Біріккен Ұлттар Ұйымы «Халықаралық үкіметтік емес ұйым» ұғымын 1950 жылы 27 ақпанда енгізді. Осы арқылы азаматтық қоғам институттарын ресми мойындауды білдірген болатын. Алғашқы болып «ҮЕҰ күнін» Латвия Азаматтық альянсы насихаттады. 2009 жылдан бастап Дүниежүзілік ҮЕҰ күні бүкіл әлемде аталып келеді.
Қазақстанда тәуелсіздік жылдарында үшінші сектор қалыптасты, ол үш тараптың: мемлекет, бизнес, үкіметтік емес ұйымдардың өзара серіктестігін білдіреді. Қазақстандағы ҮЕҰ секторы әлеуметтік мәселелермен айналысатын қоғамдық бірлестіктерден, қорлардан және үкіметтік емес, коммерциялық емес институттардан тұрады.
«Азаматтық қоғамды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасында» азаматтық қоғам адамға өзінің азаматтық құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін және мүшелерінің әртүрлі қажеттіліктері мен мүдделерін білдіретін мемлекеттік емес қоғамдық қатынастар мен институттар жүйесі деп түсіндіріледі.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауында: «Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан тиімді мемлекетке айналдырамыз» деп айқындап берген болатын.
Қазіргі уақытта Қазақстанда ҮЕҰ-ның саны өсуімен қатар азаматтық қоғам институттарын қызмет түрлері бойынша саралау байқалады. Бұл мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемінің ұлғаюымен де, халықаралық ұйымдардың қаржылық қолдауымен де байланысты. Азаматтық қоғам институттарының қызметінен түскен кірістер ҮЕҰ құратын, реттейтін, қатысушылар, ұйымдарда жұмыс істейтін немесе олардың қызметін бақылайтын құрылтайшылар арасында дивидендтер түрінде бөлінбейді, сондықтан бұл ұйымдарды дүние жүзінде коммерциялық емес ұйымдар, яғни, пайда табуды көздемейтін деп те атайды.
Мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру және азаматтық сектордың тұрақты дамуына жағдай жасау үшін «Қоғамдық бірлестіктер туралы», «Саяси партиялар туралы», «Кәсіптік одақтар туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс, стратегиялық әріптестікті іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырыс, үкіметтік емес ұйымдарға арналған гранттар және сыйлықақылар туралы», «Қоғамдық кеңестер туралы», «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу туралы» заңдар қабылданды.
Қазіргі уақытта Қазақстанда 23 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар, өткен жылдың соңындағы дерек бойынша Алматыда 5017, Астанада 3554, Шымкентте 1512, Қарағанды облысында 1237 және Қызылорда облысында 1217 ұйым тіркелген. Олардың қызметінің ашықтығы мен жариялылығын, жобалары туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 2017 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі «ҮЕҰ дерекқорын» енгізді.
Қазақстанның Азаматтық альянсы 2006 жылы құрылған және оның еліміздің барлық өңірлерінде өкілдіктері бар. Қызылорда облысында үкіметтік емес ұйымдар альянсына 73 ұйым мүше. Өткен жылы бірлестік мүшелері маңызды әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталған 18 жоба мен бастаманы жүзеге асырды.
Альянс биыл үш басым бағытты таңдады: ауылдық елді мекендердегі жергілікті қауымдастықтарды дамытуға жәрдемдесу, экологиялық жобаларды іске асыру және Қызылорда облысындағы әлеуметтік жобалар бағдарлама әкімшілері ұсынған қолданыстағы техникалық сипаттамаларға талдау жасау.
Сондай-ақ Қызылорда облысының үкіметтік емес ұйымдар альянсы шығармашылық жобаларды дамыту және қазақтардың материалдық емес мәдени мұраны насихаттау бағдарламасын бастама ретінде көтерді.
Әріптестерімді Дүниежүзілік ҮЕҰ күнімен құттықтаймын. Азаматтар мен мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын ұйымдастырудағы күрделі жұмыста сәттілік тілеймін. Біздің ұйымдар қамқор, бастамашыл, кәсіпқой адамдарды біріктіріп, қоғам мен мемлекетке пайда әкелетін нақты алаңға айналсын.
Анар ІЗДЕН,
Қызылорда облысы ҮЕҰ Азаматтық альянсының төрайымы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<