Адамзат тарихында, адам өмірінде судың өлшеусіз орны бар екені – дәлелдеуді қажет етпейтін, басы ашық ақиқат. «Су – өмірдің өзегі»,«су жердің – нәрі», «Сулы жер – нулы жер», «Судың да сұрауы бар» дейді дана халқымыз.
Әлемде кей жерлерде су ресурстарының көптігінен тасқын болып, халыққа, табиғатқа орасан зор зардабын тигізіп жатса, енді бір жер су тапшылығынан шөлейтке айналып жатады. Өйткені су жоқ жерде тіршілік жоқ. Бұл орайда осы теңсіздікті реттеп, шөлейтті суландыру, батпақты құрғатып қалыпқа келтіру, суды тиімді пайдалану– су мамандарының басты міндеті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 млрд текше метрге жетуі мүмкін екенін атап көрсетті. Бүгінгі заман талабы – судың әрбір литрін үнемдеп, өндірісте жоғары технология пайдаланып, болашақ ұрпаққа жеткілікті су ресурстарымен қатар, озық, ғылымға негізделген, су пайдалану, үнемдеу үрдістерін қалдыру болмақ.
Біздің еліміздегі өзендер суының 90 пайызы шет мемлекеттерден бастау алатыны, көршілес мемлекеттерге тәуелді екеніміз белгілі. Сырдария өзені Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстанға, Жайық өзені Ресейге, Ертіс өзені Қытайға, Шу-Талас өзендері Қырғызстанға тікелей тәуелді. Сырдария өзені өзінің басын Ферғана өңірінде Нарын және Қарадария өзендерінің қосылған жерінен алады, жалпы ұзындығы 3019 шақырым, Қазақстанда 1746 шақырым, Қызылорда облысында 1371 шақырымды құрап, Арал теңізіне құяды. Өзен суы Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан республикаларында 4 су қоймасымен («Тоқтағұл», «Бахри-Точик», «Әндіжан», «Шарбақ»), Қазақстанда «Шардара» су қоймасымен, «Көксарай» су реттегішімен реттеледі.
Өзеннің жылдық су қоры 37,1 млрд текше метр болса, оның 63%-ы Қырғызстан, 29,6%-ы Өзбекстан, 0,4%-ы Тәжікстан, 7%-ы Қазақстан жерінде қалыптасады. Суды пайдалану мәселесіне келсек, оның 51,3%-ын Өзбекстан, 32,4%-ын Қазақстан, 5,4%-ын Тәжікстан, 10,9%-ын Қырғызстан пайдалануда.
Сыр өңірінде кейінгі 4 жылда, яғни 2020 жылдан бері «Шардара» су қоймасына келіп құятын су көлемі 1990 жылдан бергі орта көрсеткіштен 30 пайызға, яғни 17,5 млрд текше метрден 13 млрд текше метрге азайды, тиісінше Арал теңізіне берілетін су көлемінің де елеулі кемігені анық.
Сондықтан көршілес мемлекеттермен дипломатиялық қатынас орнатып, қажетті суды алуға қол жеткізу – ҚР Үкіметінің алдындағы ауқымды, күрмеуі мол, тығырықтан қиналмай шығуды қажет ететін жол екені белгілі.
Осы орайда Су ресурстары және ирригация министрінің биылғы 1-2 ақпанда Өзбекстан Республикасы Су министрлігі делегациясымен, 11-12 сәуірде Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан елдері қатысуымен Шымкент қаласында өткен кездесулерде тиімді шешімдер қабылданғанын атап өткен жөн.
