ЯХИЯ ТАСЫРОВ
Тереңөзекте тұратын соғыс ардагері, елдің батагөй ақсақалы Яхия Тасыров атамыз биыл 101 жастан асып, Жеңістің жетпіс сегізінші мерекесін қарсы алды. Ол – Сыр өңіріндегі 6 майдангердің ең үлкені.
Я.Тасыров 1922 жылдың 2 қаңтарында Тереңөзек ауданының бұрынғы «Ақ түйе» ауылында дүниеге келген. Ташкентте текстиль оқуын оқып, 1940 жылы текстиль фабрикасына шебердің көмекшісі болып жұмысқа орналасады. 1941 жылдың аяғында Ташкент облысы Фрунзе аудандық әскери комиссариатының шақыруымен әскерге аттанған. Сібірде, Омбы қаласында алғашқы әскери дайындықтан өткен.
Жиырмаға толар-толмас жасында 1942 жылдың қазанында майданға кірген. Сталинградты, Курскіні, Польшаның қалаларын жаудан қорғаған. Майдан даласында нағыз батылдықтың, патриотизмнің үлгісін көрсетті. 1944 жылы Германияның жау басып алған аумақтарын азат етуде жанқиярлықпен соғысты.
− Қан майдандағы әр сәт естен кетпейді. Қандыкөйлек қарулас достардың, командирлердің бізді алға ұмтылдырған сөздері де жадымда. Жау жақындағанда жиналып, жұдырықтай жұмыла қалатынбыз. Жараланғандар мен қаза болғандардың кегін қайтару үшін ширыға түсетін едік. Елде бауырларымыз, ағайын-туыс күтіп отырғанын ойлағанда, бейбіт күн қашан туар екен деп армандайтынбыз, − дейді абыз ақсақал.
Ол 1945 жылы тамыздың аяғында елге оралған соң аудан орталығындағы сүт заводында қойма меңгерушісі, 1960 жылдан Жалағаштың сүт заводында мастер, 1982 жылдан аудан орталығындағы астық қабылдау пунктінде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан.
Қарт сарбаз «Қызыл Жұлдыз», І-ІІ дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ұлы Жеңістің 40-50-60 жылдығы» мерекелік медальдарының иегері.
Жасы 100-ден асса да қарт майдангер елдегі саяси науқандардан, көпшілік жиналатын іс-шаралардан қалыс қалмайды. Ақ батасын сұраған көпшілікке тілегін жаудырып, елдің амандығына, тұтастығына тілекші екенін айтады.
ТӨЛЕГЕН ЖҮНІСОВ
Жеңістің жетпіс сегізінші көктемін қарсы алған Төлеген Жүнісов 1923 жылы 20 желтоқсанда Тереңөзек ауданы Жаңарық ауылында дүниеге келген. 1942 жылы қызыл әскер қатарына қабылданып, кіші командирлер дайындайтын курста білім алады. 688-атқыштар полкінде Украинаны жаудан азат ету жолында ерліктің ерекше үлгісін көрсеткен.
Берлинге дейін жеткен майдангер Жеңістен кейін бірден елге қайтпайды. Сонда патрульдік қызметке қалдырылады. 1946 жылы елге оралған соң өз ауылында еңбекке араласады. Теміржол саласында жол монтері болады. Тозығы жеткен шпалдарды ауыстыру, төсеу, шегендеп қағып, бекіту секілді жұмыстарымен айналысады. 1983 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек етеді.
Жауынгерлік ерлігі үшін І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» ордені, «Германияны жеңгені үшін», «За боевые заслуги», «За отвагу», «КСРО қарулы күштеріне – 60 жыл», «КСРО қарулы күштеріне – 70 жыл» және бейбіт күндерде «Еңбек ардагері», «Астанаға – 10 жыл» медальдарымен марапатталған.
Ол Рейхстагқа ту тігілген сәтті әлі күнге дейін ұмытпайды.
– Мұржаның түбіндегі кесектер алынып, сол жерде ту желбірегенде ерекше қуандық. Бірақ соған жету үшін қаншама боздақтың қаны төгілді. Құдай соғыстың бетін әрі қылсын деп тілеп отырамын. Біз көрген сұрапылды ұрпағымыздан аулақ етсін. Бейбітшілігіміз мәңгі болсын, – дейді Төлеген қария.
Бүгінде қарт жауынгер бала-шаға, немере-шөберелердің ортасында. Ғасырлық ғұмырына шүкіршілік айтып, бүгінгі ұрпақтың берекелі тірлігін құптап, батасын жаудырып отырады.
СӘРСЕНБЕК БАЙЖАНОВ
Мамыражай мамыр туғанда бір ғасырлық белесті бағындырған Сәрсенбек Байжанов атамыз Сталинград түбіндегі шайқаста Гитлер армиясының фельдмаршалын тұтқынға алған сарбаздардың қатарында болған.
