Ұстаз жолының жарқылы

493

0

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қоршаған ортаны қорғау мен адамның өмір сүруі үшін қолайлы жағдай туғызу аса маңызды еді. Сол жылдары яғни, 1992 жылы Бразилияда БҰҰ-ның Конференциясында қоршаған орта және оны дамыту жөнінде Рио-Де-Жанейро декларациясы қабылданды. Қазақстан да сол декларацияға қосылды. Халықаралық деңгейде қабылданған мұндай шешім біздің ел үшін аса маңызды болды. Мемлекет алдында үлкен міндеттер тұрды. Сол міндеттерді бір ізге қою да білікті басшылардың тәжірибесімен тығыз байланысты еді.

Әрине, тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығы елдің дамуында үлкен рөл атқарды. Сол тұста елдің дамуы экологиясының жақсаруымен тығыз байланысты болды. 1993 жылы Қызылорда облысының қоршаған ортаны қорғау басқармасына Қуанышқали Шапшаңов есімді жаңа басшы тағайындалды. Сол сәттен бастап аймақтың экология саясаты қалыптаса бастады.

Осынау бір қиын кезеңде экология саласын тізгіндеуді жауапкершілігіне алған Қуанышқали Рахманбердіұлы Қазақстан Республикасы Президентiнiң 1996 жылғы 30 сәуiрдегi №2467 өкiмiмен мақұлданған экологиялық қауiпсiздiк тұжырымдамасының енгiзiлуіне, ондағы өтпелi кезеңнiң экологиялық басымдықтары, атап айтқанда, жекешелендiрудiң экологиялық проблемалары, табиғат қорғау заңнамасы, мемлекеттiк бақылау және сараптама, табиғат пайдаланудың экономикалық тетiктерi, қоршаған орта мониторингiнiң жүйесiн құру қажеттiлiгi мәселелерiнің қарастырылуына үлкен үлес қосты. Сол тұжырымдама қабылданған сәттен бастап еліміздің қоғамдық дамуында елеулi өзгерiстер болды. Стратегиялық құжаттар әзiрленiп, табиғат қорғау заңнамасының негiзi құрылды, қоршаған ортаны қорғау мәселелерi бойынша бiрқатар халықаралық конвенцияларға қол қойылды. 1997 жылы «Қоршаған ортаны қорғау туралы», «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы», «Экологиялық сараптама туралы», 1998 жылы «Радиациялық қауiпсiздiк туралы» Заңдар, ал 2002 жылы «Атмосфералық ауаны қорғау туралы» Заң қабылданды. Табиғатты ұтымды пайдалануда Президенттiң «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» (1996 жыл) және « Мұнай туралы» (1995 жыл) заң күшi бар Жарлықтары, 2003 жылы Орман, Су және Жер кодекстерi қабылданды. Заңға тәуелдi қажеттi нормативтiк-құқықтық актiлердiң көпшiлiгi әзiрленiп, бекiту сынды едәуір өзгерістер болды.

Алғашқы кезеңде аймақтың экономикасы аграрлық секторға негізделгендіктен күріш өндірісінде қолданылатын қоршаған ортаға және адам денсаулығына кері әсер ететін пестицид (улы химикат) «Ордрамды» қолдануға үзілді-кесілді тыйым салынды. Минералды тыңайтқыштарды сақтау мен пайдаланудағы талаптардың сақталуына, егін алқаптарында оқшауланып қалған балық шабақтарын құтқару, көлдер жүйесін суландыруға арнайы лимит бөлгізу, инженерлік жүйедегі ротацияны сақтау, «Байқоңыр» ғарыш айлағын сумен қамтамасыз ететін Қызылқұмда алып құрылысы салынып жатқан «Дальний» және «Ближний» су құбырының әсерін болдырмау, сондай-ақ ғасыр жобасы атанып, бүгінгі күні Арал өңірі тұрғындары игілігін көріп отырған «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің Солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасын жүзеге асыру, Арал өңірінің экологиялық картасын жасаттырып, оны сауықтыруды Орталық Азия мемлекеттерінің басшыларының алдына қоюда көптеген игі шаралар жүзеге асты.

Кеңес одағы тарағаннан кейін бірнеше жыл иесіз қалған «Байқоңыр» ғарыш айлағы объектілерінің экологиялық қауіпсіздігін көтеруде, кейіннен 1994 жылы Ресейге арендаға берген уақытта екі мемлекет Үкіметтері арасында экология және табиғат пайдаланудағы келісім-шарттың жасалуына табандылық танытып, штаттан тыс авариялық жағдайда екі жақты іс-қимыл шараларын міндеттеуде іс-шаралар жүзеге асырылды.

Кешегі кеңес одағы кезінде Арал теңізі қойнауындағы аралда бактериялогиялық құпия сынақ жүргізген, беймәлім «Возрождение» аралының қауіптілігіне көрші мемлекеттердің, қала берді әлемнің назарын аударуда үлкен мәселелер көтерілді.

Экология саласының алғашқы құрылуы салалық мамандардың, тәжірибенің және заңнамалық актілердің болмағанына қарамастан, облыс экологтары қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық механизмін қалыптастыра білді. Бұл механизмдер өз нәтижелерін беріп, өзге аймақтарға үлгі ретінде тарады. Облыста төлем ставкалары облыстық депутаттардың қолдауымен арнайы шешімдермен бекітілді. Осылайша сол жылдары жергілікті бюджетке жылына 2,5-4,5 млрд теңге арасында қаржы түсе бастады. Факельдерде жанған ілеспе газдан шығатын ластағыш заттарға өзінше бөлек төлем ставкасын өзге облыстарға қарағанда бірінші белгілеуі және бұл нәтижелі практиканың арқасында сол кезеңде облысымызды республикада алдыңғы қатарға шығаруда білікті басшылардың, оның ішінде Шапшаңов Қуанышқали Рахманбердіұлының білімі мен еңбегі орасан болды.

Биыл экология саласының құрылғанына 35 жыл. Аймақ экологиясының едәуір жақсаруы мен саланың дамуы жолында аянбай тер төккен сол кездегі  білікті мамандар – бүгінгі күні саланың құрметті ардагерлері. Табиғатты қорғау мен жерүсті табиғи ресурстарды тиімді пайдалануда аға буынның, әсіресе Қуекеңнің 30 жылға жуық тәжірибесі бізге әлі күнге дейін азық болып келеді.

Саланың 35 жылдығымен қатар 80 жасқа толып отырған Қуанышқали Рахманбердіұлының мерейтойы өнегеліліктің бір өлшемі іспетті. Ардақты  азамат табиғатты қорғау саласын жетілдірумен ғана айналыспай, өскелең ұрпақтың білімді де білікті болу жолында аянбай тер төкті. «Мамандықтың жаманы жоқ, тек оған икемділік қажет» деген ұстанымдағы тұлғаның ұлағатты жолы әркез жарқырап тұрары сөзсіз.

Марат ҚҰРМАНБАЕВ,

облыстық табиғи ресурстар және

табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<