Ия, уақыт ешқандай құдіретке бағынбайтын және құбылысты өзінің дегеніне бағындыратын физикалық шама екенін барлығымыз білеміз, түсінеміз. Дейтұрғанмен оны кейде байқамай, бағаламай да қалатынымыз рас. Уақыт өте келе таулар да мүжіліп, төбеге айналады. Жер қойнауындағы миллиондаған жылдар бойы жинақталған қазба байлық та адамдардың іс-әрекеті нәтижесінде таусылады.
Біздің ата-бабаларымыз табиғат құбылыстарын өте зерек түсініп, жыл мезгілдерін шаруашылықтарын үйлестіруде дұрыс пайдаланып, ұрпақтан ұрпаққа мирас етіп отырғанын тарихтан жақсы білеміз.
Бүгінгі күні әлемде жер көлемі жағынан 9-орын ала тұра, жер қойнауындағы небір қазба байлығымыз, қолайлы ауа райы, биоклиматтық потенциал, су ресурстарымыз бола тұра неге өмір сүрудің жоғары деңгейін қалыптастыра алмай келеміз деген сұрақ озық ойлы азаматтарымызды ойландыратыны анық.
Ұзақ жасаған адамдардың өзі өмірді «Өмір деген көзді ашып-жұмғандай» немесе «Табалдырықтан төрге шыққанша», «Қас-қағым сәт» деген теңеулермен сипаттайды.
«Су – тіршілік көзі» демекші, су қорын дұрыс пайдаланбау кесірінен қысқа уақыттың ішінде Арал теңізінің тартылуы – адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған экологиялық апат. Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі де өткір тұр. Осынау өзекті проблемаларды шешу жолында тер төгіп жүрген ғалымдарымыз аз емес. Олардың ерен еңбегімен оқырман қауым өңірлік баспасөз беттерінен жақсы таныс деп ойлаймын.
Бүгінгі баянымыз сонау 1963 жылы Қызылқұмның қиясында, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арнайы ұйымдастырылған Тереңөзек ауданының Іңкәрдария кеңшарында, қарапайым шопан отбасында дүниеге келген белгілі ғалым, білікті ұстаз, абыройлы азамат Жанұзақ Байманов туралы болмақ.
Адал еңбекті ту еткен Жанұзақ әріптесім жазы аптап, қысы қаһарлы Қызылқұмның қиясында ел байлығы – қой шаруашылығын ұйымдастырып, ерен еңбек үлгісін көрсетіп, толағай табыстарға қол жеткізген Нұрділда ағамыз бен Қатшагүл анамыздың шаңырағында дүниеге келген. Жалпы бұл отбасында дүниеге келген 11 бала да қарапайым тұрмыстық жағдайда өсіп, мәуелі бәйтерекке айналып отыр.
Еңбекке ерте араласқан Нұрділда ақсақал болашақ білімде екенін терең сезінетін. Табиғатты түлету, қарапайым еңбек адамдарына жағдай жасау білікті мамандардың ғана қолынан келетінін өз өміріндегі жағдайлармен топшылайтын. Экономика дамуының кілті электрлендіруде екенін өз тәжірибесінен бажайлаған ол өзінің жалғыз інісі Өмірзаққа электр жөніндегі инженер оқуына баруға кеңес береді. Байманов Өмірзақ ағамыз Алматы қаласындағы Ауыл шаруашылығы институтын бітіріп, облыстың электрлендіру саласында өз қолтаңбасын қалдырды. Демек, ойшыл, арманшыл Нұрділда көкеміздің көрегендігін уақыттың өзі дәлелдеді.
Отбасындағы берекелі дастарханның басында айтылған инженер мамандығының құдіреті туралы ұлағатты әңгімелер бала Жанұзақтың болашақта инженер боламын деген ой-танымын қалыптастырғаны заңдылық.
Сондықтан өз қатарластарынан ерте есейген, не нәрсені де тез орындауға дағдыланған, мақсатшыл Жанұзақтың 1978 жылы 8-сыныпты бітірісімен, қаладағы Өмірзақ ағасының үйіне инженер болуға дайынмын деп келгеніне таңырқамауымыз қажет.
Инженер деген ортақ ұғым екенін, оның түрлі салаларға жіктелетінін сол кездегі мықты білім ошағы Қызылорда политехникумына құжат тапсыруға келгенде бірақ білді. Көп ойлануға уақыт жоқ, Қызылқұмды игеруге, мал жайылымын жасауға, егіншілікті дамытуға су керек екенін жақсы түйсінгендіктен су инженері мамандығын таңдайды.
