«Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген жақсы сөз бар. Мұның астарында нәзік жандардың әр үйдің берекесін кіргізумен қатар, түрлі салада абыройлы һәм нәтижелі еңбек ететіні айтылса керек. Себебі, қоғамда орын алған қандай да бір жаңашылдық, жетістік, тың бастама болмасын, ондағы әйел адамның өзіндік үлесі, қолтаңбасы бөлек.
Өмір мен өлім арпалысына жиі түсетін өрт сөндіруші мамандардың да арасында аруларымыз абыройлы еңбек етеді. Солардың бірі – Жанат Тәжиева. Қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің радиотелефонисі, яғни, қандай да бір төтенше жағдай орын алса, ең алдымен осы радиотелефонистер қоңырауды қабылдап, өрт сөндірушілерді көмекке жібереді. Сол үшін бұл мамандарға зор жауапкершілік жүктеліп, нақты, әбжіл әрекет талап етіледі. Өйткені, адам өмірі тікелей диспетчердің мұқияттылығы мен зейініне байланысты болуы мүмкін. Мүлт кетуге болмайды, бұл қызметте әр секунд маңызды.
Батылдық, шапшаңдық, біліктілік пен кәсібилікті қажет ететін, жауапкершілігі зор бұл мамандықта Жанат Мирамбекқызы 20 жылдан бері жұмыс істейді. Өз ісінің үздігі. Қиын жағдайға тап болған талай жанға дер кезінде құтқарушыларды жөнелткен. Қарапайым халыққа еңбегі байқалмаса да, радиотелефонист – тұтқаның ар жағында отырып, таудай тірліктің сәтті атқарылуына негіз болатын басты мамандардың бірі.
Жанат өрт сөндіру бөлімінде батыл, шапшаң, әрбір секундтың қадірін білетін мықты кадр болса, өз үйінде шаңырақтың ұйытқысы, отбасының жылуы мен берекесі. Ол өмірлік серігін алыстан емес, өзі қызмет ететін өрт сөндіру бөлімінде кезіктірген. Азаматтық қорғау полковнигі Нұрлан Жанәбілмен шаңырақ құрғанына биыл он жеті жыл. Отағасы Нұрлан Нағашыбайұлы да – еңбексүйгіш азамат, өз ісінің нағыз маманы. Қатардағы өрт сөндірушіден бастап облыстық ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ бастығының орынбасары лауазымына дейін сатылап өскен білікті қызметкер. Отбасы мен жұмыста жарасым тапқан Жанат пен Нұрлан – бүгінде бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған бақытты жандар.
Иә, әйел жүрген жер береке. Жан-жағына жылулық, жинақылық, ерекше атмосфера сыйлайды. Нәзіктігімен жанды баураса, қайсарлығымен қиындықты еңсереді. Азаматтық қорғау сержанты, радиотелефонист Жанат Мирамбекқызы секілді түрлі салада жемісті еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізіп жүрген аруларымыз көп. Әскери салада еңбек етсін, мейлі дәрігер, тіпті тәртіп сақшысы болсын әйел – әрбір үйдің жылуы мен жарығы, бақыты мен берекесінің бастауы екені даусыз. «Осындай мүмкіндікті пайдаланып, әдемі күлкісімен әлемді нұрландырып жүрген барша қыз-келіншектерді шұғылалы көктемнің шуақты мерекесімен құттықтаймыз. Жанарларыңыз қуанышқа, жүздеріңіз күлкіге, құшақтарыңыз гүлге толсын, құрметті ханымдар! Сіздер бар жақсыға лайықсыздар! Әлем сіздермен мәнді әрі сәнді!» дейді Қалалық №4 өрт сөндіру бөлімінің ұжымы.
Нұрсұлтан ШАХМЕТ
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<