Құрметті «Сыр бойы» газетінің ұжымы!
Еліміздегі байырғы басылымдардың бірі – Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің 95 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Басылым мемлекеттік-ақпараттық саясатты жүргізуге, аймақтың тыныс-тіршілігін үздіксіз насихаттауға аянбай қызмет етіп келеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған саяси реформаларды, кейінгі бес жылдың бедерінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету бағытында атқарылған ауқымды істерді насихаттауға, қоғамдық сананы жаңғыртуға да ерекше үлес қосуда.
Осының бір айғағындай, 2023 жылы «Сыр бойы» газеті «Үркер» ұлттық сыйлығы бойынша «Үздік өңірлік БАҚ» номинациясын иеленді. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың қанат жаюы масс-медианың алдына жаңа талаптар қойып отыр. Бұл ретте «Сыр бойы» газетінің бет-бейнесі де, мазмұны да заманға сай дамып келеді.
Алдағы уақытта да мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі жолында ақпараттық қолдау білдіріп, жақсылық жаршысы бола берулеріңізге тілектестік білдіремін.
Берік УӘЛИ,
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі-Президенттің баспасөз хатшысы
***
Құрметті «Сыр бойы» газетінің ұжымы!
Баршаңызды облыстық «Сыр бойы» газетінің 95 жылдық мерейтойымен құттықтаймын!
Алаштың анасы атанған Сыр еліндегі ата басылым шежірелі тарихтың куәсіне айналды. Елдің әр кезеңдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайы басылым бетінде көрініс тапты. Мыңжылдық мәдениет пен руханияттың алтын жібін үзбей, ұлттық құндылықтың қайта жаңғыруы үшін қаламы қуатты қаламгерлер үлкен үлес қосты.
Сыр сүлейлерінің мекенінде жарық көретін «Сыр бойы» газетінде ел мүддесін жоғары қоятын руханият жанашырлары, ақпарат өкілдерінің үлкен шоғыры бар. Олар түрлі ақпарат алмасқан бүгінгідей заманда қалың көпшілікке салмақты да сүбелі дүниелер ұсынып, өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етіп, қоғамды алға жетелеу жолында еңбек етіп келеді.
Баспасөз – ғасыр айнасы, дәуір тынысы. Өзіндік тарихы мен бағыт-бағдарын қалыптастырған «Сыр бойы» басылымы қалың оқырманның ықыласына бөленіп, өңірдің тұтас жылнамасын жаза білді.
Бүгінде аймақтың аға басылымында жарияланған салмақты мақалалар егемен еліміздің тыныс-тіршілігін халыққа жеткізіп қана қоймай, Отанымыздың өркендеуіне, өңірдің түлеп-дамуына зор үлес қосуда. Мұның барлығы шығармашылық ұжымның заман ағымын саралай, уақытпен санаспай жұмыс істегенінің нәтижесі деп білемін. Сондықтан осынау айтулы күні редакция ұжымына шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін.
Ойлы оқырмандарыңыз, мазмұнды мақалаларыңыз көп болсын!
Сейітқазы МАТАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының төрағасы
***
Құрметті «Сыр бойы» газетінің журналистері!
Сіздерді еліміздің байырғы басылымдарының бірі, өздеріңіз қызмет етіп келе жатқан «Сыр бойы» газетінің 95 жылдық мерекесімен құттықтаймын!
Біз – қонысымыз іргелес, жер-суымыз жалғасып жатқандықтан, ұстанған бағдарымыз бен мақсат-мүддеміз де үйлесіп, шежіреміз де қатар өріліп келе жатқан өңірлерміз.
Биыл біздің облыстық «Ақтөбе» газеті ғасырлық биігіне көтеріліп отыр. Екі басылым да өздерінің елу жылдық мерекесі тұсында «Құрмет белгісі» орденіне ие болды.
«Сыр бойы» газетінің алғашқы редакторларының бірі болған фельетонист Жиенғали Тілепбергенов біздің «Ақтөбе» газетінің бастауында тұрған «Кедей» басылымының қалыптасуына мол үлес қосқанын мақтан тұтамыз.
