Қырық төртінші

474

0

8 наурыз қарсаңында нар жүгін көтеріп жүрген нарғыздарды іздейтін әдетіміз бар. Бұл жолғы кейіпкеріміз – тура соның өзі. Шиелілік Ақерке Қабылова – қырықтан астам ер адамнан құралған ұжымдағы бір тал гүл.

Замандасымыз осы аудандағы «Семізбай-U» компаниясына қарасты «Иіркөл» кенішінде ауыр жұмысты ер адамдармен иық тірестіре атқарып жүр. Өзі – кеніштің жөндеу және қалпына келтіру учаскесінде жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын есепке алу операторы.

– Геотехнолгиялық алаңда кен айдайтын және оны кері айдайтын ұңғымалар орналасқан. Жердің астыңғы қабатынан құрамында уран тотығы бар ерітінділер соның біріншісі арқылы шығады. Ал кері айдайтын ұңғымалардан құрамынан уран тотығы алынған ерітінділер жерасты қабатына қайтадан беріледі. Әріптестерім ұңғымаларды тазалап, жөндеп, қалпына келтіріп, жұмысында іркіліс болмауын қадағалайды. Менің міндетім – осының бәрін есепке алу, – дейді Ақерке Қабылова.

Кейіпкеріміздің негізгі мамандығы – мемлекеттік жергілікті басқару. «Тәуір мамандық екен, енді неге сол ізге түспедің?» деймін ғой.

– Диплом қолға тигесін жұмыс іздедім. Бос орындарды қарап отырсам, «Иіркөл» кенішіне материалдық қойма меңгерушісінің көмекшісі керек екен. Содан осы орынға орналастым. Кейін қойма меңгерушісі болдым. 2017 жылдан бастап есепке алу операторымын. Негізі әкем кезінде кеніште еңбек еткен. Сол кісінің жолын жалғап келемін. Өзіме ұжымым, бұл жер қатты ұнайды. Учаскеде 43 ер адам бар, қырық төртіншісі – мен. Үлкендер жағы маған қарындасы ретінде қарайды. Бізде мынау ер адамның, мынау әйелдің тірлігі деген жоқ. Бәріміз бірдейміз. Үстімізде арнаулы жұмыс киімі, аяқта герзі етік. Жыл сайын төл мерекемде ұжымым тосын сый жасап қуантады, – дейді ол.

Ақерке Қабылова жолдасы да өндіріс орнында жұмыс істейтінін, кіл ер адамның ортасында жүргеніне түсіністікпен қарайтынын, керісінше әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді. Екеуі бүгінде екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Кейіпкеріміз өнерден де құралақан емес. Жергілікті, республикалық ән додаларында топ жарған. Отбасылық жұп ретінде де сахнаға бірге шығып, өнерін ұсынып тұрады.

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы»