«Ұялыдан» басталған ұлы жол

912

0

Дүниеге келген қай-қайсымызда да ауыл дейтін туған жер, өскен өлке болатыны белгілі. Бүйіріңде бүлкілдеп жататын осы ұғымды киелі санаймыз. Сөйте тұра қала дейтін қарбаласы көп дүрмектен шықпай, оны ұмытып жатамыз. Бұл ауылда өсіп, сол топыраққа аунағандар үшін айтылған, соларға бағытталған сөз еді. Расымен алыста қалған ауылға ай емес, кейде жылдап ат ізін салмайтындар бар. «Шіркін-ай, осы демалысымда ауылға барып, айлап жатпасам» деп қиял кешкеніңмен қолды байлар қым-қуыт тіршілік қалада біткен бе?!

Осы жазбаға арқау болған кейіпкермен тіл табысуымызға себеп – ауыл  тақырыбы. Бекқали ағаның біздей сағынар ауылы жоқ. Мүлде болмаған деп айту қиынсыз, бір кездері атағы аңызға айналған «Ұялы» дейтін ел болған еді. Оның кіндігі кесілген бұл ауылды қазір картадан таппайсыз. Арал теңізі тартылғалы солай.

Ақ тастың құпиясы

Бұл таныстық қалай басталған еді өзі? Бір жыл бұрын Арал теңізінің Қарақалпақстанмен шекаралас беткейіндегі балықшы ауылдың бұрынғы жұртына бардық. Теңіз тарихына деген қызығушылық осылай «жорыққа» шығарып тұратыны бар. «Қызылқұм», «Бектау» «Ұялы» сияқты елде бір кездері балық пен мал кәсібін қатар алып жүрген бабалар ізі жатыр. Сонда жүріп көргеніміз ғой. «Ұялыдағы» ескі жұрттың орнында қираған үйіндімен қатар көзге түскені – аппақ тас. Мені ерекше толқытқан да осы. Ақ таста бір ауыз сөз. «Бұл жерде «Ұялы» атты елді мекен болған». Ескерткіш тасты кім қойғаны белгісіз, өйткені, мұнда басқа басы артық сөз оқи алмадық. Бір анық дүние – тасты туған өлкесіне сағынышы бар жанның әкелгені анық.

Сапардан оралғанымда ауыл орнын ұмытпаған, дұрысы ескерткіш қойған азаматты таптым. Танысып, тілдесіп, тіпті ағалы-інілідей араластығымыз басталды. Әлі де тіршілігі түзу ауылына ат ізін салмай, салса да қайыры тимейтін қалталы қазақтың көбін білетін бізді, Бекқали ағаның елу жыл бұрын тарап кеткен ауыл орнына жиі соғатыны таңғалдырған. Ескерткіш тасты да сонау Ақтаудан алдырып, перзенттік құрметі ретінде орнатқан осы кісі. Белгілі меценат, Қазалы ауданының Құрметті азаматы, «ҚР Құрметті автокөлікшісі», «Шапағат» медалінің иегері, қанаттаса жатқан қос аудан – Арал мен Қазалы халқына қажырлы еңбегімен жаққан азаматтан ақ тастың құпиясын сол кезде білдік.

Бекең туған «Ұялы» жайлы дерек көп. Менің қолымда бұрыннан сол елден шыққан Ахат Әлиұлының жазбалары бар-тұғын. Сонда айтылғандай, Ұялы – Ұлы теңіз (Арал теңізі) қойнауындағы ұзынша орналасқан арал. Ұзындығы 20, ені екі жарым шақырым шамасында. Басты тіршілік көзі – балық аулау. Жағалаудан тыс жатқан аралда 1973 жылға дейін ауыл болған.

