Ветеринария білгірі

400

0

Сыр өңірі еліміздің түлеп-түрленуі жолында тер төгіп, аймақтың абыройын асқақтатуға аянбай үлес қосқан аяулы перзенттерін әрдайым мақтан етіп келеді. Бұл құптауға тұрарлық. Қазір ғылыммен қаруланған жастар ата-бабаларымыздың асқан қиындықпен жүзеге асырған жанкешті тірлігін жеңілдетудің мың сан жолын тауып, оны өмірге батыл енгізіп жатыр. Оқыған-тоқығанын ел экономикасының өркендеуіне жұмсап жүрген жандардың бірі – Сыр өңірінің төл перзенті, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Болат Қаратаев.

Сырдария ауданы (бұрынғы Тереңөзек) «Шаған» кеңшарында өмірге келген Болатпен сонау бала күннен таныспыз. Амангелді ауылындағы №42 мектепті бірге тәмамдадық. Әкесі Шайзада Қаратаев пен анасы Қайыркүл Нұрышқызы оқыған-тоқығаны мол, парасатты жандар еді. Шайзада ақсақалдың өңірдің өркендеуі жолында сіңірген еңбегі ескерусіз қалмады. Қазір Қызылорда қаласының іргесіндегі «Ақсуат» ауылдық округіне қарасты «Наурыз» шағын ауданындағы бір көше сол кісінің құрметіне берілген. 

Ол кісінің ауыл шаруашылығы саласын дамытуға қосқан үлесі үшін (Сырдария ауданы Киров кеңшарында директор болып, теріс көрсеткішке кеткен ауылды алдыңғы қатарлы ауыл сапына көтергені ескеріліп) КСРО-ның үздік марапаттарының бірі – «Еңбек» орденімен және медальдармен марапатталуын еңбегінің еленгені десек жарасады. Әкеміз де, өмір бойы ұстаз болған анамыз да шын мәнінде қандай құрметке де лайық жандар еді. Осындай өмір тәжірибесі мол, көпті көрген тағылымды жандардың отбасында өсіп-өніп, тәрбие алған Болат бала күнінен-ақ төрт түліктің жайын, олардың кең даладағы жер жағдайына бейімделу барысын зердесіне түйіп жетілді. Әсіресе, төрт түліктің сұлтаны – Қамбар ата тұқымына, соның ішінде жал-құйрығы төгіліп сар даланың самал желімен жарысқан асыл тұқымды жылқы атаулыға қызығушылығы тым ерекше болды. Бәйге атының бабын жасап, жаратып, кәнігі атсейістерден естіген-білгенін кәдеге асырып орнымен қолдана білгенінің арқасында таң асырып, бәйгеге қосқан тұлпарлары аудандық, облыстық дүбірлі додаларда мерейін үстем етіп, жүлделі орындарға ие болып жүрді.

Болатпен жай ғана сыныптас емес, жан дүниеміз жақын, көзқарасымыз ұқсас, пікіріміз бір арнаға тоғысқан дос болдық. Екеуміз Сырдария ауданы Амангелді кеңшарындағы орта мектепті бітірген соң ауылда қалып, мал шаруашылығы саласында бір жыл жұмыс істедік. Мен жылқышы, ол жұмысшы болды. 1992 жылы Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына түсіп, ветеринарлық-медицина факультетінде бес жыл бірге оқыдық. Айта кетейік, біздің институттың атауы 1996 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университеті болып өзгертіліп, кейіннен ұлттық университет мәртебесін алды.

Болаттың жас күнінде-ақ оқу-білімге деген құштарлығы зор болатын. Ауылда жүргенде қоршаған ортаның, оның ішінде ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан кәнігі кәсібіміз – төрт түліктің жай-күйіне деген қамқорлыққа қоса қызығушылықтың әсері сапалы білім ордасына келгенде пайдалы дәрістерге ұштасты. Білімге құмарлығы ғылымға шексіз сүйіспеншілігін одан сайын бекемдей түсті. Бала күнінен атадан балаға аманатталған ұлтымыздың тұрмыс-тіршілігімен біте қайнасқан төрт түліктің жағдайын жақсартсам деген арманы орындалып, 1997 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін тәмамдап, мал дәрігері мамандығын иеленді.

