Ұстаздардың ұстазы

1115

0

Тәуелсіз Қазақстанның оқу-ағарту саласында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Білім беру ісінің Құрметті қызметкері, педагогика ғылымдарының кандидаты Әлима Әбдіхалықованың есімі құрметпен аталады. Ұстаздардың ұстазы деп қадір тұтатын сырбойылықтар оның әсіресе қоғамдық іске  жанашырлығын жақсы біледі.

Қоғамдық іске жан-тәнімен беріліп, айналасындағы жұрттың, қаймана қазақтың игілігі үшін күн-түн демей, өзіне де, өзгеге де дамыл бермей жұмыс істейтін адамның бірі осы – Әлима Жақыпқызы. Оның «Бөбек» қорының Қызылорда облысындағы жұмысын сәтті үйлестіруі соның айқын дәлелі. «Харрикейн-Құмкөлмұнай» ААҚ-мен бірлесіп, Қазалыда «Шапағат» сауықтыру мекемесін, Жаңақорғанда «Балғын» балалар бақшасын, Қызылордада Жасөспірімдер үйін, әйелдерге арналған «Рухани сауықтыру» («Адаптация») мекемесін ұйымдастыруы, 1999-2003 жылдары және 2007 жылы Қызылорда облыстық «Нұр Отан» партиясынан мәслихат депутаты болып сайлануы кезіндегі, т.б. шешімін тапқан мың сан шаруа мыңнан бір мысалдар ғана.

Қызылордадағы М.Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесіне директор болып тағайындалғанда Әлима Жақыпқызының жасы 28-де еді.

– Әлі есімде, ол кезде училище жабық зона болып есептелінетін. Республикалық статусқа ие еді, Қазақ ССР ағарту министрлігіне тікелей қарайтын. Мұнда бөгде адамдар бейсауат бас сұқпайтын. 1952 жылы Алматы қазақ қыздар педагогикалық училищесі мен Қызылорда педагогикалық училищесі біріктіріліп, Мәншүк Мәметова атындағы қыздар педагогикалық училищесі болып қайта құрылған еді. 1980 жылы директор болып келдім. Мен қабылдап алған сол жылдары училище үш мамандық бойынша мамандар даярлайтын. Араға 37 жыл салып, мамандықтың 30 түрін даярлайтын жоғары колледж деңгейінде тапсырдым. Уақыт сұранысына сай қоғам игілігіне жұмыс істейтін болашақ мамандарды даярлау менің міндетім болды, жауапкершілігім де сол деңгейде көрінді, – дейді ол.

Пединститутты бітірген соң аудандық, облыстық комсомол ұйымдарында шыңдалып, іскерлігімен көзге түсті, педучилищеге директор болып келгенде ол өзінің білім беру саласындағы тәжірибесін байытуға, педагогикалық шеберлігін арттыруға күш салды. Сөйтіп ең алдымен сәтті қадамын оқытушылардың сабағына қатысудан бастады.

– Мен сіздерді тексерейін не болмаса сынайын деп жатқан жоқпын. Сіздердің сабақтарыңызға қатысу арқылы өзіме тәжірибе жинаймын. Осыған түсіністік танытсаңыздар, – деп айтуды да ұмытпады. Өйткені мұндағы мамандардың көбінің жасы үлкен еді және әрбірінің жеке амбициясы мен авторитеті жетіп-артылатын. Ұжымды қандай да бір іске жұдырықтай жұмылдырып, ауызбіршілікпен, берекелі басқаруда жас маманның ақылшысы, кеңесшісі әкесі Жақып ақсақал болды.

– Ең бірінші сабақ беретін барлық оқытушылардың сабағына қатысып шық, – деді әкесі. – Бұл сенің әрі қарайғы жұмыс бағдарын айқындауыңа сеп болады.

Жақып Әбдіхалықов – Қазақ ССР білім беру ісінің үздігі, Қазақ ССР-інің Еңбек сіңірген қызметкері, ауыр атлетикадан спорт шебері, соғыс ардагері. Кәсіптік-техникалық мектептерді басқару ісінде тәжірибесі мол әке қызына жай ғана ақыл айтып қойған жоқ, оның әрбір ісін сыртынан бақылап, шаруашылықты жүргізу ісіне теңдессіз ақылшы болды.