Деректерде қазіргі аппақ сор басқан далада 1928-1930 жылдары «Бектау», «Ұялы» ауылдық кеңестері құрылған. Көп тұрғын үй салынып, мұзқала, клуб, монша, мектеп, мәдениет үйі, наубайхана, дүкен орындары кешегі күнге дейін қабырғасы құламай тұрған деседі. Соғыс уақытында балық жағынан мол азық ұйымдастырған ұялылықтардың өзінде жеті балық қабылдау пункті болыпты. Кеңестік жүйе кесірінен жер аударылған түрлі ұлт өкілдері осында жұмыс істеген. 17 ұлтқа мекен болған осы аралдың сыртпен қатынасы тек су жолы ғана еді. Жолаушылар тасымалдайтын кемелер жүрген. Мұнда тұщы су қоры да мол болыпты. Жергілікті жұрт құдық қазып, ауызсуды осылай іске асырған. Сондағы түрлі ұлтты ұйыстырып, бір жерге жинаған не нәрсе дерсіз?! Әрине, теңіз бен ондағы есепсіз байлық болатын.

Теңіздің тартылуымен бірге мұндағы бірнеше балықшы ауыл күйреді. Содан бері жарты ғасырға жуық уақыт өтіпті. «Ұялы», «Бектау», «Қосшоқы», «Үшмырза», «Ұзынқайыр», «Тасты», «Жалпақ» сияқты ғажайып жерлер тек естелік болып қана айтылады.

– Иә, мен туған ауылдың аты – «Ұялы». Менің өз түсінігімде мына әлемде оған жетер жер жоқ. Мен «Ұялыдан» онша алыс емес Қазалыда тұрсам да сол мекен менің есімнен шықпайды. Бәрінен бұрын ауыр тиетіні – ол жерде бірде-бір пенденің қалмауы. Ешқандай үй жоқ. Бір кездері балығымен баршаға танылған ауылымның бұл жағдайға түсуі жүрегі бар адамды жабықтырмайды дейсің бе? Сағынамын, сағынғанымнан болар, 2008 жылы жазда Ақтаудан арнайы 5 тонналық тас алдырып, иесіз қалған өз ауылыма ескерткіш орнаттым. Әрі «Ұялыдан» шыққандар осында жиі соқса ғой деп арман қылдым, – деп ағынан жарылды Бекең.

Теңізбен бірге тіршілігі тоқтаған «Ұялысын» ұмытпайтын бір адам қалса, ол да осы Бекқали болар. «Ұялыдан» көрген ақ тастың құпиясы осы.

Замана желі өзгерткен соқпақ

Бекқалиды былайғы жұрт тек кәсіпкер деп қана танитын болар. Шыны керек, оған дейінгі өмір жолынан мен де хабарсыз едім. Араласа жүріп, анық-қанығына жеткенбіз. Бекбауыловтың бизнес саласына келуінен бұрын басқа кәсіппен айналысқанын есіттік.

– Әкем «Ұялыдағы» нан пісіру цехының меңгерушісі болды. Шешем сонда жұмыс істеп, ауылдастарға ыстық нан пісіруші еді. Ауылда сегізжылдық мектепте оқып, қалған жоғары сыныпты қазіргі Бекарыстан би ауылындағы орта мектепте жалғастырдым. Онжылдықты тәмамдаған соң, әке-шешенің «көз алдымызда бол» дегенінен аспай, Қазалыдағы ауыл шаруашылығы техникумына түстім. Әйтпесе, арманым – Алматыдағы зооветеринарлық институт болған еді, – дейді ол.

Техникумнан соң ол жолдамамен Көкшетауға кетпек болған. Бұл жолы да үлкендердің сөзінен аспады. Ауылда  өскен  ұлға қарттардың сөзі заң іспеттес. «Ұялыда» жатып, ұдайы тілеулес әкесі Бекбауыл мен анасы Бибіажардың тілегін тыңдады. Еңбек жолын «Бозкөл» кеңшарында бастап еді осылай. Аз уақытта елгезектігімен көзге түскен жігіт бонитировшыдан қаракөл қабылдаушыға, одан ферма зоотехнигіне дейін өсті. Бұдан да жоғары қызметке өсер ме еді, әке-шешеден «елге жетсін» деген хабар келмегенде. «Бозкөлде» бар-жоғы алты ай қызмет істеген Бекқали «Ұялысына» оралды.

