Жігері алмастан, жүрегі асылдан   

368

0

1942 жылы соғысқа аттанып бара жатқан Адыран әкеміз құндақтағы сәбиі Жансарыны алдына алып, иіскеп отырып, сені қайтып көрем бе, жоқ па деп көзіне жас алыпты деседі. Сонда іші сезген екен, қайран боздақ майданнан қайтпайды. 1994 жылы із-түссіз оралмағандар қатарында болған атамыздың қай уақытта, қай жерде қайтыс болғанын «Боздақтар» кітабынан білдік дейді бүгінгі ұрпақтары. 

Жансары Адыранқызы 1950 жылы Киров колхозының орталығындағы жетіжылдық мектеп табалдырығын аттайды.

Ол кездің балаларында балалық шақ болған жоқ десек, құлаққа тосын естілетін сөз. Алайда, ақиқаты солай. Тұлымшағы желбіреген тынымсыз бала Жансары да таңның атысы, күннің батысы жұмысқа жегілді. Қой қайырды, сиыр сауды. Аяғының астына кесек қойып күбі пісті, белін байлап диірмен тартып, келі түйді. Ол заманда сабын жоқ, отынды арқалап тасып, сексеуілдің сілтісін қайнатып сабын алатын, шөп оратын, қи тазалайтын. Осының бәрін буыны қатпаған баланың істеп жүргенін бүгінгілер көзге де елестете алмайды.

Сөйтіп жүріп, зерек, зерделі қыз сабағынан қалып көрген жоқ, үздік оқыды. Мектеп жанынан ұйымдастырылған оқу- тәжірбие бөлімшесінің жетекшісі болды. Бұл бөлімшеге мүше болған озат оқушылар да алажаздай жұмыс істеп, бақша дақылдарын егетін. Бұл мектеп бөлімшесі 1956 жылдың қорытындысында көрмелерге қатысып, мектептер арасынан республика бойынша бірінші орынды жеңіп алды. «Көргені жақсы көш бастайды» дегендей, ел ағасы болған Найзақара атасының тәрбиесін алған Жансары сонда алтыншы кластың оқушысы еді.

1960 жылы Қызылорда қаласындағы Ғани Мұратбаев атындағы орта мектепті «өте жақсымен» аяқтап, Гоголь атындағы педагогикалық институттың жаратылыстану факультетіне түседі. Институтты бітіріп, туған ауылындағы №143 қазақ орта мектебіне мұғалім болып орналасып, бастауыш кластарға орыс тілі пәнінен сабақ береді. Комсомол комитетінің хатшысы болады. 1967-1969 жылдары осы мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары, 1970-1974 жылдары аудандық оқу бөлімінде әдіскер, 1974-1977 жылдары Айдарлы совхозындағы №139 Амангелді атындағы қазақ орта мектебінің директоры болып қызмет етеді.

Жансары апай сол жылдарда аудандық оқу бөлімінің меңгерушілері Сейтқасым Жүнісов, Дауылбай Наурызбаев және облыстық білім басқармасын жиырма жыл басқарған Уәли Төрәлиев сынды ағаларының қамқорлығын көріп, ақыл-кеңесін алып, тәжірибелі тәрбиеші ұстазға айналады.

Кейіннен кеңес, партия қызметтеріне ауысып, жемісті еңбек етті.

1977-1983 жылдары Сырдария аудандық совет атқару комитетінің орынбасары, 1983-1988 жылдары Сырдария аудандық партия комитетінің хатшысы және бюро мүшесі болды.

Сол жылдары Алматы қаласындағы жоғары партия мектебінің тыңдаушысы болып, диплом алды. 1989-1991 жылдары Сырдария ауданы мәдениет бөлімінің меңгерушісі, 1992-1993 жылдары аудандық кеңес төрағасының орынбасары, 1994-1997 жылдары аудандық оқу бөлімі басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Көп жыл аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, пленум мүшесі, ауылдық, аудандық кеңестің депутаты болып сайланған. Сондай-ақ, әр  жылдары облыстық партия конференцияларына делегат болып, бірнеше рет республикалық қоғамдық ұйымдардың съездеріне қатысқан.

Осының бәрі нәзікжанды адамның иығына ауыр салмақ екені аян. Алайда, Жансары Адыранова қызмет еткен жылдары айналасына тек елшіл кеудесімен, ер азаматтан зият ерен бейнесімен танылды.

Әсіресе, ол руханиятшылдығымен дараланған жан. Бұл болмысы өнер адамдарына деген құрметінен-ақ көрінеді. Осы жөнінде бесарықтық Жұмабай Байзақұлы газет бетінде де айтыпты:

«1989 жылы «СССР-дің 50 жылдығы» совхозы ĸǝсіподақ ĸомитетінің төрағасы едім. 1991 жылы ҚР Президентінің сайлауы өтĸізілді. Мен ауылдағы сайлау ĸомиссиясының төрағасы едім. 1-желтоқсанға қараған ĸүні ĸешĸе аудандық мǝдениет бөлімінің басшысы Жансары апамыз ешĸімге есĸертпестен ауылға ĸеліп тұр. Қасында ǝйгілі Нұрғали Нүсіпжанов, ǝнші Сұлушаш Нұрмағанбетова жǝне «Жазира» ұлттық аспаптар ансамблінің мүшелері бар. Белгілі ǝнші Рамазан Стамғазиев осы ансамбльдің жетеĸшісі ǝрі домбырашысы. Талап бойынша сайлау үйінде сайлау өтетін ĸүні үгіт-насихат, іс-шара өтĸізуге болмайды. Аудандағы мǝдениет ошақтары сайлауға байланысты өнер қайратĸерлерін қабылдай алмапты. Жансары апамыз: «Ал, бала, өгізді де өлтірме, арбаны да сындырма. Мына ĸісінің ĸонцертін өтĸізіп бер» деді. Ол ĸезде халық мұндай атақты ĸісілердің ĸонцертін қалт жібермейтін. Үш жүз орындық зал лық толып, ĸонцерт жақсы өтті. Құрметті қонақтар ауыл дǝмін татып, ĸелесі шығармашылық сапарға зор ризашылықпен аттанды», – дейді ол.

