Біздің буын мектеп партасында отырған тоқсаныншы жылдары ағылшын тілін білуге қазіргідей талап қойылмайтын. Бағдарламадағы осы сабақты бастауыш сыныптан кейін оқыдық. Оқулықтағы сөздің үстіне дұрыс оқылуын қаламмен жазып қоятынбыз. Кейін қазақ әліпбиінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының ағылшын тілі туралы «Ит деп жазып, шошқа деп оқиды» деп айтқан сөзін көргенде, сол кездегі қылығымыз еске түсті. Жазылуы – school, айтылуы – скул; жазылуы – daughter, айтылуы – доте; жазылуы – know, айтылуы – ноу, т.б. сөздерді жаттаудың амалын тапқандағымыз ғой.
Бірақ бұл «ұрлығымызды» ұстазымыз Асылкүл Жексембаеваға көрсетпей өшіріп тастауға тырысатын едік. Өйткені ағылшын тілін әріптен бастап үйреткен мұғалімнің талабы қатал болатын. Сөздік дәптерге жаңа сөздің ағылшыншасын, қазақшасын жазғызады, суретін салғызады, транскрипциясы тағы бар. Жазу, сөздік дәптер күнделікті тексеріледі.
Ол уақыттағы мектептің ең ерекше бөлмесі – лингафон кабинеті, апайымыз микрофонмен ағылшыншаны айтып, наушникпен тыңдатып үйретеді. Цифрландырылған кабинеттерде оқитын бүгінгі оқушылар үшін ештеңе таңсық емес шығар, сол дәуірдегі біз көрген жаңашылдықтың көкесі осы лингафон кабинеті еді.
Ұстазымыздың талмай үйреткенінің арқасында кейін жоғары оқу орнында ағылшын тілін жүргізіп оқитындар қатарына өттік. Арамызда мектепте француз, неміс тілін оқығандар да, шетел тілін мүлде оқымағандар да болды. Екі курс бойы жүрген сабақтан сынақ, емтихан тапсырғанда мектепте үйренгеніміздің, ағылшын тілі апайымыздың талап етуімен жазған сөздіктеріміздің пайдасы молынан тиді.
Асылкүл Шамшатқызы сол кездегі Н.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының шет тілдері факультетін 1987 жылы бітіріп, ағылшын және неміс тілі мұғалімі мамандығын иеленді. Еңбек жолын Қармақшы ауданының «Қуаңдария» ауылындағы №186 орта мектепте бастады.
Кейін көрші ауылдағы №185 орта мектепке ауысты. Ауылдағы «Қуаныш» бөбекжай-балабақшасында да еңбек етіп, бүлдіршіндерге тіл үйретті. Мектепте жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беріп, жақында зейнет демалысына шықты.
Біз сияқты басқа шәкірттері де ұстаздың қажымас қайратын, жаңашылдық жолын, адамгершілік қасиетін үнемі айтып отырады. Оның қоғамдық жұмыстағы, еңбек жолындағы жетістіктері де көпке үлгі.
Зейнет демалысындағы ұстазымыз төрт бала мен үш немеренің тілеуін тілеп отыр. Ұзақ жылғы еңбегінің жемісін көргеніне шүкіршілік айтып, шәкірттерін мақтан тұтады.
Бүгінде қала мен ауыл мектебінің арасындағы айырмашылықты болдырмау, оқушы білімін, мұғалім біліктілігін арттыру үшін білім саласы реформадан көз ашпай отыр емес пе? Осындайда шалғайдағы ауыл мектебінің балаларына әлемдегі миллиардтаған адам сөйлейтін, жаһандық маңызға ие тілдің бірін әліппесінен бастап үйреткен қарапайым ғана мұғалімдердің еңбегі ерен екенін түсінесің. Түсінесің де, бас иіп алғыс айтасың.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,
«Сыр бойы»