Қарт Қаратаудың етегінде дүниеге келген ол майданға кірерде әскери антты ана тілінде берген. Қайсар қазақтың талабына алғашқыда қарсылық болған. Дегенмен әскери уставта әр сарбаздың таңдауы ескерілетіні жазылған екен.
Жасында Нартай ақынға жолдас болып, жиын-тойларда жанында жүріпті. Ақсақал 1942 жылы Гитлердің қолбасшысы фельдмаршал Паулюс басқарған 340 мың әскер қоршаған Сталинград түбіндегі шабуылға қатысқан.
Екінші дүниежүзілік соғыстың тағдырын шешкен ең қанқұйлы шайқастың бірі – осы Сталинград майданы. Екi жақ та аянып қалмай, соғыс техникасы мен қару-жарағын ғана емес, жауынгерлердiң қаһармандығын сынға салды. «Артқа бір қадам да шегiнуге болмайды!» деген Сталиннiң бұйрығы дәл осы кезде шықты.
Сол кескілескен шайқаста жарақат алған майдангер Сәрсенбек Байжанов елге оралады. Елде де азаматтарға артылар жүк жеңіл емес-ті. Колхозда жұмысшы болып еңбек етті. Бірақ білім алуға, оқуға деген ынта-жігер адамды алға жетелейді екен. С.Байжанов 1950-1953 жылдар аралығында Түркістан педагогикалық училищесінде оқып, 38 жасында мұғалім мамандығын алып шығады. Құрметті зейнеткерлікке шыққанға дейін Шиелі ауданындағы №156 қазақ орта мектебінде жарты ғасыр шәкірт тәрбиеледі.
Ардагер өткеннің естеліктеріне, майданнан өлеңмен жазылған хаттарына ыждағатпен қарап, сақтап қойған. Аға ұрпақ бастан өткерген қилы заманды жас буын білсе, бейбіт күннің қадірін түсінсе дейді. Сондықтан естелік әңгімелерінің өзегі етіп адамгершілік пен еңбекқорлық, адалдық пен рухани байлықты алған.
Ұлы Отан соғысының ардагері, ардақты ұстаз Сәрсенбек Байжанов өмірлік қосағы Жәмила Сейтжанқызымен бірге 11 бала тәрбиелеген. Қазір немере-шөберелер бір қауым елге айналды.
ТІЛЕУБЕРГЕН ТОБАБЕРГЕНОВ
Алдағы жылы бір ғасырдың асу биігіне шығатын Тілеуберген Тобабергенов атамыз Отан қорғауға өзі сұранған. Бар болғаны 18-ге енді толған жас жігіт елі үшін туып, елі үшін күресетін ұлы бабалар дәстүріне адал еді.
Қазалы топырағынан басталған ұзақ жол Берлинге дейін созылды. Танкист Тобабергенов Польша, Чехословакия, Беларусьті, кейін Калининград аталған Кенигсбергті басқыншылардан азат еткен.
Кенигсбергтегі Жеңіске арнап КСРО Жоғарғы Кеңесі президиумының «Кенигсбергті алғаны үшін» медалін тағайындауы бұл қаланы алудың қаншалықты маңызды болғанын көрсетсе керек. Соғыс кезінде мұнда ірі күш және неміс әскерінің базасын толықтыратын жер болды.
Т.Тобабергенов соғыстан кейін де әскери қызметін жалғастырып, елге 1947 жылы қыркүйекте оралған. Өзімен бірге майданға аттанғандардан 3-ақ жігіт аман келіпті. Бұл жат жерде қалған қатарластары үшін де, елдегі еңсесі түскен үлкен-кіші үшін де аянбай жұмыс істейтін уақыт еді.
Осылайша әскери қызмет әрі қарай елге қызметпен жалғасты. 1948 жылы Қазалы теміржол станциясынан еңбек жолын бастап, сол жерден зейнетке шықты. Соғыстан кейінгі жылдары мұнда жаңа техниканы игеру мен жаңа технологияны енгізу ісі қарқынды жүрді. Сондықтан осы жұмыстарды атқаруға жұмыс күші, жастық жігер керек еді.
Жеңіс туын желбіреткен Тілеуберген ақсақал бүгінде 7 баласынан өрбіген немере-шөберелердің ортасында. Елдің бірлігін, азаматтардың амандығын батасына қосып, жас ұрпақтың тілеуін тілеп отырады. Ғасырға жуықтаған ғұмырында соғысты да, бейбіт күнді де көрді. Адамдар бір-бірін сыйлағанда, бір-біріне қамқорлық танытқанда тіршіліктің мәні арта түсетінін ғибрат етіп айтудан жалыққан емес.