Осы естелікті оқығанда шынында Жансарының өнер адамдарына деген құрметінің шексіз екенін түсіндім. «Концерт өткізуге болмайды» деп бір-ақ кесуге де болатын. «Адам заң үшін тумайды, заң адам үшін жазылады» дегендей, ол кісі екінің бірінің қолынан келе бермейтін қадамдарға бара алатын еді.

Өнер адамы демекші, қызмет етіп жүрген жылдары ауданға келген қонақтың барлығын басшылар Жансары мен Сайлау ағаның отбасынан дәм татқызады екен.

Өйткені, бұл аудандағы ең үлгілі отбасылардың бірі болған. Аудандық, облыстық басылымдардан басқа республикалық «Мәдениет және тұрмыс», «Қазақстан әйелдері» секілді журналдар да бұл отбасы туралы үнемі үлгі етіп, мақала жазып тұрған.

 Қырық жылдан аса өмірін мемлекеттік қаржы саласына арнаған ағамыз, Жансарының жары Сайлау Нұрсейітов өз естеліктерінде былай дейді. 

«Біздің үйімізге – жазушылар, депутаттар, қоғам және мемлекет қайраткерлері, мәдениет қызметкерлері, әншілер, әртістер, тағы да басқа елге қызмет істеп жүретін адамдар жиі келетін.

 Бір жылы белгілі жазушы-сыншы Мұхаммеджан Қаратаевтың 70 жылдық мерейтойын біздің ауданда өткізді. Мұхаң Жансарымен бөле болып келеді. Жансарының анасы Әлиманмен Мұхаңның анасы бір туған. Ол кісі ауданға келген соң Әлиман апаға сәлем беремін депті. Соны естіген аудан басшылары оларды біздің үйде қонақ қылып, күтуді қалады. Мұхаңмен бірге Әбілда Тәжібаев, Сырбай Мәуленов, Ілияс Есенберлин, жас жазушы Төлен Әбдіков және аудан басшылары келді. Үйімізден дәм татқан игі жақсылар ақ тілектерін айтып, ризашылығын білдіріп аттанды.

Солармен бірге Роза Бағланова, Асанәлі Әшімов, Бибігүл Төлегенова, Абай Байтоқаев өнер саңлақтары да отбасымызда болып, баталарын берген».

Бұл әңгімелерді еске түсіріп отыруымыз жайдан-жай емес. «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» дегендей, Жансары жайған дастарханнан қазақтың қаншама жайсаң тұлғалары дәм татыпты. Қазақшылықпен қоса жүретін қонақшылдық қасиет әркімде бола бермейді. Мұның өзі текке барып тіреледі.

Адыран әкеміздің азан шақырып қойған аты Әбілқасым екен. Ол кісі 1910 жылы дүниеге келген. БК(б)П мүшесі болған. Ұжымдастыру кезінде бастауыш біліммен-ақ артель бастығы, колхоз бастығы қызметтерін атқарған.  Қызылқұмда малмен жүрген Алаша, Кете руларының біраз үйлерін көшіріп әкеліп, ұжымға мүшелікке тартып, отырықшыландыруға өз үлесін қосқан.  Найман руынан, оның ішінде Ақтаз, Балықшы аталығынан тарайтын Адыран  Найзақараұлы заманында ықпалды, көшбасшы кісі болыпты.

Ал, Жансарының нағашысы атасы  үш мәрте қажылыққа барған Батырбай қажы исі қазаққа шапағаты тиген Ахмет ишанмен аталас, мұраттас болған.

Жансары зейнет демалысында да қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Мәдени-көпшілік идеологиялық маңызы бар қоғамдық іс-шараларды ұйымдастырды. Осындай еңбектері үшін әр жылдары облыстық кеңестің грамотасымен, облыстың Құрмет грамотасымен, салалық және әкімдік марапаттарын иеленді.

«Менің бой жетіп, бел тіктеуім, елге танылуым – анам Әлиманның, Төлепберген ағайым мен Дәмеш жеңгемнің, Еркесары апайымның қамқорлығының арқасы», – дейді Жансары апай аяулы да, қимас адамдарын еске алып.

Бүгінде Сайлау аға мен Жансарыдан жарық дүниеге келген перзенттер әр салада адал қызмет етіп жүр. Ұлдың үлкені Нұрлан – Жаңақорған аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы, Рахымжан – ҚР Парламенті Сенатында бөлім басшысы. Ал, Айгүлі – жеке кәсіпкер. Өнегелі отбасынан шыққан өрелі ұл-қыз екенін көрсетіп, абыройлы қызмет етіп, халықтың алғысын алып жүр.

Жансары апамыз – әзиз әже, әулеттің ақылшысы. Апамызда бір адамның Құдайдан сұрайтын бақыты бар. Бұл – жігерлі де кең жүректі жанның еңбекпен, ерлікпен жеткен өмір жетістігі.

Серік ДҮЙСЕНБАЕВ,

облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<