Көрікті көктеммен бірге жеткен 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінде ұрпақ өсіріп, ұлағатқа бөленген аналардың, сонымен бірге, қоғамның әр саласында абыройлы еңбек етіп жүрген қыз-келіншектердің құшақтары гүлге толып, ерекше құрмет пен ілтипатты сезінеді.
М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжінде жұмысшы мамандықтары бойынша теориялық білім беру, өндірістік оқытуда және машықтандыруда 45 арнайы пән оқытушысы, өндірістік оқыту шебері дәріс береді. Олардың 18-і ер-азаматтар болса, 27-сі әйелдер. Колледж директорының оқу-өндірістік жұмыстар жөніндегі орынбасары Анар Ертелеуова осы салада 30 жылға таяу еңбек етіп келеді.
Қызылорда қаласындағы бұрынғы Ы.Жақаев атындағы политехникалық институтты құрылыс инженері мамандығы бойынша бітірген ол еңбек жолын арнайы пән оқытушысы қызметінен бастады. Аға буын ұстаздардан тәлім алған ой-өрісі жаңашыл жас оқытушы үнемі ізденісте болып, теориялық білімін терең тәжірибемен ұштастырды. Оқу-тәрбие жұмыстарында жоғары жетістіктерге жетті. Осылайша оқу орны басшылығының ұсынысымен 2009 жылдан бері колледж директорының өндірістік оқыту жұмыстары жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. Болашақ жұмысшы кадрларды даярлауда негізгі бөлім – өндірістік оқытуды басқарып, арнайы пән оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің кәсіби құзыреттілігін арттыруда жемісті еңбек етіп келе жатқан білікті мамандардың бірі.
Оқу-өндірістік жұмыстар бойынша колледж бірнеше рет республикалық жобаларға қатысып, жеңімпаз атанды. 2014 жылы «Техникалық және кәсіби білім беруді модернизациялау» жобасы аясында Германияда халықаралық біліктілік арттыру курсына қатысып, колледждер арасында алғашқылардың бірі болып «Дуальді оқыту» технологиясы енгізілді. Ал 2020 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі және «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Жас маман» жобасына қатысып, оқу орнында бірнеше мамандықтар бойынша шеберханалар жабдықталды.
Ол ұзақ жылдар бойы жинақтаған тәжірибесі бойынша облыс, республика көлемінде қоғамдық негіздегі бірқатар жауапты міндеттерді атқарып келеді. Айталық, білім саласындағы бақылау департаменті жанындағы консультациялық-лицензиялық органның мүшесі. «Қазақстандық тәуелсіз аккредиттеу орталығы» білім сапасын аккредиттеу және сараптау жөніндегі тәуелсіз агенттіктердің институционалдық және мамандырылған аккредиттеу сарапшысы. Сонымен қатар, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының сараптау кеңесінің шешімі негізінде «Кәсіптік білім педагогикасы: мазмұны, жаңа қырлары», «Колледжде кәсіптік білім беру және оқу-әдістемелік жұмыстарын тиімді ұйымдастыру» тақырыбындағы әдістемелік нұсқаулықтары жарық көрді. Саладағы жемісті еңбегі еленіп, түрлі деңгейдегі марапаттар иеленді.
Анар Қыдырбайқызы қызметте білікті де талапшыл маман, отбасында аяулы ана. Жолдасы ерте өмірден өтті. Үкілеп өсірген екі қызы үмітін ақтап, еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарын үздік бітіріп, өз мамандықтарына сай Астана қаласында қызмет атқарып жүр.
– Мемлекет басшысы биылғы жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Осы орайда М.Ықсанов атындағы политехникалық колледж де өңірге қажетті жұмысшы мамандарды даярлауға басымдық береді. Бүгінге дейін де колледж бітірушілері арасында кәсібін терең меңгеріп, табысты еңбек етіп жүрген шәкірттеріміз бар, – дейді А.Ертелеуова.
Ғазиза ӘБІЛДА,
«Сыр бойы”