– Қызым, осы анау жатақханаңның жағдайына қарашы. Соның бір жақ қабырғасының жарылып тұрғаны маған ұнамайды. Құлайын деп тұрған сияқты ма, қалай өзі. Әрине сабағыңды қадағалаған дұрыс, бірақ директор ретінде осындағы бүкіл шаруашылыққа жауапты адам екеніңді ұмытпа, – деді әкем. – Сөйтсем әкем бір мезгіл педучилищенің айналасын көзбен шолып кетеді екен ғой.     

Расында да жатақхана құлаудың аз-ақ алдында тұрған. Бұл сондай ескі ғимарат емес, салынғанына он жылдай ғана уақыт болған, бірақ дәретхана  ылғалының әсерінен ғимараттың тұтастай бір қабырғасы қақырап тұрған еді. Осы құрылысты тапсырған мекеме еститіндей деңгейде мәселені көтерді, төтенше жағдай қаупі мен жатақханадағы 600 оқушының жағдайына алаңдаған басшылар артық сөзге келместен ғимараттың тұтас бір қабырғасын қабаттап қайта өргізіп берді.

Ол барлық істе әкесімен ақылдасып отырды. Кейін араға жылдар салып Астанаға министрлікке жұмысқа шақырту келгенде төсек тартып жатқан әкесіне деген қимастық сезіммен басқа қалаға кете алмады.

– Әкем екеуміздің рухани жақындығымыз керемет еді. Ол мен үшін сөзімен де, ісімен де үлгі болған, есімі үлкен әріппен жазылатын ақылшы ұстаз еді… Әлі есімде, біздің бала күнімізде әкем үйге өзі басқаратын кәсіптік-техникалық мектептің көңіл күйі болмай жүрген немесе әлдебір ой мазалап жүрген оқушыларын жиі алып келетін. Олармен дастарқан басында ашық-жарқын сөйлесетін. Біз бұған әбден үйреніп кеткеніміз сонша, бұл кім деп таңырқап қарамайтынбыз. Олардың қай-қайсысы да біздің үйдің бір адамындай еді. Әкем техниканың тілін өте жақсы білетін. Кәдімгі сөзбен айтқанда, машинаны шашып тастап, қайта жинайтын. Мамандығы – инженер-техник, техниканың тілін білетін хас шебер еді. Бау-бақша, жеміс ағаштарын күтіп-баптау әкемнің ең жақсы көретін ғадеттерінің бірі еді. Сосын ерекше бір ықыласпен күздігүні бөшке-бөшке етіп капуста, қияр, помидор басуды жақсы көретін. Соның бәрін үйге әкелген балаларға көрсетіп жүріп үйрететін. Бұл бөшкеге басылған капуста, қияр СПТУ балаларының қыс бойғы тамағы болатын. Әкем оқушыларының тамағына, оның құнарына қатты көңіл бөлетін. Адам ең алдымен жақсы тамақтану керек, содан кейін одан қандай да бір нәрсені талап етуге болады деп есептейтін. Бәрі де кезінде оқи алмайды деп мектептен шығарылған балалар ғой, қандай адам болып кетті солар, ешқайсысы ұрлық-қарлық, төбелес сияқты қандай да бір қылмысқа барған жоқ. Әкемнің көңілін толтыратын да осы балалардың жақсы адам болуы еді, – деді әкеге сағынышпен әңгімесін қайта жалғаған Әлима Жақыпқызы.

– Біреуді жазалайтын болсаң, ол жаза оның жасаған қателігінен әлденеше есе жеңіл болсын. Ал егер біреуді мақтайтын болсаң, ол мақтау оның қылығынан, жақсы мінезінен асып кетпесін, мақтау сөз адамның өзіне  шақ болу керек, – дейтін әкем.

Әлима Жақыпқызы дегенде ойға оралатын бір оқиға бар.

– Мен сіздердің ешбір жұмыстарыңызға кедергі болмаймын. Бұрын қалай жұмыс істедіңіздер, солай жалғастыра бересіздер. Бірақ іс-қағаздарына мұқият болыңыздар. Енді сіздерді бұрынғыдай музыкалық колледж емес, гуманитарлық колледждің оқытушылары деп тексереді. Сондықтан бізде бұл жағынан талап сәл басқарақ, – деді Әлима Жақыпқызы ұжыммен өткізген бірінші жиналысында.

