Жемісті жылдар

758

0

Халқымыздың адами құндылықтарын бала кезінен бойына сіңірген, қазақтың бүгіні мен ертеңіне өзін жауапты сезінген, қоғамды ілгерілететін игіліктерге белсене қатысқан және елге қызмет еткен, ары таза, рухы биік аға ұрпақтың өмір жолын жастарға үлгі етуді міндет әрі парыз деп білемін. Адамзаттың даму тұрғысынан алғанда қазіргі уақыт осы кезге дейінгі интеллектуалдық, ғылыми-технологиялық жетістіктің шыңы болса, бүгінгі ардагерлер сол материалдық және рухани байлықты жасаушы, елді өркениетке жеткізуші екеніне дау жоқ. Осындай азаматтардың бірі, кезінде Сырдария ауданындағы СССР-дің 50 жылдығы, 1 Май кеңшарларының директоры, Жаңақорған ауданының әкімі, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы, облыс әкімінің кеңесшісі қызметтерін абыройлы атқарған Әнуарбек Қалтаев 75 жасқа толып отыр.

Қандай да болмасын тұлғаны қалыптастыратын қанмен берілетін қасиет, табиғи-тарихи болмысы, салт-дәстүр құдіреті мен мәдениет сабақтастығы және білім-біліктілік. Әнуарбек ағамыз 1948 жылдың 3 желтоқсанында Жаңақорған ауданындағы Ынтымақ ауылында дүниеге келген. 1966 жылы Қызылорда қаласындағы Ю.Гагарин атындағы мектеп-интернатты күміс медальмен бітірген албырт жас еңбек жолын «Бірлік» қаракөл қой совхозында жәрдемші шопан болып бастайды. Осы жайдың өзі оның болашағына айтарлықтай әсер еткен сияқты. Әкесі Қалтай совхозда шопан болатын, Әнуар да төрт түліктің жайын бала кезінен білетін. Енді оған тәжірибе мен жауапкершілік қосылды. Келесі жылы Алматы қаласындағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтқа оқуға түсіп, оқу орнын ғалым-зоотехник мамандығы бойынша үздік бітіреді. Жоғары білімді маман ретіндегі еңбек жолын Қызылорда қаракөл қой шаруашылығы тәжірибе станциясында ғылыми қызметкер болып бастайды.

Ол 1974-1986 жылдары жоғарыда аталған қаракөл қой шаруашылығы тәжірибе станциясы мен Амангелді атындағы экспериментальді қой совхозында ғалым-хатшы, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары қызметінде қаракөл қой шаруашылығын дамытуға ерекше үлес қосқан. Басшылық жасаған қой тұқымын асылдандыру жұмыстарының нәтижесінде Сырдария ауданының Амангелді, Қазалы ауданының Қазақстанның 40 жылдығы, Арал ауданының Арал қой совхоздары асылтұқымды қой өсіретін шаруашылықтар санатына өтіп, ауыл шаруашылығын дамытуда, ел экономикасын көтеруде маңызды роль атқарды.

Адам өмірдің заңдылығын, өзінің физиологиясын білуі керек. Қоғамдағы және айналасындағы оқиғаларды саралай отырып өзін басқара алса, бар күш-жігері мен білім-біліктілігін өзі білетін және қанағат алатын іске бағыттаса, сөзсіз нәтижеге жетеді. 1986 жылдың қазан айында Әнуарбек Қалтаевты Сырдария ауданындағы СССР-дің 50 жылдығы атындағы совхозға директор етіп тағайындайды. Әнекең шаруашылықты басқарған 6 жылда совхоздың экономикасы дамып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайы едәуір жақсарды. Қой тұқымын асылдандыру жұмыстары жақсарып, сұр қаракөл қойын өсіру қолға алынды. Сондай-ақ асылтұқымды ірі қара, түйе түлігі әкелініп, шөлейтті аймаққа жерсіндірілді. Ол кеңсенің адамы емес, бюрократтықтан таза, шаруашылықтың сан салалы жұмысының басында өзі жүрді. Малдың жем-шөп базасын нығайту үшін 500 гектар жерді инженерлік жүйеге келтіріп, бір мезгілде 2,5 мың бас қойды бордақылайтын кешенді іске қосты. Әрине, бұл жұмыста көптеген адамның еңбегі бар еді, бірақ «мың қосшыға бір басшы» болатыны да шындық. Басқарушы үшін бастамашы болу аз, сол істі аяғына дейін апарып, нәтижеге жеткізу керек. Совхоз алғашқылардың бірі болып ішкі шаруашылық есеппен жұмыс жасауға көшірілді.

Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Еркін Әуелбековтің қоғамшылдығын, қайраткерлігін кезінде жасаған жұмыстары көрсетіп, Сыр елі әлі күнге соның игілігін көруде. Еркін Нұржанұлы басшы кадрларға талап қойды, бұл ретте ол кісі адам танитын, маманды бағалайтын. 1988 жылдың қазан айында шаруашылықтың жұмыстарымен танысуға және совхоз бастауыш партия ұйымының есеп беру-сайлау жиналысына қатысуға СССР-дің 50 жылдығы атындағы совхозға келді. Таңертеңгі сағат 9-дан кешкі 5-ке дейін бірінші хатшы шаруашылықты түгел аралады. Мал бордақылау алаңының, жем-шөп дайындау цехының, автогараждың жұмысымен танысып, МТМ-ді аралап, ондағы инженер-техник қызметкерлерге төленетін еңбекақы жайлы білді. Шаруашылықтың орталық қырманында дән жүгері дайындап жатқан жұмысшылармен әңгімелесті. Сол жылы совхоз жүгері дақылынан мол өнім алған болатын. Е.Әуелбеков ауылдағы арнайы ашылған азық-түлік дүкенін көріп, өнімдердің бағасына назар аударды. Мектеп, балабақша, амбулаторияда болып, ондағы қызметкерлермен кездесті, жағдайларын білді. Кешке мәдениет үйінде өткен совхоз партия ұйымының есеп беру-сайлау жиналысында бірінші хатшы шаруашылықта атқарып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Сол жылы облыстық партия комитетінің конференциясында Әнуарбек Қалтаев облыстық партия комитетінің мүшелігіне кандидат болып сайланды.