– Елге келген соң осындағы балық учаскесіне кассир-есепші болып орналастым. Оған қоса іс жүргізуші деген жұмысты мойынға арттық. Ұмытпасам, 1971 жылы балық учаскесі комсомол ұйымына жетекші болып сайландым. Арасында Аралға іссапармен шығып, комсомол жиналысына қатысатының бар, одан қалды балықшылардың айлығын бір айда екіге бөліп, аванс, жалақы ретінде таратасың. Ол уақытта «Ұялы» мен Арал қаласының арасы 361 шақырым. Ұшақ екі араға тек тақ күндері ұшады. Бір жарым сағатта баратынбыз. Ал балық таситын кемемен жүрсек, 28 сағат уақытың кетеді. Сол шалқыған теңіз біртіндеп тартыла бастады ғой. 1972 жылдың күзінен бастап балықшы қайықтары қайырлап жағаға жете  алмай қалды. Тіршілік ету қиынға соқты, қоныс аудармаса болмайтын еді. Көбісі 1973 жылдың көктемінде біздің «Ұялыдан» он шақырым жатқан «Бектауға»  көшті. 1976 жылдың жазында ол елді мекен де тарап, ал «Ұялыға» қарасты балық аулау жұмыстары толық тоқтады. Ау-құралдары мен қайық-кемелері Арал қаласына апарып, тапсырылып жатты. Көзін балық аулаумен ашқан балықшыларға өз кәсібінен айырылу өте қиын еді. Атақоныстан көшу кім-кімге де оңай емес. Алты-жеті айға дейін үзік-созық созылып, ауылды қимай қоныс аударды көбісі. Менде қызметімді сол Бектауда жалғастырдым, – деп еске алады өткен күндерді Бекқали аға.

Тараған қос ауылдағы қызметінен соң Бекеңнің ендігі дәм-тұзы Қазалыдан бұйырды. Аудандық қамсыздандыру бөлімінде инспектор, одан соң  Қазалы аудандық шикізат дайындау  мекемесіне шақырылды. Алғашында товаровед, одан соң мекеме директорының орынбасары болды. Осындай мол тәжірибемен арада біраз жыл артқа салып, қазіргі Қожабақы ауылындағы жұмысшылар кооперациясы басқармасының төрағалығына тағайындалды.

– Тәуелсіздік алған кездегі тоқырауды ел әлі ұмыта қойған жоқ. Жекешелендірумен біразы тарап жатты. Мекемені сақтап қалу жолында бар мүмкіндікті қарастырдық. Ұқсату цехтарын ашып, ұмытылып жатқан киіз басу өнерін қолға алдық. Бау-бақша егіп, өнімін өткіздік. Ауылдағыларға балық аулатып, оны сатып, ауысқанын тұздап, ыстап пұл қылатынбыз. 1992 жылы Алматыда өткен «Қарқара» жәрмеңкесінде де балығымыздың қатты сұранысқа ие болғаны бар. Түрлі затқа айырбас жасау арқылы елден қаракөл терісін жинағанбыз. «Бірлік» ауылында тігін цехын ашып киімге жаға, бас киім тіктіріп те сатқанбыз, – дейді Бекең.

Алға ұмтылып, жоқтан бар жасап, түрлі кедергіден қаймықпай, жаңалыққа, заман лебіне бейімделген Бекқалиды осының бәрі кәсіпкер болуға шыңдаған сияқты. Әрі жасынан ұйымдастырушылық, іскерлік қасиеті бар оның бүгінгі өзі құрған «Қазалы-Жолаушы» ЖШС басқарып кетуіне көп көмегі тиді.

Ол серіктестік құрмастан бұрын бұл саланың қыр-сырын да білетін. Облыстық «Жолаушы» мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Қазалы ауданы бойынша филиал директоры, бес жылдан соң «Жолаушы» аудандық мемлекеттік кәсіпорнының басшысы болып істеді. 2000 жылы аудан түгілі, облыста жоқ таксиге тапсырыс беру  қызметін  ашып,  жеке кәсібін бастады.