Ол кездегі Қызылорда политехникумының даңқы Одаққа белгілі, талай мемлекет, қоғам қайраткерлері, мықты су шаруашылығының мамандарын даярлаған оқу орындарының бірегейі еді. Сол оқу орнын 1982 жылы техник-гидротехник біліктілігі бойынша үздік бітірген жас маманның сонау Қиыр Шығыстағы Биробиджанға жіберілуі де оған артылған сенім болатын. Көп ұзамай қалыптасқан тәртіп бойынша сұңғақ бойлы, шымыр денелі, білімді Жанұзақ әскер қатарына шақырылады. Содан екі жыл Венгрияда орналасқан Кеңес үкіметінің шектеулі әскерінің құрамындағы танк батальонында азаматтық борышын атқарып, елге аға сержант шенімен оралады.
Жоғары білімді инженер болу арманын жүзеге асыру үшін 1984 жылы Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының Қызылорда филиалына гидромелиорация мамандығы бойынша оқуға түсіп, үздік дипломмен бітіріп шығады.
Әке-шешеге, туған жерге деген перзенттік парыз оны ауылға тартып, еңбек жолын «Іңкәрдария» кеңшарында көкөніс бөлімшесінің бригадирі қызметінен бастайды. Алайда өзі оқыған институтта қалу жөніндегі ұстаздарының ұсыныстары әрдайым оны мазалап жүретін-ді. «Әке балаға сыншы» демекші, бір күні әкесі Нұрділда: «анаң екеуміз сенен көп үміт күтеміз, біліміңді әрі қарай жетілдіргенің дұрыс» деп кеңес береді. Көктен іздегені жерден табылғандай болған Жанұзақтың бұған қуана келіскенін айтудың өзі артық. Оның үлкен ғылымға жолы осылай ашылады. Алғашқыда кафедрада оқу шебері болып бастаған Жанұзақ Нұрділдаұлы зертхана меңгерушісі, ассистент, оқытушы, аға оқытушы сатыларынан өтіп, аймақта инженерлік оқу орнының қалыптасуына ерекше үлесін қосып, су шаруашылығы бойынша білікті маман ретінде танылды.
Сол кезеңде институтты басқарған талантты ұйымдастырушы Уалихан Қозекеұлы Бишімбаев аймақта техникалық бағыттағы ғалымдарды жергілікті азаматтардан дайындауға көрегенділікпен жол салып қана қоймай, өзінің де докторлық диссертациясын сәтті қорғағаны көпшілікке үлгі болды. Осы жылдары Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институты қарқынды дамып, аймақ экономикасына қажетті мамандарды жергілікті жерде дайындауға қол жеткізді. Қаланың оңтүстік аймағында әсем институт қалашығы бой көтеріп, заманауи талаптарына сай қондырғылармен жабдықталған халық арасында «мокрый блок» аталып кеткен зертханалық ғимарат іске қосылды. Материалдық-техникалық базаны қалыптастырып, дамытудағы ауқымды өзгерістердің кезінде оқу орнын жабуға келген комиссияның өз шешімін түбегейлі өзгертуге мәжбүр еткенін біреу білсе, біреу білмеуі де мүмкін.
Осы оқу орнының әлеуетін көтеріп, жоғары білікті мамандарды дайындауға тың бастамалар жоғары оқу орнын техника ғылымдарының докторы, профессор Қылышбай Алдабергенұлы Бисенов басқарған кезде іске асты. Осы кезеңде оқу орнының материалдық-техникалық базасы одан сайын нығайып, жаңа техникалық мамандықтар ашылып, жергілікті жерде ғалымдарды дайындау үшін институт жанынан аспирантура ашылды.
Ширек ғасырдың ішінде мамандарды дайындауға өздерінің мол үлесін қосқан гидротехника саласының профессор-оқытушылар құрамы қалыптасты. С.Қошқаров, Т.Қарлыханов, Ә.Оспанов, Е.Құттыбаев, О.Попов, Д.Баялимов, Ә.Сағаев, Д.Сейтқасымов, А.Шомантаев, С.Тәуіпбаев, С.Өмірзақов, М.Лумельская, А.Төлекбаев, Т.Ильясов, Р.Молдаш, Ә.Тоқтамысов секілді тұлғалы ғалымдар осы салаға аса қажетті мамандарды даярлауға мол үлестерін қосты және қосып келеді.