Қалтаевтың директор кезінде қазір Бесарық деп аталатын осы ауылдың адамдары картоп пен көкөніс, бақша дақылдарын өсіруге маманданса, күні бүгінге дейін халық соның жемісін жеп отыр. Ол ауылдың көркейіп-көгалдандырылуына, мәдениетіне, адамдардың тұрмысының жақсаруына аса мән берді. Сол кезде совхозда жыл сайын 20-25 үй пайдалануға берілетін. Қаржы үнемдеу мақсатында құрылыс материалдары өздерінде дайындалды, жылына 1 млн дана кірпіш дайындайтын агрегат іске қосылды. Директордың жұмыскерлігі мен жан-жақтылығын ауыл адамдары әлі күнге дейін айтады.

«Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деген екен Жүсіп Баласағұни. Ағамызда тектілік, тәрбиелілік, тазалық, кісілік қасиеттер бар. Елдің қамын ойлайтын адамға қулық керексіз, ақылдың өзі аздық етеді, оған үлкен жүрек керек. Жаңа істерге, өзгерістерге қорықпай бара алатын басшы ғана елді көгертеді.

1992 жылы Әнуарбек Қалтаев 1 Май совхозына директор болып тағайындалды. Бұл облыстағы ірі мал шаруашылығы еді, 48 мың бас аналық қой болды, жыл аяғында тоқтыны қосқанда қой саны 100 000 басқа дейін жететін. Мыңғырған малға Сарысу бойы тарлық етіп, сол кездегі Жезқазған облысының жерін де жайлайтын. Ағамыз осы шаруашылықты 1995 жылдың қазан айына дейін басқарып, уақыт, заман талабына орай совхозды өндірістік кооперативке айналдырды.

Адам үшін ең басты нәрсе – қай жерде болмасын аянбай еңбек ету, елге пайдаңды тигізу, мәнді де мағыналы өмір сүру. Әнуар Қалтаев 1995-1997 жылдары Сырдария ауданы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, аудан әкімінің орынбасары, ал аудан тарқап, бірқатар елді мекен Қызылорда қаласына қосылғанда қалалық әкімшіліктің ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы болды.

Бір ерекшелігі қай кезде де қызмет, атақ іздемеді, қызметке бұл кісінің өзі таңдалды, абырой да жұмысына қарай берілді. 2006-2008 жылдары жергілікті депутаттардың таңдауымен Жаңақорған ауданының әкімі, 2008-2011 жылдары облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бастығы, облыс әкімінің кеңесшісі, Қызылорда орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекеменің директоры болды. 2011 жылы құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін де 4 жылға жақын уақыт «Байқоңыр» әлеумет кәсіпкерлік корпорациясында кеңесшілік қызмет атқарды.

Жұбайы Айман Әбдіхалыққызының мамандығы бухгалтер-экономист, Сырдария ауданының үш шаруашылығында және Қызылорда қаласындағы өнер мектебінде бас бухгалтер болып қызмет еткен. Ерлі-зайыптылар 2 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкені Ғалымжан құқық қорғау органдарында қызмет еткен, қазір «Қазақстандық ұлттық ипотекалық компаниясы» АҚ-да басқарма төрағасының орынбасары, қызы Сәуле – Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті экономика кафедрасының доценті, Ақмарал – Қызылорда қалалық әкімдігінде бас маман болса, Салтанат – облыстық әділет департаментінде бас маман, ұлы Абай «ПетроКазахстанҚұмкөлРесорсиз» компаниясында жетекші инженер болып қызмет етеді.

Әнекеңнің көп жылғы еңбегі бағалаусыз қалған жоқ, мақтау, марапаттау да жетерлік. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесіне орай «Ерен еңбегі үшін», Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 10, 20, 25 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталды. Жаңақорған, Сырдария аудандарының Құрметті азаматы. Біз үшін ең бастысы – ағамыздың елге сіңірген еңбегі мен ұлағатты ұрпақ өсіргені және елдің құрметі. Әнекең әлі тұғырдан түскен жоқ, сол бойын тіп-тік ұстаған, қажырлы да қайратты, сабырлы да салмақты қалпында. Облыстық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі ретінде қоғамдық істерге белсене араласады.

Орыстың ұлы жазушысы Л.Толстой «…жүрегіңде оянған алғашқы ізгілікке, алғашқы кіршіксіз бұлақ бастауына, сол тұстағы өзіңе сен» деген екен. Әнуарбек Қалтайұлының сол бұлақ бастауы өзі өмірге келіп, балалық шағы өткен Қаратаудың Құланшы өзені, жүрегіндегі ізгілік ұлттық салт-дәстүрден нәр алған адамгершілік деп білемін. Бұл кісі қандай қызметте де қарапайым, кішіпейіл қалпынан бір айныған емес. Қай кезде де өзіне сенді, өмір бойы ізденді. Қиындықтан қашпады, соны соқпақпен жүрді. Осы жол ағамызды мақсат-мұратына жеткізді. Жалпы табиғаты мен тәрбиелігі тең түскен адамды нағыз азамат дейміз.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы «Құрмет» орденінің иегері,

Шиелі ауданының, Қызылорда қаласының Құрметті азаматы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<