Мен ойлы отырмын, ойланып отырмын, өйткені көп жай есімде, ұмытайын десем де ұмыта алмаймын. Балғын кезімде немістермен болған соғысты көрдім, бомбаның дауысын есіттім. Сталинград қаласының өртенгені түні бойы анық көрініп тұрды. Өйткені Сталинград біз тұрған Астрахань облысына онша қашық емес еді. Айлар, жылдар өтті. Жеңіске жеттік. Мен туып-өскен ауылдан соғысқа кеткендерден бір адам қолын беріп, бір адам қос балдақпен, менің әкем аман-есен келді. Келді де ауырып, өмірден өтті.
Сөйтіп, әкем майдан жайлы көп айта алмады. Өмір ғой, жылдар зымырап артта қалды. Мен Қызылорда облыстық «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетінде майданда болған жауынгер, журналист ағаларыммен бірге еңбек еттім.
Олар кімдер дейсіз ғой? Досмағанбет Тасекеев, Құрманғали Ажаров, Ахметжан Нұрекеев, Бөлебай Әлменов ағалар. Ақкөңіл, аузын ашса жүрегі көрінетін сарбаздар. Газеттің партия бөлімінің меңгерушісі Д.Тасекеев майдан қиындығын аузына алған емес, тұйық адам. Ал, он сегіз жасқа толар-толмаста майданға аттанған Құрманғали Ажаров немістердің 7 қарашада жеңіс тойын тойлаймыз деп аласұрған шабуылына тап болыпты. Өте ажарлы, ақжарқын аға соғыс қиындығын айта бермейтін.
– Әйелдер еңбегін көбірек жазайықшы, соғыс кезінде көрдік қой олардың ерлігін, жап-жас қыздар жаралылардың жанында болды, – дейтін де, ауыр күрсінетін.
Ал Ахметжан Нұрекеев аға өте сабырлы, мінезге бай және әңгімешіл жан еді. Қан майданнан қос балдақпен оралған жауынгер ағадан адамның түсіне енбейтін жау әрекеттерін естідік.
– Бірде, – дейді аға, – жау жолын күтіп, екі-үш күн жаттық. Көз ұшында екі жылқы жайылып жүрді. Сол жерде малды ауылдың баласы болуы керек бір жас солдат: «Мен ана екі атты босатып келейін, сірә, арқандап кеткен-ау, обал ғой» деп тұра жүгірді.
Барса, тірі ат емес, немістердің тыңшысы екен, қиратып келді. Бірін айтып, біріне кетемін-ау тағы бірде орман арасында екі-үш күн болдық. Көрініп тұрған ауылдан сырнайын арқалап бір шал келіп, өзінше жылы сөйлеп отырды. Арасында сырнайын жиі-жиі тартып қояды. Бір өлеңді естігенде бір жауынгер «Өй, мұны мен де тартатын едім» деп сырнайын сұрап алып тартып еді, бірден шалды шалқасынан түсірді. Сырнайың өте ауыр ғой, кімді алдайсың?» дей берді. Сөйтсек ол да сатқын екен.
Жауынгер, журналист газетте еңбек ететін үлкен-кішімізді еңбекшілдігімен, жүріс-тұрысымен баурап алатын. Қос балдақты аға редакцияға бәрімізден бұрын ерте келетін, қаламының ұшқырлығы бәрімізге үлгі. Кейде Жеңіс күнінде, кейде Қызыл Армия (23 ақпанда) күнінде бас қосатынбыз, сондай бір кеште менің жауынгер ағаға:
– Бір аяғыңыз Берлинде,
Бір аяғыңыз осында.
Балдақты тастап, жақсы аға,
Тік жүріңіз десем, тосын ба? –
дегенім бар. Сонда ол кісі:
– Ой, қарындасым-ай, аяғы құрысын, жауды жеңіп, туған елге, отбасына аман-есен келгенді айтсай, – деп күлді.
Ал Бөлебай Әлменов аға – «Ленин жолы» («Сыр бойы») газетінің 1950-1960 жылдардағы редакторы Зейнолла Жарқынбаевпен Алматыда бірге оқыған, соғысқа аттанғанша редакцияда еңбек еткен адам, газеттің ашылуына куәгер болған тілші.
Ол кісі – жау қоршауында (пленде) болғандардың бірі. Жау қолында азапты көп көрген адам.
– Жау қолына тірі түскеннен майданда, қып-қызыл отқа оранып жүру мың есе артық, – деді ол. – Ол жақта көрген қиындығым аздай, елге келген соң да көрдім ғой қорлықты. Тағылған күнәлары түк емес, қалтамнан бір қағаз шығыпты, кім бергені, қай уақытта бергені есімде жоқ. Әлгі қағазда «Елге аман-есен барсаң, біздің үйге барып тұр» депті. Сол үшін мені милициялар көп жыл бойы түнде, таңға жақын, кешке таман алып кетіп тексере береді, – дейтін.
Бөлебай ағайдың пленге түскен кезде көргендері жайлы кітапшасы жарық көрді.
– Бұл кітапшаны жазу ойымда жоқ еді, – деді ол бірде. Жеңіске жеткенімізге он алты жыл өткенде майданда бірге болған бір адамнан хат келді.
Сірә, менің мақаламды газеттен оқыса керек.
– Әй, Бөлебай, сен тірі екенсің ғой, немістер бізді басқа жаққа әкетерде, қоштасуға барғанымда, сен мені танымап едің. Мен сені өлген шығар деп едім, оны-мұны жазуға икемім бар дейтінсің, баяғы бастан өткен құқайларды жазбайсың ба? – депті. Содан кейін жаздым.
Міне, мен көрген, ұмытылмас жауынгер, журналист ағаларым осындай. Халқымыздың мақтанышы болған жандар. Сөз басында мен ойлымын, ойланып отырмын дедім ғой. Сонда нені ойладым, әрине енді соғыс болмағай, еліміздің, халқымыздың бірлігі нығайсын деп, соғыс деген сөз естілмесе екен деп тіледім. Бұл – әрине, менің ғана емес, халқымыздың, барлық аналардың тілегі.
Айналайын халқым, бірлігіміз нық болсын!
Ал, менің есімде А.Нұрекеев ағаның: «Аяғы құрысын, Жеңіске жеттік»… деген сөзі ұмытылмайды.
Рысты БЕКБЕРГЕНОВА,
Қазақстанның Құрметті журналисі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<