ҚАБАҚ СМАҒҰЛОВ
Қабақ Смағұлұлы атамыз да алдағы 1 шілдеде 100 жасқа келеді. Он тоғызға толар-толмаста 1942 жылдың маусым айында әскери комиссариаттан шақыру қағазын алған жас жігіт анасы Төлебикемен, бес жасар інісі Тілеубергенмен, ағайын-туыспен қимай қоштасып, Отан қорғауға аттанады. Алдағы ұзақ жолдың қайда барып тоқтайтыны, туған жерге оралар-оралмасы беймәлім еді ол кезде.
Жайық өзені бойындағы әскери жаттығудан соң Мәскеуге бағыт алды. Қолбасшы Рокоссовский басқарған III екпінді армия сапында жауға қарсы шабуылға шықты. Станокты пулеметтің көздеушісі болып Тула қаласын, 1943 жылдың қысында Орел қаласын жау құрсауынан босату шайқасына қатысты.
Осы ұрыста жас жауынгер ауыр жараланып, Горький қаласындағы әскери госпитальға жатқызылды. 1943 жылдың қарашасында арнаулы медициналық комиссияның ұйғарымымен соғысқа жарамсыз деп танылып, туған жерге қайтарылды.
Елге жетісімен «Жаңабасшылық», «Октябрь» колхоздарында есепші қызметін атқарды. Кейін ауылдық кеңестің хатшысы, №24 мектептің, №5 санаториялық мектеп-интернаттың, аудандық оқу бөлімінің, аудандық мал сою пунктінің, «Майдакөл» ауылдық кеңесінің есепшісі қызметтерін абыроймен атқарды.
Майдангердің кеудесінде ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордені, Жеңістің 30, 40, 50, 60, 65 жылдығы, «КСРО Қарулы күштеріне – 70 жыл», Маршал Г.Жуков атындағы мерекелік медальдары жарқырайды.
Ол – ұлын ұяға, қызын қияға қондырған бақытты әке. Өмірлік зайыбы, марқұм Гүлжан апа екеуі өздері тәрбиелеп-өсірген ұл-қыздарынан немере-шөбере сүйіп, қуаныш пен шаттыққа кенелді. Асқар тау аталарының айтқанын екі етпейтін немере-шөберелері де әркез жанынан табылатын жанашыр қамқоршыларына айналған. Yлгілі отбасын ауылдастары ерекше құрметтейді.
ӘБДІРАХМАН БӘЙТІКОВ
Әбдірахман Бәйтіков ата – бұрынғылар айтатындай сүйегі асыл адам. Ол 1924 жылы 27 қарашада Қызылорда қаласында дүниеге келген. 1942 жылы Ашхабад қаласында командирлер дайындайтын курсқа оқуға түсіп, оны аяқтамастан майданға аттанған. 1943 жылы Курск доғасында ауыр жарақат алып, ІІ топ мүгедегі болып, 1944 жылы 20 жасында елге оралған.
Елге оралған соң «Кооператор» колхозының қой шаруашылығында учетчик, есепші және зейнет жасына дейін бригадир болып жұмыс атқарған.
Ерлігі үшін Кеңес Одағының маршалы Г.Жуковтың ІІ дәрежелі, Жеңістің 40, 55, 60 жылдығы мерекелік медальдарымен марапатталған.
– Қан майданның көріністері әлі күнге дейін жадымнан өшкен емес. Кейде түсіме де енеді. 1943 жылдың шілдесінде біздің дивизияға неміс басқыншылары шабуыл жасады. Жас, албырт болсақ та, жеңіспен елге аман-есен оралып, туған-туыспен қауышуды ойладық, барлығымыздың тілегіміз ортақ еді. Сол шайқаста қолымнан жарақат алып, госпитальға түстім. Операциядан кейін өз өтінішіммен госпитальдан шығып, қаруластарыма қосылдым, – дейді қарт жауынгер.
Майдангер тәуелсіз еліміздің жас ұрпағы елін сүйетін, ынтымақ пен бірлікті көздің қарашығындай сақтауға бейіл болып өсіп-жетілсе екен деп тілейді.
– Айналайындар, бірлік болған жерге береке мен бақыт өзі келеді. Еңбек адамды мақсатының ең биігіне шығаратынына біздің ұрпақ үлгі болды деп ойлаймын. Біз сендер еш қысастық көрмесін, аспаны ашық елде өмір сүрсін деп қан кештік. Менің қатарластарымның тағдырын ешкімнің басына бермегей деп күнде тілеймін. Сендер білімді болсаңдар, өжет, қайсар болып қалыптассаңдар елдің ертеңі бүгіннен де нұрлы деп ойлаймын, – дейді қарт майдангер.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<