Жоғары оқу орнының басты екі құрылымы бар – оқу және ғылым бөлімдері. Солардың орны бөлек, маңызы биік. Ағза жүрегі мен өкпесіндей, біреуі қан жүгіртетіндей, екіншісі ауа беретіндей. Олар баяуласа жарамайды. Сондықтан, осы бөлімдер басшылары – жауапты мамандар, өз саласының майталмандары. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғылым департаментін профессор, география ғылымдарының кандидаты Қали Әбдіұлы Омаров басқарып келеді.
Қали ініммен таныс, әріптес болғаныма міне отыз жылдан асыпты. Содан бері қызметті қоян-қолтық атқарып келеміз, өйткені, екеуміздің студенттерге дәріс беру пәндеріміз бір кафедраға шоғырланған. Қандай жағдайда болмасын азаматтың салмағы бастау алып өнген ата-тегімен және жас кезінде иеленген білім қорымен сұрыпталады. Қали орта мектепті үздік бітіргесін Алматыдағы көптің қолы жете бермейтін Қазақ Ұлттық университетінде білім алыпты. «Құрлық гидрологиясы» мамандығын тәмамдаған. Жалпақ тілмен таратқанда жер бетінде ылғалдың таралуы. Өңір су шаруашылығына зор еңбек сіңірген әйгілі мұраб Мәделхан Нәлібаев ағамыз «Су – тіршілік анасы» деген. Сол айтқандай, Қали Әбдіұлы – жер бетіндегі ылғал қорының жасақталуы, таралуы мен пайдалануын зерттеп, ұғынып қалыптасқан білікті маман.
Уақыт жылжыған сайын артыңа көз сала бастайсың. Сонда соңыңнан ерген інілеріңнің баяғыдай жас көрінгенімен, біразға келіп қалғанын сезесің, кейде олардың жағымды мінезінен өзіңді де көргің келеді. Өйткені, өзгеге шамалы да болса оң ықпал етіп, білінер-білінбес із тастайды ғой алдыңғы. Қали інім мерейлі алпыс жасқа келіп қалыпты. Сөйтсек, ізімізден ерген інілеріміз де өздері біреуге ақыл-кеңес беруге лайық жасқа аяқ басыпты!
Адам ылғи өсу мен білімін көтеруде болатынын өмір дәлелдеуде. Бұл жерде жас білім алушыға қоғамға белгілі, тұлғалы ұстаздардың алатын орны ерек. Қали інімнің білім алған ошағы – атақты ұстаздар мен ғалымдар шоғырланған елге белгілі білім мен ғылымның бетке ұстар әйгілі қара шаңырағы. Ол өзінің естелігінде білікті маман әрі ғалым болып қалыптасуына ерекше үлес қосқан техника ғылымдарының докторы Абай Тұрсынов, география ғылымдарының докторлары Сейілхан Әбдірәсілов, Роберт Гальперин, Мінәж Сәрсенбаев, Вячеслав Болдырев, Сәкен Давлетгалиев, Жақыпбай Достайұлы, Игорь Мальковский сынды ұстаздарын құрмет тұтып, жылылықпен еске алады. Осы тізімге назар аударып-ақ бұл ініміз оқыған білім ордасының барынша мықтылығын байқауға әбден болады. Албырттықтың әсерімен үстірт, жеңіл, таяз мінездерге бой ұрып, жастықтың қызығын молынан көру осы деп, уақытты тиімсіз өткізген замандастарына қосылмай, осы ініміз алдағы келешегіне аса құнды азық болардай білімді мол жинап, соның қарымды нәтижесі ретінде бүгін салмақты ойлары мен істерін көрсетіп келеді айналасына.
Сол ұзақ уақыт аралығында Қали ініміз өңірімізде өткен көптеген халықаралық, республикалық ғылыми конференциялардың жоғары ғылыми және әдістемелік деңгейін қамтамасыз етіп, сапалы ұйымдастырылуына тікелей атсалысқан. Оған қоса бірнеше республикалық журналдардың редакциялық алқасының мүшесі. Сыр өңірі ғылымы мен білімінің тарихы, еліміздің тұтастығы мен азаттығы жолында күрескен тұлғалардың азаматтық істерін зерттеп, жарыққа шығарып жүрген қарымды қаламгер ретінде 4 кітаптың, халықаралық және республикалық газеттер мен журналдарда, бірнеше ғылыми жинақтар мен энциклопедияларда жарық көрген 150-ден астам ғылыми, танымдық, публицистикалық мақалалар, очерктер мен эсселерінің авторы. Сондай-ақ, ол 12 кітап пен ғылыми-танымдық басылымның құрастырушысы әрі 60-тан астам кітап пен ғылыми жинақтардың редакторы болыпты. Жеке ғылыми бағыты бойынша 40-тан астам ғылыми еңбегінің авторы, 2 ғылыми жобаның орындаушысы.
«Адам күні адаммен» дейді. Осыған сай болымды азаматтар жанындағы туыстары, жақындары, әріптестерінің игі, өнегелі қасиеттерін шапшаң байқап, жылдам бағалап, шама-шарқынша қолдап, жағымды мінез иесіне тәуір әсер жолдап, оның алдағы уақытта да атқарар оңды істеріне қолайлы ықпал мен әсер тигізеді. Бірақ, соның баршасын олар есепсіз, майда пенделіктен бойын аулақ ұстап жасайды. Тіпті, оны айтасыз, осы өнегелі азаматтар өздерінің жасап жатқан ұнамды істерін қаперіне алмайды да. Біреуге жақсы іс жасап жатырмын-ау деген ойлар оларды тіпті мазаламайды. Бұл – тұлғалы, жақсы адамның белгісі. Міне Қали інімде осы мінез баршылық.
