«Барсакелмес» – тартылған теңіз жауһары

679

0

сурет ашық дереккөзден алынды

«Барсакелмес» – Еуразиядағы қоңыржай белдеудің солтүстік (дала) және орта нағыз шөлдерінің экожүйелерін қорғайтын бірден-бір және жаһандық масштабтағы экологиялық апат аймағында орналасқан әлемдегі жалғыз қорық. 1939 жылдың 10 желтоқсанында ҚазССР Кеңестік Халық комиссариатының қаулысымен Арал теңізіндегі «Барсакелмес» аралының аумағында құрылған. Аралды «Союзпушнина» пайдалануға алған болатын. Мұнда ірі құм балпақтары, ақбөкендер және қарақұйрықтар әкелген, құм балпағының кәсібін ашқан.

Арал теңізі тартылғанымен, «Барсакелмес» қорығы қазақстандық типтегі шөлейтті экожүйелері бар жалғыз қорғалатын аумақ және Солтүстік Арал теңізі маңы табиғатының эталоны болып қала берді.

Теңіздің тартылуы салдарынан қорыққа бару қиындап, қызметі дағдарысқа ұшыраған болатын. 2000 жылдан кейін айналасындағы теңіз жазықтығының айтарлықтай бөлігі ашылып (кепкен табан), арал құрлықпен бірігіп кетті. Бұл жабайы аңдар миграциясының қайта іске асуына мүмкіндік берді. Арал теңізінің кепкен табаны экожүйелердің флорасы мен фаунасының қалыптасу аренасына айналды. Тұщы судың болмауынан тұяқты жануарлар «Барсакелмес» аралынан шығып кетті. Құландар тұщы су көздері бар бұрынғы «Қасқақұлан» аралының айналасындағы теңіздің кепкен табанындағы сексеуіл тоғайларын мекен етті, ал қарақұйрықтар мен ақбөкендер шығыс жағалау бойынша кеңінен миграцияланды.

Осыған орай, ҚР Үкіметінің қаулысымен қорық аумағы 10 есе ұлғайып, 160 826 гектарды құрады. Аумақтың кеңеюі экожүйелердің әркелкі типтері, топырақты-өсімдікті жамылғы, флора мен фауна түрлерінің барлығын, сонымен қатар әртүрлі құрлықтық даму кезеңдері бар кепкен табан учаскелерін бақылаумен қамти алды.

2016 жылдың 19 наурызында ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы бағыттаушы кеңесінің шешімімен «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығы негізінде құрылған «Барсакелмес» биосфералық резерваты ЮНЕСКО биосфералық резерваттарының әлемдік жүйесіне енді.

2005 жылы қорық аумағын ұлғайту бойынша жасалған ғылыми-табиғи және техника-экономикалық негіздемелерге сәйкес «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінің құяр сағасындағы сулы-батпақты өңірлерді қосу арқылы аумағын ұлғайту мәселесі көтерілген. Осы орайда 7600 гектар жер Қызылорда облысы әкімінің қаулысымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар резервіне қалдырылған. Алайда, өткізілген қоғамдық тыңдаулар нәтижесі мен жергілікті тұрғындардың ұсыныстарын ескере отырып, көрсетілген аумақ бастапқыда 5770 гектар, кейіннен 2300 гектар болып қысқартылды. Сонымен ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес «Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының көлемі Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасындағы «Дельта» учаскесін (2300 гектар) қосу арқылы ұлғайды, қорықтың жалпы аумағы 163 126 гектарды құрады. 2012 жылы Кіші Арал теңізі мен Сырдария өзенінің құяр сағасы халықаралық Рамсар конвенциясымен қорғалатын сулы-батпақты өңірлер тізіміне енді.

Биылғы қыркүйекте «Барсакелмес» қорығы «Тұран шөлдері» номинациясында ЮНЕСКО-ның Әлемдік және мәдени мұрасы мәртебесіне ие болды. Бұл мәртебенің басты ерекшелігі қайталанбас табиғи кешендердің біртұтастығы мен қауіпсіздігін сақтауға қосымша кепіл болады.

Қазір «Барсакелмес» қорығы 3 кластерлік учаскеден тұрады:

1.  «Барсакелмес» учаскесі, қорықтың бұрынғы аумағы (16 795 гектар) мен теңіздің кепкен табаны кіреді, жалпы ауданы – 50 884 гектар.

2. «Қасқақұлан» учаскесі, құландардың қазіргі кездегі мекен ету орны және теңіздің кепкен табанында өсіп шыққан табиғи сексеуіл тоғайларының үлкен массиві, ауданы – 109 942 гектар.

3. «Дельта» учаскесі, Сырдария өзенінің Кіші Арал теңізіне құяр сағасында орналасқан, ауданы – 2300 гектар.

Жоғарыда көрсетілгендей қорық аумағында сексеуіл ормандары бар. Орманды өңірлердің ауданы – 56 мың гектар. Қорықтың флорасы 325 түрлі өсімдіктен, оның ішінде 16 эндемик және 5 Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген түрлерден тұрады.

Қорықтың жануарлар әлемі де сан алуан. Омыртқасыздар түрі өте көп, тек насекомдардың өзі 12 отрядтан 2000-ға жуық. Қорықта 107 түрлі өрмекші, жасыл құрбақа және көлбақа сияқты қосмекенділер бар. Бауырымен жорғалаушылардың 12, құстардың 250, оның ішінде «Қызыл кітапқа» енгізілген 33 түрі, 28 түрлі сүтқоректілер, оның 3 түрі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Балықтың 22 түрі, оның 4-уі «Қызыл кітапта» тұр.

Қорыққа 1953 жылы Бадхыздан (Түркіменстан) құландар жерсіндірілген болатын, 1958 жылы алғаш ұрпағы алынып, сонан бері құландар популяциясында жыл сайын өсім байқалып келді. Тұщы судың аздығы мен теңіз суы тұздылығының көтерілуі салдарынан құландарды аралдан біртіндеп шығару туралы шешім қабылданып, 80-жылдары бір бөлігі «Алтын-Емел» ұлттық паркіне қоныс аударды. Қазір құландардың аралдық популяциясынан қалған даралары «Қасқақұлан» учаскесіне ауысты, мұнда олардың саны жыл сайын артып келеді. Биылғы санақ бойынша құландар саны 800 бастан асты.

Қорық Арал теңізі өңірімен бірге өзгерген болатын, бірақ ол тартылып бара жатқан теңіздің табиғи жауһары болып қала береді. «Барсакелмес» арал болып қалмады. Ол Солтүстік Арал теңізі өңірінің геоморфологиялық жүйесінде арал қалдығы болып қайта туындады.

Хамит ҚАНИЕВ,

«Барсакелмес» мемлекеттік табиғи қорығының бас директоры

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<