Тәулік бойы желіде

500

0

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті құрамындағы Қазалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің кезекші диспетчері, сержант Айнұр Өндірееваның бұл салада қызмет етіп келе жатқанына он сегіз жыл болыпты. Тәулік бойы тапжылмай радио-телефон жабдығының жанында отыру оңай шаруа емес екені айтпаса да түсінікті. Бірақ аудан аумағынан келіп түсетін түрлі деңгейдегі төтенше жағдайдың жай-жапсарын қалт жібермей қабылдап отыру кәсіби парызы.

Айнұр Қазалы қаласында туып-өскен. Сол жердегі М.Горький атындағы №16 орыс мектебін бітірді. Қызылорда қаласындағы құқық және экология колледжін құқық мамандығы бойынша тәмамдады.

– Бір қарағанда жеңіл сияқты көрінгенімен, жүйкеге салмақ түсіретін төтенше жағдай қызметінің көтерер жүгі тым ауыр, – дейді ол. – Тәулік бойы сергек отыруды талап ететін 101-112 қызу желі орталығына кім хабарласпайды дейсіз?! Маусымның төрт мезгілінің, табиғаттың тамырын тап басуға мүмкіндік бере бермейтін өзіне ғана тән құбылыстары, қиыншылықтары болып тұрады. Қыс айларындағы қар, бұрқасын, көктайғақ, көктемдегі су тасқыны қаупі, көктем, күз тазалық айлығындағы қоқыс өртеуде қауіпсіздік ережесін сақтамау, жаз айларындағы су айдынындағы, жылдың төрт мезгілін талғамайтын өрт қауіпсіздігі ережесін елемеу – қайғылы жағдайлардың негізгі себептері десе болады. Қарбалас уақыт та, тыныштық айлары да алмасып тұрады. Халық болғасын қалыпты болу қиын әрине, сабырсыздық танытатындар да, жағдайды байыппен түсіндіретіндер де жеткілікті. Бір сөзбен айтатын болсам, телефон тұтқасы жеңіл болғанымен, жауапкершілік жүгі жеңіл емес.

Айнұр осындай төтенше жағдай қызметінің қызу желісіндегі тынымсыз тірлігіне түсіністікпен қарап, жеңілдетуге үлес қосып, үш баласының құлағына тал бесіктен ертегі, ән-жырын құйып келе жатқан өнерлі енесі Құралайға, жолдасы, кәсіпкер Асқаров Дастанға дән риза. Үлкен қызы Балауса Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 10-сынып оқушысы болса, ұлы Бағлан Қызылорда қаласындағы «Білім-инновациялық лицейінде» оқиды. Балжаны мектеп оқушысы.

– Отбасы құндылығының құйысқанын жан-жақты тартып, бірлесе ұқсатып отырған отбасы үшін осыдан артық бақыт бар деп ойламаймын, – дейді Қазалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің кезекші диспетчері, сержант Айнұр Өндіреева.

 Әлімжан ҚИЯС.

Қазалы ауданы