Бұл 1997 жылдың күзі еді. Үкіметтің қаулысымен М.Мәметова атындағы педагогикалық колледж бен музыкалық колледж біріктіріліп, гуманитарлық колледж деген жаңа статусқа ие болған. Музыкалық колледж ұжымының ауызбіршілігіне, сыйластығына, жаңа басшыны жылы қабылдауына іштей риза болғанымен, оны алаңдатқан екі мәселе бар еді. Оның бірі колледж ғимаратының ескі базар жақта орналасуы және ондағы жағдайдың мүлдем сын көтермейтіні. Базардағы шу мен арбакештердің айқайынан терезенің желдеткішін ашудың өзі мүмкін емес, әрі ғимарат ішінде антисанитариялық жағдайда тұрып жатқан студенттерге көз жұмып қарау да Әлима Жақыпқызының табиғатына жат еді. Одан кейінгі мәселе – осында оқып жатқан студенттердің перспективалық әлеуеті. Әдетте музыкалық колледж түлектері Алматыдағы консерваторияға оқуға түсуге талаптанады. Егер түлектер бітіретін колледж «гуманитарлық» деген статус алатын болса, консерваторияға қабылдау-қабылдамауы екіталай еді. Онда балалар не үшін оқиды мұнда, әрі бұл Сыр өңірінің ғасырлар бойғы желісін үзбей келе жатқан өнеріне, кәсіби музыканттар даярлайтын маңдайға біткен жалғыз оқу орнына қиянат екенін іштей түйсінді. Осы мәселемен облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қабылдауында болды.

– Бердібек Мәшбекұлы, музыкалық колледж ғимаратының қазіргі тұрған орны, ондағы жағдай адам төзгісіз. Ол жерде не жоқ дейсіз, балаларға обал. Меніңше, ең әуелі жаңа ғимарат керек. Ол, бір жағынан, оқу орны, әрі жатақхана да соның ішінде болуы тиіс. Өйткені балалардың сабаққа күні-түні демей дайындалуға мүмкіндігі болу керек. Ол ғимарат театрға, алаңға жақын тұрса, тіпті жақсы болар еді. Өйткені музыканттарды, онда оқитын студенттерді білесіз, әдетте барлық мәдени іс-шаралар солардың күшімен өтеді. Дайындықтың өзіне қаншама уақыт кетеді, меніңше, орталықта театрға жақын болғаны дұрыс. Әрі-бері таситын мекеменің көлігі де жоқ.

– Өте орынды мәселе, Әлима Жақыпқызы.

Директорды мұқият тыңдаған әкім екі сөзге келген жоқ, қоңырауын басып, Әбеновті шақыртты.

– Мына кісінің мәселесі шешілетін болсын. Жаңа ғимарат таптық, бізге осы керек деп маған қайта кіретін болыңыздар, – деді аймақ басшысы.

Екі орнын біріктіру туралы Үкіметтің қаулысы қабылдануын қабылданып қойды, дегенмен екінші мәселені де құлағдар етіп, оның шешілуін әкімнің өз беделіне қалдырғанды жөн көрді.

Қаланы шыр айналып, іздеп жүріп, осы қазіргі Желтоқсан көшесіндегі ғимаратқа тоқтады. Бұл өзі университет меншігіне алуы мүмкін деген сыбыс тарап үлгерген агротехникалық колледждің балансындағы ғимарат еді. Театр тиіп тұр, ал театрдың өзі алаңда емес пе?! «Тілегенің алдыңнан іздемей-ақ табылар» деген нағыз осы ғой. Орталықта орналасқан, әрі оқу орны, әрі жатақханаға да орын жеткілікті еді. Әлима Жақыпқызының қуанышында шек болмады. Сөйтіп бір мәселе шешілді. Өнер өлкесіндегі шоқтығы биік оқу орнының өз алдына дербес болуы, ең алдымен, ондағы студенттердің болашағы үшін маңызды екенін жан-тәнімен түсінген әкім бір жылға жетер-жетпес уақытта келесі мәселені де шешіп берді.

Желтоқсан көшесіндегі (аялдама да музыкалық колледж деп аталады – авт.) Қазанғап атындағы музыкалық колледж ғимаратының алдынан өткен сайын Әлима Жақыпқызының азаматтығына тәнті болмау мүмкін емес.

***

Адам өз жұмысын, өз ісін жақсы көрсе, міндетті түрде табысқа жетеді және ол сол істі өте жақсы білетін адам ретінде әрдайым қоғам сұранысында  болады. Осы өмір қағидасы Әлима Жақыпқызының жан сарайымен үндес.

Айжан ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<