Биыл елімізде бірінші рет «Кітапханашылар күні» кәсіби мерекесі бекітілді. Бұл мереке қазанның 24-не белгіленген. Біз ұзақ жыл кітапханашы болған Бибігүл Көптілеуованың еңбек жолы туралы төл мерекесінде еңбек жолы туралы айтуды жөн санадық.
Тағдырдан төре, жазмыштан үстем бар ма? Өмір деген өктем күш адам баласын қалаған қалыбына илеп, таңдаған ағысына салатыны белгілі. Болмысқа берік, мақсатқа адал болмасаң, өзіңді жоғалтуың да қас қағым. Тек таймас табандылық пен жалынды ерік-жігері бар адам ғана өмір-бәйгеде жеңіске жетпек. Саналы ғұмырын кітапханаға арнап, жан байлығының бағбанына айналған Бибігүл Көптілеуованың тағдыр жолы да сан қилы соқпақтан құралып, өз даңғылына түскен.
Балалық шағы аласапыран соғыстан кейінгі кезеңге тап келген Бибігүл Көптілеуова 1947 жылы Қазалыдағы Абай ауылында дүниеге келіп, Жұбан деген жерде өскен. Соғыстан кейінгі буынның қайсысы бейнеттен ада, тауқыметтен кем болды дейсіз? Жетінші сыныпқа дейін білім алған ол анасына жәрдем қылу амалымен оқуын аяқсыз қалдыруға мәжбүр болған. Әпкесі тұрмыста, сіңлісі мектепте. Ата-анаға қолғабыс қылар адамның қолайы болмаған соң бар жүк өзінің мойнына түсті. Небәрі он төрт жасында үй-жайдың шаруасын шырқ үйіріп, ауылдағы шағын балық зауытына жұмысқа орналасқан. Тірлік қиын, тапсырма жетерлік. Ердей еңбек етпесең, істің өнбейтін шағы. Бибігүл де бала қолымен тауқыметтің ауырын көтеріп, күн-түн қатардан қалмауға тырысқан.
1965 жылы Жұбан учаскесінде малшыларға арналған кітапхана ашу қолға алынып, осы жұмысқа маман іздей бастаған. Ол кезде жастардың көбі оқуда. Шалғайдағы шағын қыстаққа кім келе қойсын?! Сонда ел-халықтың есебі бойынша ең қолайлы үміткер Бибігүл болған көрінеді. Бар ынтасы кітап оқуға ауған қыздың қалауы да сол еді. Осылайша, өрімдей он сегіз жастағы Бибігүл ауыл кітапханашысы атанды.
Ол өмірін өзгерткен қызметті жан-тәнімен жақсы көрді. Салмағын саралап, маңызын бір адамдай білді. Арада сан жылдар өтсе де, алғашқы кітап қоры әлі есінде. Кітапханаға берілген 260 кітапты әрлі-бері төңкеріп, күнде сүйсіне оқуды әдетке айналдырғанын да сағына еске алады. Тіпті үйдің бос бөлмесін әзірлеп, кітапхананы үйінен ашуға талаптанады. Қажетті жиһаздар мен жабдықтарды таңдап, кітапхана жасақтау барысына барынша ықыласпен кіріседі.
Жас маман шалғай қоныстанған ауылдарды аралауды күнделікті жұмысқа айналдырады. Қолда жаңа газет, кітаптар. Әр сапарында оқырманның іздегенін алып баруға, сұрағанын табуға талпыну – қалыпты тірлік. Әріп танымайтын қарт кісілерге кітапты оқып беруге де ерінбейді. Алғыр қыздың білімге ынтасы мен оқуға құштарлығы алыстағы ағайынның да көңіліне сәуле түсірсе керек. Көбінің кітапқа құмарлығы арта бастаған. Жас кітапханашы келген сайын кітап, газетті алып қалып, алғысын жаудыруды әдетке айналдырған. Оқырманға жақын болу үшін ауылда өтетін науқан мен көпшілік жұмысқа белсене араласып, шаруа адамына жақын өсті. Қауырт тірліктен бөлек, қабырға газетін шығаруға жәрдемдесу, газетке шыққан жаңалықтарды дауыстап оқып беру жас кітапханашының еншісінде.
Көшпелі кітапханада табан аудармай бес жыл еңбек еткен ол 1970 жылдары Абай ауылының кітапханасына ауысты. Мұндай шешімнің себебі де жоқ емес. Қарт анасының халықтың ортасында болайық деген қалауын жықпай, Жұбан учаскесінен Абай ауылына қоныстанған. Арасында қала аралап, білімін жетілдіруді де қаперден шығармапты. Абай ауылына қоныстанған соң да мал асырап, бейнетті тірлікке кіріседі. Малдың қыстық жем-шөбін дайындау, қора-қопсының жайы секілді ер адам атқарар тірлік нәзік қыздың мойнына жүктелген. Әсілінде, қажыр-қайраты мол болмаса, бұл сынаққа екінің бірі шыдас бермесі анық. Ал Бибігүл апа айналаға шаршап-шалдыққанын білдірмей, сабырмен бәрін еңсере білді. Осы орайда кейіпкеріміздің табандылығын, алға ұмтылуға деген ерік-жігерін дөп басатын өзіміз естіген бір оқиғаны баян етейік.
