Уақыт бәрін әділ таразылайды

1194

0

«Мен 70 жыл жасадым. Бұл 600 мың сағат екен. Оның 200 мыңы ұйқыға, 100 мыңы тамақтануға,  ал 200 мыңы оқып, білім алуға, жұмыс істеп ақша табуға кетті. 60 мың сағат жол үстінде, 40 мың сағат жеке игілік-қажетіме жұмсалды» деген екен философ В.Фуллер. Ал бір жылда 8800 сағат болатынын қаперге алатын болсаңыз, қай-қайсыңызда дүниеге келгеннен бергі уақыт аралығында өзіңіздің не бітіргеніңізді немесе босқа уақыт өткізген кездеріңізді шамалай аласыз. Шынында, уақыт деген қандай құдіретті.

Ақ қағазды алып, қолыма қалам ұстағанда осы бір ойлардың басыма келе қалғаны. Оған себеп: Сыр елінің перзенті, жазушы, драматург Жолтай Әлмашұлының шығармашылығына көз жү­гір­ткенім. «Біздің команда», «Күн тәртібі» атты ба­ла­ларға арналған шағын кі­тап­ша­ларын студент кезінде-ақ  өз оқырмандарына ұсынып үлгерген оның әлгі уақыт деген құндылықтың қадірін жас­тай сезінгеніне иланасың. ҚазГУ-ды бітірген соң комсомол жұмысына араласты. Жастар ұйымының қазанында қайнап өсіп, жетілген біз мұндағы шаруалардың шаш-етектен екендігінен хабарымыз бар. Күн сайын бір шара, қаптаған жиналыс, семинар.., оған қоса хаттамалар мен жо­ғарыға жол­данатын есептер. Бұл жер­гілікті жердегі гәп. Ал Жолтай Әлмашұлы Жұмат қызмет ­еткен Қызыл­орда облыстық комсомол комитетіндегі жұмыстар мұ­нан анағұрлым ауқымды. Жоғарыдан да, төменнен де қадағалау басым. Сол нөпірдің ортасында  болашағынан үміт күттірер деп саналған талантты жастар жүрер еді. Соның бірі – Қасиетті Қаратаудың етегіндегі Қыраш атты ауылда өскен, жастайынан үлкен үміт пен сенім арқалаған осы Жолтай! Әлгі алашапқынның ара-арасында жұмыс орнына оралады. Қашанда жылы жымиып, сабырлы қалпынан айнымайтын жас жігіт алдына келген адаммен әңгімелесе отырып, өз шаруасын да дөң­гелентіп отырар еді.  Талант сан қырлы деген осы шығар. Жас­тар одағында шыңдалған қаламгер 1985-1988 жылдары облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде еңбек етті. Аптасына бес рет  жарық көретін басылымда өндіре жазды. Күнделікті хабар-ошардан басқа көркемдік деңгейі жоғары көлдей-көлдей очерктері апта са­йын сартылдап жарық көріп жататын-ды. Оның әлгіндей әсерлі жазбаларынан қатар жүрген замандастарыңды өзге қырынан танып, құрметің арта түсер еді. Өзіңнің де өнегелі жандарға ұқсағың келіп, адал бейнетіңмен елге, адамға қызмет жасауға ұмтылар едің. Әне, адамға жақын. ұтымды идеологияның қадір-қасиеті! Аймақтың аға басылымы арқылы жас журналист өзінің ерен қабілетімен елге осылайша ерте танылды.

Жазушының Алаш қайрат­керлері туралы жазған деректі хикаяттары – «Сұлтанбек Қожанов», «Нәзір Төреқұлов», «Садықбек Сапарбеков» ғы­лыми ортадан да жоғары баға алды. Ұлтжанды азаматтардың еңсесін биіктетіп, рухын көтерді.

– Өткен сенбіде ауылға мәртебелі қонақ келді! – деп қуана хабарлады ауылы­мыз­­дың көпшіл қариясы Қуа­нышбай бірде. – Ол Жолтай Әлмашұлы деген жазушы-ғалым! Бірге болғаныңда тіптен жарасар еді. Біздің Нәзір Төреқұлов көкеміз туралы зерттеп, кітап шығаруға ниеттеніп жүр екен. Өзі де көп біледі, біз де біраз естігенімізді айттық. Сонау сұрапыл жылдары халық жауы деп атау­сыз бара жатқан тұлғаны қайта ортамызға оралтқан қаламгерге құрметіміз зор.

Бұл сонау тоқсаныншы жылдардың бел ортасындағы оқиғалар. Онда біздің бүгінгі кейіпкеріміздің қырықтың қырқасына енді ілінген қыран кезі.

Нәзір  Төреқұлов  1892 жылы қазіргі Жаңақорған ауданы Қандөз ауылында туған. Отыз жетінші жылғы сталиндік репрессия құрбандарының бірі.

