Егемендік ұғымы – кез келген мемлекеттің жалпы сипаттамалық белгілерінің көрсеткіші. Ғылыми терминологияда ұлттық және халықтық егемендік түсінігі де бар. Демек, мемлекеттік құрылымның қалыптасуында ұлттың немесе халықтың үстемдігі болуы тиіс. Ал қазіргі саяси ғылымдарда тұлға немесе азамат егемендігі деген термин де кең қолданысқа ие.
Өткен ғасырдың 90-жылдарының басында Еуразиялық кеңістікте КСРО-ның ыдырауы қарсаңы мен салдарынан жаңа тəуелсіз мемлекеттер пайда болуымен қатар, жаңа геосаяси жағдай қалыптасты. Көптеген ғалымдар бұл алып державаның құлауын мынадай себептермен байланыстырады: елді демократияландыру себептерінен болған ұлттардың жеке мемлекет болып бөлінуін қалауы, жүйенің құлауына əкелген КСРО саяси жүйесінің кемшіліктері, стагнацияға əкелген өндіріс, сауда жəне экономикалық қатынастардағы тоқырау мен дағдарыстар, көпұлтты мемлекеттерде кездесетін орталық
танған тенденциялар, КСРО-ның құлауына батыс елдерінің мүдделілігі.
Қазақстан Республикасының азаматтары үшін 1990 жылдың 25 қазаны – ерекше күн. Бұл күн – еліміздің саяси тарихындағы ескі кезеңнің аяқталуы мен дамудың жаңа парақтарының бастауы. Қазақстан тарихындағы өзгеріс туындатқан кезең. Мемлекетіміздің негізін қалаған бірінші заңнамалық құжат Егемендік туралы декларация болды. Осы құқықтық, саяси жəне идеологиялық құжат қоғамның негізгі қағидаларын, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, саяси плюрализм мен билік бөлінісінің көрсеткіші еді. Бұл іргелі ережелер болашақ Конституцияның негізі болды.
Уақыттың кезеңділігі, әсіресе мерекелер жүйесі идеология мен саяси тәжірибенің негізінде жатыр. Жалпыұлттық мереке – тарих пен құрылымның, өткеннің сабақтастығы және бүгінгінің легитимдігі тоғысатын жер. Мерекелер қоғам мүшелері өздері үшін маңызды оқиғаларды, әрине, үстем идеологияның призмасы арқылы сезінуді жүзеге асырады.
Ұлттық мереке туралы ғалымдар арасында көптеген пікірлер қалыптасқан. Мәселен, кейбір ғалымдар «еске алудың институтталған күндері» десе, екіншілері «мерекелер біздің әлеуметтік ортамыз есте сақтаған құбылыстарға ғана емес, оны еске түсірген кезде отансүйгіштікке ықпал ететінін» айтады. Сондықтан ұлттық мереке ұжымдық жадыны қолдайды және бұқараны жұмылдырудың құралы деп ойлаймыз.
Ұлттық мереке ұжымдық жады құбылысымен, әлеуметтік рәсімдермен, белгілермен және қоғамның билік құрылымдарымен тығыз байланысты. Оның саяси астары да бар. Күнтізбенің кез келген күнінде атаулы даталар бар екенін ескерсек, әлеуметтік билік қатынастары әрқашан уақыт тізбегінде деуге болады.
Үстем идеология мен саяси тәртіптегі әрбір өзгеріс жаңа мерекелік жүйені талап етеді. Саяси талдауларда бәрі түсінікті болып көрінеді және жаңа ескіні алмастырды десек, әлеуметтік әлемде мұны түсіндіру әлдеқайда күрделірек. Сондықтан Республика күніне ұлттық мереке мәртебесінің қайтарылуын қоғам мүшелеріне түсіндіре алуымыз қажет. Республика күнін өткеннің символдық белгілеуінің түрлерімен байланыстырып, маңызын жоғарылату қажет. Екіншіден, сол кезеңдерге қатысты түрлі іс-шаралар немесе оқиғаларға байланысты кездесулер, еске түсіретін түрткі оқиғаларды назарға алу қажет. Ұжымдық және жеке естеліктерді қамтитын, материалдық емес құбылыстарға тереңірек мән беру де қажет секілді.
Еліміз егемендік пен тәуелсіздік алғаннан кейін мемлекеттік құрылысты қалыптастыру жолында, егемендікті бекітуде, саяси тұрақтылықты нығайту барысында күрделі үдерістерден өтті. Өз кезегінде бұл республикамыздағы саяси жүйені демократияландыру үдерісін жалғастырып, əлеуметтік-экономикалық реформаларға қажетті шарттар жасады. Сондықтан қоғамымыздағы бейбіт өмір мен қоғамдық келісім барлық қазақстандықтардың біріккен күш-жігерінің нəтижесі деп толық сеніммен айтуымызға болады.
Бірнеше жылдан кейін Республика күнінің қайта мерекеленуін саяси жүйенің түбегейлі өзгерісі ретінде қараған жөн.
Мұрат НАСИМОВ,
саяси ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор,
«Болашақ» ғылыми-зерттеу институтының директоры
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<