Жоғарыда айтқандай, «Елге аға болғанша, суға саға бол!» деген тәмсілдің өмірден алынғанына тағы да бір рет көз жетті. Кеудені соғып «берсең де бересің, бермесең де бересің», «бермегенді тартып алам» деу мәселені орталықтан шешіп отырған Кеңес одағымен бірге келмеске кетті. Бұл жерде дау-дамайға жол бермей, майдан қыл тартқандай етіп мәселені екі жаққа тиімді шешу басты ұстаным болмақ. Осы ұстанымдағы Су ресурстары және ирригация министрі биыл «Шардараға» вегетация кезеңінде түсетін су көлемі болжамын 3,7 млрд текше метрге (өткен жылы 2,4 млрд текше метр су алынған) дейін көтеруге қол жеткізсе, бүгінгі күннің өзінде күнтізбелік жоспар 142%-ға орындалып, 3,6 млрд текше метр су алып отырмыз.
Бүгінде «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегішінде жинақталған судың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 0,8 млрд текше метрге артық.
Болжамды ескере отырып, егіншілікке берілетін су лимиті мөлшері жыл басындағы 3,5 млрд текше метрден 3,7 млрд текше метрге ұлғайтылды. Бүгінгі күні өңір диқандары егілген 192 мың гектар егістікті суаруда қиыншылыққа кездескен жоқ.
Арал теңізіне өткен жылы осы мезетте секундына 6 текше метр су берілсе, бүгінгі күні секундына 65 текше метрге жетіп, 11 есе артты. Бұл Арал теңізін сақтап қалуға, ондағы балық шаруашылығын өркендетуге өз септігін тигізері анық.
Дегенмен, түйіні тарқатылмаған, шешімін таппаған мәселелер де жоқ емес. Мәселен, кейінгі жылдары Арал теңізі мен оның маңындағы, жалпы аймақтағы көлдер жүйесі тартылуда. 2010 жылдан бері Арал теңізінің көлемі 5,6 млрд текше метрге азайған (27 млрд текше метрден 21,4 млрд текше метрге дейін). Гидротехникалық құрылыстардың тозуы, мамандардың жетіспеуі су ресурстарын басқаруда бірқатар кемшілікке әкеліп соғуда.
Жоғарыда аталған мәселелерді шешуде, өңірде су ресурстарын басқару мен тиімді пайдалануда «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының, тұзданған жерлерді зерттеп, оның алдын алуда «Қызылорда гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РММ алдында орасан зор міндеттер тұр. Қолданыстағы су жүйелерін талапқа сай қалпына келтіріп, суды есептеу, бөлу, жеткізу жұмыстары, шығынды азайту, автоматтандыру, цифрландыру, егін шаруашылығында суды үнемдеу технологиясына көшу саланың негізгі міндеті болмақ.
Бұл орайда аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының салаға ерекше мән беріп, аймақтағы проблемаларға Үкімет назарын аударып, мәселе етіп қойғанын айтпай кетуге болмайды. Нәтижесінде 2022-2023 жылдары аймақтағы су тапшылығын жоюға Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге, «Көкарал» бөгетін салуға 4,3 млрд теңге қаржы бөлуге қол жеткізді. Жақында аймаққа келген Үкімет басшысы О.Бектеновтің сыйымдылығы 775 млн текше метр, құны 4,3 млрд теңге болатын «Қараөзек» су қоймасын салу мәселесін қолдауы – осының дәлелі.
Сонымен қатар өңірде австралиялық «Рубикон» компаниясының «Сол жағалау магистральді каналының бойындағы ішкі шаруашылық және тарату жүйелерін жаңғырту және автоматтандыру» тәжірибесін енгізу бойынша жұмыстар басталды. Егіншілік саласында су үнемдеу технологиясын қолдану өткен жылы 857 гектар болса, биыл 4,2 мың гектар, 2028 жылы 24,2 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Сондай-ақ күріштің тез пісетін сорттарын өндіріске енгізу, атыздарды лазермен тегістеу жұмыстарының көлемі артады. Қазір лазерлік тегістеуден өткен жер көлемі 55 мың гектар. Бұл бағытта Су ресурстары және ирригация, Ауыл шаруашылығы министрліктері бірлесіп, лазерлік тегістегіштерді алуда инвестициялық субсидия көлемін, субсидия алу шарттарын жеңілдетуге қол жеткізгенін атап өткен жөн. Сондай-ақ су үнемдеу технологиясын қолданған жағдайда (тамшылатып, жаңбырлатып суару) егіске берілген су тарифіне 80%-ға дейін жеңілдіктер қолдану қарастырылған.