«Қиын да қатерлі жылдарда жанын шүберекке түйе жүріп, туған халқының азат келешегі үшін күресті. Әдебиетші – ғалым, ағартушы ретінде көп іс тындырып, ұрпағына өшпес құнды мұралар қалдырған. 1928 жылы небәрі 36 жасында ол Хиджаздағы (Сауд Арабиясы) КСРО-ның өкілетті уәкілі болып тағайындалды. Ол кезде мұндай жауапты қызметке жас адамның тағайындалуы дипломотиялық тәжірибеде өте сирек кездесетін. Араға екі жыл салып, Нәзір Төреқұлов КСРО-дағы тұңғыш қазақ елшісі атанды. Жаңадан ір­гесі қаланып, әлемді тек мұна­йымен ғана емес, рухани байлығымен аузына қаратқан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу қарапайым кезекті қызметке тағайындалу емес еді. Бұл елге елші таңдаудың өзі үлкен саясаттың жемісі болатын. Тағайындау алдында мұсылмандығы, қабілеті, білім дәрежесі, қазақ халқының өкілі екендігі – бәрі-бәрі ескерілген. Оның үстіне Түркістан Автономиясында оқып, білім алғаны, қызмет істегені еске алынды. Осылай ол алып империяның өкілі ретінде шетелде 8 жыл бойы қайраткерлік көрсетті» деп жазады автор.

Жазушы онан кейінгі жылдары «Найзашың», «Қызыр қойған Түркістан», «Қасиетті мекендегі қала», «Пенде мен періште», «Жеті жебе», «Ел мен елес», «Тоғыз тұңғиық», «Әуезов және Майлин», «Әбу Насыр Фараби», «Абыз Ахмет Иассауи», «Зов свободы», «Терзание души», «Вечная элегия» секілді әңгімелер мен хикаяттар, тарихи эсселер кітаптарын оқырман қауымға ұсынды. Аса көп зерттеу мен зерделеуді қажет ететін осындай қалың да қатпарлы дүниелерді қалай жазып үлгерген десеңізші!

«Адамның бар байлығы – уақыт! Әркімнің әр күнін, сағатын, минутын қалай, қаншалық жемісті, мағыналы-мазмұнды өткізгеніне, пай­даланғанына қарап, оның  қалай өмір сүргенін, қандай адам, азамат екенін білуге, бағалауға болады» дейді Камал Смайлов. Мінеки, біздің жоғарыда келтірген аздаған деректеріміз әңгіменің кім туралы болып отырғандығын аңғартса керек.

Жолтай Әлмашұлының  бертінде «Кең де тар дүние» трилогиясы «Күлкі мен көз жасы», «Оянған ұрпақ», «Ұмытылған ұрпақ», «Ащы да тәтті өмір» сынды романдары және 50-ге тарта драмалық шығармалары (олардың көп­шілігі театрларда сахналанды), «Жизнь горькая и сладкая» атты қысқа романдар топтамасы орысша Москвада (Художественная литература, 2020), түрікше Түркияда (Бенгю, 2021) жеке кітап болып басылып шықты.

«Сыр бойы» газеті бас редакторының орынбасары болып қызмет атқарған марқұм Оразбек Мақсұтұлы әзілдеп сөйлеуді ұнататын зерек жігіт еді. 2004 жылдың күзі болуы керек, осы басылымда оңтүстік аудандар бойынша меншікті тілші қызметін атқаратын мені кабинетіне шақырып:

– Сізге Астанадан сәлем­деме бар! – деді қуақыланып. Сөйтті де үстел тартпасынан бір кітап алып ұсынды. Бұл Жөкеңнің «Күлкі мен көз жасы» атты кітабы екен. Рас, бұл құнды сыйлық еді. Мына нарықтық қатынас дегеніңіз өмірімізге дендеп енбей тұрғанда кітап сыйлау деген өте жоғары құрмет болатын. Оразбек сыйлаған сол кітапты папкіме салып алып, біршама уақыт серік еттім-ау. Ол кездері аудан мен аудан, аудан мен қала арасында қазіргідей жалтыраған жол, зырғыған көлік кем, сондықтан үнемі жол үстінде болатын меншікті тілшіңіз «Тоқылдақ» аталатын екі вагонның бі­рінде сапар шегіп жүргені. Қарайған бағанаға тоқтай салатын көңілшек пойыз үстінде  кітап, газет оқу деген жол қысқартудың таптырмас амалы. Міне, «Күлкі мен көз жасы» кітабы маған осылайша серік болған еді.

