«Дүкенбай Досжанның бір шығармадан бір шығармаға баспалдақтап өсіп, тынымсыз ізденуі өзімді қатты қызықтырады. Оның соңғы кітаптары – тақырыбы, орындалуы, ой ағымы, көркемдік кестесі, тіл бояуы жағынан бүгінгі прозаның талап деңгейіне толық жауап беретін аса талантты дүниелер».
Әбдіжәміл Нұрпейісов
Өмірдің өзіндей жүрісінен жаңылмай жазмыштың үлкен сыйын арқалаған, терін тамшылатып, сұқ саусағы сүйелденіп, кітаптан соң кітап жазып жатса да мыңқ етпейтін, төзімді, аса ізденімпаз, қажырлы қаламгер, табиғи бейнетқор жандардың бірі Дүкең еді. Біздің халық бір жерде кен көзі ашылыпты десе елең етіп қуанады, қоры қанша екен деп болжам жасайды, тезірек халық қажетіне айналса екен деп тілейді. Дәл сондай кен көзіне парапар рухани талант көзі ашылса ғой, оны түсіну, қабылдау әрқалай, табанды еңбегін елей қою қиын.
Дүкенбай Досжанға «Құм» кітабы үшін мемлекеттік сыйлық берілген еді. Одан біраз жыл бұрын «Құмда қалған кемелер» кітабы үшін Әуезов сыйлығы бұйырған. Әйтсе де қаламгер беріліп жатқан сыйлықтарға семіріп, көкірек көтеріп, басқаға міндетін артпай, жазуын бұрынғыдан да еселей түсетін. Бұл шын суреткерлікке бет бұрған үлкен құбылыс еді. Дүкенбайдың «Алыптың азабы» атты кітабындағы «алып» деп тұрғаны Әуезов, «азап» деп баяндағаны – осы кемеңгер қаламгердің абақтыда отырып шыққаны, қуғын көргені, талқыға түскені. Осы оқиғаның баршасын автор құжатпен сөйлетеді. Абақтыдағы тергеу, тінту қаттамасын оқып жаныңыз түршігеді. Тырнақ астынан кір іздеп індете тергеген тергеушінің қатыгездігі алабөтен. Шығарманың өн бойы қауіпсіздік комитетінің бұрынғы деректері. Романның құрылымы қызық. «Роман осылай басталады» деген бөлімде Мұқтар ағаның абақтыдағы қасіреті суреттеледі. «Романның шарықтау шегі» бөлімінде бас кейіпкердің, яғни, Әуезовтің Шортанбай, Шәңгерейдің рухымен тілдесуі ұзақсонар баяндалады. Ал «Роман осылай аяқталады» бөлімінде қиындық атаулыны иығынан сыпырып салған ғұламаның Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауидің басына тәжім етіп баруымен аяқталады.
Мұқтар айтады: жарықтығым, соңымда қалған сөзімді қай ұрпағым ұлықтап айтып жүрер?
Яссауи баба: кісінің кісіге жасаған жақсылығы Ысырат көпірінен аман алып шығады. Сөзіңе сеніп тірлік еткен ұрпағың барда, бұ дүниенің қамынан уайым жеме.
Осылайша софы мен ұлы суреткердің сөз саптасын Дүкең қызық өрбіткен. Оқырмандарын ғажайып арман еліне жетелейді. Адамшылық парыз, Алланың нұрын аңсау, жұмақтың сегіз есігі мен тозақтың жеті түрлі азабын қолдан сызғандай елестетеді. Фальшті сезбейсіз. Еріксіз бас шұлғисыз. Мұның бәрі қаламгердің сөзбен сурет сала білетін құдіретінен, иландыра жетелейтіндігінен. Көзқарасының айқындығы, жазушының пәлсапашылығы оқырманды тамсандыра түседі.