Сапалы білімге сатылап қол жеткізуге мақсаткерлікпен кіріскен Б.Қаратаев бір жылдан соң Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының (ҚазҒЗВИ) аспирантурасына түсті. 2001 жылы «Жылқы сақауын анықтауға арналған эритроцитарлық антигендік диагностикум» тақырыбында кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, алдына қойған мақсатына біртабан жақындай түсті. Ғылыми қызмет саласында жылқы мен түйенің жұқпалы патологиясын, оның диагностикумдарын, емдік дәрмектер мен вакциналарды зерттеп, өндіріске ұсынды. Ал 2007 жылы «Жылқы сақауы мен пастереллезіне қарсы ғылыми негізделген іс-шаралар» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, осы саладағы ең жас ғылым докторы атағына ие болды.

Ғылым өндірісті дамытатын үлкен күшке айналып келеді десек, оның таңдаған ғылыми бағыттары еліміздің мал шаруашылығындағы бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерін қамтиды. Мысалы, түйе арасындағы аса қауіпті оба індетіне қарсы вакцинаның тиімді мөлшерін орнымен қолдану тәсілі түйе шаруашылықтарының дамуына айтарлықтай ықпалын тигізді. Жылқы арасында кеңінен таралған сақау ауруына қарсы үлкен еңбекпен зерттеліп табылған вакцинасы еліміздің түкпір-түкпірінде жоғары тиімділікпен осы уақытқа дейін кеңінен қолданылып келеді.   

Ол ғылымға аяқ басқаннан бері Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтының жылқы және түйе аурулары зертханасының ғылыми қызметкері, аға ғылыми қызметкері, докторанты, «ҚазАгроИнновация» АҚ ҒЗВИ жылқы және түйе жұқпалы аурулары зертханасының аға ғылыми қызметкері, «ҚазҒЗВИ» ЖШС жылқы аурулары зертханасының меңгерушісі, бактериология бөлімінің бас ғылыми қызметкері болып абыроймен еңбек етті. Бүгінде  ғалым «ҚазҒЗВИ» ЖШС-нің бас ғылыми қызметкері. 

Б.Қаратаев – жылқы, түйе малы мен құстардың ауруына қарсы бірқатар вакциналық, диагностикалық, емдік дәрмектердің авторы және бірлескен авторы. Еңбекқор ғалымның ветеринариялық микробиология, иммунология, эпизоотология және ауылшаруашылық жануарларының жұқпалы патологиясы бойынша 130-дан астам ғылыми еңбегі мен екі монографиясы жарық көрді. Бұған қоса, ол 21 инновациялық және 1 евразиялық патенттің авторы. Мен кандидаттық диссертация қорғаған тұста ғылыми жетекшім болды. Кейін Индияның Хайдарабад қаласындағы ауыл шаруашылығын дамыту институтында, Германияның Штутгард университетінде біліктілігін арттырып келді. Ветеринарлық ғылым саласындағы жетістіктері үшін талантты жас ғалымдарға арналған стипендияның екі мәрте иегері атануы жерлесіміздің ерік-жігерінің мықтылығын байқатады.

Міне, біз білетін Болат Қаратаев ердің жасы 50-ге толып отыр. Сыр елінен шыққан ветеринария ғылымдарының докторы, профессор, академик, еліміздің ауыл шаруашылығы саласына елеулі үлес қосып жүрген зиялы азамат – жан әлемін жақсылыққа арнаған жан. Өз саласын жетік меңгерген ғалымның ел экономикасын өркендетуге, ветеринария саласын биікке көтеруге атсалысып, абырой биігінен көріне беретініне сеніміміз кәміл.

Дәулет ИБРАГИМ,

ветеринария ғылымдарының кандидаты, Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты «Оңтүстік Қазақстан ғылыми-зерттеу станциясы» филиалының аға ғылыми қызметкері

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<