Сондай-ақ, Бейімбет Майлин, Асқар Тоқмағамбетов, Әуелбек Қоңыратбаев секілді қазақ журналистикасы мен әдебиетінің көрнекті тұлғалары салған ізгілікті ізді бүгінде кейінгі буынның лайықты жалғастырып келе жатқаны қуантады.
Біз «Сыр бойы» газетін қазақ әдебиетінің көптеген танымал қайраткерлерін тәрбиелеген, олардың кемелді келешегіне бағыт берген басылым ретінде де бағалаймыз.
«Сыр бойы» газетінің ұжымына, барлық қызметкерлеріне жақсы мерекелік көңіл күй, мықты денсаулық, шығармашылық шабыт, биік жетістіктер тілеймін!
Раукен ОТЫНШИН,
«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры, Қазақстан Журналистер одағы
Ақтөбе облыстық ұйымының төрағасы
***
Құрметті Қуат Әбішұлы!
Сізді және сіз арқылы редакция ұжымын облыстық «Сыр бойы» қоғамдық-саяси газетінің шыға бастағанына 95 жыл толуымен шын жүректен құттықтаймын!
Ғасырға жуық кезеңде өңірдің жаңалығы мен даму үрдісін бұқараға қалтқысыз жеткізіп келе жатқан ұжым әлі де өз биігінен төмендеген жоқ. Газеттің 20 мыңнан астам таралымы – соның айқын айғағы.
«Атырау» мен «Сыр бойының» өзара байланысы – ұлттың көрнекті ақындарының бірі Асқар Тоқмағамбетов. 1943 жылғы қаңтарда майданнан арнайы шығармашылық іссапардан оралған бетінде бір айдай аялдап, мұнайшылар өмірімен танысады, Гурьев халқымен кездеседі. Атақты «Мұнай бер!» патриоттық поэмасы да – сол күндердің жемісі. Маманға зәру сол кезде Асқар ақын облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетіне өткір сын мақалаларын жариялап, бірнеше санына редактор ретінде қол қойған.
Сондықтан, шығармашылық байланыстың нәзік тіні ешқашан үзілмек емес. Ұжым мүшелеріне зор денсаулық, отбасы амандығы мен шығармашылық табыс тілеймін.
Мерейтой құтты болсын!
Назарбек ҚОСШИЕВ,
облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
***
Құрметті «Сыр бойы» газетінің ұжымы!
Сіздерді басылымның 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Бүгінде егемен еліміздің жетістіктерін насихаттап, отандық ақпарат саласының дамуына өзіндік үлесін қосып, ұлт руханиятының жадында алтын әріптермен жазылған «Сыр бойы» − Сыр журналистикасының бастау бұлағы.
Тарихы 1929 жылдан басталатын шежірелі басылым аймақтың мәселелерін тереңнен қозғап қана қоймай, елдік деңгейдегі өзекті дүниелерге үн қосуда. Облыстың айнасына айналған газеттің қай нөмірін алсаңыз да, одан өңірдің келбеті мен тыныс-тіршілігінің лебі есіп тұрады.
Өзінің даңғыл жолында айнымас дәстүрі бар облыстың бас газеті қазір Тәуелсіз Қазақстанның нағыз жанашырына айналса, ол бір күннің ісі емес. Оның артында қаншама еңбек, қаншама маңдай тер бар. Бұл − еңбек пен білімді ұрпақтар сабақтастығына айналдыра білген бірнеше буынның ортақ жетістігі. Газет ұжымы қажет жерінде ағысқа қарсы жүзіп, ылғи да облыс тұрғындарының мұң-мұқтажын жоқтап, олардың әлеуметтік мәселелерін батыл көтере білді. Осы қам-қарекеттің арқасында оқырманы көбеймесе, азаймады. Нәтижесінде өзінің тұрақты оқырманын қалыптастыру арқылы қоғамнан орнын ойып тұрып алатын басылымға айналды.
Осы ретте аймақ экономикасын, халықтың әл-ауқатын, бүгіні мен ертеңін ұштастырып, халық пен биліктің арасында алтын көпір болуда шығармашылық ұжымның еңбегі зор. Оны біз бағалаймыз, құрметтейміз.