Бұл азаматтың қоғамдық істері таңғаларлық. Бір жағынан іргелі оқу орнының маңызды, шешуші саласын басқара отырып дәл осындай дәрежеде тікелей өз мамандығына жақын келе бермейтін маңызды тарихи ізденістерге түбегейлі берілуі және одан айтарлықтай істер атқаруы құптарлық, қызығарлық жағдай. Қали Әбдіұлының көпжылғы жүйелі ізденістері және құзыретті ұйымдарға ұсыныстар жазуды тікелей ұйымдастыруы арқылы қазақ ұлтының тәуелсіздігі үшін күрескен тұлғалар Батыр хан Қайыпұлы, Сыздық сұлтан Кенесарыұлы, Кетебай би Жолайұлы, Өтетілеу би Кетебайұлы, Пірәлі би Өтетілеуұлы, Зарқұм би Қуанышұлының және Кеңес Одағының батыры, ұшқыш Біліс Нұрпейісовтің есімдері Қызылорда қаласындағы көшелерге беріліпті. Ойлап қараса, бұл бір адамның қолынан келетін жұмыс емес. Бірақ, ел үшін, қоғам үшін, өңір үшін зор маңызы бар осы істерге Қали ініміз дәнекерлік міндетін атқарыпты, сөйтіп қауым ықыласын жаулапты. Осының түбінде бұл ініміздің ел тарихына, осы өңірде болған тұлғалы азаматтардың еңбегін казіргі ұрпақ қолына ұстатып, болашаққа жеткізейін деген бұрқырап қайнап жатқан жанашырлығы болар.
«Тарихи тұлғаларымызды түгендеу – өзекті мәселе» атты көлемді ғылыми мақаласында Қали Омаров қазіргі тарихи зерттеулер жөніндегі ойын былай деп түйіндепті: «…Өлке тарихына байланысты шыққан жаңа материалдар қосынын зерделеуге бұндай селқостық көзіқарақты қауымды өкіндірмей қоймасы анық. Есесіне ғылыми деңгейі сын көтермейтін осындай еңбектерді сапалы қағазға шығару, әрлеу-безендіру арқылы олқылығын бүркемелеуге ұмтылу басым. Қолымызға тиген аты дардай кітаптардың көпшілігінің мазмұны тек танымдық сипатта ғана болатынына таңырқамайтынымыз да сол себепті. Бұларды жарияламас бұрын жетекші салалас ғылыми ұйымдардың арнайы талқылауынан өткізу – уақыт талабы. Баспагерлер осыны ескерсе екен…». Қали ініміздің төселген кәсіби тарихшы іспеттес шама көрсете отыра бүгінгі күні ұлт өткеніне терең жанашырлықпен осылай атсалысуы кімді де болса таңғалдырмай қоймайды.
Бүгін көзіқарақты азамат ойланады. Сұрақ қояды. Осы заманда елге, жұртқа, қоғамға қай адам жайлы, кім керек деген. Мұның аржағында адам қалай болу керек деген сауал да тұрған болар. Біздің ойымызша, бүгін қоғамға кәсіби міндетін оңды атқаратын азамат аса құнды. Сонымен бірге ол айналасына, ұжымына жағымды әсерін тигізуге борышты. Қали інімнің өзінің кәсіби қызметін жоғары деңгейде атқаруы жөнінде оқырманға мәлімет жеткендей. Бұл азаматтың айналасының, жұрттың, қоғамның керегін мықты ойлап күйттейтінінен хабардар болдық. Шындығына келгенде, қосымша істерді Қали Әбдіұлы асқан жанашырлықпен, бар күш-жігерін жұмылдырып, өзінің жеке жұмысын жасағандай аянбай тер төгетінінен хабардар болдық.
Мынау мінезді азамат деп жатады. Мінезді болу үшін көп қасиет қажет. Игілікті мінез – терең саналы, биік білімді азаматқа ғана тән жоғары қасиет. Сол азамат ортақ жұмыс мақсатын бәрінен жоғары қояды, сөйтіп көп мүддесін қорғайды. Ендеше, Қали Әбдіұлы – мінезді азамат. Ол реті келіп тұрғанда ауызға келген шындық сөзді тұмшалап, тоқтатпай айтып салады. Бұл – ортақ іске деген мол жанашырлықтың белгісі.
Ініміз көпжылғы нәтижелі еңбегі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен, ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған. Ол ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР ЖОО қауымдастығының Байтұрсынов атындағы Алтын медальдің, Қорқыт ата атындағы Алтын медаль иегері. Облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталған.
Президент Жаңа Қазақстанды орнатамыз деді. Барша ықылысымызбен қолдаймыз. Біздіңше, қазір өз жұмысына мол жауапкершілікпен қарайтын, қоғам алдындағы міндетін өзінікінен артық болмаса төмен санамайтын, болмыстың адамға жақсылық жасау ақиқатын иманындай түпкілікті түсінген азаматтар қажет осы қасиетті іске. Ендеше, осы арқалы істерге жол көрсетіп, өнеге боларлықтай азаматтар арамызда баршылық. Тек, солардың жолы мен үлгісін, өнегесін сыйлап бағалай білейік! Осы өнегені тарата білейік! Сол алдыңғы, беткеұстар топтың ортасында өңіріміздің атаулы білім мен ғылым ордасының аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосып келе жатқан, атқарған істері жұртқа өнеге-үлгі боларлықтай, жолы құтты, ұстанымы терең, бағыты биік Қали Омаров бар.
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры,
техника ғылымдарының докторы,
«Құрмет» орденінің иегері,
Қызылорда қаласының құрметті азаматы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<