Баспахана: Бүгінгі жаңалықты тарихқа айналдырған

541

0

Бұрын газет қалай басылды, қандай қиындықтар болды? Қазіргі жетістігі қандай? 

– Журналистің міндеті − ақпаратты жедел түрде жазып беру. Онан кейінгі жұмысты дизайнерлер мен баспа мамандары жасайтындықтан оған көңіл аудармаймыз, яғни, таңертең жететін бір бума газет үшін баспаханадағылардың түнімен еңбектенетіні бізге беймәлім.

Сонымен, газеттің ой-қырдағы жүздеген авторлары мен тілшілері жазған хат-хабар әуелі редакция бөлімдерінде қорытылады. Бетке түседі, онан кейін баспаханаға жіберіліп жатады. Ол алдымен линотип машинасымен теріледі. Бұрынғыдай әріпті қолмен теру қазір келмеске кетті. Соңғы уақытта техниканың жедел дамығаны соншалық, осыдан 20-30 жыл бұрынғымен мүлдем салыстыруға келмейді. Компьютерлендірілген заманда барлығын ақылды техникалар іске асырады. Тек қажетті тетіктерді басып, реттілікті сақтап отырсаңыз болғаны.

Баспаханада 40 жылдан астам уақыт бойы еңбек еткен Бақыт Қайымов ертеректегі техникалармен газет шығарудың машақатының көп  екенін айтады:

− «Сыр бойы» газетінің басылуына атсалысып жүргеніме 40 жылдан асыпты. Ол кезде бір басылымның нұсқасын дайындау үшін бір күн уақыт кететін. Қызметкерлер екі ауысыммен жұмыс жасайтынбыз. Əркімнің өз міндеті бар. Барлығын қолмен дайындаймыз. Бізде көбіне қыздар жұмыс жасады. Газеттің мəтіндерін арнайы аппаратпен тереді. Ал екінші жағынан əріптер түсіп тұратын. Одан кейін оған металл құйылады. Толық дайын болғасын ғана баспаға жібереді. Алдын ала дайындаудың өзіне күнұзақ жүретін едік. Бір құйма 18 келі болады. Кәдімгідей қажырлы еңбекті талап ететін. Бүгінгідей интернетпен жұмыс деген жоқ. Газеттің келесі номерін шығару үшін екінші ауысымдағы жұмысшылар келіп жатады. Алдыңғы пайдаланылған металды қайта ерітіп, жаңасын дайындайды, – дейді ол.

Түрлі техниканың зор мүмкіндігіне иек артып алған біздер үшін бір кездегі баспа жұмысы ертегідей көрінгені жасырын емес. Қағаз бетіндегі жазулар үшін, металл еріту жұмысы да таңғалдырмай қоймады. Тіпті, газет бетіне түсетін əріптерді, таңбаларды қолға ұстап, жинап жүретіндеріне қазіргілердің сенуі қиын-ау.

Ал 19 жасынан бастап баспа жұмысымен айналысқан, бүгінде «Ақмешіт апталығы» газетінің дизайнері болып жұмыс жасайтын Мира Рахметова қорғасынмен әріп құюдағы машақат пен газеттің шығу қызығын былай еске алады.