– 2001 жылы әр үйдің  алдында қаңырап тұрған, жергілікті халық «таблетка» деп атайтын «УАЗ» көліктерін жинадық. Осылайша аудан орталығынан жолаушы тасымалдайтын көлік бағыттарын жолға қойдық. Бұл жобаға көрші аудандар да қызығып, алып жатты. Кәсіпорынның әу бастағы мақсаты – жолаушыларға қызмет көрсете отырып, құрылымын жақсарту. Негізгі атқарар жұмысымыз – тендер арқылы аудан мен одан тыс жерлерге жолаушылар бағытын жеңіп алған көлік жүргізушілердің жүріс кестесін бұзбауын қадағалау. Жолақының белгілі тарифтен аспауын, көлік тазалығы мен техникалық жағдайы, жүріс кестесінен кешікпеуін ұдайы назарда ұстадық. «Қазалы Такси» ЖШС арқылы таксиге, автобусқа тапсырыс қабылдайтын диспетчерлік орталық ашып, серіктестік арқылы 150-ге жуық таксиге бес жерден автотұрақ ұйымдастырылды,  – дейді ол.

Бекқали аға уақыт талабын тез түсініп, жаңа автотұрақ ашты. Арнайы жер рәсімдеп, барлық бағыттағы автобусты осында жиған. Ақыры автотұрақтың ізі су жаңа автобекет салуға алып келді. Бұл 2014 жылы болатын. Бүгінде «Нұршуақ» атымен танымал бекеттің әу бастағы тарихы осылай басталған. Күніне 700-800 жолаушы қабылдайтын автобекетте барлығы қарастырылды. Кәсіпкер бекет құрылысының заман талабына сай жүргізілуін әбден қадағалаған сияқты. Мұнда күту залынан бөлек, асхана, касса, жүргізушілерге арналған демалыс бөлмесі, ана мен балаға арналған бөлме, жүк сақтау қоймасы, медпункт және дәріхана болды. Аудан тіршілігіне елеулі өзгеріс жасаған оның бұл жұмысына бүгінде қазалылықтар алғыс айтумен келеді.

– Сол жылдары отбасымызбен ойласа келе «Қазалы Отын» серіктестігін құрдық. Мұндағы мақсат – аудан тұрғындарын көмір және құрылыс материалдарымен қамту. Ұзындығы 310 метр, 30 вагон сиятын теміржол тұйығын салып, қазір онда 20 адам жұмыс істеуде. Адам ысылған сайын тәжірибесі толысып, бір идеядан екінші бір идея қарастырып, сол жетістікке жетуді мақсат етеді. Еңбектенсең ғана жұмысың жемісті болмақ, –дейді Бекқали аға.

Жақсылыққа үндеу – парызым

Арнайы сөйлескенімізде ол осы сөзді жиі айтты. Иә, бүгінде 70 жасқа келген Бекқали Бекбауылов жайлы жаза берсек, дүние көп. Кәсіп ашып қана қоймай, қаймана қазаққа қол ұшын бергенін барлық Қазалы жұрты білер. Аудандық мәслихатқа депутат болып, өзекті мәселелердің шешілуіне үлес қосты. Ардагерлерді ардақтап, аудан мен облыстан шығатын мерзімді басылымдарға өз қаржысымен жаздыратын. Аудандағы балалар музыка мектебіне демеушілік көрсетіп, бір жылдары «Бірлік» ауылынан өз қаржысына жаңа мешіт тұрғызды. Орталықтағы «Шұғыла» балабақшасына спорт алаңын салғызды. Ауданда өтетін қандай да бір шараларға қаржы таппай қысылғандар Бекеңді іздейді. Жоқ демейді мұндайда. Керекті қаржысын лезде жеткізеді. Тек өтетін шараның халыққа берер тағылымы мол болса болғаны. Оның қатарында алты мәрте Қазалы ауданының «Жыл меценаты» атануы осы сөзімізге дәлел.