Дүкенбай ағаның «Алыптың азабы» кітабы қазақ қаламгерлерінің бұрын-соңды Мұқтар Әуезов туралы жазған шығармасына еш ұқсамайды. Өзінше өрнегі мол, ерекше туынды. Жазушының бар қасиеті сөз сипатымен оқшау тұруында. Дүкең айтады: шеберлік көкжиегіне жеттім дейтін жазушы жоқ. Оған Мұқаң да жетпеген, біз де жетпейміз. Өйткені, шеберлік – шексіз. Ол көкжиек – ұлттық рухани ойлау, мазмұндау дәрежесімен өлшенетін ғажайып кеңдік пен еркіндік. Сол еркіндікті, теңдікті ұлы ұстаз табиғи дарыны арқасында молынан пайдаланды. Оқырман талғамын биіктетті. Әуезов өмірі тақтайдай түзу болмаған. Қазіргі біз көрдік деп жылап жүрген қиындық, тапшылық, кемсіту, мұқату, қасақана елемей, ескермей, барыңды жоқ етуге тырысу, бақталастық, ұстаз өмірімен салыстырғанда ойыншық секілді. Соған қарамай, көзіне көрінген, көрінбей әрекет еткен жауларымен жағаласа жүріп, ұлтына қаратып тозбайтын сөз айта білген қажырына қайран қаласың. Мұқаң биігі арманың болып қала береді.
Жазушы кісінің қолындағы бар құралы қалам ғана. Жұрт ойлайды, оларға қалам мен қағаз болса жетеді. Отыра ғап тоқтаусыз жаза береді, жаза береді дер. Әйтсе де «ән айтсаң жаныңды жеп айтасың» дегендей, жанын жеп, жүйкесін жұқартып жүріп, дүниеге жаңа бір шындық туралы, тағдыр туралы адамдар арасындағы тайталас туралы өз тұжырымын ұсынатынын біз біле бермейміз. Олар сөзбен сурет салады, маңайда өтіп жатқан қым-қуыт өмірді көркем кестелеп қағазға түсіреді. Сұқ саусағы сүйелденеді, көз майы азаяды. Жазу да дуа секілді. Сол дуаға арбалып, жазбай отыра алмайтын халге жетеді. Сүйексіңді әдетімен өмірден өтеді. Өмір сүру көпірден өту емес. Кітап жазу үстелге шегеленіп, жастықты кеудеге қысып, етпетінен түсіп, көрпеше үстінде домалау емес. Әр сөз, сөйлемге жүрек лүпіліңді ұйымдастыру. Бар көрер қызығыңды жиып тастап, ыңғайлы отырар орын таңдамай, табиғат берген асыл ойларыңды қағаз бетіне тізу. Бұл өмірде кеудесіне шырақ жанғандай ізгі ниетпен шұғыла сеуіп жүретін донор адамдар болады. Құлқы азған, нәпсісін жеңе алмаған, ішсем, жесем, алсам дегеннен артыла қоймаған вампир кісілер де бар. Көркем әдебиеттің міндеті – сол сайқалдығы сайтаннан асқан жандарды көкірегіне иман жинаған жандардан айырып, екшеуге жәрдем жасау. Күрсінгеннің көкірек жайын ұғыну.
Міне, осы тауқыметті жолда жан аямаған ірі жазушыларымыздың бірі Досжанов болды. «Өз басым тақырып таңдау дегенді түсінбеймін», – деген еді бірде қаламгер. Кітап тағдыры адам тағдыры секілді. Ең ғанибеті тақырып емес, адам тағдыры шығар. Махаббат базарына әркім де барар. Көзінде сәуле жоқ, тіршілігі іштім-жедім, ойнадым, көпірден өттім секілді өмір болды. Мұндайдан үлкен тартыс табу қиын. Саулап құйылар сөз де шықпайды. «Дүниеде не пәле құштарлықтан шығады. Махаббат, соғыс, роман бәрі-бәрі әлгі дүлей күш – құштарлық болмаса тіршілікті алай-дүлей етпес еді», – дейді ұлы Бальзак. Сол айтпақшы, құштарлықсыз келе қалған нәрсе шала жанған оттай орта жолда бықсып, өшіп тынады. Суретші болмысты бояумен көреді, жазушының құдіреті суретшінің көзі, сазгердің құлағы мен саусағы сезгеннің бәрін тірі сөзбен кестелеуі. Жазушының әуелгі басқышы ауыр болса да, осыны жазсам-ау деп ғаламат істі бастауы, міндет етіп алған істің сырын тап басып, оқушысының санасына жеткізе білуі, кім-кімді де таңғалдырады. Оқырманын риза етеді. Оқи отырса илана бас шайқайтын қаламгеріміздің бірі Дүкең – Дүкенбай Досжан. Меніңше қаламгер сөз қаруын қасиет тұтатындықтан да қаламға қажетсіз жерде жөнсіз жармаспайтын жазушы, ал, егер, сол қару қаламын қыннан суырса онда ол ылғи әділеттің жағында болып, елсізді қорғау үшін, мұңлыны жұбату үшін ғана қаруын сілтейді.