Алдағы уақытта да қоғамдағы мәселені, тың жаңалықтарды жұртшылыққа шынайы жеткізіп, мемлекетіміз жүктеген міндеттерді насихаттауда, ұлттық құндылықтарды дәріптеу жолында талмай, қажырлы еңбек ете беріңіздер!
Ұжымға шығармашылық табыс тілеймін, қаламдарыңыз мұқалмасын!
Серік Қожаниязов,
Қызылорда қаласының әкімі
***
Құрметті «Сыр бойы» газетінің ұжымы!
Сіздерді өңірдің ата басылымы «Сыр бойы» газетінің 95 жылдығымен құттықтаймын!
Ғасырға жуық тарихында халықтың мұңын, әлеуметтік мәселесін батыл көтерумен қатар, өңірдің өткенін, бүгіні мен келешегін боямасыз жазып келеді. Арал ауданының ахуалы мен айдынды теңізінің тағдырын әлем жұртшылығына жеткізудегі үлесі орасан.
Сырбойылық еңбек адамдарының ел ырысын молайту жолындағы тынымсыз тірлігін оқырманға жеткізіп, облыстың жасампаз шежіресін жазуда іргелі қарашаңырақтың қызметкерлері өлшеусіз еңбек сіңірді. Майданы берік, мазмұны бай саладағы қажырлы қызмет мемлекеттік идеологияның жүйелі жүргізілуіне сеп болды.
Ұжымның бүгінгі құрамы – дәстүрлі журналистика мен жаңа медианы жетік меңгерген дарынды қыз-жігіттер. Бағындырар биіктері, алар асулары алда тұрған мықты қаламгерлер.
Тоқсанның төріне көтерілген облыстық «Сыр бойы» газетінің ұжымына, журналистерге шығармашылық шабыт, еңбектеріне табыс тілеймін!
Аймақ абыройын асырып, ел мерейін өрістету жолында қаламдарыңыз қарымды болғай!
Газет ғұмыры ғасырдан-ғасырға ұлассын!
Аманжол Оңғарбаев,
Арал ауданының әкімі
***
Құрметті «Сыр бойы» газетінің ұжымы!
Сіздерді мерейлі мерекелеріңіз – облыстық «Сыр бойы» газетінің 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
«Сыр бойы» газеті – еліміздегі өзіндік тарихы бар, бағыт-бағдары айқындалған, қалың оқырманы қалыптасқан беделді басылымдардың бірі.
Қасиетті Сыр елінің жасампаз істерге толы шежіресін жазуда «Сыр бойы» газеті зор еңбек сіңіріп келеді. Басылым қай кезеңде қызмет етсе де уақыттың өз талабына сай өңірдің толымды өзгерістерін паш етіп, өлкенің жылнамасын жасауға сүбелі үлесін қосуда.
Ақпарат айдынында өзіндік жолын қалыптастырған «Сыр бойы» газеті еліміздегі болып жатқан өзгерістерді тұрғындарға кеңінен түсіндіріп, халық пен билік арасын байланыстыратын алтын көпірге айналып отыр. «Газет – халықтың көзі, тілі һәм құлағы» деп айтқан ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының қағидасына сүйенсек, тоқсан бес жылдық тарихы бар газет ұжымының ел игілігі жолында атқарған еңбегі өлшеусіз.
Басылымның әрбір нөмірі оқырмандарымызды рухани байлыққа, адамгершілікке, имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуімен жұртшылық қауымның көңілінен шығып келеді. Осы жолдағы жемісті еңбектеріңіз еселене түсіп, алдағы уақытта да алар асуларыңыз бен бағындырар биіктеріңіз көп болсын!
Газеттің 95 жылдық мерекесімен тағы да құттықтай отырып, шығармашылық табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін!
Мейрамбек ШЕРМАҒАНБЕТ,
Қазалы ауданының әкімі
***
Құрметті «Сыр бойы» газетінің ұжымы!
Қадірлі қаламгерлер! Алаштың анасы атанған Сыр елінің бас басылымы – «Сыр бойы» газетінің ұжымын 95 жылдық мерейлі белесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – бір ұжымға ғана емес, бүкіл Сыр еліне ортақ қуаныш.
