыны жұбатқан, қайыр-қомы мол азамат деп біледі, ал ұлы теңіздің бір қойнауы Көкаралдың тумалары – оны туған жердің шын жанашыры, ата-жұрттың бүкіл өткенін шегелеп жазған, жоғалмастай қылып хаттаған атамекеннің біртуар перзенті деп біледі, ал жастар жағы оны айтары мол ақылман ақылшы, өнер додалары мен спортта байрақ көтеріп аудан намысын қорғауға талап қылып талпынғандарға демеуші меценат деп біледі.

Өз әулетін, шыққан тегін өрнектеп жазған «Құтты шаңырақ», «Дүйсем аталығының шежіресі» атты кітаптарын шығарған аға бертінде үлкен жұмысты қолға алған. Сол еңбегінің жемісі 2020 жылы жарық көрген «Тарихы кенен Көкарал» кітабы болды. Бұл тарихи-ғұмырнамалық жинақ – ата-бабаларына жайлы қоныс болған атамекенге деген мәңгілік әрі сарқылмас сағынышынан туған кітап. Жүрек пен санадағы сартап сағыныш ешқашан тарқамас, өйткені Қуанышбай аға жағасында өскен баяғы ұлы Арал теңізі көз алдында тартылып, туған ауылы Көкарал айналдырған 20-30 жылда жер бетінен біржолата жойылып кетті. Кешегі балықшылар амалсыз жан-жаққа жамырай көшті. Туған жерде ауылдың көне жұрты мен ата-баба бейіттері қалқиып қалды. Осының бәрін көзбен көрген, көңілден өткерген арда азамат географиялық картадан жойылған ауылын санасында қайта жаңғыртып, аталған кітапты жазуға итермелеген. Бір жағы ол перзенттік мұраты да болған шығар. Көкарал ауылының тарихын түгендеп, тарихқа хаттап қойды. Сөйтіп кешегі қауым елдің жан-жаққа тараған ұрпақтарына ескірмес естеліктер қалдырды.

Туған жерінің алдындағы тағы бір атқарған ісі – киелі қонысы Көкаралдағы жұртына биіктігі 2 метр, ені 70 сантиметрлік қызыл граниттен ескерткіш қоюы. Ескерткішке ауылдың қысқаша тарихын ойып жаздырды. Айналасын бетондап, темір қоршаумен қоршатты. Гранит тақтаның астыңғы жағына көрнекті етіп «Туған жердің қайта түлейтініне сенеміз» деп жаздырды. Бұл асыл ағаның жүрегіндегі ұлы арманы екендігін білеміз. Сол арманы орындалғай, көк теңіз қайта шалқып, Көкаралдың қойнауына су келсе екен.

Ел құрметіне бөленген Қуанышбай ағаның марапаттарының өзі бір төбе. Ол – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген энергетигі. Ол – Арал ауданының құрметті азаматы. Бірнеше мемлекеттік медальдардың иесі. Халық сеніміне қалтықсыз ие болып, Арал аудандық мәслихатының екі шақырылымының депутаты болып сайланған.

Асыл жары Патшайым екеуі алтын асықтай алты бала тәрбиелеп, өсіріп, бүгінде олар бір-бір шаңырақ болып, Ердіхалықовтар әулетінің ауқымын көбейтіп отыр.

Міне, енді биылғы туар мамыр айында Қуанышбай Ердіхалықұлы 80 жастың биік сеңгіріне көтерілмек. Оның әрбір жылы өмірдегі өз орнын нықтай, адамдар арасында өзінің адами алып қасиеттерін жарқырата көрсету болып келе жатқаны шындық. Ол уақытын бір сәт те бостан-босқа, жайдан-жай өткізіп көрмеген. Біз соны білдік, соны таныдық. Оның өмірі – ел-жұртым деп туған жерге еңбек етудің үлгісі, өнегелі ғұмыр.

Жұмабай ЖАҚЫП,

Қазақстанның Құрметті журналисі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<