Кез келген мемлекеттің өз конституциясы бар. Елдің саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрақтылығы көп жағдайда сол негізгі заңның дұрыс жұмыс істеуіне байланысты болмақ. Қазақстан Республикасының қазіргі Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Осыдан жиырма сегіз жыл бұрын, 30 тамызда Қазақстан халқы тарихи шешім қабылдап, еліміздің құқықтық өміріндегі жасампаз жаңа дәуіріне қадам басқан еді. Содан бері қарай тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата заң мемлекет пен қоғамда орын алып отырған барлық саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалардың ілгері басуына, дамудың қайнар бастауына айналды. Негізгі заң тәуелсіз Қазақстанның қоғамдық және мемлекеттің құрылысының іргелі қағидаттарын бекітіп, демократиялық институттардың дамуына қуат берді.
Қазақстан Республикасының Конституциясы ең жоғары құндылық ретінде адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары деп бекітті. Бұл қағида – демократиялық мемлекеттің қызметі мен оның халықаралық құқықтық міндеті. Конституцияда бекітілген жеке тұлғаның құқығы оны жүзеге асыру мен қорғаудың тиімді механизмін құруды болжайды. Адам құқығы, оны сақтау мен кепілдік беру – бүгінгі таңдағы маңызды мәселелердің бірі. Адам құқықтарын сақтаудың шындық жағдайы – демократияның маңызды көрсеткіші, оның кемеліне келуі мен руханилығының белгісі.
Сондықтан өркенді дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата заңды құрметтеу – біздің міндетіміз әрі парызымыз.
Тілеп Талант,
Қызылорда қаласының мамандандырылған тергеу
сотының судьясы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<