− Біз таңертең келгенде арнайы бөлінген мамандар линотипті қосып, қорғасынын ерітіп, жұмысқа дайындап қояды. Жаңа құйылған әріптер оқығанда көзіңе шағылысып, қорғасынға батырылып, ыстық күйінде гранкілерге (линотип машинасының бір бөлігі) жиналады. Соған қарап терген мақаланың сөздерінен қате кетіп қалмады ма деп бір оқып аламыз да, келесі қатарды тереміз. Мақаланың әр қатарын теру біршама уақыт алатын. Оның да өзіне сай өлшемі болады. Ол өлшемді макет сызушының тапсырмасына сай аламыз. Әр мақаланың өлшеміне сай теріп береміз. Кей кездері машинаның қазанында балқыған қорғасын атқылап аяғымызды, қолымызды күйдіріп те алатынбыз. Машинкамен басылған сөздерді линотип клавиштарын басқанда латуннан жасалған әріптер машинаның магазинінен (бұл да машинаның бір үлкен негізгі бөлігі) тарсылдап төмен түсіп сөз болып өріледі. Кей кездері майда, көлемі жіңішке болып келетін үтір, нүкте, сұрақ белгісі сияқты тыныс белгілер  магазиннен түспей майысып қалып, жұмысқа кедергі келтіретін. Сол кезде жоғары жақтағы тепкішіне мініп, ұзын сыммен төбесінен әріптерді қозғап, майысқанын ұрғылап жөнге келтіреміз. Жөнге келген әріптер сартылдап төмен түсіп жұмыс жасауға ыңғайлы болатын. Ал қорғасынмен құйылған әріптермен жасалған газет макетінің гранкідегі салмағы 20 келіге жуықтайтын, − дейді ол.

Бүгінде бәрі басқа, газет шығару үшін көп адамның күші қажет емес. Дайындалған макетті әп-сәтте алып құрылғылар шығарып береді. Бастысы – газет редакциядан баспаханаға өтіп,  машинадан түптеліп шығып, сұрыптаушылардың қолына тисе болғаны.

Айта кету керек, 2010 жылы облыстық «Сыр бойы» мен «Кызылординские вести» газеттері «Сыр медиа» ЖШС-не бірікті. 2013 жылы мекеме Т.Жүргенов атындағы жаңа ғимаратқа көшіріліп, өз баспаханасына ие болды. Баспахананың ашылуы Сыр баспасөзіне серпіліс әкелді. Бұрын жеке баспаханада басылып жүрген жергілікті газеттер бір жерден шығару мүмкіндігіне ие болды.

Сол жылдан бері «Сыр медиа» серіктестігінде жаңа үлгідегі технологиямен қамтылған баспахана жұмыс жасайды. Қазіргі таңда онда 7 аудан, 1 қалалық және 3 облыстық газет басылады. Одан бөлек алыс-жақын аймақтардың газеттерін қосқанда 30-дан аса басылым осы баспаханада басылып, жер-жерге тарайды. Заманауи құрылғының жетістіктерін ескерсек, қазіргі таңда газет басу жұмысы әлдеқайда жеңілдеген.

− Газетті тегіс қырқып, беттерін рет-ретімен орналастырып бүктеу және оларды санап, пластик лентамен бума-бума етіп байлап жайғастыру расымен біршама жеңілдеді. Бұрынғы кезде бұл тірліктерге де күндік уақытты арнауға тура келетін. Қырық адам жасайтын жұмысты қазір 11 адам атқарады. Жаңа құрылғылар арқылы газет әп-сәтте дайын болады. Мәселен, неміс технологиясымен дайындалған «CITYLINE EXPRESS» баспа станогының көмегі өте зор. Үндістаннан әкелінген қондырғы А2 және А3 форматтағы 40 беттік газетті, оның ішінде 16 бетін толық түрлі-түсті етіп, 1 сағатта 35 мың данамен шығара алады. Баспахананың газетке пайдаланылатын қағаздан бөлек, тығыздығы 65 мг-дық офсеттік ақ қағазбен басуға да мүмкіндігі бар, – деді Б.Қайымов.

Міне, басылымның шығуына атсалысып жатқан баспахананың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай.

Жалпы, жыл өткен сайын баспасөз саласының мамандары да газет-журнал сапасына мән беріп, жаңа технология дәуірінің мүмкіндіктерін басылым беттерінен көрсетуге тырысуда. Бұл баспахана қызметіне деген сұраныстың артқанын білдірсе керек. Өз кезегінде «Сыр медиа» ЖШС баспаханасы да бұл үдеден шығатыны сөзсіз.

Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<