Бүгінгі қоғамда көпбалалы аналардың рөлі артпаса, кеміген жоқ. Оларға мемлекет тарапынан қолдау да жетерлік. Әкені асқар тауға, алып бәйтерекке, мықты қорғанға теңейміз. Балаларды өсіру, өмірге дұрыс бағыт беру әрине, оның иығына жүктеледі.
Қала тұрғыны 37 жастағы Нұрлан Борамбаев – алты баланың әкесі. Келіншегі Айсұлу Талғатқызының жетінші бөпесіне аяғы ауыр. «Бұйыртса жақында тағы кішкентайлы боламыз» деген азаматтың жүзінен қуаныштың лебін байқадық.
Әкесі Кәрімханның жалғыз тұяғы, ізін жалғар ұрпағы болғандықтан, анасы «көпбалалы болыңдар» деп әрдайым батасын беріп келеді. Кішкентайынан әкесінің жанында жүріп, еңбекке ерте араласқан Нұрлан қандай іске болсын бейім. Сантехникалық жұмыстар мен есік алдындағы шаруаны өзі атқара береді. «Көкшетау-Қызылорда» жүрдек поезында жолсерік болып жұмыс істейтін ол демалған уақытында отбасылық кәсіпті жүргізеді. Осыдан 3 жыл бұрын «Әлихан» атты түшпара шығарып, оны дүкендерге өткізу ісін қолға алған. Келіншегі Айсұлу түшпараның қамырын илеп, жайып берсе, балалары жабылып, оны әдемілеп түйіп шығады. Ал отағасына дайын өнімді дүкендерге уақытылы жеткізу міндеттелген. Ауызбіршілікпен кіріскен кәсіптері берекелі болып, қазіргі кезде тұрақты тұтынушылары қалыптасқан бірнеше дүкенде өнімдері сатылуда.
Дүниеге әкелген үш ұлы мен үш қызы жасыл құрақтай жайқалып өсіп келеді. Балаларының алды Азамат 15-те болса, кенжесі Әлихан 3 жастағы бүлдіршін. Қыздары Кәусар, Қымбат, Қасиет – әжесі мен анасының көмекшілері. Рамазан мен Әлихан өзінің ізінде жүріп қазірден үй тіршілігіне араласады.
– Өзім әкемнің жалғыз ұлы болдым. Менен кейін бір қарындасым бар. Ол тұрмыста. Маған бір түйір бала деп қарамады. Керісінше, бала кезімде әкемнің жанынан қалмай, қолғанаты болдым. Ауыр жүк көлігімен алыс жолға шығатын. Бір жері бұзылып қалса, керек құрал-жабдығын алып беріп, қасында жүріп, көлік жөндеуді үйреніп алдым. Өкінішке қарай, ол кісі 48 жасында өмірден ерте кетті. Алайда мені еркелете жүріп, еңбекке баулыды. Өмірдің қандай сәттерінде де мойымауды үйретті. Қиындыққа төзе біліп, отбасындағы жауапкершілікті мойымай көтеруді құлағыма сіңірді. Қазір өзім де алты баланың әкесі атандым. «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле» деп жатады ғой. Айтқан сөзің бөлек, ісің басқа болмау керек. Өйткені, бала көргенін қайталайды. Әкем қайтқан соң, отбасының барлық ісі өзіме жүктеліп, ерте есейдім. Анамның өмірі мен бала-шағамның болашағына жауаптымын, – дейді ол.
«Әке көрген оқ жонар» демекші, біздің кейіпкеріміз әкесінің берген тағылымды тәрбиесін балаларына үйретіп, оларды өмірге бейімдеп, еңбекке баулып келеді. «Бір әкенің тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» деп бекерге айтпаса керек. Ұрпақтар сабақтастығы, үлгі-өнеге осылай атадан балаға жалғасатыны заңдылық секілді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<