Дүкеңнің толғанысы: Адамды жазушы ететін өскен ортасы, сол ортаның тіл байлығы, сөз қолданысы, кісінің табиғи дарыны. Мәдениет майданында солдат жоқ, бәрі де туабітті генерал. Істеген ісіңе, тыңдырған шаруаңа қарай жұртың сені кезі келгенде танып алады, сынына салады. Шаруасына жарасаң басына көтеріп ардақтайды. Сол қасиетті халық назарынан абыройлы өткенге не жетсін?!
«Зауал», «Дария», «Табалдырығыңа табын», «Жібек жолы», «Алау», «Таразы», «Абақты», «Абай айнасы» атты романдары мен ондаған повесть, жүзге жуық әңгіме жазған Дүкеңнің қарт анасының айтуына қарағанда, біздің кейіпкеріміз төрт жасқа келгенше «мылқау бала» атанған. Жасөспірім кезінде сағаттар бойы ыстық күн астында жалаңбас ойға шомып отыра бергенді ұнатады екен. Жазушының әкесі жасында атақты шабандоз атанып, қартайғанда сопылық құрыпты. «Шағын ауылдың кішкентай кітапханасының барлық кітабын үш қыс бойы оқып тауысқанымды сезген әкем сөзін таразыға салмақтап отырып айтар еді: балам бір нәрседен қорқамын. Баяғыда Түркістан базарында қолтығына кітап қысып, басы бұлғаңдап, әрнәрсені шалықтап айтып отыратын ғұламаны көріп едім. Сол жердегілерден «бұ кім еді?» деп сұрағанымда, олар: кітапты көп оқып, кітап сөзі ақылынан үстем шығып, миы атала боп кеткен ғұлама ғой», – дейтін. Сол кітап құшақтаған ғұлама секілденіп бір күндері алжасып, қияли боп шыға келме. Сөздің қасиеті оңай нәрсе емес. Кітап сөзін ұстай алсаң атыңды шартарапқа жаяды. Егер, ақыл ойыңнан үстем шықса, аузыңды қисайтып, басыңды бұлғаңдатып, қалыбыңнан тайдырып жынды қылады». Міне, көп сөзі жоқ жарықтық әкем осылай деген еді. Әке сорлы қайдан білсін, бала табиғатындағы кітапқа, білімге деген кернеп тұрған құштарлықты әкенің бар тілегі баласының басы бұлғаңдамай аман жүрсе болғаны.
«Алғашқыда, ойпырмай қалай болар екен деп қауіп қылып та жүрдім. Шыны керек, көп оқудың пайдасы тиді. Оқыған сайын жан әлемінде үлкен бір жігер пайда болып, өзімді-өзім қайрай түсетін» әдет таптым, «осы мен кіммін?» деген сауалға жиі жүгінетін болдым. Ішімдегі дүлей ойды сыртқа шығарудың амалын ойладым. Қолыма қалам алып жазатын болдым. Көргенімді, білгенімді, сезгенімді, естігенімді, тұшынғанымды бәрін-бәрін қағаз бетіне түсіруге асықтым. Қалам ұстасам болды, қиялым кеңіп жүре береді. Алдымен өлең жаздым. Алғашқы туындым он бес жасымда жарық көріпті», – деген еді бірде жазушы аға.
