Жаны жайсаң жақсы адам

593

0

Жалағаштың ырғатыла тербелген дәнді алқабы, көгілдір мөлдір аспаны, алыстан күмістей жарқырай көрінген  Шынар көлінің әсем табиғаты, жарыса көкке өрлеген Сырдың сұлу сәмбі талы, жұпар шашқан жидесі, «Тобыр» төбенің сарықұмы сол кездегі сезімтал жас Келдібай Бектұрғанұлының өмірлік бағытын айқындап бермегеніне кім кепіл? Өйткені біз сыр ағытқалы отырған Келдекеңнің болмысы ақынжанды адам. Табиғат пен тіршілік атаулыны жанындай сүйеді. Демек, бала қиял, сәби жүрек сонда-ақ сергіген, сезінген.

Келдібай ағамыз сонау 1943 жылдың 15 тамызында Жалағаш ауданындағы Ақсу елді мекенінде дүниеге келді. Жан беріп, жан алған сұрапыл соғыстың қызған тұсы. Ол кездегі ауылда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін бел шешіп демін алуға мұршасы болмады. Жарық дүниенің есігін енді ашқан сәби көңілдің бұдан еш хабары жоқ еді. Әкесі Бектұрған мен анасы Мамыш жалғыз шақалағын бауырына басып жүріп, сол тынымсыз еңбектен қолдарын үзбей, Ұлы Жеңіске жетуге маңдай терлерін төкті. Ел жүгін ауылдастарымен бірдей көтерді.

Ұлы Отан соғысынан соң 1945 жылы Қызылорда облысында егін шаруашылығын дамыту мәселесі қолға алынып, Тасбөгет қыстағында «Су тоспа торабын салу» жұмысы жылдам қолға алынды. Сол кезде әкесі Бектұрған Артықов отбасымен қажетті маман ретінде Тасбөгет қыстағына көшіп келеді. Сөйтіп, бала Келдібай Тасбөгеттегі №11 орта мектепке барып, оны 1961 жылы бітіреді. Мектепті бітірісімен әкесіне қолғабыс тигізіп, қаладағы №1 автокомбинатта жүргізуші болып алғашқы еңбек жолын бастайды. 1963-1966 жыл аралығында ел алдындағы әскери борышын өтеуге барды. Арманшыл жігіт әскерден келісімен 1966 жылы Челябинск қаласының құрылыс техникумына оқуға түсіп, оны ойдағыдай тәмамдайды. Құрылыс саласында еңбек ете жүріп 1968 жылы Қызылордадағы Н.Гоголь атындағы педагогикалық институттың «Жаратылыстану» факультетіне түсіп, оны 1973 жылы бітіреді.

Жоғары білім алысымен Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары, 1976 жылы Республикалық «Союзгипрорис» жобалау институтының Қызылорда бөлімшесінде жобалау инженері қызметтерін атқарады. Осыдан соң ауылшаруашылық құрылыс тресіне қарасты №3 жылжымалы мехколоннада бақылаушы-инспектор, облыстық ауылшаруашылық басқармасына қарасты қосалқы шаруашылықтың директоры секілді лауазымды қызметтер атқарып, еңбектегі өсу жолы басталады.

2002 жылы Қызылорда қаласы әкімшілігіне қарасты Коммуналдық шаруашылық бөлімінде – көркейту-көгалдандыру, суландыру саласында бас маман және сол сала бойынша қала әкімінің кеңесшісі қызметтерін атқарып, 2011 жылы зейнетке шығады. Осы көркейту-көгалдандыру және суландыруда бас маман қызметінде жүргенде қаланың бас көшелері – Абай, Жібек жолы, Бейбарыс сұлтан, Бөкейхан, Астана, Қожахмет Яссауи, Президент паркін көгалдандыру-суландыруда, гүлзарлар мен көше ағаштарын сумен қамтамасыз етуде тынбай жұмыс жасады. Ондағы мақсаты – қаланың көпшілік көп жүретін көшелерін абаттандырып қала тұрғындары үшін барынша жағдай жасау еді.

Әсіресе, Қызылорда қаласына шетелде өсетін жеміс ағаштарын жерсіндіру жайлы айтқан ұсыныстары кең қолдау таба білді. Бұл ұсыныстарды Келдібай ағамыз билікке айтпай тұрып, өз есігінің алдындағы бақшалық жерге жеміс ағаштарының түр-түрін өсіріп, олардан өнім алуға болатындығын дәлелдеді. Оның айғағындай, 1997 жылы облыс әкімі Бердібек Сапарбаев облыс бойынша «Берекелі бағбан» атты номинацияны өз қолымен тапсырды. Келдібай ағамыздың есік алдындағы жеміс ағаштарын көрген адам таңғалмай тұра алмайды. Шағын аулада тіпті шетелде өсетін жеміс ағаштарының түрлері бар.

Біз сөз басында Келдібай Бектұрғановтың ақынжанды адам екенін де айттық. Сәкен мен Мағжанның, Фариза мен Мұқағалидың, жергілікті ақындар Темірше мен Әскербектің жырларының көбін жатқа біледі. Қазақ ауыз әдебиетіне де жүйрік. Аталы, баталы сөзге келгенде жорғадай жосылады. Әсіресе, халық әнін айтқандағы дауысын айтсаңызшы… Сәкеннің «Тау ішіндегі», Ақан серінің «Балқадишасын» айтқанда қиялың сеңгір тауларды кезіп кеткендей күй кешесің. Бұл қасиет сегіз қырлы, бір сырлы Келдібай ағамыздың кеуде сарайының рухани қазынаға бай екендігін көрсетсе керек.

Сексен жасқа шыққан Келдібай ағамыздың өнбойынан адамгершіліктің, парасаттың, бекзаттықтың, үлкендіктің, сыйластықтың, отаншылдықтың, ұлттық құндылыққа деген жанашырлықтың, тілге деген құрметтің лебі есіп тұр десем, артық айтпағаным болар. Өмір сабағынан кеуде алтын сандығына жинап, саралап теріп алғаны көп. Оны жүрген жерінде жастарға үнемі айтып жүреді. Жетісу өңірінде Балпық бидің 325 жылдық меретойы мен киелі Маңғыстау аймағындағы Асау Барақтың 200 жылдық мерейтойында республикалық дәрежеде өткен бата беру сайысында Келдібай Бектұрғанов оқ бойы озып, екеуінде де бас жүлдеге ие болды. Сөйтіп Сыр бойының қазақы қалпы мен бата берудегі салтын биіктен көрсетті.

Үйдегі жеңгеміз Күлзира Сейдахметқызы екеуі 2 қыз, 2 ұл тәрбиелеп өсіріп, олардан бірнеше немере сүйіп, өнегелі, үлгілі отбасыға айналған үлкен әулет. Қызылорда қалалық коммуналдық шаруашылық саласының бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы, облыстық ардагерлер кеңесінің жастармен жұмыс жасау, мәдени-көпшілік, спорт жөніндегі тұрақты комиссия төрағасы. Аймағымыздағы қасиетті, киелі орындарды таныстырушы және насихаттаушы қызметі тағы бар. Жуырда қала бойынша өткен «Мерейлі отбасы» байқауына қатысып, «Өнерлі отбасы» номинациясын жеңіп алды. Өмір баспалдағын қарапайым көлік жүргізушіден бастап, бұқараның қақ ортасында еңбек етіп, қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласа білуі, бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болса керек.

Өмірбек ШӘМЕНОВ,

облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<