Мереке күні Сыр өңірінің экономикасы дамыған, ауыл шаруашылығы өндірісі қалыптасқан аймаққа айналуына, су шаруашылығын дамытуға мол үлес қосқан аға ұрпақ өкілдерін атап өту ләзім. Сыр бойында туып, канал, өзен, су қоймаларын салуға дәнекер болған, даңқты Ы.Жақаев атамыздың сөзімен айтқанда, «жердің жігін өз алақанының қыртысындай білген» алғашқы Сыр мұрабы Қосымбайұлы Нұртаза, алғашқы су мамандары, сала басшылары Бедебеков Серікбай, Көтібаров Пірмұхамбет, Мереев Ондаш, Мұрзалиев Ғафар, Ковалевский Ромуальд, Антипов Алексей, Османов Әбен, Киселеев Алексей Николаевич, Нәлібаев Мәделхан, Бозғұлов Ержігіт, Арыстанбаев Сабыр, Құтжанов Әбдіманап, Сақтағанов Жанайбек, Алдабергенов Исатай, Сырғабаев Тыныштықбай, Мақұлбеков Әскербек, Тыныштықбаев Елтай, Ахметов Жомарт, Микеев Есен, Есенов Бекдулла ағаларымыз бүкіл өмірін аймақтың су саласының дамуына арнады. Сонымен қатар, бүгінде ортамызда жүрген су саласының майталмандары Сағымбаев Серікбай, Көшербаев Айтбай, Баялимов Даулетияр, Жақып Бегеш, Қошқаров Серікбай, Кемелбеков Нұрлан, Оңғарбаев Имамадин және он жеті жыл еліміздің Су министрі болған, күні бүгінге дейін Сыр өңірінің жанашыры болып келе жатқан Қыпшақбаев Нариман сынды ардагер ағаларымызды атап кету орынды деп есептеймін.
Аймағымыздың су саласының дамуы тарихына көз жүгіртсек, бірқатар жайларға қанығуға болады.
Облыстың суармалы жер көлемі 265 мың гектар, еліміз бойынша үлесі 22% болса, егіске пайдаланылатын судың үлесі 30%-ға жуық, Республика бойынша өзіндік орны бар, бірыңғай суармалы егіншілікке негізделген бірден-бір өңір. Өткен ғасырдың екінші жартысынан массивтерді игеру қарқынды жүргізілген. «Қызылордасовхозстрой», «Қызылорда риссовхозстрой», «Қызылордаводстрой», «Қызылорда ремводстрой» трестері, ондаған жылжымалы мехколонна жер тегістеу, су жүйелері құрылыстарын, әлеуметтік-мәдени нысандар, тұрғын үй салумен айналысты. Бір сөзбен айтқанда, Сыр өңірі күріш егуге негізделген ауыл шаруашылығын дамытуда бүкілодақтық екпінді құрылыс аймағы болды. Бірнеше автобаза, мехколонналарда, (ПМК-24, ПМК-29, ПМК-44, ПМК-66), «Қызылорда су торабы», «Сырдария суландыру жүйелері», «Жаңадария» каналдар және құрылысты механизациялау басқармалары шоғырландырылған Тасбөгет қыстағы өндірістік аймаққа айналып, «Поселок гидростроителей» деп аталды. Барлық ауданда су шаруашылығына байланысты мехколонналар құрылып, жұмыс жасады. Нәтижесінде «Түгіскен», «Жаңақорған-Шиелі», «Қызылорда сол жаға», «Қызылорда оң жаға», «Қазалы сол жаға», «Қазалы оң жаға» массивтері бойынша 250 мың гектар жер инженерлік жүйеге келтірілді (Бүгінде инженерлік тегістелген жер көлемі су шықпау, тұздану, т.б себептерінен айналымнан шығып, 178,6 мың гектарға төмендеді).