Қыс мезгілі. Қалаға бармаса жұмысы бітпейтін қысылтаяң шақ. Қарбалас күннің бірінде таңертең қалаға ертерек жеткенімен, шаруалармен айналып, күннің қалай батқанын аңғармай қалған сыңайлы. Түнделетіп ауыл тұсын бетке алып жалғыз өзі жаяу жолға шығады. Жан-жағы тас қараңғы. Жол жиегіндегі тастарға сүріне-қабына әзер басып келеді. Түн жарымында біршама шақырымды өткерген сәтте жолай жүк көлігі кезігіп, ауылға дейін жеткізуге келіскен. Ащы судан ұрттамаса, жұмыс өнбейтіндей көрінетін кезең емес пе? Жүргізушінің әлпетінен үрейленген Бибігүл дария бойына жақындағанда көліктен түсіп қалады. Дарияда мұз болғанымен, көзге түртсе көргісіз түнекте қай жері мұз, қай жері су екенін аңдап болмайсың. Қайсар мінезінен танбайтын ол кері қайтуға арланып, дарияны кесіп өтуге шешім қабылдайды. Мұз бетінде еңбектей жүріп, Жаратқанға жалбарынумен болыпты. Әзер дегенде арғы бетке өтеді. Жол машақаты мұнымен бітпей, ауылға дейін ұлыған қорқаулар қаптаған төбемен жүруге мәжбүр болған. Міне, көзсіз ерлік мен тартынбас табандылықтың үлгісі!
Осылайша бір жыл жұмыс істеген кітапханашы жиырма төрт жасында тұрмысқа шығады. Шаңырақ көтеріп, туған үйден кетсе де қолдан келгенше қарт анаға қарайласуды ұмытпайды. Әке-шешенің үйіне жақын орналасып, анасы мен сіңлісіне болысуға барын салады. Өмірлік жары да еңбектің қадірін, отбасының өнегесін сезінгендіктен, зайыбының алаңын сейілтуге тырысқан. Қолдауға зәру шақта қорған болып, көмек керек кезде қол ұшын соза білді. Екеуара ұғысудың нәтижесі болар, бүгінде Көптілеуовтер отбасы үлгілі шаңыраққа айналған. Отағасы екеуі дүниеге үш перзент әкеліп, тәрбиелеп, он екі немере сүйген ардақты ата-анаға айналды.
Әке-шешеден көрген өнеге адамға өмір бойы жол көрсетеді. Бибігүл апаның балаларының бәрі кітапқұмар. Бала кездерінен кітап жастануы қалыпты жағдайға айналған. Тіпті анасы түскі үзіліске келгенде кітапхана кілтін алып, сағаттап кітап оқиды. Әсіресе, кенжесінің ертегіге әуес болғаны сонша, шығармадағы Қыранқарақшы есімін өз атындай жақын тұтқан көрінеді. Мұндай зиянсыз бұзықтық білімге ынталы азаматтардың қалыптасуына түрткі болғаны аян. Бүгінде Бибігүл апа перзенттерінің ойы ұшқыр, қабілеті қарымды. Немерелері де ата-ана жолын қуып, кітапты жанына серік етуді үйренген.
Бибігүл апа 2000 жылы ғана құрметті еңбек демалысына шығып, кәсіби жұмысын тоқтатты. Алайда, оның қоғам дамуына қосар үлесі бүгінге дейін жалғасуда. Зейнетке шықаннан бастап «Өнегелі әжелер» ансамблінде өнер көрсетсе, әр жылдары аудандық мәслихатқа депутат болып сайланды, түрлі медальмен марапатталды. Бірнеше рет аймақ басшысының Алғыс хатын алып, мерейлі мерекелерде мәртебе төрінен көрінді.
Әрине, күйбең тірлік болмысын бұзбаған жан – нағыз батыр. Олардың қатарында Бибігүл апа да бар. Ол кітапқа деген құмарлықты тіршілік қамына айырбастамай, ынтасын сол күйі сақтады. Қазір кітап оқуды үзбей, жаңа шығарма оқуға құлшынады. Оған мүмкіндік те, уақыт та мол. Үйдегі кітап сөресі лық толы. Ішінде Батыс ақын-жазушыларының еңбектерінен бастап, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдерінің шығармалары самсап тұр. Әсіресе, Бибігүл апаның діни кітаптарға деген қызығушылығы зор. Мұның барлығы көкірегі ақыл кені болған жанға адами қалыпты тану, келісті сөз айту тұрғысында көмек берері сөзсіз.
Бүгінде жан-жағына мейірім шуағын шашқан Бибігүл апа жақсы қартаюдың үлгісін көрсетуде. Сөз басында кейіпкерімізді жан байлығының бағбанына теңеуіміз тегін емес. Себебі, оқуға құштар жан ғана өзгенің жол табуы мен білім алуына алғаусыз септесе алады.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<