Содан бері тіл бояуы бай, символға, қиялға жүгінетін автордың халықтық асыл дәстүрді кестелеген шығармалары ағылшын, испан, мажар, швед, қытай, жапон, кәріс, пуштун, тамиль, түрік, молдаван, эстон тілдеріне аударылыпты. Шығармалары оқырмандарына екі миллион үш жүз мың данамен тараған. Мінезі тұйық, сыншыларын көп оқымайтын, көпшілік орта, теледидардан сырт жүретін бұл кісінің алдына қойған негізгі мақсаты жазу болды. Тек қана жазу. Содан соңғы байлығы бір бөлме тола архиві. Онда көне қолжазбалар, құпия құжаттар, картотекалар жинақталған. Д.Досжанның есімі Американың «Әдебиет және өнер адамдары энциклопедиясының» екінші томына кірген. Жазушының барлық шығармаларына осы архив құжаттары өте шындық жолмен көмектескен. Архивпен жұмыс істеу, оны көздің қарашығындай сақтау көбіне төзімге байланысты. Үлкенді-кішілі құжаттың ұлтымызға керекті тұсын жіпке тізгендей ұқыптылықпен пайдалану, мың-сан қағаздың арасынан аршып алып, бүгінгі ұрпақтың кәдесіне жарату, көзге көрінбейтін, еленбейтін мықтылыққа саяды. Өз ісіне мығым, қара сөзді келісті етіп кестелей білетін ағаның жинаған архивіне, аса бай қолжазба қорына шетелдік әріптестеріміздің елеңдеп, көңіл аударуы да жайдан-жай емес. Жылдар бұрын жазушының отбасылық мұрағат қорын естіген АҚШ-тың Қазақстандағы елшісі болған ғалым Уильям Хариссон Кортни құжаттар тігілген папкаларымен танысып, қызыға ден қойғаны бар. Мұндай кісілер қазақ елінің, халқының қалыбын білсек, тереңірек түсінсек дейді. Ұлтымыздың мың өліп, мың тірілген төзімділік қасиетінің сырын білмекші. «Архив – ұлттың айнасы» деген еді жазушы аға. Олай болса, сол айнаны ешқашан кір шалмасын.
Кейіпкеріміз 1942 жылы 9 қыркүйек күні Жаңақорған ауданының Құланшы ауылында, әйгілі батыр Шіркінбайдың ұрпағының отбасында дүниеге келген. Соғыстың қайнап жатқан кезі. Сол аймақта темірден түйме түйген, ел қалың қасиеттері деп санап кеткен Ақеділ есімді ұста болыпты. Қасиеті сол өзі ұстаханасында болмаса да балғасы өз-өзінен тарсылдап, көрігі гүмпілдеп жатады екен. Ол жарықтық анасының түсіне кіріп: «келін мынаны алшы» деп көсеу сыйлапты. «Ұзамай жарық дүниеге мен келіппін. Біздің жақта ұстахананы дүкен» дейді. Ата-анам шапағаты тисін, ұлдың атын Дүкенбай қоялық деп келіседі. Содан, мен ұстахана дегеннің мағынасын алып Дүкенбай болып шыға келіппін» дейтін. Дүкеңнің шығармалары тілге бай, етек жеңі мол, бояуы қанық, нағыз байырғы қазақи тілмен жазылған. Мысалға «жабу жапты» деудің орнына «атты билете басқызып, жабуыштан әкелді», – деп жазады. Дүниеде әр нәрсеге, ойға да, затқа да өлшем керек. Өлшем – өмірдің бұлтартпас заңы.