Саңлақтар салған сара жолды Қ.Омаров, Ж.Байманов, Б.Отарбаев, А.Жүнісов, Қ.Ақылбаев, Б.Шаянбекова бастаған кейінгі толқын іні-қарындастарымыз лайықты жалғастыруда. Бұл қатарда ғылыми табыстары мол, мақтан тұтар ұстаздарымыздың бірі де бірегейі, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Жанұзақ Баймановтың алар орны бөлек. Ол инженерлі-экологиялық факультеті деканының орынбасары қызметінде студенттер арасында оқу-тәрбие жұмыстарын шебер ұйымдастырып, олардың жақсы азамат болып қалыптасуына ерекше еңбегін сіңірді. Оның жоғары кәсіби біліктілігі, қажыр-қайраты, ерекше ұйымдастырушылық қабілеті, азаматтық келбеті Қызылорда инженерлік-экономикалық институтының проректоры, Қызылорда көпсалалы гуманитарлық-техникалық колледжінің директоры, «Ақмешіт» гуманитарлық-техникалық институтының ректоры қызметтерінде айқын көрінді.
Білім мен ғылым және олардың нәтижелерінің экономикада қолдануы – еліміздің бәсекеге қабілеттілігін қалыптастыратыны аксиома. Міне, біздің кейіпкеріміздің жаңа жетістіктері сол кездегі Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығының ғылыми-зерттеу институтының бас директоры болып тұрған кезде менің шақыруыммен институт ректоры қызметінен күріш институтына 2012 жылы жаңадан ашылып жатқан Білім тарату орталығының жетекшісі болып келуімен тығыз байланысты. Сол кезеңде жаңа құрылым жұмысын өте жоғары деңгейде ұйымдастыра отырып, агроөнеркәсіп саласындағы ғылыми-зерттеу нәтижелерін өндіріске таратуда орталықтың Қазақстан бойынша бірінші орынға шығуына қол жеткізді.
Білікті ғалым, іскер ұйымдастырушы, орталық жетекшісі ретінде түрлі халықаралық ұйымдармен тығыз байланыс орнатып, жаңа жобалар мен инновациялық идеяларды жүзеге асырып, институттың беделін көтеруге аянбай қызмет етті. Материалдық-техникалық, зертханалық базаның заманауи техникалармен және құралдармен жабдықталуына қосқан үлесі де айрықша. Еңбек зая кеткен жоқ, институтқа екі «НИВА» автокөлігі, «МТЗ-2512» тракторы, лазерлі жер тегістегіш, тамшылатып суғаруға арналған қондырғы, жем-шөп дайындауға және тұқымды дәрілеуге арналған қондырғылар, культиватор, т.б. өндіріске, ғылыми-зерттеулерге қажетті қондырғылар алынды. Қырман алаңына өндірістік жай, биокомпост немесе силос дайындайтын темір-бетонмен құйылған арнайы орын салынды.
Халықаралық конференцияларда, Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (ПРООН), Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО), Халықаралық Аралды Құтқару Қоры, GIZ, «SMEC International Pty Ltd» және басқа ұйымдардың өкілдерімен кездесулерде су үнемдеуге бағытталған пилоттық зерттеулерді өңірде жүргізу қажеттілігін дәлелдей отырып, оннан астам жобаның аймағымызға тартылуына қол жеткізді.
Арал өңірі аймағында суармалы егіншіліктің экологиялық-мелиоративтік жағдайын жақсарту және су қорын үнемді пайдалану технологиялары бағытындағы жүргізіп келе жатқан ғылыми-зерттеулерінің нәтижесінде ол 50-ден аса ғылыми мақала, 4 ұсыным, 3 патент авторы атанды. Өзі түлеп ұшқан Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Су шаруашылығы және жерге орналастыру» кафедрасымен тығыз байланыста болып, білікті мамандарды даярлауға барынша атсалысуда.
Ғылым-білім беру саласы мен қоғамдық жұмыстардағы жемісті еңбегі үшін ол көптеген марапаттар иеленген.
Зайыбы, жоғары категориялы зерттеуші-ұстаз, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ләззат екеуі 4 бала өсіріп, 8 немере тәрбиелеп отырған, елге елеулі, ағайынға сыйлы өнегелі отбасының иесі.
Балаларының барлығы жоғары білімді, мектеп қабырғасындағы немерелері оқу озаттары. Жақында немересі Мариям Түркия мен Испания елдерінде өткен ұлт аспаптар фестивалінде бірінші орын алды.
Отандық ғылымға беретіні әлі де мол ғалым, көптеген шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз, сөз бен ісі біртұтас, мінезге бай, адалдығы, іскерлігі, ұлтжандылығы ерекше азамат Жанұзақ Байманов жақында асқаралы 60 жасқа толғалы отыр. Құтты болсын дейміз!
Серікбай ӨМІРЗАҚОВ,
«Сыр мұрабы» қоғамдық ұйымының төрағасы,
техника ғылымдарының докторы, ҚР АШҒА академигі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<