Қайырлы іс жасауға балаларын да тәрбиеледі. «Аналарыңдай дастарханды болыңдар» деуден жалықпайды. Рас, қосағы Мәншүктің қолынан дәм татпаған ағайын-туыс, жолдас-жора жоқ. Шаңыраққа қонақ көп келеді. Мұндайда қабағында қылаудай кірбіңі жоқ жарына келген-кеткен кісінің ризашылықпен алғыс білдіретіні бар. Азаматына әбден берілген Мәншүк Дәуітқызы қырық жылға жуық акушерка болып, аудандағы ана мен бала саулығына үлес қосып, тер төкті.

Екеуі өз балаларына «Адамның күні адаммен» деген қағидатты әбден үйретті. Жабыққан жұртқа демеу, жолдастыққа адал, өтірікке қас болуды әрдайым санасына сіңірді. Жалпы ата-ана бойындағы жақсы қасиет балаларына сіңбей тұрмайды. Бала айтқанды емес, көргенін қайталайтынын білетін бұлар өздері көрген қазақы тәрбиені ұл-қызына берді.

– Үлкенімнің есімі – Майра. Анасының жолын қуып, Ақтөбедегі медицина училищесін бітірді. Қазір аудандық емханада медбике. Екінші қызым – Айнам мұғалімдікті тәмамдап, мектепте балаларға білім беріп жүр. Жақсыбай мен Нұржан есімді күйеу балаларым бар. Қос қызымнан Саида, Динара, Лаура, Алуа, Алау дейтін жиендерім өсіп келеді. Ал кенжем – Рауан Қызылорда қаласында қызметте. Екі бірдей жоғары оқу орнын бітіріп, алдымен облыстық прокуратурада жұмыс істеді. Бүгінде қалалық прокуратураның тергеу бөлімінің басшысы. Шүкір, өз саласында абыройлы. Суреті үздік қызметкері ретінде Құрмет тақтасында тұр. Келінім Гүлдина екеуі бір мектепте, бір сыныпта оқып еді. Гүлдинам сол қаладағы мектепте химия-биология пәнінен сабақ береді. Нұршуақ, Нұржаусын, Нұршат есімді тәп-тәтті немерелерім бар, – дейді меценат.

Қош, Бекқали ағаның атақ-дәрежеден кенде емесін сөз басында айтып кеттік. Бірақ осының ең ұшар басында – халықтың алғаусыз ақ тілегі, бір кездері бағып-қаққан ата-ана мен арқасынан қағып, ақ жол көрсеткен ағаларының ықыласы тұр. Сондай-ақ біз ұмытпайтын  бір  нәрсе бар. Адам дүниеге келген соң алдымен адам болып қалуды, азаматтық деңгейге жетуді мақсат етсе керек. Кейіпкеріміздің ұстанымы осы. 70 жастың желкенін керген Бекеңнің бұған дейінгі де, бұдан кейінгі де өмір соқпағы бүгінгі буынға үлкен өнеге болары сөзсіз.

Сөз соңы. «Ұялыдан» ұшқан мықты ұл көп еді. Тұңғыш Премьер-Министр Ұзақбай  Қарамановтан бастап, талай тарландар осы топырақтан шықты. Денсаулық сақтау саласындағы Дербісәлі және ұлы Бақытжан Сексенбаев, жазушы Әбсаттар Оспанов, филология ғылымдарының докторы Жеңіс Сәдуақасов, доцент Егізбай Қанатов, ұлттық қауіпсіздік саласында көп жыл еңбек еткен полковник Қалдыбек Өмірзақов, полиция полковнигі Әлімжан Жарылқағанов, ғалым Оңғарған Бермаханов, т.б. ұлтқа қызмет еткендер «Ұялыдан» еді.

«Ұялыға» жиі баратын Бекқали Бекбауылұлы тарихи ауылдың атын есте қалдыру мақсатында Әйтеке би кентінен көше атын алуға еңбек сіңірді. Жылда жаздыкүні туған ауылға зиярат жасап, марқұм болған ұялылық ағаларына ас беріп жүр. Биыл да сол үрдіс жалғасын таппақ. Бекқалидай ұлы ұмытпаған «Ұялыдай» өлкенің қандай киелі екенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<