Романдағы оқиғалар негі­зінен Сыр еліндегі Жаңақорған жерінде ғұмыр сүрген аға ұрпақтың басынан өткен қиыншылықтарды баяндайды.  Кешегі кәнпіске кезінде шаруалардың қолдағы бар малын тартып алғаннан кейін, амалдың жоқтығынан шетке қашады. Сырдариядан өтіп, Өзбекстанға, одан әрі Тәжікстан, Түркіменстанға барып, Ауғаныстан шекарасына табан тірейді. Осы жолда адам айтқысыз, жантүршігерлік зо­балаңды, нешелеген қиын­шы­лықтарды көреді. Оқиғалар бас кейіпкер Нарша арқылы өрбиді. «Байлық жолы бұ­ралаң еді, бірақ ол қанша бұралаңды болса да, бұл жолдан еш айнымаған. Әкеден қалған дүниені екі еселеді, екі есені төрт еселеді. Қысқасы, жәй Нарша қырықтың үстіне көтерілгенде осы аймаққа бай Нарша болып танылды» дейді. Балажан ишан, Барақ, Жетес, Берден, Бүкір-Шүкір, тағы басқалар сол кезеңдегі жайттарды аша түседі.

«Әдебиетке әп деп келгеннен бері саналы ғұмырымды арнаған, зерттеп, зерделеп жазған үш романым бар. Трилогия деп те айтуға болады. Оның біріншісі – «Күлкі мен көз жасы», екіншісі – «Оянған ұрпақ», үшіншісі – «Ұмытылған ұрпақ», – дейді автор.

Тағы бір сұхбатында жазушы былай деді: «Бүгінде әдеби жанр мәселесі жүректі ауыртатын өкінішті жағдайға келіп тірелгендей. Әдеби жанрға мән бермейтін болдық. Мәселен, көркем әдебиетті құлып деп санасақ, оны ашудың алтын кілті – жанр. Демек, әдебиеттің есігін ашу үшін кілт қажет. Жанр – көркем әдебиеттің кілті. Бұл – атам заманнан жалғасқан үрдіс. Әрине, оның ішінде автордың жеке әлемі бөлек. Мысалы, сіз әңгіме немесе новелла жаздыңыз. Егер сіз оның жанрын толық білмесеңіз, жазылған шығарма қойыртпаққа айналады. Өйткені жанрлық ерекшелік сақталған жоқ. Қазір жанрлық тепе-теңдікті, шектеулі көркемдікті бұзып алдық… Әдебиеттің киелі төрін аттағымыз келеді, бірақ оның «құлыбын» бұзып ашқымыз келеді. Қасиетті сөз өнеріне әдеп, инабатты жолмен келмегеннен кейін, идея, образ, шығарманың сөлі дегенді түсіне бермегендіктен, оның шарттылығы бұзылып, көркемдігі кемиді. Мен осыдан қорқамын».  Осы пікірді оқи отыра менің де ойыма сонау 1988 жылдың көктемінің орала кеткені. Аудандарда іріктеуден өткен түрлі әдебиет сүйер жас үміткерлер «Жігер» өнер фестиваліне қатысу үшін облыс орталығындағы Асқар Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде бас қосты. Қазылар қатарында облыстық газеттің журналисі, жас жазушы Жолтай Әлмашұлы да ­отырды. Сахна төріндегі «Жігер» фестивалі» деген көрнекілік «Жигер» деп орыс тілінде жазылыпты. Сол кездері жетпіс жыл бойы тойланбаған Нау­рыз мерекесінің қайта қолға алынған, қазақ тіліне мән беріле бастаған жылы өкпектің соққан кезі еді. Қандастарымыз бір жақсылықтың  себезгі­легеніне қуанышты, қазақ­ты­ғы­мызды мақтаныш тұтатын алдағы үмітке рухтанған шақ болатын-ды. Әлгі қиқар жазу маған да, басқаларға да ерсі көрінді. Сонан соң «Бұ қалай?» дегенді меңзеп, Жөкеңе тілімдей қағазға бір шумақ әзіл өлең жазып жібердім. Іле-шала одан жауап келді. Былай деп жазыпты:

«Бұл өзі басталған-ау тым әріден,

Нақ осыған сен де, мен де кінәлі емен.

Бір шалағай азамат тура айтпай,

Шамасы, «Жігер» демей, «Жигер» деген.

Әзіліңді мен-дағы ұғып едім.

Бұл қырсықтың таба алмаспыз бүгін емін.

Уақыт әділ қазы, өзі емші,

Тек қана уақытқа жүгінемін».

Бұл шумақтар 1988 жылды 8-сәуірінде  жазылған еді. Өткен жылы қойын кітап­шамның  арасынан  тауып  алып, өз мұрағатымда сақ­тап жүрмін.  Бұл  күндері  пай­ғамбар жасынан асып, талайға танымал болған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, «Түркістан қаласының құрметті азаматы» халықаралық «РО­МАН&ДРАМА» әдеби журна­лының бас редакторы әрі құрыл­­тайшысы, жазушы Жолтай Әлмашұлының өміршең шы­ғармалары әлемдік дең­гейде бағаланар деп ойлаймын. Әрине, оны өзі айтқандай уақыт көрсетеді.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

Ақпарат саласының үздігі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<