Қазақстандық патриотизмді тәрбиелеу мақсатында 1995 жылы Республика күні Ұлттық мереке ретінде аталып өтіле бастаған болатын. Бұл мемлекет дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне белгіленген еді. Алты жылдан кейін мереке ұлттық сипатын жоғалтты және 2009 жылы тізімнен алынып тасталды.
Араға 13 жыл уақыт салып, оның мәні мен мазмұны одан әрі артып, қайта оралды. Өткен жылы Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Ұлытауда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Бұл – еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек» деген бір ауыз сөзі мыңдаған қазақстандықтың рухын оятып, оны халық қуана қабылдады. Жалпы «Республика» сөзі латын тілінде «ортақ іс» деген мағына беретіні баршамызға белгілі. Бір сөзбен айтқанда, Республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады.
Бүгінде мерекенің сипаты өзгеріп, Қазақстан Республикасындағы демократияландыру үдерісін дамытуға бағытталғаны күн тәртібіне шығып отыр. Қазіргі уақытта осы идея «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымымен үндеседі. Адам жетістігі тұтас еліміздің табысты болуына жол ашатыны, оның үнемі басымдық болуы маңызды.
Сонымен бірге, қазір өздеріңіз ақпарат құралдары беттерінен көріп-оқып отырғандай, әлемнің әр қиырынан тыныштық кете бастады. Бейбіт күн мен ашық аспанның қандай бағалы екенін ұғынар кез келді. Біздің бағымызға берілген тәуелсіздікті сақтап, елдің тыныштығын бұзбау керек. Кейбір пиғылы теріс адамдар осындай мемлекеттік мерекенің түпкі маңызын түсінбей, елдің арасына іріткі салып, алауыздық тудырғысы келеді. Біз дәл қазіргі күні нақты іс-әрекетке көшіп, халықтың әл-ауқатын жақсартуға жұмыс жасауымыз қажет.
Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда қазіргі қазақ қоғамына ең қажет дүние – бейбіт өмір, тыныш тірлік. Сондықтан әрбір қазақ баласы, әрбір қазақстандық тыныштық пен бейбітшіліктің қадірін біліп, соның қамын жемек керек…
Қазір «демократия» дегенді желеу етіп желпініп жүрген азаматтар жақсы мен жаманды айыра білгені жөн. Бұлар айтып жүрген адам құқығы, ашық қоғам құр, т.б. әдемі ұрандар қарапайым халықтың сезімін тербеп, ойын арбап, әсіресе парасат-пайымы тұрақсыз, өмірге наразыларды еліктіріп әкету қаупі өте басым. Мұндай күмәнді дүрмекке әсіре ұлтшыл немесе сезімге берілгіштер тез ұрынады. Демек тыныштықты шайқап, бейбітшілікті бұзатын дүние ешқашан демократия болмайды.
Сол сияқты дәл қазір әлеуметтік желі арқылы әркім аузына келгенін айту немесе жазу, біреуді орынсыз масқаралау сияқты келеңсіз үрдіс етек алып барады. Ақылы бар адамға бұл да демократия емес. Өйткені, жалған сөз, жосықсыз ақпар – адамдардың ақ пен қараны ажыратып пайымдауына кедергі. Оның сыртында мұндай әлем-жәлем қызыл сөз бұқараны өсекке үйір қылумен бірге өтірікке үйретеді, үрей тудырады, сол арқылы халықты ақпараттың қайсысы шын, қайсысы жалған екенін ажырата алмайтын күйге түсіреді.
Жалпы алғанда, бұл мерекенің – егемендік пен мемлекеттік тұрғыда маңызы зор. Біз бұл күні ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу үлгісін көрсетуіміз керек. Тәуелсіз мемлекеттің барлық тыныс-тіршілігін, оның мемлекеттік құрылымын әлеуметтік-экономикалық дамуы мен саяси жүйесін қалыптастырып, оны нығайтуға атсалысқан, қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған заңдардың қабылдануы да заң шығарушы орган – Парламенттің үлесіне тиесілі. Егемендік декларациясын жарияладық, Конституциямызды қабылдадық, ұлттық стратегиялық мүдделерімізді анықтадық. Сондықтан бұл құжаттың маңызын төмендетуге болмайды.
Шахизат Төребаев,
мемлекет және қоғам қайраткері
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<