«Сыр бойы» газеті әуел бастан ұлттық мүддені, елдік мұратты насихаттады. Облыстың бас газетінің кемеліне келіп, қазақ баспасөзінің іргелі басылымдарының біріне айналуына Әуелбек Қоңыратбаев, Асқар Тоқмағамбетов, Батырғали Халықұлы, Жиенғали Тілепбергенов және басқа да аға буын өкілдері зор еңбек сіңірді. Одан кейінгі жылдарда Қ.Қауымбаев, М.Сәтбаев, Т.Елемесов, Б.Сарбасов, С.Сейітов, Ж.Қонақбаев, Х.Сыздықов, З.Жарқынбаев, Ұ.Бағаев, Қ.Әбенов, Н.Уәлиұлы, Ә.Рахымбекұлы, Ж.Рахматулла сынды алдыңғы толқын ағалардың өлшеусіз қызметін айтпай кете алмаймыз.
Кеңес заманында атауы «Ленин туы», «Ленин жолы» болып өзгеріп, сол заманда ана тіліміз бен ұлттық санамызды сақтауға, елдігімізді нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Соның нәтижесінде ғасырлық шежіресі бар басылым шаңырағында кәсіби шығармашылық мектеп қалыптасты. Шеберлік шыңдаған жүздеген журналистің қастерлі шеберханасына айналды. Газеттің сарғайған беттерінде қазақ журналистикасы жүйріктерінің, ақиық ақындар мен көрнекті жазушылардың қаламының ізі қалды.
Еліміз тәуелсіздік алған жылы өзінің ең алғашқы «Сыр бойы» тарихи атауымен қайта қауышып, өңірдің тыныс-тіршілігін кеңінен қамтып, қазақ қоғамы үшін өзекті тақырыптарға терең бойлады.
«Сыр бойы» газетінің қазіргі бағыты да осындай. Қоғамдағы түрлі мәселелерді назардан тыс қалдырмай, келеңсіздіктерді шешуде белсенділік танытып келеді. Аймақ ақпараттарын жұртқа жеткізуде, өңірде атқарылып жатқан жұмыстардың мән-маңызын халыққа түсіндіруде газеттің көтерген жүгі ауыр.
Әрине, журналистің ең асыл қазынасы – қалам. Сол қалам мұқалмасын, шабыт шалқи түссін, шығармашылық шыңдала берсін! Тоқсан бес жылдық тойдың табысы мол болғай!
Жандос ЕРКІНБЕК,
Қармақшы ауданының әкімі
***
Құрметті «Сыр бойы» газетінің ұжымы!
Сіздерді газеттің 95 жылдық мерейлі мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Осынау уақыт аралығында аймақтық басылым дәуір жүгін арқалап, халықпен бірге жасап келеді. Газеттің алғашқы нөмірі 1929 жылы шілде айынан «Сыр бойы» деген атаумен шыға бастаса, кейін заман ағымына қарай «Ленин туы», «Ленин жолы» аталып, аймақтың ақпарат тынысына айналды.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы «Сыр бойы» атауымен шығып келеді. Дәуір тынысы, елдің саяси бағыт-бағдары қалай өзгерсе де, газет өзіндік бет-бейнесін сақтап, елге мүлтіксіз қызмет етуде.
Тереңнен тамыр тартқан басылым өзінің ғасырға жуық тарихында аймағымыздың басты идеологиялық құралы ретінде елдің тәрбиешісі, қамқоршысы бола білді. Аймақтың ата басылымында талай тау тұлғалы марғасқа азаматтар, аталарымыз бен әкелеріміз еңбек етті. Газет қабырғасынан тәрбиеленіп шыққан талай жампоздар кейін елімізге белгілі қайраткер тұлғаларға айналды.
Аймақтың ата басылымы бұл күнде жаңа толқынмен толықты. Уақыт талабына сай қызметі де жаңа технологияларға негізделіп, аймақтың айнасына айналып отыр. Бүгінде аға басылымнан қанаты қатайып, қалам ұстап жүрген жастарымыз да көбейіп келеді.
