Ерлермен бір қатарда дәнекерлеуші болып жүрген, кран, трактор, машина тізгіндеген қыз-келіншектер жайлы бұған дейін жазған болатынбыз. Ал Арайлым Қонақбаеваның мамандығы – электрик.
Иә, кәдімгі электр желісінің тілін тапқан, қауіпті болса да, жұмысына адалдық танытқан жан. Ол қаладағы №235 орта мектебінің 9-сыныбын қызыл аттестатпен бітіріп, политехникумның «Ауыл шаруашылығын электрмен қамтамасыз ету» мамандығына оқуға түсті.
– Әкем техникалық мамандықтың ешқашан жойылмайтынын, жылдан жылға дами беретінін айтып отыратын. Елімізде өндіріс орындары мен кәсіпорындар қайта түледі. Осылайша электрик мамандығына әкемнің ақылын тыңдап оқуға түстім. Ер балалардың арасында 4 қыз оқыдық.
1997 жылы политехникумға совхоз техникум және теміржол техникумы қосылып, Қызылорда аграрлық-техникалық колледжі болып өзгертілді. Ол кезде диплом қорғауға мекеме басшылары келетін. Қосымша сұрақ қойып, өз мекемесіне кадр жинайтын. «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының» сол кездегі президенті Жомарт Көшербаевтан жұмысқа орналасуға ұсыныс алып, қуанғаным есімде, – дейді ол.
Осылайша аталған компанияның байланыс бөліміне электрмонтері болып жұмысқа тұрды.
– Жұмысқа орналасу да оңай болған жоқ. Бір орынға 3 қыз шақыртылып, екі апта тағылымдамадан өттік. Бас инженер Зоя Ким барлығын түсіндіріп үйретіп, екі қыз жұмысқа қабылдандық. Бөлімде ұзыннан-ұзақ ЛАЗ (линейно-аппаратный зал) болатын. Онда «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясының» облыстағы барлық электр желісі, өндірістік базасы және қалалық электр желісі филиалы бар. Сол филиалдармен байланыста болу үшін бөлім құрылды.
Бірде түнгі ауысымнан шықтым. Таңертең селекторлық жиналысқа байланысты дайындаймын. Не керек байланыс жоқ, бөлім басшысы Бозғұлан Жалғасұлы болатын. Сол күні күндізгі ауысымға түскен бригада жабылып қай жерден үзілгенін іздеп шықтық. Басшымыз қатал, талапшыл, бірақ ашуы басылған соң арқамыздан қағып, «сендердің жақсы маман болғандарыңды қалаймын» дейтін. Зерттей келе 20 метрдей сымды кесіп алып кеткенін анықтап, қалыпқа келтірдік. Мұндай жағдай жиі орын алатын, –дейді ол.
Арайлым жұмыс істеп жүріп жоғары оқу орнына түсті. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Өнеркәсіпті электрмен қамтамасыз ету» мамандығы ашылып, алғашқы түлегі болды. Оқуын аяқтағаннан кейін, оны электр энергиясын есептеу және тарату инженеріне 3 ай дайындады. Сонда ауысқаннан кейін Қызылорда облысына қарасты барлық қосалқы станциялар, оның электр құрылғылары мен жабдықтарының жалпы есебі бөлімінде қызмет атқарды.
– 2008 жылы компанияда уақытылы айлық берілмей қалды. Отбасылы болған соң шығын көп. Бірде телевизордағы жүгіртпеден Қызылорда аграрлық- техникалық колледжіне арнайы пән оқытушысы қажет дегенді көзім шалды. Түйіндеме дайындап, тапсырып кеттім. Кейін колледж директоры Мәжит Өтемұратов телефон соғып, жұмысқа шақырды. Солай 2008 жылы компаниядан кетіп, колледжге жұмысқа тұрдым, – дейді ол.
Білікті маман қазіргі кезде «Орда» жоғары колледжі директорының оқу-өндірістік жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Жас мамандарға біліммен қатар тәрбие беруде еселі еңбек етіп келеді.
– Бізді мықты кадрлар даярлады. Нағыз маман ретінде шыңдады. Енді өзіміз де сол кісілердің жолын жалғап, жас мамандарды оқытуда аянбай тер төге береміз, – дейді ол.
Сара АДАЙБАЕВА,
«Сыр бойы»