1994 жылы жарық көрген «Абай айнасы» атты ғұмырнамалық зерттеулер кітабында ұлы ақынымыздың өмір жолын, кезеңді тұстарын жазушылық толғаныспен кестелеуге күш салған. «Осы кітапты жазар алдында» дейді қаламгер, Жидебайға Абай бейітіне барып, Шығыс жақ жаңа ғана сөгіліп, таң шапағаты біліне бастаған мезетте, қос тізерлеп отырып, Құран оқып, қол жайып, бет сипағаным сол еді, қабірдің зіл қаратасы жаймен қозғалғандай болып, сытыр еткен дыбыс естіліп, айнаға түскендей елес боп, бу боп, ақын сұлбасы көз алдыма келе қалғаны. Құданың құдіреті кәдімгі тірі адам сипатына еніп, Абай тіл қатқаны. «Бұл не шу?» Абайдың қабағы салыңқы, түйіліп тұр. «Бұл неғылған бітпейтін шу? Неге атымды атап маза бермейсіңдер, мерейтой өткіз деген мен бе екем?» – деп осы күнгі ақын атына байланысты жөнді-жөнсіз даңғазалыққа қарсы екенін шу дегеннен-ақ аңғартып алады.
1898 жылғы маусымда Мұқыр баласының сайлауы өткелі жатқан Көшбике деген жерде Абай басына қастандық жасалады. «Ел ішінде партия құрып, іріткі салып жүрсің», – деген желеумен ақынға шабуыл жасап, қамшы жаудырып, басындағы бөркін, пышағын, алтын баулы сағатын тонап алады, өзін соққыға жығады. Дәл осы қастандық кезіндегі қат-қабат оқиға соны деректер арқылы қаны сорғалаған ащы шындығымен суреттеледі. Абайдың көп философиясы қазіргі өмірге қаратып айтылғандай әсер етеді. Жүрек сауыты – ақыл, ал ақыл сауыты – мінез, мінез сауыты – қалып. Енді, осы ақылдың да өзінше кеселі болады екен. Ол не нәрсе екен деп Дүкең ұстаз тәліміне көп үңіліпті. Ақыры тапқаны: ақылдың ең ауыр кеселдері – мінезсіздік, мақтан, салғырттық, тез жалығу, тез қайту, уайымсыздық екен. Мына заманда әр адам басын бәйгеге тіккен тұлпар секілді. Біреуі байлығымен, біреуі мансаппен, үшіншісі жора-жолдасымен, төртіншісі сүйеніші, тірегімен озамын деп жанталасып жүр. Абай көзімен қарасаң, мұның бәрі өткінші, тасыған судың көбігіндей бүгін бар да ертең жоқ тиянақсыз нәрселер. Біз осындай парасатты пәлсапаны жазушының «Абай анасы» кітабынан жақсы ұғынамыз. Оқырман іздеп жүріп, сүйіп оқитын «Таразы» деп аталатын роман-толғауы елең еткізетін бағалы дүние. Мұндағы адам мен табиғат арасындағы сәйкессіздіктен туған қиыншылықтың себебін анықтап таразылау, өткен дәуір мен бүгінгі өмірді параллель тәсілінде салыстыру. Ертеректе өткен ата-бабалар мен бүгінгі ұрпақ бейнесі, ақыл, ой-арманын, мінез, салт-дәстүрін тіршілік кәсібін, олардың өскен-өшкенін, пайдалы-залалды жақтары көркем сөзбен салыстыра зерттеледі.
Атағы дүниежүзіне таралып кеткен талантты да талғамды, ойлы жазушымыз Дүкеңнің «Таразысы» – сөз жоқ қазақ роман жанрына қосылған бағалы да базарлы, айтулы да айшықты үлес. Бұл еңбек ескі мен жаңаны, өскеніміз бен өшкенімізді, бүгінгі мен ертеңгіні, адалдық пен адамгершілікті безбендейтін әділ таразы іспеттес. Дүкеңнің толғанысы: «Адамда арман өлмейді, үміт сәулесі үзілмейді, ұлтымның келешегі өзімнің келешегім. Жазумен ауырған адамның айтары тағдырлас, сапарлас болған кісілердің жақсы сөз, жарым ырыс лебізі, көргенімді, білгенімді, түйгенімді ақ қағазға келістіріп кестелей алсам, бұл менің қажет емес, маңдайға жазған мінез боп, бойға сіңген дерттің аты – жазмыш қана.
Ұлжан ПАРМАШҚЫЗЫ,
Жуалы ауданының құрметті азаматы,
ардагер диктор
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<