«Ыстықкөл толқынында» топ жарды

254

0

Фото: автордан

7-12 шілде аралығында Қырғыз Республикасында «Ыстықкөл толқынында» атты ХІ халықаралық балалар шығармашылығы конкурсы өтті. Конкурс ән, би, күй және терме жанрларын қамтыды.

Оған Сыр өңірінен А.Тоқмағамбетов атындағы Қызылорда қалалық мәдениет үйі жанынан құрылған «Сыр сандуғаштары», облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының «Көңілді ноталар» вокалды топтарының дарынды өнерпаздары қатысты. Балаларды осы топтардың жетекшісі, Мәдениет саласының үздігі Бағдагүл Есмырзаева дайындады. Қазақ және қырғыз өнерпаздары бақ сынаған шығармашылық бәйгесінен жерлестеріміз олжалы оралды. Атап айтқанда, Жанболат Мейірлен (7-9 жас), Еркеш Раяна (10-12 жас), Тұмарханым Ықыласбек, Ханзада Сырым (13-15 жас) жүлделі орындардан көрінсе, Рамазан Мұратбек (10-12 жас) гран-при жеңіп алды.

– Бұл сапардың бір ерекшелігі, балалар Ыстықкөл жағасында өнер жарыстырып қана қоймай, көңіл сергітіп қайтты. Ұйымдастырушы тарап жас дарындар үшін естен кетпес демалыс жасады, – деді Б.Есмырзаева.

Жоғарыда аталған қос топтың өкілдері тамыз айында тағы екі байқауға қатыспақ. Оның бірі – Ақтау қаласының түркі әлемінің мәдени астанасы болып жариялануына орай ТҮРКСОЙ ұйымы қолға алған «Өнерлі өрен» халықаралық шығармашылық фестивалі. Одан бөлек, Болгарияда өтетін тағы бір додада сынға түседі.

«СБ ақпарат»