Ата басылымның 95 жылдық мерейтойы – аймақ халқы үшін мән-маңызы ерекше мереке. Газет ұжымын мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, алдағы уақытта шалқар табыстар тілеймін!
Ардақ Ибраимов,
Жалағаш ауданының әкімі
***
Құрметті «Сыр бойы» газетінің ұжымы!
Сіздерді аймақтың аға басылымының 95 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!
Ғасырға жуық тарихында талай ұрпақты тәрбиелеген басылым – өңірдің жарқын жылнамасы. Сонау 1929 жылдың 1 шілдесінде «Сыр бойы» деген атаумен жарық көрген газет қай кезеңде де қалың жұртшылықтың сырласы болды.
Өткен дәуір дерегін таңбалаған басылым бүгінге дейін мемлекеттік-ақпараттық саясаттың салмақты жүгін арқалап келеді. Осы газетте шыңдалған журналистер күллі республикаға танымал қаламгерлерге айналды. Өзінің 95 жылдық тарихында қай жағынан алғанда да толысып шыңдалған газет бүгінгі тәуелсіз еліміздің, аймақтың даму дидарын көрсетуде елдікті, теңдікті, бірлікті насихаттауда аға басылым ретіндегі биік деңгейінен түспейді деп сенемін.
Журналист – мәдениетті, өнегелі, зиялы тұлға. Сондықтан, редакцияда талай жыл еңбек еткен аға-апаларының ізін басқан бүгінгі жас журналистеріміздің алдыңғы аға буынның салған сара жолынан тайынбай еңбек ететініне еш күмән жоқ. Қасиетті мекеннің барлық тыныс-тіршілігінен, арғы-бергі тарихынан, бүгінгі келбетінен бұқараға шынайы ақпарат беріп отырған өңір жылнамасының өрлеу жолдарында редакция ардагерлерінің де еселі еңбегі, айырықша қолтаңбасы жатыр. Сіздердің қаламдарыңыздан туған әрбір мақала, түйткілді мәселе оқырманға ой салмай кеткен емес.
Сыр журналистикасының қарашаңырағы саналатын газет редакциясы бүгінде заманауи медиа кеңістіктің талабына сай жұмыс жасап келеді.
Облыстық басылымның еліміздегі баспасөз саласында өзіндік орны қалыптасқан. Қызылорда өңірінің әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуын ғасырға жуық тарихы бар газет ұжымы ұдайы ақпараттандырып келеді.
Сонымен қатар, Сырдария ауданындағы жағымды жаңалықтар әркез басылым бетінде жарияланып, сол арқылы атқарып жатқан жұмыстарымызға халық лайықты бағасын беруде.
Бүгінгідей ақпарат дәуірінде замана көшінен қалмай, жылдам ақпарат тарату ісінде газет қызметкерлері кәсіби шеберлік танытуда. Сол арқылы еліміздің баспасөз саласында облыстық басылымның шоқтығы биік.
Сіздерді 95 жылдық мерейтоймен құттықтай отырып, шалқар шабыт, шығармашылық табыс тілеймін!
Берік Сәрменбаев,
Сырдария ауданының әкімі
***
Құрметті «Сыр бойы» газетінің ұжымы, қадірлі қаламгерлер!
Сыр өңірінің шежіресін тасқа басып, 95 жылдан бері оқырмандардың көңілінен шығып келе жатқан сіздерді ата басылымның мерейтойымен Шиелі ауданының халқы атынан шын жүректен құттықтаймын!
«Сыр бойы» газетінің 95 жылдығы – бір басылымның ғана емес, облыс жұртшылығының ортақ мерекесі. «Қаламның ұшында найзаның сұсы бар» деген халқымызда қанатты сөз бар. Сондықтан да қарымды қаламгерлер мен білікті, тәжірибелі мамандардың әрбір еңбегі, туындысы, шығармасы – ескеруге тұрарлық дүние.
Ақпаратты халыққа жедел әрі шынайы жеткізіп, Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік саясатын қалың оқырман арасында байыпты насихаттап, ел шежіресін қағазға қаттаған басылымның беделі әрдайым биік болатыны – ықылым заманнан дәлелденген шындық.
Сіздер қарулы қаламдарыңызды жандарыңызға серік етіп, өздеріңіздің мамандықтарыңызға адалдық танытып, қалың елдің мүддесі үшін аянбай қызмет атқарып келесіздер.
Облыс баспасөзінің қарашаңырағы «Сыр бойы» газеті – оқырмандардың шексіз ризашылығына бөленген басылым. Қазіргі уақытта аймағымыздағы таралымы ең көп газет болып есептеледі.
Осы жолда бүкіл елді өзінің соңынан ерте алатын, болашаққа дұрыс бағдар бере білетін үгіт-насихат құралы шын мәнінде бұқара халықтың рухани сенімді ақылшысы да бола алды. Баспасөздің құдіреттілігі де осында.
Сондықтан бізді күнбе-күн халықпен жүздестіріп, аймақ экономикасына, әлеуметтік дамуына қалам қаруының күшімен үлес қосып, тарихи өмірімізді, мәдени тұрмысымызды әлеуметке жан-жақты көрсетіп, тіршілігіміздің деңгейін айқындап отырған сіздерге ерекше ризашылығымды білдіргім келеді.
Қадірлі газет ұжымы!
Мерейтойларыңыз тағы да құтты болсын! Жазарларыңыз көп, қаламдарыңыз қуатты, сөздеріңіз өтімді, еңбектеріңіз жемісті болғай!
Сіздерге шабыт пен шығармашылық табыс, жарқын болашақ тілеймін!
Нұржан АХАТОВ,
Шиелі ауданының әкімі
***
Құрметті «Сыр бойы» газеті редакциясының ұжымы!
1 шілде – Алаштың анасы атанған Сырмен аттас, қойнауына қанаттана қонған қалың елімен мұраттас, үні де, мұңы да бір мерзімді басылым – «Сыр бойы» газетінің туған күні. Бүгінде байырғы басылымның бәсі басым, ойы озық, деңгейі биік болуы – тамыры тереңге тартқан сырлы шежірені саналарда жаңғыртқан сабақтастықтың нәтижесі. Осы үрдісті ұлықтаған шығармашылық ұжымның мақсат-міндеті төмендеген емес. Бұл бағытта қандай тақырыпта қалам тартса да, нақтылық принциптерге негізделген әділ сөз, әлеуетті ұстанымын толықтай сақтап келеді.
Алғаш жарық көрген күннен бастап әлеуметке жақсылықтың жаршысы болып келе жатқан төл басылым ақпараттық қана емес, ағартушылық та миссиясынан жаңылмай келе жатқаны әмбеге аян.
Облыстық төл басылым Жаңақорған ауданының экономикалық жай-күйін жете зерделеп, өлкедегі өркенді өзгерістерді жеткізіп келеді. Ауыл тіршілігіне тұрақты айдарлар ашып, еңбек адамы құқының әділ де тиімді қорғалуын басты назарда ұстайды.
Жаңақорған ауданының өндіріс орындарының тыныс-тіршілігін боямасыз жеткізіп, ондағы азаматтардың еселі еңбегін айна-қатесіз көрсетіп келеді. Негізінен аграрлы салаға бейімделген ауданда республикаға танымал қаншама Еңбек Ері шықты. Серпілістердің мазмұнын сипаттайтын осындай жетістіктер шежіресін «Сыр бойы» газетінің сарғайған парақтарынан табуға болады.
1991 жылы «Сыр бойы» атауына қауышып, табиғатын тапқан төл басылым идеологияның басты бағыты егемендікті баянды етуде рухани тірек бола алды. Халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жаңа әлеуметтік саясат журналистер назарынан түскен емес. Инновациялық дамудың жаңа мүмкіндіктері де жиі сараланады.
Халықтың көкейінде жүрген арман-тілегін тыңдап, алдағы күнге тағылымды тақырып, тың идея, мазмұнды мәселелерді таразылай білген журналист қауымға жазарларыңыз таусылмасын демекпіз. Ата басылымының беделі биік, тұғыры бекем болуына тілектеспіз!
Мәжит САМИТОВ,
Жаңақорған ауданының әкімі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<