Қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау, қайта жаңғырту идеясының төңірегіне одан әрі топтастыру мақсатында Ұлттық домбыра күні бекітілген еді.
Сол күннен бері бұл мереке тарихи қалыптасқан мерекелермен қатар тұрып, өзінің мәнін тез айқындады. Себебі, қазаққа домбыра туралы әлдеқандай түсінік беріп жатудың қажеті шамалы. Қарағайдан жасалған қасиетті аспап – тарихымызбен бірге жасасып келе жатқан шежіре-әпсанамыз.
Нар идірген, құс қондырған, бұлт көшірген бұл домбыра – жабыққанның жан серігі, қуанғанның қос қанаты болған. Қазақтың жан-жүйесінің қылын домбырадай қозғаған басқа бір нәрсенің атын атау қиын.
«Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» деп Қадыр ақын дөп басып айтып кеткен.
Қазақтың Құрманғазы, Тәттімбет, Байжұма, Қазанғап, Нұрғиса сияқты композиторлары домбыра арқылы қазақ деген дауылпаз дала жұртының мінезі мен болмысын паш еткен!
Домбыра тілі аударманы қажетсінбейді, саналы адамзаттың бәріне бірдей тілмен сөйлейді. Ұлының өлімін күй арқылы естіген қаһарлы Шыңғысхан көмекейіңе қорғасын құйып бітейін дегенде күмбірі онан сайын күшейе түскен домбыраның киесі жайында айтып тауысу мүмкін емес.
Домбыра секілді басқа ешбір музыкалық аспап ұлтымызды бір мақсатқа біріктіріп, рухымызды көтере ала алмайтыны рас.
«Домбыра аспабы – қайталанбас асыл дүние. Сондықтан, мектепте домбыра үйрену сабақтарын енгізу – қажетті әрі дұрыс бастама. Себебі, қазіргі жаппай жаһандану уақытында халқымызға тән бірегей құндылықтарды жаңғырта беруіміз қажет» деген болатын ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бүгінгі жаңару жолына түскен Қазақстанның рухани бейнесін айшықтап, тұғырын биіктете түсуде осынау мерекенің маңызы жоғары екені айқын.
Отандық ғалымдар мемлекет пен халықтың рухани дамуы мен қалыптасуына ықпал еткен жеті ерекше мәдени құбылысты атаған. Бұл тізімге қазақтың киіз үйі, домбыра, Таңбалы тас суреттері, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Маңғыстаудағы жерасты мешіттері, «Бәйтерек» монументі, Есіктен табылған «Алтын адам» енген.
2010 жылы домбыра Гинестің рекордтар кітабына қатталды. Ал 2022 жылы елордамызда мың баланың қатысуымен домбырашылардың күй ойнауы да осы әлемдік ғажайыптар кітабына жазылды.
Кереңнің құлағын естіртіп, зағиптың көзін ашатын қасиетті домбыраның қадірін кейінгі ұрпақтың санасына өшпестей етіп сіңіру – ел мұратының бірі. Аталарымыз аманаттап кеткен домбыра үнін домбыра күніне айналдырудың мазмұны – өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, рухани тереңдікке тәрбиелеу. Сол арқылы тәуелсіз еліміздің санасы сәулелі, көкірегі сарабдал болашақ иелерінің баспалдағын жасап, келешегімізге кең өріс ашу.
Ұлттық домбыра мерекесінің мәні де – осы.
Домбыра арқылы ғасырлардан келе жатқан айтыс өнері мен жыраулық дәстүр тіні үзілген жоқ. Бұл аспапты жасау атадан балаға мұра болып беріліп отырған. Сондықтан домбыра жасаушылар өзінің шеберлігін пайдаланып, аспаптың сыртқы түріне әртүрлі өзгерістер енгізген. Оның торсық, тұмар, шіңкілдек, балдырған, балашық, шертер сияқты болып түрлерінің көбейіп кеткені де содан. Негізі қазақ ішінде домбыраның кең тараған екі түрі бар, оның бірі қауақ домбыра, екіншісі қалақ домбыра деп аталады.
Кеңестік дәуірде сәл саябырсыған айтыс өнері қайта жаңғырып, тың игерудің 25 жылдығына арналған облыстық ақындар айтысында Мүтәліп Қыраубаев, Манап Көкенов сынды саңлақ айтыскерлер өнер көрсетіп, айтыстың ақтаңгері атанған Манап Көкеновке «Қазақстанның халық ақыны» құрметті атағы берілді.
Тәуелсіздік жылдарында қанат қаққан айтыскер ақындар көші тоқтамай, талантты жастар жарқырап шықты. Жерлесіміз Мұхтар Ниязовтың «Алтын домбыра» сыйлығын үш мәрте жеңіп алуы Сыр еліндегі айтыстың бүгінгі деңгейін танытады.
Домбыра арқылы өнермен бірге қоғам да дамыды. Оның білім мен өнерді ұштастырудағы рөлі орасан.
Бүгінде облыста бірнеше ұлт аспаптар оркестрі бар.
Олар – Арал аудандық мәдениет үйі жанындағы Қазанғап атындағы, Қазалы аудандық мәдениет орталығы жанындағы Мырза атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрлері және «Қорқыт сазы» фольклорлық ансамблі. Сырдария аудандық мәдениет үйі жанындағы Құрақтың Досжаны атындағы, Шиелі аудандық мәдениет үйі жанындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрлері және «Нартай сазы» халықтық-фольклорлық ансамблі. Жаңақорған аудандық мәдениет үйі жанындағы Әлшекей атындағы халықтық ұлт аспаптар оркестрі, «Қаратау қазынасы» және Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінің «Сырлы саз», Қорқыт ата атындағы университет жанындағы «Дидар» халықтық-фольклорлық ансамбльдері.
Бұл ансамбльдер тереңнен күмбірлеген домбыра үнімен талай мәрте ұлтымыздың бейнесін шет елдерге паш етіп, өзге жұртты қазақтың асқақ өнеріне бас идірген.
«Біздің қазақ – әнқұмар халық. Біреу қолына домбыра алып, ән сала бастаса, ойдағы-қырдағысы жиналып, сегіздегі бала, сексендегі шалына дейін қалмай қамалып, айтып-айтысып, жанын жағасына келтіреді. Бара-бара не болса да сол әндегі рух сүйегіне сіңеді, құлағында қалады» депті ұлт зиялысы Сұлтанмахмұт Торайғыров.
Сол кісі айтқандай, біздің бала күнімізде домбырадан басқа аспап болмайтын, той да, жиын да домбырамен өтетін. Келе-келе оған әртүрлі аспаптар қосыла бастады, ВИА деген шықты, бірақ домбыра ысырылып қалған жоқ. Қайта алдыға түсіп алды. Әртістер концертті домбыраның жеке даусымен бастап, әрі қарай гүрілдете жөнелетін болды.
Бұл – Сұлтанмахмұт айтқандай, домбыра тілінің санамызға сіңіп қалған рухы.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<