«Сыр бойында» жұмыс істеудің де, тіпті өндірістік тәжірибеден өтудің де сәті түскен жоқ. Әйтеуір реті келмеді. Бірақ өмір бойы бұл басылыммен байланысымыз үзілмепті. Елде жүргенімізде үйге жаздырып алатынбыз. Алдымен оқырманы болдық. Кейін автор ретінде үзбей мақала жазып тұрдық. Сыр елінде қызмет істеген жылдарымызда әрбір жетістігімізді жұртшылыққа қуана хабарлаған да осы газет еді. Тіпті бір кезде бүгінгі «Сыр медиаға» қарасты басылымдардың жұмысына жауапты лауазымды қызметті де атқардық.Сол тұста көктемгі қарғын кезінде Сырдарияның арнасы қатты тасып, жағалау маңындағы елді мекендерді су басып, қала тіршілігіне қатер төндіргені жұртшылыққа мәлім. Осы сәтте қиналған елді жұбату мақсатымен жазылған «Ұлт болып ұйыса алдық», «Сабыр, сабыр, Сыр-ана!» деген мақалаларымыз «Сыр бойы» газетінде жедел жарияланды.
Баспасөз маманы болған соң жұмыс барысында көптеген газетпен танысып отыруға тура келеді. Соларды саралай келе «Сыр бойының» өңірлік басылым ретіндегі бірқатар ерекшелігін атап өтуге болар еді.
Біріншіден, бұл газет әйгілі жыраулар мен жыршылардың мәртебелі мекенінде жарық көріп келеді. Сол себепті бүгінгі жергілікті журналистердің құт қонған қаламынан шыққан дүниелерден сүлейлер сөзінің сұлбасы сезіледі. Ақындардың арыны, жыршылардың сарыны қызылордалық әріптестеріміздің шығармашылығынан айқын аңғарылып тұрады. Сондықтан, «Сыр бойы» газетін сырлы сөздің сандығы деуге болар.
Екіншіден, газет ұлт қаламгерлерінің үнемі бас қосатын қасиетті құтханасы саналады. Астанадан немесе Алматыдан келген жазушылар бұл жерге бір соқпай өтпейді. Осы дәстүрді ілгеріде қалыптастырған қазақ руханиятының екі алыбы екенін айтуға тиіспіз. Олар – өмір бойы Қызылорданы мекен еткен әйгілі сөз зергерлері Асқар Тоқмағамбетов пен Әуелбек Қоңыратбаев. Екеуі де «Сыр бойының» редакциясын шығармашылыққа шақыратын шабыт шаңырағындай, әдебиеттің әңгімесін айтатын ой отауындай қадірледі.
Үшіншіден, бұл басылым жазу өнерін жетік меңгерген журналистердің үлгілі мектебі болды. Қай-қайсысы да қамшы салдырмайтын талант-тұрпатымен дараланды. Өзі басым аға буынның ішінен Мырқы Исаев пен Қази Данабаевтың жазу шеберлігін ерекше бағалаймын. Біреуінен жарияланымға мінез дарытуды, қаламды өткірлеу етіп ұштауды, екіншісінен баяндау мәдениетін сақтауды, мақаланы инабат иірімдерімен өрнектеуді үйренген сияқтымыз.
«Сыр бойы» – Сыр елінің төлқұжаты. «Сыр бойы» – Сырдария секілді ағынды сөз дариясы. «Сыр бойы» – жыр сүлейлерінің кейінгі ұрпаққа аманаттап кеткен қастерлі қазынасы. «Сыр бойы» – қобызшы Қорқыттың құнарлы топырағының баға жетпес бойтұмары.
Сол «Сыр бойы» бүгін тағылымды тоқсан бестің берекелі биігінен қарап тұр. Тойларыңыз тойға ұлассын! Мерекелеріңіз құтты болсын, әріптестер! Сыр сөзінің сандығы – «Сыр бойының» ғұмыры ұзаққа созылсын!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі,
ҚР ҰҒА академигі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<