Осындай ауқымды суландыру жүйесін құруға бағытталған істер жүзеге асырылған аймақта облыс басшылығына су мамандарының тағайындалуы да кездейсоқтық емес. Мысалы, мамандығы инженер-гидротехник Ықсанов Мұстақым Біләлұлы 1963-1966 жылдары облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып, аймақта суармалы егістік алқабын кең көлемде игерудің негізін қалады. Бәкіров Шаймерден 1954-1962 жылдары аудандық, облыстық су шаруашылығы мекемелерінің басшысы, 1970-1979 жылдары халық депутаттары облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, 1979-1993 жылдары Мелиорация және су шаруашылығы министрінің орынбасары қызметтерін атқарды. Инженер-гидротехник Тыныбаев Әбубәкір су саласында аудандық, облыстық деңгейде басшы болумен қатар, 1971-1972 жылдары халық депутаттары облыстық кеңесі атқару комитеті төрағасы орынбасары қызметінен жоғарылап, 1974-1981 жылдары Мелиорация және су шаруашылығы министрі болған. Сол сияқты облыстың су шаруашылығы салаларын абыроймен басқарып, Су министрі болған Гончаров Виктор Александрович, Гукасов Эрик Христофорович, Сәрсенбаев Сұлтан, Сәрсеков Балтабай сынды тұлғалардың аймаққа, елімізге сіңірген еңбегі ерекше екенін бүгінгі ұрпақ ұмытпауға тиіс.
Әрине аймағымыздың, еліміздің су шаруашылығы саласына өлшеусіз еңбек еткен ағалардың бәрін бір мақалада тізбелеп шығу мүмкін емес. Олардың есімдері, атқарған қызметі су саласының фанаты, Қазақ ССР еңбек сіңірген гидротехнигі Мәделхан Нәлібаевтың табандылығы мен жанкештілігінің арқасында зейнетке шыққаннан кейінгі жылдары құрған «Қызылорда су торабындағы», Қорқыт ата университетіндегі су музейінде сақтаулы. Олардың өмірі, қызметі бір-бір кітапқа арқау болатыны сөзсіз.
Сөз соңында айтарым, елімізде, су ресурстарын пайдалануды реттеу, қорғау саласында көптеген түйткілді мәселелер бар екені белгілі. Суды арнайы рұқсатсыз, есепсіз, онды-солды, бекітілген мөлшерден артық алу (ұрлау), есебін бұрмалау, қорғау белдеулері мен аймақтарында бассейн инспекцияларының келісімінсіз заңсыз құрылыстар салу, арналарды ретсіз қазу фактілері көбейіп кеткен. Оның зардабы биыл солтүстік, батыс, орталық аймақтардағы су тасқыны кезінде қатты сезілді. Нақтылап айтсақ, су қорғау аймақтарында, өзен аңғарларында, жыра-сайларда, жағажайлар мен ғимараттар құрылыстары бой көтеріп, су жүретін жолдарды жауып тастаған. Осы жайларды ескере келіп, министрлік бассейндік инспекциялардың су ресурстарын пайдалануды реттеу, қорғау саласында құзыретін кеңейту, штат санын көбейту, алынатын судың сапасына көңіл бөлу, инспекцияға қадағалау функцияларын беру жұмыстарын қолға алуда. Көзделген шаралар көп ұзамай өз нәтижесін берері сөзсіз.
Аға ұрпақтың жолын жалғастырып, су саласын дамытуда жаңа деңгейде шығып, ел байлығын жасауда шешуші рөл атқаратын су саласы мамандарының алдындағы міндет жүгі ауыр, оны көтеретін жас буын өсіп шығарына сенім мол.
Қайратбек СӘРСЕНБАЕВ,
«Арал-Сырдария» бассейндік
инспекциясының басшысы,
инженер-гидротехник
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<